«Ақ жол» жастар қанаты: ЖҰМБАҚ ЖАЙЛАП, АҢЫЗ ӨРГЕН МАҢҒЫСТАУДА...
2016 ж. 09 наурыз
3364
0
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол» жастар қанатының құрылғанынына 1 жыл толды. Осыған орай ұйымдастырылған апталық аясында Қарақия ауданы Жетібай кентіне қарасты «Асар» ауылында «Ауылға саяхат» тақырыбында мейрімділік шарасы өткізілді.
Шараның басты мақсаты: өскелең ұрпаққа және Балалар үйіндегі бүлдіршіндерге мейірімділік мәнін ұғындырып, өзара сыйластық, кеңпейілдік, жанашырлық, жылулық секілді қасиеттерге тәрбиелеу.
АПТАЛЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ. «Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының» тәрбиеленушілері мен тәрбиешілерінен және бірқатар жастардан құралған топпен жолға шықтық. Ауылға еніп, соқпақ жолмен жүре бастаған кезде өзгеше күйге еніп сала бергені жастардың көзқарасынан білінді. Түскен бойда ауыл адамдары қазақы дәстүр бойынша ұлттық сусын шұбатпен, бауырсақпен жылы шырайда қарсы алды. Ауыл иелері алдымен ауылдың әдебі бойынша аймақ тарихына көз жүгіртіп одан әрі төрт-түліктің төресі түйе мен ұсақ малдарды көрсетумен бастады.
Дәстүрдің қаймағы ауылда сақталатыны бесенеден белгілі, қой сою және ішек-қарынын тазалау, бас үйту сонымен бірге жіліктердің атын білу жастар үшін таңқаларлық жағдай болды. Қыздар үшін қызықты болған нәрсе – ішек-қарын тазалап, ішектерді өру болды. Қазан астына от жағылып ет қазанға түсті.
Ауа-райы тамылжып тұрды. Ұлы астан кейін арнайы тігілген киіз үйде үлкендердің нұсқауымен қыздар жағы жүн иіру мен сабауды үйренсе, балалар жағы ноқта, мұрындық жасау тәсілін игерді.
АПТАЛЫҚТЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ. Өзінің аққан жұлдыздай аз ғана ғұмырында ұлттық әдебиетімізде өшпестей із қалдырған Төлеген Айбергеновтің кемеңгер тұлғасын еске алып, қазақ әдебиетінің поэзия жанрына қомақты үлес қосқан қарымды қаламгердің әдеби мұрасын насихаттау, шығармашылығына үңілу және жастарды поэзияға баулу мақсатында Маңғыстау облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының конференц залында «Ата жұртын аңсаған Т.Айбергенов» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараға Қарақалпақстан, Қытай, Монғолия мемлекеттерінен, Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Шымкент, Тараз, Өскемен қалаларыннан қонақтар, Ш.Есенов атындағы университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен магистранттар, жергілікті ақын-жазушылар, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Пленарлық-мәжіліс баяндамалары бойынша жарыссөздерге Ақын Қалбай Әбдіраманов, Шымкент қаласынан «Сарыағаш» қоғамдық-саяси газеті редакторының орынбасары, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Мұрат Бекей, Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық мемлекеттік мұрағатының меңгерушісі Құрал Байсұлтанұлы, Атырау қаласынан ақын, Республикалық «31» телеарнаның Атырау облыстық тілшісі Асантемір Қаршығаұлы, балалар ақыны, композитор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Көмек Ыбрайұлы, ақын Рза Оңғарбай, ақын Ақшагүл Рамазанова және Төлеген Айбергенов өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Рақмет Аяпбергеннің жұбайы Зәуре Дәрментаевалар қатысты.
АПТАЛЫҚТЫҢ ҮШІНШІ КҮНІ. Маңғыстау облыстық «Қарттар үйінде» «Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері «Ақ жол» жастар қанатының мүшелерінің өнер көрсетуімен «Жан жылуы-өмір шуағы» атты қайырымдылық кеші өткізілді.
Қайырымдылық кеште өмірден алынған «Ой түйерлік оқиға» шағын көрінісімен бастау алып, «Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының шәкірттері мен кішкентай бүлдіршіндері жаңаша би билеп, өз өнерлерін паш етіп, кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
АПТАЛЫҚТЫҢ ТӨРТІНШІ КҮНІ. «Адай ата-Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени орталығында «Қазақстан – жалғыз ұлы Қазақтың!» атты дөңгелек үстел өткізілді. Аталған шараға облыстың белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, Маңғыстау жастары мен Алматы, Ақмола, Орал, Ақтөбе, Шымкент облыстарынан келген жастар да қатысты. Аталмыш шара қазақтың басын біріктіру, «Адай ата – Отпан тау» қазақтың қарашаңырағы екенін ұғындыру мақсатында ұйымдастырылды. «Амал» мерекесіндегі көрісу салтанатын наурыз айының 13-14 жұлдызында міндетті түрде жасау керек. АПТАЛЫҚТЫҢ СОҢҒЫ КҮНІ. Ақтау қаласы 4-ықшам ауданында орналасқан «Holiday Inn» ғимаратында Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық өсуіне, дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан жастар ұйымдарының бірегейі Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол» жастар қанатының құрылғанына 1-жылдық кеші өтті...
Аталған апталық күндеріне Астана, Алматы, Қызылорда, Атырау, Өскемен, Орал, т.б. қалалардан арнайы қонақтар келді.
Әлия ИСАЕВА,
«Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы
«Ақ жол» жастар қанатының баспасөз хатшысы
НАУРЫЗ КЕЛДІ – БАСТАЛДЫ АМАЛ КҮНІ!
(Отпантауда оқылған өлең)
Маңғыстаудың көргенде маң даласын,
Кеңістікке керемет таңданасың.
Қашағанның жырындай қайран жүйрік,
Қашағанын уақыттың аңғарасың…
Дархандығы әйгілі даламда ұлы,
Наурыз келді – басталды Амал күні!
Аман-есен бәріміз көрісейік,
Ең бастысы, елімнің амандығы!
Ашық бүгін халықтың қас-қабағы,
Жазылады жазира дастаны әлі.
Көктеміміз басталса, Оңтүстіктен,
Ал Жаңа жыл Батыстан басталады!
Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз,
Даласындай елінің жаны нағыз.
Отпантаудың басында от жанғанда,
Осы жерден бәріміз табыламыз!
Қазыбек ИСА
АМАЛ - ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ ҰЛЫ ТОЙЫ!
Амал келді, айта келді бар әнді,
Тоты құстай таранды.
Көктем келіп көктен сәуле шашып тұр,
Қыс қытымыр сараң-ды.
Тоң жібіді күннің нұры қадалды,
Ел ниеті адал-ды.
Есіл халық еркелейді балаша,
Еркелеткен қандай жақсы адамды.
Сәби күлді сәулесінен нұр ішті.
Ақын қалғып маужырады жыр үсті.
Аспан жақта қыстан қалған шөкім бұлт.
Қызғаныштан тырысты.
Ауыл үйдің көгенінде қозы-лақ.
Дәулеті тұр озып-ақ.
Боз маяның бозжайнағы боздаулы,
Әнге салды созып-ақ.
Шапқан құлын жалын желге түйдірді,
Көңіл соны күй қылды.
Қап* теңізі аққуларды қонақ қып.
Ғашықтарды сүйдірді.
Отпан тауға Адай бабам шақырды.
Ел қорғаған батыр-ды.
Ұлы шыңға ұран отты жағып тұр,
Ер Қалнияз: «Әруақ!..» деп ақырды.
Күнге қылыш жанып алды кіл батыр,
Ту көтерді бір ғасыр.
Қара түннен жұлдыз моншақ төгілді,
Мен де айттым жырға сыр.
Ай менен Күн, жас пен кәрі көрісті,
Ұлттық сана-ұлы дәстүр, жеңіс-ті!
Ерен жігіт, өнерлі жас, жүйрікке,
Бата қылып, байрақтарын берісті.
Бұл Маңғыстау – Пір Бекеттің даласы,
Уыз шұбат, бал асы.
Қарашаңырақ – Үш Арыстың қазығы,
Көңілдің жоқ аласы.
Әр қазаққа – біздің көңіл гүл бермек,
Жасыл жайлау, іргем көк.
Алты алаштың басын қоспақ – Түбегім,
Атақ қуып жүрген жоқ.
Амал келді ақтарылды «Ақжарма»,
Қыдыр дарып бар маңға.
Бар қазақтың басын жиып, бақ тіле,
Армандасаң, ел бірлігін арманда!
Көне тарих өз ұлтының құрбаны,
Көз алдымда тұр бәрі.
Ер Қазаққа елді сүйген орын бар,
Өлең шипа, тіл дәрі.
Ұлт бірлігін ұран қылып кет енді,
Отпанға кел, жет енді!?
Қарашаңырақ – қағидалы Маңғыстау –
Ман – Аталы мекен-ді.
04.03.2016
Сабыр АДАЙ
ҚР Еңбек сіңірген
қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Ақтау қаласы.
"Қазақ үні" газеті
Мақалалардың жариялану ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қорынан төленді.