АҚШ-та өгей әкелері өлтірген балалар Көкшетауда туылған
2016 ж. 29 ақпан
3049
2
Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі АҚШ азаматтары асырап алған қазақстандық балалардың қазасына байланысты көңіл айтып, мерт болған қос жеткіншектің Көкшетауда туғанын және Щучьедегі Сәбилер үйінде тәрбиеленгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
«1997 жылғы Тимур Даниярұлы Көктиев пен 1999 жылғы Дамир Дулатұлы Әбдірахманов (асырап алғаннан кейін – Карлсон Тори - Тимур және Карлсон Куинн - Дамир) Ақмола облысының Көкшетау қаласында туған және Шучьедегі Сәбилер үйінде тәрбиеленген», - делінген ҚР БҒМ таратқан хабарламада.
Қолда бар деректерге сүйенсек, Ақмола облысы Щучье аудандық сотының Т.Д.Көктиев пен Д.Д.Әбдірахмановты асырап алу туралы шешімі 2002 жылдың шілдесінде заңды күшіне енген.
Асырап алу кезінде Тимур 5 жаста, Дамир 3 жаста болыпты.
Асырап алғандар – 1957 жылғы Карлсон Терри Уильям мен 1966 жылғы Карлсон Лана Джейн, екеуі де АҚШ азаматтары. Балаларды асырап алу кезінде қос азамат та Вашингтон штатының Сиэтл қаласында тұрған.
Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі ҚР Сыртқы істер министрлігімен үйлесімді жұмыс жүргізіп, оқиға барысын назарда ұстауға уәде етті.
Естеріңізге салып өтсек, жұма күні Вашингтон штатында Белфэйр тұрғыны өз әйелі Лана Карлсон мен 16 мен 18 жастағы асырап алған екі баласын – Тори мен Куиннаны және тағы бір қызды атып өлтірген еді.
АҚШ-та көз жұмған екі жеткіншектің Қазақстаннан асырап алынғаны белгілі болды. Мұны балалардың өгей шешесі Лана Карлсонның әпкесі растады.