Прокуратура немен айналысады?..
2016 ж. 05 наурыз
12339
2
Сайлау жақындаған сайын оның қызығы мен «шыжығы» да көбейіп келеді. Төменде соның біреуі жайлы.
Үстіміздегі жылдың 19 ақпаны күні біз, заңгер Жаңабек Әбішев және осы жолдар авторы, «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қоры атынан біріншіміз ҚҚ-дың Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілі ретінде ОҚО сайлау комиссиясына, мен баспасөз қызметінің жетекшісі ретінде Шымкент қалалық сайлау комисиясына байқаушы болып тіркелгіміз келген. Тіркеуге ұсынған құжатымыз да ҚР 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» №264 Конституциялық заңының 20-1 бабының талабына толық сай келеді – онда ҚҚ президенті М.Дуамбековтің қолы қойылған, ұйымның мөрі басылған. Тек қана оның төбесінде «куәлік» деп жазылған болатын. Ал, аталған заң бабында «...жазбаша нысанда куәландыруға тиіс» деп көрсетілген. Хат немесе өтініш түрінде болсын деп нақтыланбаған. Облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Ольга Вахитовна болса: «Бізге бұндай құжаттың барлығы хат түрінде келген, неге сіздерде олай емес? Сіздер де хат түрінде әкеліңіздер» деген желеу айтты. Заңгер Ж.Әбішевтің «біз жұрттың жазғанына емес, заң талабына сай етіп әкеліп отырмыз» деген жауабын тыңдаған жоқ. Бұны енді барып тұрған бюрократиялық формализм деп бағаламауға амал жоқ. (Дәл осындай жағдай 2015 жылы депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған депутаттар орнына басқа депутаттарды сайлау кезінде де орын алған болатын).
Одан бөлек облыстық және қалалық сайлау комиссиясына кіру мәселесі жасанды түрде қолдан қиындатылған. Есік аузында отырған полиция қызметкерлері ішкі телефонмен сайлау комиссиясына қоңырау шалады екен. Ол жақтан міндетті түрде бір адам келіп, кірем деушіні ертіп апаруы керек. Мысалы, Ө.Ақжігіттің қалалық сайлау комиссиясына кіруі керек болды. Полиция қызметкері бірнеше рет қоңырау шалды. Бірақ, комиссиядан ешкім телефон тұтқасын көтерген жоқ. Сол себепті полиция оны ішке жібермеді. Бұл – жоғарыдағы №264 Конституциялық заңның 20-бабының «сайлау комиссияларының қызметі алқалылық, жариялылық және ашықтық негізінде жүзеге асырылады» деп көрсетілген 1-бөлігінің талабын дөрекі түрде бұзу болып табылады. Комиссия қызметкерлері телефон тұтқасын көтермей отырғанда - мүмкін, олар оны әдейі істеп отырған болар - қандай жариялылық, ашықтық болуы мүмкін?! Халық өзінің сайлау және сайлану жөніндегі адами ең басты құндылықтарының бірін емін-еркін жүзеге асыра алатын болуы тиіс! «Сайлау комиссиясы қалалық әкімдік ғимаратында орналасқан» деген шығарыпсалма жауаптың халыққа қажеті жоқ. Оны басқа ғимаратқа орналастыру соншалықты қиын мәселе ме? Ол онсыз да ондаған жылдар бойы көрші ғимараттағы кітапханамен бірге, одан да басқа жерлерде болып келді ғой. Ешқандай полиция күзетінсіз! Бұл «жаңалық», оны қалалық әкімдік ғимаратына көшіру биліктің неғұрлым халықтан оқшауланғысы келіп тұратынының тағы бір дәлелі ғана. Жергілікті шенеуніктер Елбасымыз Н.Назарбаевтың «бәріміз де халықтың қажетін өтейтін қызметкері болуға тиістіміз» деген нұсқауын көпе-көрнеу бұзып отыр.
Жоғарыдағы уәждерді негізге ала отырып, біз өзіміздің конституциялық құқықтарымызды қалпына келтіруді, атап айтқанда: а) байқаушы ретінде мәжбүрлеп тіркетуді; б) облыстық және қалалық сайлау комиссияларына халықтың кіріп-шығу мүмкіндігі (доступ) емін-еркін болуын қамтамасыз етуді, телефон қоңырауын шалу, комиссиядан бір қызметкердің келіп ертіп апаруы, полиция күзетшілерінің оған араласуы секілді бюрократиялық кедергілердің жойылуын талап етеміз деп ертесіне, 20 ақпан күні сағат 11-40-та Шымкент қ., Әл-Фараби аудандық прокуратурасына арыз апардық. Прокуратура қызметкері О.Пернеев «бүгін сенбі, кеңсе маманы жоқ» деп арызымызды қабылдамады. Оны 22-ақпанда тапсырдық. 26-ақпанда аудан прокуроры Х.Маматаевтың жауабын алдық (1-сурет). Прокурордың бұл мәселені бар-жоғы (екі мекеменің арасы 200-ақ метр) жарты сағат-бір сағаттың ішінде шешіп тастауға толық мүмкіндігі бар еді. Бірақ, «купить козу имею возможности, но не имею желания» деген сөз бекер айтылған дейсіз бе... Прокурор Х.Маматаев та ҚР Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 заңының 15-бабының 2-тармағының 6-шы (шағымдарды іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды тұлғалардың қарауына жібермеуге) және 7-ші (оларға қатысты мәселені объективті шешуге мүдделілік білдірмейді деп пайымдауға негіз болған адамдарға тексеру жүргізуді жүктеу жағдайларын болғызбауға) тармақшалары мен ҚР Әкімшілік рәсімдеу туралы 2000 жылғы 27 қарашадағы №107 заңының 15-бабының 1-тармағының 7-ші (азаматтың өтiнiшiн қарауды мәселенiң объективтi шешiлуiне мүдделi емес деп ойлауға негiз бар адамға жүктеу жағдайларына жол берiлмеуi көзделуге тиiс) тармақшасы мен 2-тармағының 1-ші (шағымды берген немесе шағымда мүддесi көзделген адамға зияны тиетiндей етiп шағымның өңiн айналдыруға) және 2-ші (өтiнiште iс-әрекеттерiне шағым айтылған лауазымды адамдарға өтiнiштi жiберуге) тармақшаларының талаптарын табанға салып таптап, хатымызды «қарауға» деп біз бюрократтық ісіне шағымданып отырған ОҚО сайлау комиссиясы төрағасы Ә.Өмірәлиевтің өзіне жіберіпті.
1-наурыз күні пошта төрағаның хатын әкелді (2-сурет). Ол мәселені жоққа да шығара алмаған, өз ісінің дұрыстығын дәлелдей де алмаған. Тіпті «сіздің құжатыңыз хат түрінде емес» деген баяғы сынық сылтау да жоқ. Қысқасы, айтарға уәж таба алмаған! Сосын, «ұялған тек тұрмас» деп, заң талабын көрсетумен шектелген. Біз енді аудан прокурорына қайта шағымдануға мәжбүр болдық. Онда ОҚО сайлау комиссиясы төрағасының бірінші мәселеде заң бұзушылықты заңнамаға сәйкес ия растамағанын, ия теріске шығармағанын, ал, екінші мәселеде ҚР 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №264 «Сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру туралы» конституциялық заңының 20-бабының 1-бөлігінің «сайлау комиссияларының қызметі алқалылық, жариялылық және ашықтық негізінде жүзеге асырылады» деп көрсетілген талабынан күзет басқармасының жарғысын жоғары қойып, «ғимаратқа кіргізу облыстық және қалалық сайлау комиссиясының құзырында емес» дегенін жазып көрсеттік. Қашанда мәселені шешуді ниет еткен адам оның жолын іздейді, шешуге ниеті («желаниясы») жоқ адам желеу іздейді. Осы арызға жауап берген 2016 ж. 2-наурыздағы №2-103-16-03841 хатында (3-сурет) прокурор Х.Маматаев мырза заң талабын орындап, арыз мазмұнына сәйкес нақты жауап берудің орнына бізге ары қарай шағымдану құқығымызды түсіндіреді және біз мүлдем сөз етпеген мәселені – ҚР Орталық сайлау комиссиясы жайлы айтып кетеді. Яғни, бұл жерде прокуратура ҚР Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы (2015.04.12. енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен) 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 заңының 10-бабының 1-тармағының (өтініштерге берілетін жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негізделген және дәлелді, мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде болуға, арыз берушінің қабылданған шешімге шағым жасау құқықтарын түсіндіре отырып, оның дәлелін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректерді қамтуға тиіс) талаптарын тағы да өрескел түрде бұзып отыр.
Амал нешік, біз сот төрелігіне жүгінуге мәжбүр болдық. Олар да бюрократияға салына ма, жоқ істі әділ шеше ме, ол жайында өздеріңізді міндетті түрде хабардар ететін боламыз, қадырлы оқырман!
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz