ТҮРІК БАСШЫСЫ БІЗГЕ ТІЛЕКШІ
2010 ж. 14 желтоқсан
1705
0
Жақында ғана Елордада өткен Астана саммитіне аса белсенділік танытқан түрік ағайындар болды. Қазақстан Республикасы алғаш рет Тәуелсіздігін алған тұста да бірінші құттықтаған түрік ағайындар еді. Енді міне Астана саммитінде де жақсы сөзі мен ыстық лебізін аямады.
«Бүгінгі Саммит біздің дағдарысқа ұшыраған жанжалдарға қатысты қатынасымыздың айқын көрінісі болуы тиіс. Біз қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерді жанжалдарды реттеуге жұмсауымыз керек.
Түркия өзінің тарапынан Грузия, Молдова, Әзірбайжандағы мәселелердің осы елдердің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын сақтай отырып, бейбіт түрде шешілуіне мүдделі»,- деді Түркия Президенті Абдолла Гүл Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінде.
Түркия басшысының сөзіне қарағанда, осы Саммит өте ұзақ уақыт дайындықпен аса сәттілік жағдайда өткендігі үлкен жеңіс болған. «Бұл ретте мен Қазақстан басшысының осындай жоғары деңгейдегі жиын өткізу жөніндегі бастамасын ерекше атап өткім келеді. Біздің бірлескен жұмыстарымыз ЕҚЫҰ-ы аясындағы, өзара ынтымақтастық негізіндегі, сапалы қауіпсіз жағдайды қалыптастыру жөніндегі ортақ мақсаттарға негізделген. Егер біз осы мақсатта нақты шешімдер қабылдап, болашақ мақсаттарды көрсететін өзіміздің саяси декларациямызды қабылдай алатын болсақ, бұл Саммиттің алдына қойған міндеттер орындалды дегенді білдіретін еді. 1999 жылы біз ЕҚЫҰ-ның өз аймағында қалыптасқан жанжалдарды бейбіт түрде реттейтін алдыңғы қатарлы ұйым екенін көрсеттік», - деді Түркия Президенті.
Оның сөзінше, созылмалы жанжалдарды шешуге қатысты шаралар әзірге нақты нәтижелер бермей отыр. Өз кезегінде бұл жағдай ЕҚЫҰ-ның беделіне нұқсан келтіруде. «Бүгінгі Саммит біздің дағдарысқа ұшыраған жанжалдарға қатынасымыздың айқын көрінісі болуы тиіс»,- деді ол.
Қазақстанда болған тағы бір басқосуда Абдолла Гүл былай деген еді:
«Түркия Республикасының негізін қалаушы, ұлы Ататүрік Республиканың құрылуынан 10 жыл өткеннен кейін 1933 жылғы 29 қазанда сөйлеген, біздің де ұранымызға айналған сөздерінде қысқаша былай деген: «Бүгін Кеңес Одағы – досымыз, одақтасымыз. Алайда ертең не боларын бүгін ешкім кесіп айта алмайды. Дүние жаңа тепе-теңдікке ұласуы мүмкін. Міне, сол кезде Түркия не істеу керектігін білуі тиіс. Бұл досымыздың қол астында тілі, діні, тегі бір бауырларымыз бар. Оларға қол үшін созуға дайын болуымыз қажет. Әзір болу – сол күнді үнсіз күту емес». Дайындалған жөн. Халықтар бұған қалай әзірленеді? Рухани көпірлерді сақтай отырып әзірленеді. Тіл – бір көпір, сенім – бір көпір, тарих – бір көпір. Тамыр – тегімізге оралып, сан қилы оқиғалармен сөгілген тарихымызда түгендеуге тиіспіз.» Көсеміміз Ататүріктің осы мағыналы сөздері бізге қалдырылған өсиет».
Мұның барлығы күллі түркінің басын қоссам деп оны өзінің туған бауырындай санаған Ататүріктің адал мұрагерлері бүгінгі түркілер екендігінің анық мысалы. Абдолла Гүлдің ақ жүрегі мен кіршіксіз пейілі соны көрсетеді.
Қазақ тәуелсіздігі – түркі тәуелсіздігі түп шаңырақтың иесі болған біздің бақытымыз екеніне түркі бауырларымыздың бәрі ортақ.