БҒМ-нің кезекті реформасы: Мектеп формасына қойылатын талаптар

SAM_2006ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекітті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына сәйкес, аталған талаптар «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған».

«Мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үшеуден асырмай түстерді араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай енгізіліп, күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді», - делінген құжатта.

Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады.

Мектеп формасына классикалық пішіндегі мектеп формасының негізгі түсіне сәйкес немесе кереғар келетін галстук тігіледі.

«Мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды», - делінген хабарламада.

Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер және т.б.) салуға болады. Олар киімнің немесе аксессуардың (пиджак, жилет, галстук) жоғарғы бөлігінде орналасады.

Мектеп формасына қойылатын талаптар климаттық жағдай, оқу сабақтарының өткізілу орны және оқу ғимаратындағы температуралық режим ескеріліп, іске асырылады.

Сондай-ақ, жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарлар киюге тыйым салынады.

Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.

Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады.

Мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айықындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, аудандық (қалалық) білім бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық мектеп формасын шығаратын өндірушілерден сатып алуды ұсынады, бірақ оларды нақты өндірушілерден сатып алуды міндеттемейді немесе оқу орнында форма сатуды ұйымдастырмайды.

Мектеп басшысы ағымдағы жылғы 25 мамырға дейін мектеп формасының бекітілуін қамтамасыз етеді. Білім алушылардың мектеп формасын сақтауы мәселесін қоғамдық кеңестің талқылауына шығарылады. Басшы осы талаптармен ата-аналарды немесе заңды өкілдерді білім алушыны білім беру ұйымына қабылдау туралы өтініш (еркін нысанда) беру кезінде қол қойғызу арқылы және жалпы мектептік ата-аналар жиналысында таныстырады.

Бұйрыққа сәйкес ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға қатысады және оны жетілдіру бойынша ұсыныс енгізеді, оны кез келген сауда желісінен сатып алады.

Дерек көзі: ҚазАқпарат