ТАСАДА ҚАЛҒАН ҚАЗЫНА
2016 ж. 17 ақпан
4644
0
Көзқарақты оқырман «Қазыналы Оңтүстік» деген сериямен көптомдық шығармалар жарық көріп жатқанын жақсы біледі. Мемлекет қамқорлығымен арнайы мәдени мұраға бөлінген жоспарлы қаржыны тиімді пайдалануға облыстың бұрынғы әкімі, қазіргі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов мұрындық болып, игі істің мол бөлігін ұшпаққа шығарды. Көптеген ұмыт болған халық арасындағы қаламгерлердің кітаптары шыға бастады. Тіпті, қазыналы Оңтүстіктің қойнауынан табылған шығармалар 300 томға таяды. Мұнша қазынаны игеруге арнайы шығармашылық ұжым құрылып қарқынды жұмыс істеуде. Ғылыми кеңесшісі: филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Мекемтас Мырзахметұлы, томдарды баспаға дайындаушылар: филология ғылымдарының кандидаты, доцент Саттар Өмірзақов, ҚР Журналистер одағының мүшесі Алмас Ақылбек.
Оңтүстік өңірінде көміліп қалған, кеңестік саясаттың «салқыны» тиіп, жарық көрмеген ақындар мол екені іске кіріскенде мәлім болды. Бұл ретте бір ғана Мырзашөл өлкесіне қатысты жазбагерлеріміз жайына тоқталайық. Мәселен, 244-ші томға Қайыпназар Әйтпенов шығармалары енді. Бұл томдыққа аталған автордың мысқыл-мысалдары, аңыздар мен хикаяттары, дастандары енгізілді. 245-ші томдыққа да Қайыпназар Әйтпеновтің өлеңдері мен толғаулары, арнаулары, ақын туралы арнаулар, естеліктер мен мақалалар топтастырылған. 246-шы томды «Нұрманбет туралы дастан», «Манап пен Жанап», «Мекер әйел», «Жапал батыр», «Ақмарал» секілді дастандары толықтырды. Араб әрпімен жазылған мәтінді жеткізгендер: осы жолдардың авторы және ақынның немересі Гүлнар Ұзақбайқызы Әйтпенова.
Тағы бір жаңалық – Молда Мұса Жұманазарұлының шығармаларының 241, 242-ші томдарда жарық көруі.
Бұған ретіне қарай Молда Мұса Жұманазарұлының толғаулары мен термелері, арнаулары, кеңестік кезеңде жазылған шығармалары, «Шамырша», «Қызәйнек» дастандары, ақын шығармашылығы туралы жазылған мақалалар, естеліктер мен арнаулар енгізілді. Келесі томдыққа Молда Мұса Жұманазарұлының «Пайғамбардың өсиеті», «Әдһам батыр», «Мұңлы-Сейіл» секілді дастандары және Ахмет Жұманазарұлының «Намазыңыз қабыл болсын» атты еңбектері енгізілді. Ақынның ел ішінен жиналған басқа шығармалары тағы да екі томды құрайды және жарық көруін күтіп отыр. Мәтінді жеткізгендер: ақын, ҚР жазушылар одағының мүшесі Мылтықбай Ерімбетов, Ғани Әдиұлы Ахметов және де Әбдімәлік Шәдиұлы Ахмет. Мәтінді араб тілінен аударған: Шәди Ахметұлы.
Ақындардың арабша қолжазбаларының Асыл мәтінінің фото көшірмесінің кітаптарда қоса берілуі томдықтарды ерекшелендіріп тұр. Мұның өзі ғылыми ізденіске жол ашамын деген ниеті бар адамға оңтайлы көмек болмақ. Шығармалардағы діни сөздердің түсіндірме сөздігін өте сауатты жасаған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Саттар Өмірзақовтың тау қопарғандай еңбегіне тәнті болып, рахмет айтпасқа әддіміз жоқ.
Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, баспагер.
qazaquni.kz