Нұрсұлтан Назарбаев: ҚАЗАҚ ЕЛІ ОРТА ЖӘНЕ ТАЯУ ШЫҒЫС МЕМЛЕКЕТТЕРІМЕН ТЫҒЫЗ АРАЛАСУҒА МҮДДЕЛІ
2016 ж. 09 наурыз
2617
5
Бұдан кейінгі кезекте Нұрсұлтан Назарбаев Парламент ұсынысымен өткелі отырған сайлау ұлтты ұйыстырып, елді дамытуға, жаңа белеске шығаруға ықпал ететініне сенімді екенін білдірді. «Жүзеге асырылып жатқан 5 институттық реформа, «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары жаңа орта қалыптастырады. Біз 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірістік. Сонымен қатар, Каспий теңізіндегі жаңа теңіз порттары бізге Парсы шығанағына, Қара теңізге шығуға мүмкіндік береді. Ол порттардың құрылысы, негізінен, биыл аяқталатын болады» деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізде орнықты өсімді қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ, қазіргі әлемде қауіпсіздікті ілгерілету және біркелкі даму мәселелерін де қозғады. Сондай-ақ, КСРО ыдырап, қосполярлы әлемдік құрылым күйрегелі жиырма бес жыл өткенін еске салды. Өкінішке қарай, жаңа жаһандық әлемдік құрылым қалыптастырудың бірегей тарихи мүмкіндігі пайдаланылмады. Әлем қауіпсіз, тұрақты немесе әділетті сипатқа ие бола қойған жоқ. XXI ғасыр экономикалық, экологиялық, геосаяси, ресурстық, энергетикалық тұрғыдағы көптеген қатерлер әкелді. Оларды еңсеру үшін ғаламшардың дамуы жолындағы сапалы терең өзгерістер қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы осыған байланысты адамдарды, экономикалар мен елдерді бір-біріне қарсы қоятын жаһандық бәсекелестік парадигмасын қайта саралаудың маңыздылығын айтты.
«БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында мен Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 Жоспарын әзірлеу бастамасын ұсындым. Оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру және БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына қарай нақты нәтижеге айналдыру ұсынылады. Біздің жоспарымыздың мақсаты – қақтығыстар себебін жою және барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға бірдей қолжетімділігі негізінде дамуға жаңа сипат дарыту» деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауіпсіздіктің тиімді жаңа жүйесі қажеттігін алға тартты. «БҰҰ және Қауіпсіздік Кеңесінің қақтығыстарды реттеудегі рөлін арттыру қажет. БҰҰ Жарғысын халықаралық құқықтың түпкі негіздерін сақтай отырып жаңғырту қажеттілігі пісіп-жетілді. Елдердің құқықтық нормалар мен халықаралық міндеттемелерін сақтауы қазіргі заманғы әлемдік құрылымның маңызды мәселесіне айналды. Қазақстан 2016 жылы халықаралық құқық қағидаттарын растауға және сенімді қалпына келтіруге бағытталған жоғары деңгейдегі БҰҰ Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады» деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жер бетіндегі ядролық арсеналдың жиынтық қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбалардан 113 мың есе артық екеніне ерекше назар аударды. «Сол себепті, – деді осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы, –Мен ядролық қарусыздануды ХХІ ғасырдағы басты мақсат етуді ұсындым. Бізді БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдағанына, оның біз әзірлеген Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны үш ай бұрын бекіткеніне қуаныштымын»...
Мемлекет басшысы келесі кезекте Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режімін нығайту ісіне жүйелі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2015 жылы тамызда Астанада Төмен байытылған уран банкін елімізде орналастыру жөнінде Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі (АҚХА) мен арадағы келісімге қол қойылуы маңызды қадам болғаны айтылды. Біз Иранның ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық келіссөздер үдерісін әрдайым қолдадық және оған іс жүзінде үлес қостық. Алматыда өткен келіссөздердің екі раунды Иран ядролық бағдарламасы бойынша іс-қимылдың жалпыны қамтитын бірлескен жоспарына негіз болды. «Алтылық» тобы мен Иранның өтініші бойынша біз осы жоспардың имплементациясына атсалыстық. «Алтылық» тобы, Иран, АҚХА және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті құрылымдарымен жұмысты үйлестіре отырып, Қазақстан 2015 жылғы 27-желтоқсанда Иранға осы елден төмен байытылған уранды әкетудің өтемі ретінде 60 тонна уран жеткізді. Бұл қару таратпау режімін нығайтуды, мемлекеттердің бейбіт атомды дамытуға деген заңды құқықтарын жүзеге асыруды және ядролық отынға кемсітушіліксіз қолжетімділікті қамтамасыз ететініне сенімдіміз» деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл әлем Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығын, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың 10 жылдығын, сондай-ақ, ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салатын шарттың 20 жылдығын атап өтетінін еске салды.
«Осы тарихи даталар – ядросыз әлемді ілгерілетудегі күш-жігерді біріктіру үшін маңызды себеп. Ядролық мемлекеттер бұл бағытта ең алдымен өздері үлгі көрсетулері керек. Әйтпесе, ядролық мәртебе алуға ұмтылған өзге елдерді шектеуден ештеңе өнбейді. Егер әлем осылай дами беретін болса, бұған жаңа ниеттенген мемлекет те ядролық қаруға ие болғысы келеді» деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бүгінде Таяу Шығыста шын мәнінде бүкіл әлемнің тағдыры шешіліп жатқанына назар аудара келе: «Сириядағы қақтығыстардың теріс салдарлары өңірден сыртқа тарауда. Қоныс аударушылар мен босқындардың мұнша көп легі Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болған емес. Халықаралық қоғамдастықтың «Ислам мемлекетіне» қарсы күрестегі іс-қимылының әркелкілігі, жүйесіздігі терроршыларға қолайлы болып отыр. Сондықтан мен БҰҰ аясында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жаһандық желісін құруды ұсындым. Біз Ресей мен АҚШ-тың Сирияда атысты тоқтату туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін құптаймыз. Барлық тарапты жасалған уағдаластықты толық орындауға шақырамыз. Бұл ұзақ мерзімді саяси реттеу үшін қажетті жағдайды қамтамасыз етуге септігін тигізетініне сенімдіміз», – деді.
Қазақстан Президенті, сондай-ақ, Еуразияның бүгінде әлемдік саясаттағы негізгі геосаяси және геоэкономикалық фактор екенін айтты.
«Мұнда барлық елдің – Қытай мен Ресейден, АҚШ және Еуроодақтан Үндістан, Иран және Түркияға дейінгі жаһандық ойыншылардың мүдделері түйіседі. Геосаяси ойындар, өзара экономикалық санкциялар мен «қырғи-қабақ соғыстың» ескірген белгілері мәңгілік артта қалуы тиіс. Бейбіт, орнықты, өркендеген және экономикалық қуатты Еуразияны қалыптастыру жаһандық өсімге күшті мультипликативті әсер береді және баршаға тиімді болады. Барлық мемлекеттің күш-жігерін экономика, сауда және инвестиция салаларында екіжақты, өңірлік, өңіраралық және жаһандық деңгейдегі ынтымақтастықты дамыту ісіне жұмылдыруға шақырамын. Осы идеяны биыл мамырда өтетін 9-шы Астана экономикалық форумында кеңінен талқылауды ұсынамын. Аталған шараға елдеріңіз жоғары деңгейде белсене қатысады деп сенемін» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті 2016 жылы біздің ел көпвекторлы, сындарлы сыртқы саясатын, әлемдік экономикалық кеңістікке кірігудегі магистралды бағытты жүзеге асыруды жалғастыратынын атап өтті.
Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамыту ісіне белсене қатысатын боламыз. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыру үшін күш-жігер жұмсауын жалғастыра береді. Сіздер өкілдік етіп отырған елдердің қолдауынан үміттіміз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы транзиттік аумақ ретіндегі біздің елдің рөлі қазірдің өзінде көрініп тұрғанын айтты. Мәселен, Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытымен жүріп өткен контейнерлер саны 2015 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 6 мыңнан 48 мыңға дейін артыпты. Ал Елбасының айтуынша, 2016 жылы ол 95 мың контейнерге жетеді екен. Егер 2013 жылы бұл бағыт бойынша 77 пойыз өткен болса, 2016 жылы оның саны 1100-ге жетеді деп жобаланып отырған көрінеді.
Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз үшін күмәнсіз басымдық ретінде Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты атады. «Біз тағы да бұл елдерді суды пайдалану, сауда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты өңірдің аса өзекті мәселелерін шешу үшін бірігуге шақырамыз. Олармен өзара іс-қимыл үшін Еуразиялық экономикалық одақ пен «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін» ұштастыру, сондай-ақ, Қазақстанның «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық бағдарламасын жүзеге асыру жаңа мүмкіндіктер туғызады» деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасына инвестиция салып отырған ірі шетелдік инвестордың бірі екенін, біздің ел бұл ынтымақтастықтың аясын кеңейту ниетінде екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, Орта және Таяу Шығыс мемлекеттерімен тарихи және рухани жақын байланысы бар Қазақстанның олармен және жалпы ислам әлемімен өзара қарым-қатынасты тереңдете түсуге ниетті екеніне назар аударды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті айтқандай, еліміз Иранмен ауқымды сауда-экономикалық ынтымақтастықты барынша дамытуға мүдделі.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілер мен дипломаттарға, дипломатиялық миссиялар басшыларына елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.
Сейілбек АСАН "Қазақ үні" газеті