КОМИССИЯ ДЕГЕН ҚҰҚАЙ БАР...
2010 ж. 14 желтоқсан
2090
0
Мемлекеттік қызмет – беделді қызмет. Кез келген мемлекеттік қызметкердің адамгершілік қасиеті мен өз ісіне жауапкершілігі, мемлекеттік басқару беделін арттыруға қосқан үлесі арқылы қоғамда мемлекеттік қызмет жүйесі арқылы Отанға адал қызмет етудің жоғары талапқа сай үлгісіне деген наным мен сенім қалыптасатыны шындық. Дегенмен, қызметін тек табыс табу (ал мемлекеттік қызметкердің жалақысының жоғарылығы және жыл сайын өсіп отыратыны белгілі) мен билік арасында пайдалы таныстық орнату, басқа да жымын білдірмес әрекеттер арқылы өз пайдасын шешуге пайдаланатындар, өкінішке орай, мемлекеттік қызметке, жалпы басқару жүйесіне нұқсан келтіреді.
Соңғы жылдары Қостанай облысының әр дәрежедегі (аудан, ауыл) бірнеше әкімдерінің жемқорлық әрекеттері арқылы әшкере болуы әдетке айнала бастады. Ел сенімін арқалаған азаматтар бұлтартпас айғақтармен пара алу сияқты қылмыс үстінде қолға түсіп отыр. Тіпті, тергеу барысында кейбірінің екі азаматтығы бары анықталған. Биылғы қыркүйекте қаржы полициясының құрсауына түскен Денисов ауданының әкімі А.Кушнирдің Ресей азаматы болып шыққаны және осыдан бірер жыл бұрын үстінен қылмыстық іс қозғалған Федоров ауданы әкімінің орынбасарының да Ресей азаматы екендігі анықталғаны мемлекеттік қызметке әсіресе, басшылыққа тағайындалғанда, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес қатаң сұрыптау, арнайы тексерістен өту тәртібінің қалай болса, солай жүзеге асырылатындығын көрсетеді.
ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы», «Жемқорлықпен күрес туралы» Заңдарға сәйкестендіре бекітілген мемлекеттік қызметкердің міндетті түрде ұстануға тиісті «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметкерлердің ар-намыс кодексі» 2005 жылдың мамырынан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ ақпарат көздеріндегі әшкере фактілерден әр санаттағы шенеуіктердің жемқорлық әрекеттерге, басқа да мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін істерге баруы біраз жайдың бетін ашады. Негізінде қызмет барысында алтын қазық етіп алар заңды мемлекеттік қызметкерлердің аяққа басып, ел алдындағы абыройларын өздері айрандай төгіп жүргенін көріп отырмыз.
Бүгінгі әңгіменің төркінін осы тақырып төңірегінен алыс кетпейтін мемлекеттік қызметкерлер арасында күнделікті қызметте жиі кездесіп жүретін, қашып құтыла алмайтын бір қарбаласқа аударғым келеді. Және бұл қарбаластың еліміздің қай түкпірінде де кездесетіні кез келген мемлекеттік қызметкерге аян. Бұл қарбалас – «комиссия күту қарбаласы».
Аудан, қала әкімдіктерінде бірнеше бөлімдер, ол бөлімдердің облыстық салалық басқармалары, одан жоғары министрліктерде басқарма, комитеттер бары мемлекеттік басқару құрылымы жүйесінен жақсы таныс. Әріге бармай-ақ, облыс деңгейіндегі қала, аудан бөлімдерін әбден мезі қылған толып жатқан комиссиялар туралы айтқым келеді. Әрине, басқару тәртібіне сай бағынышты мекемелердің қызметтерін қадағалап, жоспарлардың межелі орындалуын бақылап отыру ісі облыстық басқарма, мекемелердің негізгі қызмет ауқымына енетіні түсінікті. Әр басқарманың өз жұмыс жоспарына сай бекітілген іссапарлары, жұмыс бабымен жүріс-тұрыстары бар. Мәселе, сол комиссия мүшелері қалай келеді, не істейді, қалай кетеді, міне осында.
Облыстық басқармадан (кез келген басқарма) «бәлен күні түген адам комиссия келеді екен» дегеннен әкімшілік бөлімдерінен сабыр кетеді. Жоғарыдағыларға жантық, бағыныштыларға жаналғыш келетін басшылар бөлім бастықтарын жинап кеңес құрады. Қалай, қай жерден қарсы алу керек, қай қонақүйге орналастыру керек, қайда апару, қандай нысандарды аралату, одан тысқары қандай көңіл көтеру бағдарламасын ұйымдастыру керек, қалай шығарып салу керек, міне осындай толып жатқан «келелі» іс-шараларды қамтитын жоспар жасалынып, кім не үшін жауапты соларға таратылады және оның мүлтіксіз орындалуы «орындаушылық қабілеті жоғары орынбасарлар» тарапынан қатаң қадағаланып отырады. Жоспар бекітілген соң бірінші кезекте жоғарыдан келген хабарламада көрсетілген тексерілуге тиісті бөлімдерден қаржы жиналады: ішіп-жемі, жатар орны, жүріп-тұру шығыны дегендей. Ал, бюджеттік мекемелерде бұндай комиссия күту сияқты «ұсақ-түйекке» қаржы қарастырылмағаны белгілі. Сондықтан да ретін табатындар өздеріне қарасты мекемелерден, кәсіпорындардан, басқа да жолдармен қор жинайды, демеуші іздейді. Бағынышты кәсіпорын, табыс табатын мекемесі жоқтар өз қалталарын қағады, бөлім қызметкерлерінен «жылу» жинайды. Комиссия келгенше, бүкіл шығын есептелініп, төленіп, ың-шыңсыз реттеліп тұруы тиіс. Мемлекеттік қызметкер іс-сапарға шыққанда жол сапар шығыны өз мекемесі есебінен арнайы құжаттарға, төлем түбіртектеріне сай төленуге тиісті болса да (екі жеп, биге шығу деген осы емес пе?), соңғы үш-төрт жыл ішінде біздің жақта барлық шығынды қарсы алу жақ есебінен көтеру үрдісі «үнсіз» міндеттелген тәрізді. Әрине, бұл жерде барлық облыстық мекеме басшыларын, келетін комиссия құрамын «бөрінің аузымен» өлшеуге болмайды, таза жүріп, таза тұратын, өз қызметін адал атқарып, ешкімге ештеңені міндетсімейтін адал басшылар жеткілікті.
Бұрынғы хан-төрелер мен ақын, жыршы, сал-серілер, аузы дуалы би-шешендерді алдынан шығып, аттан түсіп, қарсы алу дәстүрі бұл күнде ел тарихы мен өнерінің маңызды мәселелерімен алыстан ат арылтып келген зерттеуші, ғалым ағаларымыз, өз тұғырнамасына сай ара-тұра ел ішін аралайтын халық қалаулыларын аудан, қала шекарасынан күтіп алу дәстүрімен жалғасқаны жарасымды-ақ шығар. Ал күнде-күн ара есеп беріп, тапсырма алысып хабарласып отыратын облыстық мекеме тарапынан келетін комиссия (саны бір-екеуден он шақтыға дейін баратын) мүшелерін кейде бірнеше көлікпен нан-тұзын, арақ-шарабын алып, атандап алдынан шығатындай, жол-жөнекей сол маңдағы ауыл әкімдерін де ереуілге қоя қамти кететіндей не көрініпті?
Жұмыс бабымен келген қызметкерлерді қарсы алып, орналасуына, тексеру, қадағалауға тиісті мекеме-орындарға жеткізіп, сұраған құжат-қағаздарын ұсынуға кім ықтияр емес, бәрі заң аясында, моральды-этикалық нормаларға сай, мемлекеттік қызметкер деген атқа лайықты ізетті, мәдениетті, өркениетті түрде ұйымдастырылуға тиісті ғой. Ал, жұмысының осал тұстарын білдіртпей , басқа аудан-қалалар арасындағы мониторинг кестесінде көрсеткіштері төмен түспеу үшін тырысатын жалған патриотизм комиссия алдында жалбаңдауға, жағымпаздануға әкеледі. Жоғарыдағылар не айтса да, шыбындаған аттай бас шұлғи беретін «ләббайшылдық» мемлекеттік қызметкерді бұзады, әділ жолдан тайдырады. Қазақы қонақжайлық осы екен деп шектен шыққан жағымпаздыққа бару намыссыздық пен өресіздікті көрсетеді. Билік бар екен деп және мемлекеттік қызмет атын жамылып, қол астындағыларға тізесін батыру сияқты сұрқайы әрекеттерге бару – нағыз қылмыс. Жаман әдет тез жұғады, індетке айналады. Бағынышты мекемелердің қызметін қадағап отыру өз құзырына жатса да, осындай жантықтардың алдында түкірігі жерге түспейтіндей сызданып келетін сырдаң қызметкер қалыптасқан қазір. Одан қалды ана облыстық мекеменің басшылы 50-ге, мына мекеменің басшысы 60-қа толды деп ара-тұра бөлім бастықтарына тағы сауын салынады. Басшы өзі қосады, жетпей бара жатса, бөлім қызметкерлері арасында «түсініктеме» жұмысын жүргізеді. Қазіргі дағдарыс кезінде бала-шағасын асырап отырған жұмысынан айырылып қалмау үшін бәріне көнуге дайын бағыныштылар амалсыз көнеді: түрін көрмек түгілі, атын да естімеген облыстағы «көкенің» мерейтойына, келген «керек кісілерден тұратын» комиссияның шығынын көтеруге бала-шағасының аузынан жырып, өз нәпақасынан бөліседі. Сояр қойы болмаса, бас, жамбас іздеп, сарсаңға түседі, базардан алынған етке үйінен әкелініп, табаққа салар қомақты мүше тартылады. Іс-сапар барысында бағдарламадан тыс аңға шығу, құс ату, монша, бассейн сияқты «расслабухалары» да болуы әбден мүмкін. «Риза болған» комиссия мүшелерінің қойлы-қонышын, сөмке-багажнигін толтырып, асты-үстіне түсе алғысын жаудырып, еріксіз ыржиып шығарып салады (соңғы нүкте күтіп алған жерден шалғайлау болуы да мүмкін). Ең қорқыныштысы – келген комиссия мүшелерінің осы қарбаластарды үйреншікті міндеттей қалыпты қабылдауы. Бұл сценарий көп ұзамай қайталануы мүмкін...Өйткені таяуда бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік қызметкерлер саны қысқарғанымен жұмыс ауқымы қалпынша ғой.
«Келген комиссияны» ешқандай шығынсыз, қиналыссыз шығарып салу түрі де бар. Облыстық мекеме тарапынан қоңырау шалынады: «екі командировочный жіберіңдер, мөрі, бұрыштамасы соғылған» деген тапсырыс келеді. Рахат, екі бланкіні беріп жібересің, у да жоқ, шу да жоқ. Ылғи солай болса ғой, дейді комиссия күтуден әбден титықтаған менің ескі танысым – мемлекеттік қызметкер. Бұл мәселе басқа жақта қалай екен?
Р. Бикенова
Арқалық қаласы