Экс-депутаттың қызы мен күйеу баласының мүрдесі табылды
2016 ж. 19 ақпан
5023
1
Кезінде Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласының әкімі, парламент сенатының депутаты болған белгілі қоғам қайраткері Қожахмет Баймахановтың қызы мен күйеу баласы белгісіз бір жағдайда қаза тапқан. Бұл туралы ras.kz хабарлайды.
Аталған оқиғаға қатысты, NUR.KZ тілшісі Атырау облысының ІІД хабарласқанымен, олар ақпаратты жоққа шығарды. Сұрастыра келе, қанды қылмыс Қызылорда қаласында орын алғаны анықталып отыр.
NUR.KZ тілшісі Қызылорда облысының ІІД басшысына «Бейресми ақпарат бойынша марқұмдар Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласының экс әкімі, парламент сенатының депутаты болған белгілі қоғам қайраткері Қожахмет Баймахановтың қызы мен күйеу баласы дегенді айтуда. Осы ақпарат қаншалықты рас және оқиғанының себеп-салдары мен нақтылығы жайлы қосымша ақпарат берулеріңізді сұраймыз» деген сауалнама жолдаған болатын.
Осыған орай жергілікті ІІД баспасөз қызметінен төмендегідей жауап келді.
«Ағымдағы жылдың 16 ақпанында Қызылорда ОІІД-нің кезекші бөліміне қала орталығындағы көп қабатты үйлердің бірінде 2 адам өлімі орын алғандығы жайлы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы 1978 жылы және 1980 жылы туылған ерлі-зайыптылардың өлі денесін анықтады. Мәйіттерде атыс-қаруынан салынған дене жарақаттары жоқ. Аталмыш дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалып, деректің орын алу себептері анықталу үстінде. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жариялауға жатпайды».
ІІД қызметкерлері болған оқиғаны растағанымен, марқұм болғандардың аты-жөнін тергеу амалдарына сілтеп әзірге атаудан бас тартты.