ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРҒАН БАСЫЛЫМ
2010 ж. 14 желтоқсан
1579
0
Еліміз егемендік алғалы газет-журнал көбейіп кетті. Аттарынан көз сүрінеді. Барлығын оқып шығу мүмкін емес. Уақытың да жетпейді. Аяқ алысын көрейін деп, бір сыпырасын оқып көрдім. Осыдан келіп шығарған қорытындым төмендегідей болды: оқырмен есебінде, еліміздің азаматы деп өзімді есептегеннен кейін, қазіргі басылымдарды үш топқа бөлдім. Біріншісі - биліктің сойылын соғатын, екіншісі - биліктің тек кемшілігін көретіндер, үшіншісі - екі жаққа да бүйрегі бұрмайтын, тек әділдігін жазатын басылым. Осы үшінші топқа яғни өмірде болып жатқан оқиғаларға тура сын көзбен қарап, талдап әділ бағасын беретін, тек қана шындықты жазатын басылымға «Жас қазақ үні» газетін жатқызар едім.
Біз қаланың сыртында, Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылында тұрамыз. Біздің газет-журнал сататын дүңгіршектерге барлық басылымдар келе бермейді. «Жас қазақ үні» газетін бірге жұмыс істейтін балам есебіндегі інім Ерлан Көбенұлы алып тұрады. Сол інімнен алып оқып тұрдым. Сол арқылы халыққа нағыз керек басылым екеніне көзім жетті. Биыл бұл басылымға 10 жыл толыпты. Осы кезге дейін таныс болмағаныма өкінемін. «Ештен кеш жақсы» демекші, 2011 жылдан бастап тұрақты оқырманы болуға шешім қабылдап, поштаға арнайы барып «Жас қазақ үні» газетіне жазылдым.
Басылымға тілерім – жасыңа жас қосылсын, қара қылды қақ жарып, халқыңның ең көп тараған басылымыбола бер!!!
Бөгенбай ӘЛМАХАНОВ
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының
Кандидаты