Жоғалған баланы ұрлады деген күдіктінің фотороботы жасалды
2016 ж. 22 ақпан
3501
0
Оңтүстік Қазақстан облысында із-түзсіз жоғалып кеткен 6 жасар Мұхаммед Қамшыбекті ұрлады деген күдікпен, жас шамасы 50-ден асқан әйелдің фотороботы жасалды. Қазір оны соңғы рет көрген Амангелді ауылының тұрғындары полиция қызметкерлеріне түсінік беріп жатыр. Ол туралы «жоғалған баланың анасы Жанна Ағабекова» айтты деп хабарлады Bnews.kz
«Мұхаммед тұңғышым, бірінші сыныпта оқиды. Ол сағат 12.25-тер шамасында мектептегі сабақтан шыққан. Үйге қайтып бара жатқанда онымен мектептің ауласында 50-ден асқан бір әйел сөйлесіпті. Ол әйел біздің ауылға жергілікті таксилердің бірімен келген. Оны сол такси жүргізушілері айтып берді. Ауылға келгеннен соң сұрастырып мектепті тауып алған. Сосын балаларды күтіп тұрған. Кәугерлердің айтуынша, әйел баламның атын сұрап алған. «Мұхаммед қалайсын, бері кел, бір жаққа барып келеміз» депті. Қолында қызыл шар ұстап алған дейді. Сөйтіп балам ешбір қарсылық көрсетпестен сол әйелмен ауылдағы бір таксимен аудан орталығы Темірланға барыпты. Ол жерде аудандық аурухананың алдында түсіп қалыпты. Такси жүргізушісі ол «әйелді нағашы апасы ма?» — деп ойлап қалдым дейді. Кейін таксилер тұрған жерге барып, осындай жағдай болды деп жанындағы ауылдың өзге такси жүргізушілеріне айтқан. Сөйтсе араларындағы біреуі ол нағашы апасы емес, мен нағашыларын танимын депті де, екеуі бірге қайта ауруханаға іздеп барыпты. Алайда, әйелді де, баланы да таппаған. «Көлікке отырар кезде баламның жүзінде ешбір қорқыныш, үрей болмады, сосын күдіктенбедім», — дейді такси жүргізушісі. Өзіміз Мұхаммедтің жоғалғанын кеше сағат екілерде естідік. Содан бері іздеп жатырмыз. Қазір де Аудандық ІІБ-да отырмыз әкесі екеуміз. Ауылдағы такси жүргізушілерінің айтуынша фотороботын тағы жасап жатыр. Бірақ нақты түрі әлі жасалып біткен жоқ», — дейді Жанна Ағабекова.
Мұхаммедтің ата-анасы әзірге нақты ешкімнен күдіктеніп отырған жоқ. Бұл отбасының бес баласы бар. Мұхаммед тұңғыштары. Баланы алып кеткен әйел бала асырай алмай жүрген жан шығар деген болжам да бар екен. Кеше баланың әкесіне белгісіз біреулер, жасырын нөмірден телефон соққан.
«Күйеуіме біреулер жасырын номермен хабарласып, сенің балаң жоғалып кетті емес пе, деп аитыпты. Оның кім екенін біле алмай отырмыз. Себебі, жасырын номері әлі ашылмады. Одан кейін де бірнеше рет хабарласып, үнсіз тұрыпты. Қалай болғанда да ұлымыз тезірек табылса екен», — деп шырылдап отыр баласын жоғалтқан ана.
Еске сала кетейік, ОҚО полицейлері 20-шы ақпан күні алты жастағы Мұхаммед Қамшыбектің із-түзсіз жоғалып кеткені туралы хабарлаған болатын. Алдын-ала жасалған болжамдар бойынша баланы елуден асқан әйел ұрлап кеткен. Кешелі бері күдікті әйелдің фотороботы жасалып, іздеу жарияланды.
Дерек көзі: Bnews.kz