Қаражан Сердалиев: ӘЙТЕКЕ БИ КЕСЕНЕСІНЕ КӨК ТИЫНДЫҚ ҮЛЕСІ ЖОҚ МҰҚАНОВ ЖЕП ҚОЙҒАН МИЛЛИОНДАРЫН ЖУҒЫСЫ КЕЛДІ...
2010 ж. 08 желтоқсан
27278
13
Қаражан СЕРДАЛИЕВ, «Сейтқұл әулие – Әйтеке би» кесенесін салушылардың бірі: ӘЙТЕКЕ БИ КЕСЕНЕСІНЕ КӨК ТИЫНДЫҚ ҮЛЕСІ ЖОҚ МҰҚАНОВ ЖЕП ҚОЙҒАН МИЛЛИОНДАРЫН ЖУҒЫСЫ КЕЛДІ...
«Шындық кебісін кием дегенше, өтірік он ауылды аралап өтеді»
– Ұлы би Әйтекенің кесенесін салу кез келген ұлдың маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Сіз сол кесенені салған жеті азаматтың бірі екенсіз. Бұған қалай келдіңіз?
– Мен өзім Сейітқұл әулиенің ұрпағымын. Бұл киелі істің басталуы белгілі қайраткер азамат Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековтың Өзбекстанға өкілетті елші болып келуімен байланысты. Мен бұл кісімен ежелден таныс, дос, сырлас адаммын. Ыстық-суығымызға да ортақтасып, ой бөлісіп жүреміз.
Бұл кісі Өзбекстанға барғаннан кейін, елден осында бір жерде Дулат баба жерленген екен деген әңгіме естиді. Соны маған айтып, сол жерді бірге аралап келейікші, деп жолға шықтық. Жызақ облысы Знаменское деген жерде деген соң, сол жерге бардық. Ол жерде Шейд баба деген кісі жерленген екен, Дулат баба болмай шықты. Ол өте әулие адам екен. Не жорықта, не жолаушы болып жүргенде қайтыс болған болуы керек, жолдың жиегінде жерленіпті. Басына зиянат етіп барушылар көп екен.
Сөйтіп жүргенде осы Әйтеке бабамыздың Өзбекстанда жерленгенін білеміз, басына барып,тәу етсек қайтеді деген ұсыныс айтты Зауытбек Қауысбекұлы. Әйтеке бидің басын қарайту туралы әңгімелер де талайдан айтылып келеді, мүмкін себіміз тиер деп шештік. Мына Шымкентте Алтынсары Үмбеталиев деген азамат бар, үшеуміз Науайы облысының Нұрата деген жеріне бардық. Басына барғанда көрдік, қалың қауым ел екен жатқан. Мен Әйтеке бидің қабірін көргенде, өзім де Сейітқұл бабадан тарайтын болғандықтан, көңілім құлазып қалды. Қазақтың әйгілі үш биінің бірі, ел билеген бабамыздың басында төртқұлақ тозған бейіт, әр жерде шашылып жатқан тастар ғана жатқаны жанымды жабырқатып жіберді. Сонда Зауытбек менің көңіл-күйімді бірден байқады да, «әй, сен жабырқама. Баба бәрімізге ортақ. Осының басын бір қарайтсақ қайтеді, мүмкін бір сәтін салар. Біз осыны бастайық, өзі де көптен бері әңгіме болып келе жатыр ғой»,- деді. Алтынсары бауырымыз құран оқи біледі екен, сол жерде, бабамыздың басына құран бағыштадық.
Содан соң құрылыс мәселесі қалай болады екен деп, қарап тұрмай біз сол Нұратаның ішін араладық. Сөйтіп жүріп, мәрмәр зауытына бардық. Ол жерде Ұлықбек деген бір азаматпен жолықтық. Ол осы мәрмәр зауытының директоры Шады Фазылұлы деген ақсақалдың ұлы екен, орындаушы директор болып, әкесінің орнында уақытша істеп жүріпті. Ол: «Әкем үйде. Мен мәрмәр мәселесін шеше алмаймын. Самарқанда қазір үлкен құрылыс жүріп жатыр. Елге жеткізе алмаудамыз. Әкеммен сөйлесіңдер», - деген соң үйіне бардық. Шады ақсақал түрі актерлерге келетін өте бір келісті адам екен., жылы шыраймен қарсы алды. Науайы облысының бас имамы Сайд қажы деген бар екен, соны шақырды. Сол жерде үлкен әңгіме-дүкен құрдық. Сонда Шады Фазылұлының айтқан бір әңгімесі есімде қалып қалды:
- Осы дастарханның басында Қазақстанның талай азаматтары келіп, бұйырған дәмді татты. Кесене саламыз деп, бәрі де көп уәде беріп кетіп еді, бірақ ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Менің төлқұжатымда тәжік деп жазылғанымен, түбім қазақ, бұл жай менің де намысыма тиіп жүр. Қазір денсаулығымның да мазасы кетіп қалды. Дұрысталсам, Әйтеке би кесенесі басын өзім-ақ қарайтамын ба деген ойда жүрмін, - деген әңгіме айтты.
Сөйтіп ол Заукеңе ұзақ тесіліп қарап қалды.
- Өзің бір келісті азамат екенсің. Сенің қолыңнан көп нәрсе келетін сияқты. Біздің Сейітқожа бабаның армандап кеткен ісін Алла жазса сен орындайтын шығарсың – деп әулиелік танытты.
Ол шай үстінде «қой соямын» деп еді, Заукең де , мен де:
- Қойды соймаңыз. Алла жазса, кесененің құрылысын бітірейік. Сол кесенені бітіріп жатсақ, сіздің қойыңызды жейміз,- деп уәделесіп, тарқастық.
Қайтып келе жатырмыз. Ташкентке келгеннен кейін, Зауытбектің кабинетінде отырып, біздер бұрыннан да еститін едік, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласында Әйтеке би қоры бар деп, өзін қордың президентімін деп жүрген Жұмабек Мұқанов дегенмен хабарластық. Зауытбек телефон шалып, Әйтеке бидің басына барып қайтқанымызды, енді оның басын көтеру керектігін айтып, «бұған сендердің «Әйтеке би» қорынан қандай көмек болады?» - деді. Жұмабек әңгімесін «жоқ»-пен бастап, «жоқ»-пен бітірді. Оның сөзіне қарап отырып, кесене салуға қаражат алу түгілі үстіміздегі кәстөмімізді шешіп беруге сәл-ақ қалдық. Осымен «жақсы» деп, онымен әңгімеміз бітті.
Басқа да азаматтарға, әсіресе Батыс өңірінің адамдарына хабарластық. Олардың бәрі «өте жақсы екен, қолдаймыз, қуаттаймыз, қолымыздан келген жәрдемімізді аямаймыз» - деген уәделерін берді. Ал ол уәделердің орындалатынындай мүмкіндігі болған жоқ.
Сөйтіп жүргенде бір күні мен Ақтауда үйде отыр едім. Зауытбек Қауысбекұлы телефон шалды. «Мен бұл жерде жақсы бір азамат інімді кездестірдім. Өзі Оңтүстік Қазақстан облысынан, Рахат Байзақов деген кәсіпкер екен. Сол жігітпен міне, осы жерде әңгімелесіп отырмын», - деді. Бұл Рахаттың айтуы бойынша кезінде Шардарадағы «Әйтеке би» қорына көп қаражат салған екен. «бірақ бұл қордан да, басқалардан да ешнәрсе шықпауы мүмкін, егер сіз қаласаңыз, осы Әйтеке би кесенесін салуға рұқсат алып, жатсаңыз, мен өзім-ақ көмектесейін» деген әңгімесіне менің Зауытбек досым қуанып отырған жайы екен. Қаражаттың табылатынына көзі жеткен ол маған «тез жет» деді. Сөйтіп қайтадан кездесу болды. Рахатпен таныстық. Шахарбек Усманов деген шымкенттік ағамыз шықты. Бұл да өз кезінде «Әйтеке би» қорына көп қаржы салып, бірақ құмға сіңген судай ешнәрсе шықпағанына күйініп жүрген Оңтүстіктің қадірменді ақсақалы екен.
– Ол да Шардарадағы қорға салған ба?
– Иә, ол қорға кезінде жыл сайын жиналып, қыруар қаржы салынған көрінеді. Біреудің обалын көтеруге хақым жоқ. Бірақ кезінде сол Шардарадағы «Әйтеке би» қорының төңірегінде қаржы мәселесіне байланысты көптеген әңгімелер көтерілді. Қаншама мол қаржы салғанмен, құрдымға кеткендей түк нәтиже болмағанына көптеген азаматтар реніш айтты.
Бірақ ондай әңгімелерді ескеріп, елеген жоқпыз. Біздің қуанғанымыз, бабамыздың басының көтерілуіне қаражаттың табылуы болды...
Сонымен Өзбекстанға барып, Мәдениет вице-министрі - Ескерткіштерді қорғау комитетінің төрағасы Раушанбек Мансұровпен кездестік. Сөйтіп 2008 жылы 11 тамыз күні бабамыздың басына Раушанбек Мансұров бастаған құрылысшылар, Зауытбек Қауысбекұлы бастаған біздер, менің інім Бернард Сердалиев бар, Зауытбектің баласы Тимур бар, бабаларымыздың басына үлкен ірі қараны сойып, қан шығарып, көптен елеусіз жатқанына кешірім сұрадық. Алладан кешірім сұрап, рахым тілеп, садақа шалдық. Раушанбек Мансұров бастаған құрылысшылармен қол алысып, сұраған қаржысын беріп, құрылысты бастайтын болдық. Қазақ емеспіз бе, қаражатымызды беріп алған соң, «қашан бітеді?» деген әңгіме басталды. Сол жердегі құрылысшылардың басшысы: «Біз алдымен құрылыс материалдарын алып келуіміз керек, содан соң бастаймыз. Біз мұсылман мемлекетіміз. Сіздер де мұсылман мемлекетісіздер ғой, бірақ біз оның ішінде мұсылмандықты көптеу ұстайтын мемлекетпіз», - деді.
Сол жерде Зауытбек күліп: «Әй, сен бұра тартқаныңды қой. Біздің мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының бізге, маған берген тапсырмасы бар, осы ескерткішті салу жөнінде. Сенің уәдеңнен кейін мен сол кісіге хабарласып, құрылыстың басталғанын айтуым керек» - деді. Олар «онда он бес күннен кейін алғашқы қазықты қағамыз». Бірақ сіздерге қояр үш шартымыз бар.
Бірінші шартымыз, кесененің құрылысы кемінде 5-6 метр биіктікке жеткенше, құрылыс басына бір адам келмесін. Біздің мемлекетіміздің басшысы бар, ол біздің мұндай ісімізге қалай қарайтынын білмейміз. Екінші шартымыз – бүкіл газет-журнал, баспасөз бетінде біздің осы жұмысты бастағанымыз туралы бір де бір мақала шықпауы керек. Үшінші шартымыз, құрылыс қарқыны тоқтап қалмауы үшін график бойынша қаржысын кешіктірмей жеткізіп тұрыңыздар. Сонда біз құрылысты бір жарым айда , екі айға жеткізбей аяқтаймыз», - деді.
Осындай келісім алып, қол алыстық. Сөйтіп үлкен бір қуанышпен, жүрек толқыды. Пендеміз ғой, бәріміз, әсіресе, бізден де қатты қуанып тұрғанда, ежелгі досым Зауытбек Қауысбекұлына «мен басқа жүз едім,» демей, осы бір үлкен қуаныштың басы-қасында жүргеніне алғыс айттым. Шаһарбек ағама, Бернард бауырыма алғысымды білдірдім. Сөйтіп, ең алдымен ел қуанатын болды ғой деген ерекше бір сезімімен қоштастық. Әркім өз шаруасымен кетті.
Сөйтіп жүргенде, 2008 жылы қыркүйек айының 4-інде маған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Сақып Керелбаев деген ескі досым телефон шалды:
«Әй, Қаражан бауырым, құтты болсын. Бабаңның басына ескерткіш ашылатын болыпты. Біздің облыстан делегация барып, қазық қағып қайтыпты. Біз соған қатты қуанып жатырмыз»-деді.
Ойпырмай, мен өзім қатты қорқып кеттім. Әу, баста өзбектерге берген уәдеміз бар ғой, масқара болмасақ болар еді деп жаным шығып кете жаздады. «Ол газет қайда?» деп, алдыртып оқысам, Маңғыстау облыстық газеті облыс делегациясы Өзбекстанға барды, «Әйтеке би» қоры кесененің қазығын қағып, құрылысын бастады» деп елден сүйінші сұрап жатыр екен. Сол кезде менде қатты реніш болды. Ол олардың «Әйтеке би» қоры құрылысқа қатысы болмағанына емес, Өзбекстан кесене құрылысын тоқтатып тастай ма деген қатты қауіп еді.
Сол бойда Өзбекстанға Раушанбек Мансұровқа телефон шалдым. Ол менімен сөйлесуден бас тартты. Бір бәленің болғанын біліп, сол күні Қызылордаға ұшып, одан әрі көлікпен Ташкентке жеттім. Сөйтіп Мансұровқа барсам, ол мені қабылдамай қойды. Қабылдамағаны былай тұрсын, тіпті сөйлеспей қойды. «Жоламаңыз, барыңыз», - деді. Сосын не істерімізді білмей, аңтарылып жүргенде , демалыстан Зауытбек Қауысбекұлы келді. Оған болған істі баяндадық. Сосын ол қанша дегенмен ресми тұлға, бір мемлекеттің сондағы елшісі, оның үстіне осы істің басы-қасында болған азамат, сөйлесіп көріп еді. Т.Мансұров бірден: «уәдеде тұрмадыңдар, құрылыс болмайды. Мені кеше Өзбекстанның арнаулы орнының қызметкерлері шақырып, сұрауға алды. Қолдарында Қазақстанда шыққан әртүрлі газеттер. «Сен кімнің рұқсатымен құрылыс салып жатсың?» деп тықсырды», - деп әңгімелесуден бас тартты. Сонымен салымыз суға кетіп шықтық. Зауытбек: «мынау бірте-бірте жібитін шығар, бірақ бүгін жібіте алмаймыз » деді:
Келесі күні әңгімені қайтадан жалғастырдық.
- Сонда біздің елдің газеттері сонда жүр ме?
- Иә, Мансұровтың алдында жатыр. Республикалық, облыстық, аудандық газеттер, бір тобын арнаулы орындар Мансұровқа әкеп беріп «мынауың не? деген ғой...
Екінші күні де жібімеді.
Үшінші күні барғанда Зауытбек Қауысбекұлы бір амалға көшті:
- Алғашқы берілген қаражатты қайтарыңыз. Сіз соқпасаңыз,басқалар соғады. Рұқсат та алынады» - деген қатаң әңгімеге ауысты. Оны да қайтарғысы келмеп еді, Зауытбек «мен енді бір мемлекеттің полициясын басқарған адаммын ғой, әңгіме ары қарай жалғасуы мүмкін, сондықтан не құрылысты бастайсың, не ақшаны қайтарасың! Екінің бірі» деді.
Содан соң сескенген болар, Мансұров Зауытбекке «Онда сіздің көмегіңіз керек» - деді. «Біздің мемлекет басшыларына жолығуыңыз керек. Қазақстанның осындағы елшісісіз. Сіз барып менің кінәсіздігімді , сіздердің сұрауларыңыз бойынша осының басталғанын, би бәрімізге ортақ, базары да, мазары да бір туысқан халық екенімізді түсіндіріп айтыңыз. Сөйтіп, мені арашалап алыңыз, сонымен құрылысты бастаймын, - деді. Сөйтіп, Зәкең не керек, мемлекет басшыларымен сөйлесіп,тілін тауып, келісімін алды. Құрылыс қайтадан басталды.
Сөйтіп жүргенде алдымыздан тағы бір кедергі шықты.
18 қыркүйек күні құрылыс басталуы тиіс болатын. Мен 16 қыркүйекте Ташкентке кетіп бара жатсам, Алматыдағы журналист досым Әмірхан Меңдеке телефон соқты. «Ой, мынау бабамыздың басы қараятын болыпты. Бұл көптен бері кезегін күткен келелі іс еді. Бұл жақсылық болған екен. Біздің газетке бір бет қылып материал жариялап жатырмыз, «Әйтеке би» қоры кесене құрылысын қаржыландырып жатыр» деген» деп суық хабар айтты. «Бүгін бас редакторға адамдар келді, ертен шығады. Құтты болсын, оң болсын!»- деді. Әмірхан Меңдекенің менің бабаларымның кітап болып жарық көруіне көп еңбегі сіңген еді. Мен бірден айттым: «Әмірхан, нақты осы Әйтеке би кесенесінің құрылысының қаржыландыруына Шардарадағы «Әйтеке би» қорының түк қатысы жоқ. Олар бұған көк тиын да қосқан емес. Кесененің басына барып жүрген адамдардың ниеттерін мен білмеймін, мүмкін, түзу шығар, бірақ ақша, қаражат мәселесі қиын ғой, ертең әңгіме қаттыға айналып кетуі мүмкін, сен газетке шығаруды тоқтат» дедім. Ол шошып кетті: «бұл қалай болды?» – деп. Мен «ертең барамын, бәрін саған айтамын!» – дедім.
Сонымен Ташкентті қойып, ондағы мені күтіп отырған азаматтарға телефон соғып, «ойбай, мұнда осындай кедергі болып жатыр» деп Алматыға кеттім.
Сол Ташкентке кетіп бара жатқан көлігіммен қайта бұрылып, түнделетіп жүріп, таң ата Алматыға жеттім...
Келе салып, «Жас Алаш» газетінің редакциясына соқтым. Онда бүкіл мән-жайды айтып, Шардарадағы «Әйтеке би» қорының кесенені қаржыландыру мәселесіне түк қатысы жоқтығын, ниеттерінің түзу болмағанын мәлімдеп, осыны жариялауларыңызды сұраймын» -деп өтініш жасап кеттім. Ертеңіне 18 қыркүйек күні «Жас Алаш» газетінде Әмірхан Меңдеке алған менің сұхбатым жарияланды.Мен айтып отырмын ғой, «Шындық кебісін киемін дегенше, өтірік он ауылды аралап өтеді» деп.
- Үлкен зиянкестіктің алдын алған екенсіз ғой...
- Иә, дұрыс айтасың. Содан құрылыс жүріп жатты, ел қуанып жатты. Сөйтіп жүргенде тағы бір суық хабар шықты. «Нұратаның басындағы салып жатқан өзбек құрылысшыларын қазақтар барып қуып жіберіпті» - дейді. Тағы да не боп қалды? – деп ұбырып-шұбырып тағы тарттық Нұратаға. Барсақ, басында бір де бір құрылысшы жоқ. Сейтқұл әулие мен Әйтеке бидің қасынан қазылған үлкен, терең ор жатыр екен. «Бұл не өзі?» - десек, қор ма, қоғам ба, қазақтар келіп алтын іздепті. Ішінде Өзбекстандағы қазақ қоғамынан да бар екен... Бұл кезінде Жалаңтөстен қалған алтын Тасым қолбасшыға өткен. Тасым ол алтынды Сейітқұл бабасының басына көмген. Енді мына кесене салып жатқан өзбектер сол алтынды алып қояды деп, құрылысшыларды сабап, қуып жіберіп басын қазыпты...
Біз барғанда сол қазулы күйінің үстінен шықтық. Жұмысшылар жоқ, құрылыс материалдарының бәрі жатыр. Тағы да үлкен айқай басталды. Содан біздің жазығымыздың жоқ екенін, бұл адамдардың бізге қатысы жоқ екенін айтып жүріп, тағы да екі аптаға құрылыс кешікті...
Әңгіменің ашығы, «екі айда бітіреміз» деген өзбек ағайындар 5 желтоқсан күні Әйтеке би бабамыздың кесенесін аяқтады. Ашу мәселесіне келген кезде, «жер шалғай, қыстың көзі қырауда бабамыздың басына елді шақыру қисынсыз көрінді, жер аяғы кеңісін, көктемді күтейік» - дедік. Оған дейін тағы да қаржы көзі табылып жатса, қосымша құрылыстар салуды жоспарладық.
СЕЙТҚҰЛДЫҢ БАСЫН АЛҒАШ КӨТЕРГЕН БАБАМ
СЕРДАЛЫ БЕКШОРИН ЕКЕН
Сөйтіп баяғы Рахат Байзақов, Шахарбек Усманов, Бернард Сердалиев, мен, тағы басқа жігіттер елшіміз Зәкеңмен ақылдаса отырып, құрылысты әрмен қарай жалғастыруды қолға алдық. Соның себебімен, мінәжатхана, намазхана, түнеухана т.б. салынды. Басында ол жерге су бармайды екен, бізбен барған Алтынсары Үмбеталиев «Апырмай, мына жерде су жоқ екен. «Шөлге су шығарған үш сауаптың біріне ие болады»-дейді ғой, мен осы жерге су шығарып берейін»- деген еді. Сөйтіп, өзінің жиған-тергенін бала-шағасының аузынан жырып отырып, 136 метр тереңдіктен үлкен скважина қаздырып, сол жерді суландырды. Кейін кесене ашылды. Өткен жылы 31 шілде күні үлкен ас берілді. Бүкіл ел жиналды. Халық болып қуанды.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен бүкіл делегациялар келді. Оның бер жағында мұражай, түнеухана салынып жатыр. Мұнара тұрғызылатын болады. Шахарбек Усманов көкеміз әлі соның басында. Мұнараны салуға да көп кедергілер болды, қанша дегенмен өзге мемлекет қой. Бұл жерде тағы айта кететін нәрсе, 18 жыл бойы қазақтың небір атпал азаматтары бабамыздың басын көтереміз деп барды. Бірақ «сәлемнің де сәті бар» дегендей, сол ұлы кесененің ел игілігіне айналдыру Зауытбек Тұрысбеков бастаған біздің еншімізге тиді.
Ендігі айта кететін нәрсе, менің ұлы бабам, біз де Сейтқұлдан тараймыз, Төртқара руының правителі болған, заманында Шоқан Уәлихановпен кездескен, оның қолынан естелікке сағат алған (ол сағат менің үйімде сақтаулы) қайраткер, суретші Сердалы Бекшорин. 1892 жылы Бұқара әмірімен кездескен екен. Бұл ресми дерек Бұхара әмірінің кеңсесінен алынған.
Мен Мансұровқа бір барғанда Әмірхан Меңдеке құрастырған «Сердалы Бекшорин» деген кітапты ала барғанмын. Ол кітапты көргенде орнынан тұрып кетті. «Мен бұл кісіні жақсы білемін» - деп қолын көтерді. «Ол белгілі адам ғой. Бұхара мен Қарақалпақстанның арасына немесе Нұратаның өзінде жерленген болу керек» деді. Сөйтіп отырды да, бір қызметкерін шақырды. «Сен анау бір жерді қарашы, мына кісі туралы дерек болу керек» деді. Сол жерден бір қағаз алып шықты. Онда Сердалы Бекшорин туралы мәлімет бар екен. Ол құжатта оның шынымен де Бұхара әмірімен кездескені, Сердалыны әмірдің бас қазынашысы ертіп жүріп, әулиелі жерлерді аралағаны бар екен. Сонда осы Нұратаға Сейітқұл бабаның басындағы төртқұлақты Сердалы Бекшорин салып кеткен екен. Тағдырды қарасаңызшы. Мен Сердалы Бекшоринның шөбересімін. Арада 116 жыл өткенде мен енді Сейтқұл мен Әйтеке бабаларымның кесенесін қайта жаңғырттым.
-Құдайдың құдіреті деңіз!
-Иә, енді оның тарихын ары қарай айта беретін болсақ, Сейтқұлдың сегіз баласы болған, сегіз жүйелі Сейітқұл дейді. Сейітқұлдың әкесі Тоқпан, оның әкесі Ораз қажы менің он екінші атам. Ол бүкіл Тұранға әйгілі қолбасшы, өзбектер Гөр Әмір дейді, біздер Ақсақ Темір дейміз, соның бас кеңесшісі болған адам.
Миллиондарды жеп қойған Мұқанов мойындап кешірім сұрады...
- Сонда сіздер Әйтеке би кесенесін салуға жанталасып, шапқылап жүргенде, кесенеге көк тиын қоспаса да, Жұмабек Мұқанов неге барлық газеттерді шулатып «біз кесенені қаржыландырып жатырмыз» деп, өзгенің еңбегін пайдаланып, жалған ақпарат таратқан.
- Бұның ар жағы күрделі әңгіме. Ол әр түрлі газеттерге «біз салып жатырмыз, біз қаржыландырып жатырмыз» деген әңгімелерін көбейтіп кетті. Сол кезде кесене салушы 7 азамат қатты реніш білдіріп, заң орындарына берейік деп ойластық.
Осы әңгіме құлақтарына жеткен болу керек. Шардарадағы «Әйтеке би» қорының президенті Жұмабек Мұқанов Маңғыстаудағы Өмірзақ Озғанбаев екеуі Шымкентке келіп, кінәларын мойындап, бізден кешірім сұрады. Мен Жұмабекке «мына кісілерді айта алмаймын, ал мен бұған қатаң қараймын» дедім.
Содан соң оларға «біз ешқандай атақ үшін жасап жатқан жоқпыз. Осы бабамыздың басында үлкен бір кесене болса, ол екі елдің арасындағы достықтың дәнекері болса екен деген оймен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жасап жатырмыз. Сендер газеттерге жалған ақпарат таратып кесірлеріңді тигізбесеңдер болды» деп айттық.
Мен өз басым ол Шардарадағы Әйтеке би қорына ақша салған емеспін. Ешкімнің обалына қалғым келмейді. Бірақ «біз пәлен мың доллар салып едік», «біз миллиондаған ақша беріп едік, ол кесенені баяғыда бітіп қойған деп жүрміз ғой», «ол қыруар ақшалардың бәрі қайда кетті?» деген әңгімелер көбейіп кетті. Мүмкін, соны жуып-шайып, халықтың алдында жалған есеп бергісі келген шығар...
Менің тағы бір айтарым, Шардара қаласындағы қазақтың үш биінің ескерткіші бола тұра, сол үш бидің ішінен Әйтеке биді бөліп алып, өзге бір, жеке ескерткіш қойды дегенді естіп жатырмын. Тағы да барлық газетте беріліп жатыр. Ескерткіштің ашылуында берген есебінде, әрине «Сейітқұл әулие - Әйтеке би» кесенесі кешені де салынды деп жазып жатыр. Бірақ ол жалпы мәтіннің ішінде өздерінің еңбегі ретінде қабылданып кетуде.
Мен Қызылордада жүргенімде сол кездегі облыс әкімінің, қазақ қайраткерінің қатты айтқан сөзін облыстық теледидардан өз құлағыммен естідім. Ол «Әйтеке биге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын айдаладағы біреу біздің облысқа келіп, жылу жинап жүр. Соған алданып қалмаңдар!» деп айтқан еді.
Тағы да айтамын, «Сейітқұл әулие - Әйтеке би кесенесінің салынуына Шардарадағы Әйтеке би қорының ешқандай қатысы жоқ! Әңгіменің тоқетері осы.
- Мұқанов барлық басылымдарда Әйтеке би кесенесін тек өзі салып бітіргендей желпініп жүр ғой. Анаған анша, мынаған мынша миллион жұмсадық деп бұрқыратып жазып та жатты жыл сайын...
- Ол «Айғақ» газетіне берген сұхбатында «Әйтеке би кесенесі құрылысына Маңғыстау облысынан бөлінген 220 мың доллар жұмсалды» дейді. Тағы бір газетте 14 мың доллар ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін Өзбекстанға берілді деп жазады. Ал тағы бір газеттен оқыдым, ол Науаиы облысындағы қазақ қоғамымен бірлесе отырып, Әйтеке би кесенесі жанынан 20 гектар жерді бәлен жылға жалға алып, 20 миллион теңге төледік деген. Кезінде Өзбекстан Мәдениет вице-министрі – Ескерткіштерді қорғау комитетінің төрағасы Раушанбек Мансұровтың алдында осы әңгіме қозғалған болатын. Сонда Мансұров тұрып айтты: «Басқа елді қайдам, біздің Өзбекстанда бір метр жер рұхсатсыз ешкімге, ештеңеге берілмейді. Бұл бір. Екінші, ол 20 гектар жерді қайдан алып жүргенін білмеймін, бұл бейіттің жері. Ал молалар жатқан жердің маңынан бір қадым жерді менің рұхсатымсыз ешкім де жалға ала алмайды. Ал өзара сыбайласып жалған қағаздар жасатып алып жатса, онда менің қатысым жоқ. Үшіншіден, біз ешкімнен Әйтеке биге, кесенеге байланысты ақша алған жоқпыз» деп ресми мәлімдеді.
- Кезінде Шардарадағы Әйтеке би қорына миллиондаған қаржы салғандардың ішінде «ол кесене баяғыда бітіп қалған деп жүрміз ғой» деген сөз қайдан шығып жүр?
- Мен бұған байланысты бір әңгіме айтып берейін: Әйтеке би кесенесін салуға Өзбекстаннан рұқсат алғаннан соң, Қызылорда облысындағы Жалаңтөс бахадүр атындағы қордың президенті, бұрын облыстық атқару комитеті төрағасы болған, өзі Жалаңтөс батырдың ұрпағы Ыдырыс Қалилев деген ағамыздың үйіне бардым. Осылай да, осылай, рұқсат алынды, енді Әйтеке би бабамыздың кесенесі салынатын болды деп қуанып отырсам, ол кісі «ей, ол кесененің құрылысы бітіп қалған ғой. Мен бара алмай қалдым, мына шақыру қағазы «2007 жылы кесене құрылысы бітті » деп келді дегені. Сол шақыру қағазы менде әлі сақтаулы тұр. Әдемілеп жасаған, ішінде кесене құрылысының бітіп қалғанын, соның құрметіне Шардарада үлкен шара өтетінін, кесенеге үлес қосқан демеушілердің қанша ақша бергендеріне дейін жазылған. Қордың қырып тастағаны туралы бір газеттен үзінді мақалаға дейін бар. Қасында кесенеге қосымша қаражат керек, соған сіз елдің басшысы ретінде халықты ұйымдастырып, көмек қолын созсаңыз деген хаты да бар.
Бұның бәрі әңгіме, өтті- кетті. Ең бастысы әулиеміздің басы қарайып, Елбасының тапсырмасын орындадық. Бұл - елге абырой. Екінші, бұрын мен көп сөздердің мәнісін түсіне бермейтін едім. «базарымыз да, мазарымыз да бір» деген әңгіменің төркініне енді жеттім. Сөйтсем, өліде де, тіріде де біргеміз деген мағынасы терең сөз екен ғой.
- Өзбек құрылысшыларының бір жарым айда бітіреміз дегені төрт айға созылуына Мұқановтың бар газетке өзгелердің еңбегін «біз жасап жатырмыз» деп жалғандыққа баруы себеп болды ғой...
- Иә, газетке мақалалар шығып, жаңағыдай кедергі-кесірлер болмағанда, яғни, өзбектер айтқан шартты орындағанда, бұл кесене бір жарым айда бітіп кетер еді. Өйткені құрылысшылардың бәрі сақадай сай болды.
Сонымен қатар бұл жерде көп қиындықтар кездеспей тұрмады. Солардың бірі - шекарадан өту мәселесі. Біз біресе Сарыағаштан, біресе Мақтаарал арқылы өтіп жүрдік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой.
Мен Мақтаарал ауданы арқылы өтіп жүргенде, сол кездегі аудан прокуроры болған Айдархан деген азамат біз бара жатқанда да, келе жатқанда да, өзбек шекарашыларына өтініш жасап, өткізіп жүрді. Бару-қайтуы мың шақырымға жуық жолдан шаршап келе жатқанда шайымызға дейін дайындап қойып, күтіп алып, шығарып салатыны бар. Сол Айдархан азаматқа біз қатты разы болдық.
- Сонда ұғымға сияр емес қой, Әйтеке би қорының төрағасы Әйтеке би кесенесіне кесірін тигізеді... Парадокс емес пе?..Оның бұл жанталасы халықтан жиналып, желініп кеткен қыруар қаржының «орнын» көрсеткісі келгені шығар.
- Солайы, солай ғой. Жалпы, менің айтарым, бүкіл батыс өңірі, Қызылорда облысы тұрғанда шалғайдағы шағын қала Шардарада отырып, «мен Әйтеке би қорының президентімін» деп әңгіме айтуы бұл мүлде дұрыс емес нәрсе. Оның Әйтеке би қорының төрағасы болуға заңдылық та, моральдық та құқы жоқ. Ең болмаса, Әйтеке би қоры болатын болса, біз кесене салып жатқанда, барып жүрмей ме?
- Барған жоқ па?
- Жоқ, көрген жоқпыз. Олардың кесір-кедергісі өтті-кетті ғой. Біз үшін ең маңыздысы сол кездегі Өзбекстандағы елшіміз Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбековтың бас болып, елдің арманы мен Елбасы тапсырмасын орындауымыз.
- Кесенені салған жеті азамат кімдер?
- Рахат Байзақов, Шахарбек Усманов, Қаражан және Бернард Сердалиевтер, Есенғали Байменов, Ибатулла Қалыбеков, Арынғазы Беркімбаев. Жалпы мен үш нәрсеге ризамын. Ол Елбасымыздың Әйтеке би кесенесін салуға тапсырма беруі. Екінші, дәл сол кезеңде Зауытбек Тұрысбековтың Өзбекстанға елші болып баруы және кесенені салуға рұқсат алуы. Үшінші, қаражат мәселесіне келгенде, Жалаңтөс бахадүрдің ұрпағы Рахат Байзақовтың атпал азаматтық танытуы. Ол бес-алты жігіт ұйымдасайық, халыққа салмақ салмайық, онсыз да халықтың қалтасына «Әйтеке би» қоры көп түсіп кетті деп бастама көтерді. Осы үш тұлғаға мен де ризамын, ел де риза. Мен мұны Сейітқұлдың ұрпағы ретінде айтып отырмын.
Кейін кесене жанындағы құрылыстарға Атыраудан Мұхит Ізбанов бастаған жігіттер де қаражат қосты. Тағы бір азамат, аты есіме түспей отыр, кесененің айналасын қоршауға қаражат жұмсады. Бұл кейіннен болған жұмыстар.
Әйтеке биге үш биден бөлек ескерткіш салу – елді алалау
– Шардарада үш бидің ескерткіші бола тұра Әйтеке биге екі биден бөлектеп жеке ескерткіш қою ел бірлігіне нұқсан емес пе?
– Ақсақ темірдің бас кеңесшісі болған Әйтеке бидің бесінші атасы, менің он екінші атам Ораз қажы ел бірлігін сақтауға көп еңбегі сіңген адам. Ораз қажының ұлы Ақша Қоқанға хан болған, ол да ел бірлігін ұстанған қайраткер болған. Ал Әйтеке бидің үшінші атасы Сейітқұл әулиені «синоеф - әулие» дейді. Оның аудармасы жаны таза, пәк әулие деген сөз. Сейітқұл әулие де ел бірлігі үшін еңбек еткен адам. Ол қазақ, өзбек , тәжік, қарақалпақ деп бөлмеген. Сондықтан бүкіл Өзбекстан халқы Сейтқұл әулиені жақсы көреді. Ақшадан Байбек, Байбектен Әйтеке би туады.
Қазақтың ұлы биі Әйтеке бидің мемлекетімізді нығайтудағы ел бірлігін арттыруға, тұтастықты сақтауға орасан еңбегі сіңгені елге мәлім. Өмір бойы бөлінбей келе жатқан үш биді - Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би деп келіп, енді Әйтеке биді бөліп алып, жеке ескерткіш орнатқаны өте ұят нәрсе. әруақтардың алдында, елдің алдында ұят! Әруақтарды алалауға болмайды. Ешқашан бөлінбеген, қай жерде қашан айтылса да бірге айтылатын, санада біртұтас қалыптасқан қазақ билерінің бір-бірінен бөліп алудың не қажеті бар еді. Бұл ұят нәрсе. Мысалы мен білмеймін, Шардарада Әйтеке биге жеке ескерткіш салғанын. Кеше ғана әдеттегідей газеттерге қаптатып бергенде ғана білдім. Ал мен Әйтеке биге де, оның кесенесінің салынуына да тікелей қатысым бар адаммын. «осындай іс жасайық, қалай болады» деп бірауыз сұрауға болады ғой...
Қазір Аллаға шүкір, әлемде төрге шықтық. Елбасының саясаты бүкіл елді біріктіріп отыр. Әлемнің 56 елінің басшылары бас қосқан Саммит өтті, Сарыарқа төсінде дүрілдеп. Осындай аяда мұндай келеңсіздіктер орнауы көңілге кірбің түсіреді. Бөлінудің қажеті жоқ.
- «Сейтқұл әулие - Әйтеке би» кітабы шығып жатыр деп естідік.
- Иә, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында баспасөз мәслихатын өткіземіз. «Дала даналары» сериясымен Президент телерадио кешенінде деректі фильм шығарып жатырмыз. Кітапта да, кинода да кесенеге қазық қағылуынан ашылуына дейін өткен жолдар туралы Зауытбек Тұрысбековтың жазбалары бар. Менің де ойларым кірген кітапқа. Осы кітап пен фильмде көп нәрселер ашық айтылады. Деректі фильмді белгілі тележурналист Назгүл Әбутұрапова түсіруде. Ол мұның алдында Зауытбек Тұрысбековтың идеясымен Қазақстан мен Өзбекстан туралы «Мәңгілік достық» атты деректі фильм түсірген болатын.
- Өзіңіз туралы бір ауыз айтып кетсеңіз?
- Мен Қызылорда облысының Қазалы ауданының қазағымын. КазГУ-дың журналистика факультетін 1974 жылы бітірдім. Содан Маңғыстау облыстық газетіне жолдамамен кеттім. 1988 жылы облысымыз тарағанда, отбасы жағдайыма байланысты Атырауға көшпей, Ақтауда қалып қойдым. Қолымыздан келгенше әртүрлі қызметтерді атқардық. Бір ұлым, екі немерем бар. Ұлым Арман Қаражанұлы мемлекеттік қызметте. Жұбайым Күләйша зейнеткерлікте.
- Қарапайым халықтың көзін ақиқатқа жеткізіп, ақ жарылып берген сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Сұхбатттасқан
Қазыбек ИСА