Кінәлілер неге өз жазасын алмайды?
2010 ж. 08 желтоқсан
1479
0
Осыдан бір жыл Көкшетаудағы бір көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні көлігімен қағып, оқиға орнынан ізін жасырып үлгерген еді. Өкінішітісі сол, кінәлі жүргізуші бір жылдан бері ешқандай жазаға тартылмай отыр. Орын алған апаттың салдарынан 23 жасар жігіт басынан ауыр жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалған. Жол апатына кінәлі азаматтың ісі бейнебақылау камерасы арқылы ғана анықталған. Абырой болғанда, басқа жүргізушілер қансырап жатқан жігітті дер кезінде ауруханаға жеткізіп үлгерген. «Егер дер кезінде медициналық жәрдем көрсетілмегенде, оның өліп қалуы да мүмкін еді», - дейді оның туған-туыстары. Олар кінәлі жүргізушіні жауапқа тарту үшін құзырлы органдардан қанша көмек сұрғанмен, ішкі істер органдары осы күнге дейін ешқандай іс қозғамапты.
Қазір зардап шеккен жігіт ешкімді де танымайды. Тіптен дұрыстап сөйлей де алмайды. «Баламды кемтар қылған адам жазасын алуы тиіс», – дейді оның әкесі.
Тепсе темір үзер жас жігіттің денсаулығын түзеу үшін көп қаражат керек екендігі анық. Ал, құзырлы органдар болса, әлі күнге дейін үнсіз отыр. Сонда біздің елде адам құқығы аяққа таптала беретін болғаны ма?