Бойжеткендерге күйеу тауып беретін сыпыртқы сататын саудагер (фото)
2016 ж. 27 ақпан
6890
2
Шымкенттегі Қырғы базардағы Бақытжан Сүлейменов есімді саудагер өзінің тың идеясымен ұтымды сауда жасап жүр. Темір-терсек бөлімінде нәпақасын тауып жүрген азамат өз тауарларының жарнамасын жұрттың назарын өзіне еркісіз аударатындай етіп жасаған.
Тауарын шумақтатып сататын кәсіпкердің бұл әрекетіне не түрткі болғанын білу мақсатында саудагермен NUR.KZ тілшісі арнайы тілдесіп қайтты. Көпбалалы әке Бақытжан Сүлейменовтің саудамен айналысып жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Бүгінде ауыл шаруашылғы мен тұрмыстық қажеттіліктерге керек жабдықтар сатады. Тауарларына деген сұраныс жылдың қай мезгілінде көптеп түсетінін жақсы білетін Бақытжанға бұл ой өткен жылдың басында келген. Сөйтіп кәсіпкер әрбір тауардың бағалау қағазының тұсына өлең шумақтары жазылған қағазды да қоса жабыстырады. Ондағы жазу атақты ақындардың туындылары емес, барлығының авторы кәсіпкердің өзі. Әзіл-шын аралас жазылған шумақтар саудагер күткендей клиенттің назарын аударып жүр. Бірі рахаттана күліп алса, екіншісі дәл сол шумақтатылған тауарды алуға ниеттеніп жатады екен. Тауарларда «Доссыз адам – тамыры жоқ ағашпен тең, сыпырғысыз әйел – баласы жоқ ұстамен тең», «сыпырғанда жаның жай табады, байы жоқтар мықты бай табады», «Ақшаны ақша табады, мықты адам кетпен шабады» деген секілді шумақтар жазылған. Тұтынушылардың бірі Айгүл есімді келіншек бұл сауда орнындағы атауларды алғашқы рет көрген кезде қатты таң қалғанын жасырмайды. «Базар аралап жүріп, есік алдын тазалауға сыпыртқы ала қояйын дегенмін. Кенеттен сыпыртқының тұсында жазуларды көзім шалып қалды. Жеңілдіктер пайызы жазылған екен деп мұқият оқысам, кәдімгі шумақтар. Ой, сол кезде күлгенімді-ай... Дереу сатып алдым», - дейді тұрғын. Келіншектің айтуынша, ол базардағы бұл жағдайды көрші-қоландары мен құрбыларына айтып берген. Тіпті Алматы қаласында бойдақ құрбысы «Шымкентке бір жолым түскенде сол сыпыртқыны сатып алмасам» деп тұрмысқа шығуға ниеттеніп жүр екен. Кәсіпкер тауарларын неғұрлым төмен бағамен сатып, тұрақты тұтынушыларын тауып алған. Мәселен, кетпен 400 теңге тұрса, сыпыртқыны 450 теңгеден саудалап отыр. Айтпақшы, сыпыртқыларға түрлі-түсті жапсырма (скотч) жабыстырған. Оның өзіндік себебі де жоқ емес көрінеді. «Түрлі түс адамның көңіл күйін бірден көтереді дейді. Енді үйді жинау оңай жұмыс емес қой. Сол кезде қыз-келіншектердің көңіл-күйі көтерілсін деп осындай скотчтар жабыстырып қойдық. Қызылды-жасылды түс сатып алушының да көзіне бірден түседі», - деген ол алдағы уақытта шумақтарының жаңа топтамасын шығаратынын да айтып қалды. «Шумақтар жазылған қағазы бар тауарларымның саны азайып қалды. Тағы да шумақтарды шығарып жатырмын. Мамыр айында өзге де тауарларға жабыстырып қоямын», - деп сөзін түйіндеді саудагер Сүлейменов.