Жазда үйленбек болған Ерасылдың сүйіктісі сыр ашты...
2016 ж. 18 ақпан
6327
0
Ерасыл Әубәкіровтің сүйіктісі Айгерім Әбсадықова Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында "Астана" Медициналық университетінің қайтыс болған студенті жайлы айтып берді. Қыз Ерасылдың әрдайым үйлену туралы айтатынын еске алды.
Оның айтуынша, олар Өскемендегі мектепте бірінші сыныптан бастап таныс.
"Мектепте біз араласып тұратынбыз. Тоғызыншы сыныптан бастап маған көңілін білдіріп жүрді, бірақ кездесіп жүрмеген едік. (...) Сосын мен Алматыға оқуға кеттім. Алматыдағы Энергетика және байланыс университетінде оқыдым. Біз хат алмасып тұрдық. Мен 2014 жылы оқуды бітіріп, сол жылы Астанаға көшіп бардым. Сосын біз жақын араласа бастадық. Ол әрдайым қасымнан табылатын. Маған деген ерекше назарын сезетінмін. Ол әрқашан "Біз бірге болуымыз керек" дейтін. Мен бастапқы кезде назар аудармай жүрдім. Ол одан да тығыз қарым-қатынаста болғысы келетінін айтатын. Оған дейін бәрі әзіл ретінде болатын, дос болып, кездесіп жүрдік. Мен оған осыған байланысты жақсылап сөйлесейік дедім. Ол жазда үйленгісі келетінін, сондықтан тығыз қарым-қатынаста болғысы келетінін айтты. Мүмкін мен де армандап кеткен шығармын. 4 ақпанда, бейсенбі күні біз кездесуіміз керек еді, ал жұма күні сыныптастарымызбен кездесеміз деп келіскенбіз. Егер бейсенбі күні сөйлессек, арамыздағы жағдайды сыныптастарымызға жұма кұні айтатын шығармыз деп ойладым", - дейді Айгерім.
Жеке архивтен алынған сурет
Қыздың айтуынша, Ерасыл Жаңа жылдан кейін үйлену туралы көп айта бастайды.
"Ол маған ұнайтын. Біз сыныптастарымызға айтпадық, суреттерімізді де жасырдық. Бірақ сыныптастарымыз сезетін. Қарашада менің туған күнім болды, біз караокеде болдық, ол әнді жақсы айтатын, маған ән де арнады. (...) Мен әпкесімен, анасымен сөйлескенмін, бір келгенінде анасы үйлерінде әңгіме болғанын, жанұяларының қарсы емес екендерін айтқан еді. Әпкесі болса "сендерді жазда үйлендіреміз деп ойладым" деп айтқан. Анасы да келгенде "Оны табамыз, бірге өмір сүресіңдер" деді. Мен тіпті бұл қарым-қатынасымызды сипаттап та бере алмаймын. (...) Араласып тұрдық, дос болдық. Достарымыз кездесесіңдер ме деп те сұрайтын", - деді қыз.
Ал кісі өлтіру ісіне байланысты ұсталғандарды білесің бе деген сұраққа Айгерім "Оларды тіпті де танымаймын. Оқиғаға қатысы бар адамдардың кім екенін сұрастырғанымда да достары білмейтін болып шықты. Өзім де олар туралы бірінші рет естідім" деп жауап берді.
"Жоғалып кетер алдында ол "Қайырлы таң, не істеп жатсың?" деп жазған еді, өзінің не істеп жүргенін айтып отыратын. Сол күні оларда университетте жиналыс болды. Осыдан кейін жазбай қалды. Бейсенбі күні достары маған хабарласып, оны менен сұрады. Ал өзімен бірге тұрған досы үйде оның түнемегенін айтты. Ал Ерасыл оқуды бірінші орынға қоятын адам. Өзі де "бейсенбі күні емтихан тапсырамын" деп айтқан. Ол таңғы бесте тұрып, сабағына дайындалатын. Бейсенбі күні достарымен бірге оны іздей бастадық. Еріктілер де, басқа достары да іздестіруге қосылды. Үмітімізді үзбедік. Оның енді жоқ екеніне әлі күнге сене алмаймын. Ол өз үйінде жүргендей сезінемін. Біз Өскеменге жерлеуіне барып келдік", - деп түсіндірді Айгерім.
Ол әлеуметтік желілерде таралып жатқан видеоларға сенбейтінін де айтып берді.
"5 ақпанда біз полицияны шақырттық, ол ең соңғылардың бірі болып маған телефон шалыпты. Менен полицейлер кім екенімді, соңғы рет қашан кездескенімізді сұрап, жауап алды. Мен Астанаға дүйсенбі күні оралдым, бірақ кеше жұмысқа шыға алмадым. Соңғы кездері ұйықтай алмай жүрмін. Сене алар емеспін. Қарызы да, проблемалары жа жоқ еді. Ол пысық еді. Ән айтатын. Ешқашан мұң-ренішін айтпайтын", - дейді қыз.
23 жастағы Ерасыл Әубәкіровтің денесі 10 ақпанда жедел-іздестіру жұмыстарының барысында табылды. Қылмыс жасады деген күдікпен төрт адам ұсталды. Олар Аян Мейірбаев, Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев және Нұрбек Әжімбей. Ерасыл Әубәкіров елордадағы жоғары оқу орнының алтыншы курсында оқыды. 3 ақпанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмады. Келесі күні достары оның жоғалып кеткенін хабарлады. Әубәкіров интерн-хирург болған. Студенттің достары оның үздік оқығанын, белсенді болып, қатарластарымен жақсы қарым-қатынаста болғанын атап өтті.
tengrinews.kz