НАҚАҚ КӨЗДЕН ЖАС ТАМБАСЫН...
2016 ж. 09 наурыз
3886
15
БАНКИРЛЕРДІҢ ӨЗ ҚАТЕЛІГІН СЕЗІНУІ АЗ, ХАЛЫҚТАН КЕШІРІМ СҰРАП, ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ МОЙНЫМЕН КӨТЕРУІ КЕРЕК
Алматыда «CFO Idea Exchange & Networking Event» саммиті өтті. Жиын барысында ҚР Ұлттық банкін әр кездері басқарған экф-төрағалар өздерінің басқарған жылдарындағы жіберген қателіктері туралы бірінші рет ашық айтты. Оған да шүкіршілік дейміз.
Қайрат Келімбетов сәт сайын өзгеріп жатқан коммуникативтік технологияларға ілесе алмағанын айтты. «Менің басқаруым кезіндегі қателігім бұдан да жетілдірілген коммуникативтік стратегияға бет бұру керек еді. Қазір әлемде түрлі қатерлерге жауап беретін көп әлеуметтік технологиялар бар. Мемлекеттік құрылым халықпен ұзақ мерзімді уақытта байланыс орнатуы керек еді», – деді экс-төраға. Бас банкті 1998-1999 жылдары басқарған Қадыржан Дамитов болса, банк жүйесін реформалау кезінде радикалды шараларды қолға алмағанына өкінді. 2004-2009 жылдары Ұлттық банктің төрағасы болған Әнуар Сәйденов Ұлттық банктің жұмысындағы жетістік ретінде нормативтік базаның қалыптасуын, банктердің халқаралық жүйеге енуін, үздік технологиялар импортын атап өтті. «Бірақ, халықаралық тәжірибені енгізе отырып, біз оны соңына дейін жеткізбедік. Банктер үздік корпоративтік басқару тетіктерін енгізбеді, тәуекелдерді бағалау жүйесі әлсіз болды», - деді ол. Қаржылық сектордағы Қазақстанның жетістігі ретінде Ораз Жандосов банк жүйесінің мемлекеттен жекеменшік түріне көшуін атады. «Ұлттық қорды жасаған кезде мұнай салығының құбылмалылығын жоюды қарастырмадық. Еркін бағамға жіберілгеннің өзінде оны алдын ала болжау мүмкін емес. Менің ұсынысым, мұнайдан түсетін салықтың бюджет толықтыратын үлесін ұмыту керек», - деді Жандосов. Сарапшы өзінің Үкіметке дер кезінде ауыспағанына өкінетінін жеткізді. Оның айтуынша, сол кездерде бірқатар әділетсіз жекешелендірудің алдын алуға болар еді. Ал көпшілік болса бірінші жекешелендіруге Жандосов қатысқан күннің өзінде бір майлы жілікті ұстап жұмған аузын ашпайтын еді дейді. Кезінде жалған жаңалық айтудан жағы талмай, уәдені үйіп-төгіп бере салатын бұрынғы бас қаржыгер Григорий Марченконың лебізін ести алмады ешкім. Марченко Ұлттық банк төрағасы болған кезде де қателіктер көп болды. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегенімізбен, халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін қаржы саласының жүгін көтерген соң жауапкершілік те болу керек қой. «Біліктілігі болмаса бас банкирлік несін алған?» деп халық тарапынан талай айтылды да оларға. Ешкім оларды «Бас банкир болсаң да боласың, болмасаң да боласың» деп қыстамаған шығар. Ең өкініштісі – олардың өздері есептейтіндей «кішкене ғана қателігі» халық үшін үлкен қайғы-қасірет әкелгені. Басқасын айтпай, бір ғана несие деп аталатын қаржылық саясаттарын атасақ та жеткілікті. Біріншіден, Үкіметтің кепілдігімен шеттен қарыз алып, мемлекетімізді өзгелерге тәуелді етті. Екіншіден, үстінен көлемді үстеме пайыз қосып халықты қанады. Енді сол несиелері мен үстеме пайызды төлей алмай зар илегендер қаншама. Үшіншіден, несиені алған адамдардың оны қайтара алмайтынын біле тұра, бейберекет үлестірді. Төртіншіден, несие ақшасының басын бағамы әрбір сағат сайын аунап тұратын долларға байлап қойды. Осының бәрін қастандық деп те атауға болады. Ал қастандық - қылмыс. Ол үшін заң алдында жауап беру керек. Өз пайдасы үшін біздің банктер туған халқының басын қатерге тікті. Банктеріміздің араны ашылып, тәбеттеріне тиым болмай қалды. Нәтижесінде, көптеген тұрғындарымыз баспанасыз қалды. Олардың басым бөлігі осы күнге дейін көшеге шығып, ереуілдетіп жүр. Тіпті кейбір қарызын мемлекеттік қазына есебінен жабуға тура келді. Енді біреулер бұл соққыны көтере алмай өздеріне қол жұмсап, ең қымбат өмірлерімен қоштасты. Осындай «кіші-гірім қатені» керек десеңіз жауыңыз да жасамайды. Озық деген шетелдік оқу орындарын бітіріп келген мақтаулы мамандарымыздың біліктігі осы ма? Біз қылмыстық іс қозғап, экс-банкир атаулыларды түгелдей түрмеге тығу керек деп отырған жоқпыз. Алдағы уақытта қаржы қайраткерлері бұл саланың салмағын, халық алдындағы жауапкершілікті сезінсін дегеніміз ғана. Қазақтың қараңғы көгіне өрмелеп шығып күн болған дарынды Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, банк табағына нақақ көзден жас тамбасын дейміз. Ол аз десеңіз, данышпан Абай атамыз айтқандай «қолын мезгілінен кеш сермегендердің» осы тектес қатесі мен өкініші халықтың өзегін өртемесе екен дейміз...
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті