ОСЫ ЖҰРТ ЕР НҰРТАСТЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?
2010 ж. 08 желтоқсан
2536
0
Біз өткенімізді білмейтін, білмейтінімізге ұялмайтын, ұялудың орнына соны мақтан көретін жұртқа айналып бара жатырмыз. Біз енді есімінің өзі тұтас бір ұлттың тазалығының нышанына айналған Нұртас Оңдасыновты да ойыншыққа айналдыра бастаған сыңайлымыз. Біртуар тұлғаның есімін елді алатайдай бүлдіріп жүрген біреулер жеке басының мүддесі үшін пайдалана бастады. Есімі жай құрметпен ғана емес, киелі, қасиетті есім ретінде аса үлкен тебіреніспен, толқыныспен ауызға алынуға тиіс дейтініміздей, шынында да бұл азамат кім еді өзі? Ол елінің, ұлтының алдында қандай ерен еңбек сіңірген еді?
Нұрмұхаммед Оңдасынұлы Дәндібаев. Дұрысы осылай. 1904 жылы, төрт қыздан кейін зарығып көрген ұлына ата-ана Нұрекеңнің өзінің айтуы бойынша «Құдайдың берген ұлы ғой, оның ең сенімді елшісі болғай» деп, азан шақыртып ат қояды. Қазекем оны күнде шұбатылтып айтып жатсын ба, «Нұр» деген түбірін қалдырып, өмірі тастай берік болсын деген ниетпен «Нұртас» атап кеткен екен. Кейін осылай болып документке жазылып кетті».
Документке сондай-ақ әкесі мен атасының аты да ауысып жазылып кетеді. Оқу іздеп Түркістаннан Ташкенттегі балалар үйіне барған жерде Нұртастан әкесі мен атасының атын сұрап жазған адам олардың орнын ауыстырып алады да, сол бойынша Нұртас Оңдасынов болып кетеді. Оған дейін, 13 жасынан 16 жасына дейін қабырғасы қатпаған, бұғанасы бекімеген бала Ташкент қаласының түбіндегі Келес стансасында қара жұмысшы болып істейді.
Нұрекең 1922-1927 жылдары сол Ташкенттегі орман шаруашылығы техникумында оқып, оны бітірген соң жұмысқа араласады. Кейін білімін тереңдету мақсатында 1930-1934 жылдары Ташкенттегі ирригация инженерлері институтында оқиды. Бітірмей жатып рабфакта оқытушы болып істейді. Және сол жылы «партиялық мобилизацияның» шақыруымен Алматыдағы «Казлесхозтрест» директорының орынбасарлығына қызметке келеді. Екі жылдан соң, ҚазССР Жер халық комиссариатының (министрлігінің) басқарма бастығына көтеріледі. Тағы да екі жылдан соң ол кезде бүгінгі Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары кіретін ірі облыстың атқару комитетіне төраға етіп жіберіледі. Бес айдан соң, 1938 жылы шілде айында жас жігіттің іскерлігін, білімділігін байқап жүрген Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Скворцов үшінші рет шақырып алып, қызмет ұсынады. Анау-мынау емес, Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы лауазымына. Нұртас «ондай үлкен лауазымды атқаруға менде білім де, тәжірибе де жоқ» деп ат-тонын ала қашады. Алдындағы екі рет шақырғанда келіспегеніне кешіріммен қараған Скворцов бұл жолы әңгімені қысқа қайырады:
-Біз партияның солдатымыз, қайда жіберсе, сонда баруға тиіспіз!Міне, осы күннен бастап осы орында Оңдасынов тапжылмай он үш жыл жұмыс істейді. Және қандай жылдар десеңізші! Отқа оранған, бір мемлекеттің ғана емес, күллі әлемнің тағдыры шешіліп жатқан аласапыран, алма-ғайып, алапат жылдар. Бұл орында Нұрекеңнен артық, 16 жыл отырған Бәйкен Әшімов қана. Бірақ, ол кісі «кемелденген социализм» тұсында, кешегі мамырақан заманда ел басқарды. Ал, Оңдасынов істеген әр күнді кем дегенде үш күнге теңестірсе, артық болмайтын шығар...
Жас төрағаның «ырғатылып-жырғатылуына» уақыт жоқ еді. Оның үстіне «халық жаулары» деген жалған жаламен қазақтың бар маңдайына басар 25 мыңнан астам марқасқасы атылып-айдалып кеткен, кадрлардың, мамандардың тапшылығы барынша сезіліп тұрған кез. Сол тұста «сахнаға» Нұртас Оңдасыновтың, Жұмабай Шаяхметовтің шығуы біріншіден, қазақ деген халықтың бағының бар екендігі болса, екіншіден осы бір теңдессіз, Жаратушының өзі асқан ыстық ықыласпен жаратқан ерекше ұлттың таланттарға ешқашан да кенде болмағандығының айғағы.
Жас төраға ең алдымен 1913 жылғы 42 миллионнан 1929 жылы 4 миллионға бір-ақ түскен мал басын көбейтуге бар күшін салды. Соғыстың алдындағы үш жылдың ішінде жаңадан құрылған мал фермаларының саны 22 218-ге жетті. Бұл жылдары бір ғана Мырзашөл-Қызылқұм аймағынан жаңадан 145 мың гектар тың жер игерілді.
Тың демекші, осы жылдары республикада тыңға байланысты көп жұрт біле бермейтін ерекше бір оқиға орын алды. Казақстанның солтүстігіндегі қара топырақты шұрайлы жерге баяғыдан көз тігіп жүрген мәскеулік «жолдастар» республика басшылығының қарсылығына, дәлел-дәйегіне қарамастан оны 1940 жылы, бір жылда 6,8 млн.гектар жерді жыртып, егуге міндеттеді. Техникасы, мамандары сай емес республика бұл жүкті көтере алмады. Және дәл сол жылы Қазақстанның шығысы мен солтүстігінде қуаңшылық болды. Осының салдарынан еккен тұқым, барлық күш заяда кетті. Мәскеудің тыңды игеруге осы бір жылда жіберген 21 мың отбасы да, бұл мәселені шеше алмады. Есесіне, бұндай «авантюра» Оңдасынов пен Шаяхметовтің күдігінің дұрыс екенін дәлелдеп берді. Себебі, Орталық өзі алыста жатып, әлгілерден көмегін аямады, оларға колхоздың есебінен төбесіне баспана тұрғызып, алдына мал, тіпті тауық пен үйрек-қазына дейін салып берді. Мәскеу бұл ісін кейінірек, Оңдасынов пен Шаяхметов республика басшылығынан кеткеннен кейін қалай жүзеге асырғанын қазір бәріміз білеміз. Д.Қонаев өзінің «От Сталина до Горбачева» деген кітабында атап көрсеткендей 1961 жылы Н.Хрущев Қонаевпен қоштасып тұрып: «...Было большой ошибкой, что целиной занялись очень поздно. Это ошибка Скворцова, Шаяхметова, Ундасынова» деп іштегі қыжылын бір шығарып алады...
1941 жылы соғыс басталды. СССР-дің еуропалық бөлігінен эвакуация жасалынған адамдар мен өнеркәсіп ошақтары негізінен Сібір мен Қазақстаннан орын тепті. Ай налдырған 2-3 айдың ішінде 142 өнеркәсіп орны, оның ішінде ауыр және орта машина жасау зауыттары, мақта-мата, аяқ киім, тоқыма фабрикалары бар еді, 149 жетім балалар үйі мен 16 жарымжан балалар үйі көшіп келді. Бір ғана қараша айында Мәскеуден көшкен 11 оқу институты республика қалаларына орналастырылды. Осының бәрімен тікелей Оңдасынов айналысты. Сол кездегі жеделхаттарды қарасаңыз, бәрінің адресі біреу ғана: Алма-Ата, Совнарком, Ундасынову. Мысалы: «Мәскеуден 120 өнер қайраткері шықты, қарсы алып, орналастырыңыздар. Мәскеу, Өнер комитеті». «Украинадан келген 500 оқушы Оралға келіп тұрып қалдық. Бізді қайда орналастырасыздар, жедел хабарлаңыздар!» «Қарағанды қабылдамай жатыр, қайда орналастырасыздар, жедел шешіңіздер. Жер аударылғандар» . Көрдіңіздер ме, барлығы бұйрық раймен жазылған...
Бұнымен қатар күнделікті халық шаруашылығымен айналысу керек қой. Оңдасынов ұйқы-күлкі көрмеді деуге болады. Соның арқасында соғыс жылдарында Қазақстандағы мал басы 3 миллионға өсті. Бұдан бөлек 1 миллионға жуық асыл тұқымды ірі қара Ресейдегі, Украина мен Белоруссиядағы азат етілген аудандарға жіберілді. Ал, қазір бізде, бейбітшілік заманда, 1991 жылғы көрсеткіштерге, оның ішінде мал басы да бар, әлі жете алмай келеміз...
Оңдасынов орнында, кабинетте отырмайтын басшы болатын. Ол мөрді өзімен бірге алып жүріп, барған жерінде қаулы қабылдап, мәселені сөзбұйдаға салмай, табанда тез шешетін. Соғыс кезінде де ол іс-сапарға көп шықты. «Әрбір соқаға үш сиыр мен 4 әйел бекітіліпті» деп жазды ол күнделігінде... Қырқым кезінде өз қолымен «қойдың аяқтарын қалай байлау керек екенін» де көрсетеді. Соның арасында ауылдың тазалығы мен қазақ тілінің ахуалын да назарынан тыс қалдырмайды. «...Басшы қызметкерлерге қазақ тілін білетін адамдарды тағайындау ұсынылды» деп жазады ол.
Жалпы, соғыс жылдарындағы еңбек қарқынын алып қарасаңыз таң қалмасқа амал жоқ. 1942 жылы Қарағанды металлургия комбинатының іргетасы қалана бастады. Оның алдында Нұра өзенінің бойынан зауыттың, елдің қажетін өтеу үшін Самарқан су қоймасы салынып біткен болатын. Энергия көзі, Қарағанды көмір бассейні болса да бар. Маман кадрлар тапшы. Сондықтан Қазақстан Үкіметі Орталықтан әскерге шақырылатын 2000 жауынгерді арнайы броньмен зауытқа қалдыруын сұрап, өтініш жазады. Бұл өте қиын шаруа еді. Әрбір солдат есептегі кез. Дегенмен, Орталық Комитет қазақ үкіметінің өтінішіне құлақ асты. Екі мың жігіт Магнитогорск мен Новокузнецкідегі металлургия комбинаттарына оқуға, тәжірибе жинақтауға жіберілді. Оларды оқуы біткен соң, ұстаздарымен бірге алдырып, байырғы металлургтер бір ай бойы Қазақстан болатын балқытты, шәкірттерін баулыды. Кейін Оңдасынов «бас екеу болмай мал төртеу болмайды» деген қазақ даналығын еске ала отырып, Мәскеуге тағы да өтініш жасап, 500 қызды жан-жақтан Теміртауға алдырады. Өйткені, ол кезде қазақтың ұлттық металлургтері әлі дайындала қоймаған кез, «человек ищет, где лучше» деген қағидамен өскен ұлт өкілдерінің ертең-ақ жан-жаққа тарап кетуі мүмкін еді...Теміртау демекші, жас қалаға осы атты да берген сол кездегі СССР Ауыр кәсіп министрі Тевосян мен Оңдасынов болатын.
Сондай-ақ соғыс жылдарында Қазақ Мемлекеттік консерваториясы, Шет тілдер институты, Қыздар педагогикалық институты, Дене тәрбиесі институты, Шымкент химия-технология институты, Қарағанды мен Семей медицина институттары, Қарағанды кен институты мен барлық дерлік облыс орталықтарында педагогика институты ашылды. Қазақтың майданға аттанған намысқой ұлдарының басым көпшілігі оққа ұшып жатқан заман. Мысалы, қазақ ұлтының өкілдерінен құралған 110-атқыштар бригадасының 8-ақ пайызы елге аман оралған. Осындай кезде болашақ ұрпақты кім оқытады деп елінің қамын ойлаған, қаншама қазақ қызының бағын ашқан институтты ашу үшін Оңдасыновтың Мәсукеуде, Орталық Комитетте диссертация қорғап тұрғандай ұлттық дәстүрімізге, сана-салтымызға талдау жасап, оқу-тоқуы ықылым заманнан бар басқа мемлекеттерде мұндай үрдістің бұрыннан бар екендігін базына ете сөйлеп, олардан 1944 жылы рұқсат алып келгенін, бүгін біреу біліп, біреу білмейді. Ал, басында Шымкент құрылыс материалдары институты болып ашылған Шымкент технология институты өзінің барынша қарсы болғанына қарамастан жабылып, қалған кезде Оңдасынов арнайы Сталинге барады. «Қаншалықты мысы басып тұрса да, пісіп барған ойларымды тоқтаусыз айтып шықтым. Түсінді. Содан институт жабылмай аман қалды» дейді Нұрекең өз естелігінде. Осыны білетін, «солай екен ғой, біз өз өмірімізбен Оңдасыновқа қарыздар екенбіз ғой» деп жүрген бір адам бар ма қазір Шымкенттегі аталмыш институтта? (Қазір ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті).
Әсіресе, сұрапыл соғыс кезінде ҚазақССР Ғылым академиясының құрылғанын айтсаңызшы! СССР Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінде қазақ ғалымы жоқтың қасы. Осыны ойлап, қабырғасы қайысқан Оңдасыновтың есіне «Социалистік Қазақстан» газетіне идеяға, ойға толы мақаласы шыққан, өзі көрмеген Қаныш Сәтбаев деген жігіт түседі. Іздестірсе, «алашордашыл» деп ұстап әкете ме деген қауіппен сыртта, Жезқазғанда геологиялық экспедиция басқарып, бой тасалап жүр екен. Нұрекең оны Мәскеуге, СССР Ғылым академиясын ұзақ жыл басқарған, Сталиннің өзі қатты құрметтеген Комаровтың алдына ертіп барып, «міне, мына жігіт біздің болашақ академия президенті болады, осыған жәрдем беріңіз!» дейді. Комаров Қаныштың ғылым кандидаты да емес екенін естіп, тас-талқан болып ашуланады, Оңдасыновқа «ғылым деген ойыншық емес!» деп әбден ұрсады. Әйтсе де, Нұрекең Қанышты сынап көруге Комаровты көндіреді, оны сол Мәскеуге қалдырып кетеді. Бір айдан соң Комаров – шіркін, текті адам тектілігін істемей тұрмайды ғой! – Оңдасыновқа қоңырау шалып; «Мен сізден кешірім сұраймын, мына жігітіңізден шынында да бірнәрсе шығатын сияқты!» дейді. Содан Сәтбаев Геология институтына директор, 1942 жылы СССР Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесіне төраға болып тағайындалады. «Әрі қарай мен Қаныш ісіне араласқан емеспін. Араласқаным сол: «қаражаттан қам жеме!» болды» дейді Нұрекең өзі. Шынында да, Оңдасыновтың тікелей қолдауының арқасында соғыс бітер-бітпестен ҚазақССР Ғылым академиясы құрылды, оның әлі күнге дейін көз тартатын керемет ғимараты да салынды. Тек сондай күшпен келген киелі орданы біз тағы да ел аман, жұрт тынышта таратып тындық қой....
Нұрекең Опера және балет театрының да керемет, өзі айтқандай кез келген еуропалық қаланың көркін кіргізетін ғимаратының да соғыс жылдары салынуына мұрындық болды.1944 жылы «Қазақфильм» киностудиясы құрылды. Бүгінгі, 1995 жылғы біз сияқты емес, Нұрекең Абай мерейтойына дайындықты 1940 жылы, тойдан 5 жыл алдын бастайды. Мемлекеттік комиссия төрағасы боса да өзі. 1943 жылы «өліп қалған» айтысты тірілтіп, республикалық деңгейде өткізеді. Оны сол айтыста 1-орын алған Жамбыл ашады. Артынша бәйге мен көкпарды, қыз қууды да тірілтіп алады. Ат ойыны қауіпті дегендердің аузын «кеше автобус аударылып, 6 адам қайтыс болды, сондықтан автобус, машина дегенді де тоқтатайық» деген бір ауыз уәжбен жабады...
Нұрекең іс-сапарда жүргенде жасөспірім баланың талантын тап басып байқап, үйіне алып келіп, Мәскеуден келген атақты өнер адамдарының алдына кіргізіп:
-Прошу вас всех встать, перед вами будущий великий казахский скульптор! – дейді. Хакімжан Наурызбаевты сол жерде атақты Вера Мухинаның қолына тапсырады....
Нұрекеңнің соғысқа дейін де мәселе көтеріп, соғыстан соң үш жыл жазда колхозшыларды тартып, қазақтың «асар» әдісімен Мойынты-Шу темір жол желісін іске қосуы бүгінгі адамдар үшін ертегі немесе аңыз секілді естілуі мүмкін. Орталықтан аз ғана ақша сұрап, «басқа адамың да, техникаң да керек емес, өз күшімізбен саламыз» деп, «1946-1950 бесжылдық жоспар әлі Сталинге жетіп бекіген жоқ, ол Берияның қолында» деген соң екі күн күтіп жатып, қабылдауға Берияның қолы тимей, күніге «ертең» деумен уақыт өтіп бара жатқан соң, Құдайдан басқадан қорықпаған Оңдасынов үшінші күні Берияның өзіне телефон шалып, мән-жайды телефонмен түсіндіруге мәжбүр болады. «Берия:
-Ты сейчас же пришли этот документ моему помощнику. Можешь считать Мойынты-Чу у тебя в кармане, можешь сейчас же выезжать к себе домой, - демесі бар ма. Әңгімені әбден пісіріп алайын деген оймен:
-Я могу в ЦК и Правительство Казахстана докладывать, что Мойынты-Шу в плане пятилетки?
-Сколько угодно!Содан рахметімді жаудырып, қуанышым қойныма сыймай Алматыға қайттым. Он төрт күннен кейін бекітілген жоспар келді, он миллион сом бөлініпті. Әрине, ондай құрылыс үшін бұл аз, бірақ, біздің сұрағанымыз да солай болатын. Біз оны «бүкілхалықтық құрылыс» деп жариялап, республиканың ішкі резервін, қаржысын жұмсау арқылы салмақ болғанбыз». Г.Оразалиева, «Нұртас Оңдасынов (өміраяндық хикаятар), Алматы, 2004».
Мен Нұрекең жайлы айтсам тоқтағым келмейді...Ал, ол кісінің 1955 жылдан алдымен 2 жыл облатком төрағасы, кейін 6 жыл обкомның 1-хатшысы ретінде Гурьев (оған кәзіргі Атырау мен Маңғыстау кіретін) облысын басқару үлгісі нағыз елім деген басшының ең озық, эталондық үлгісі десек, бір мысқал да артық кетпейміз. «Тал-ағаш шықпайды» деген жерге терек егіп, барлық көкөністі сырттан таситын облысты өз картобымен, өз пиязы, өз капустасымен қамтамасыз еткен кім? Оңдасынов. Сегіз жылда мал басын 4 есе өсірген кім? Оңдасынов. (Бірақ, ол кеткен соң, көн тартылып, қалпына барды - мал басы бұрынғы деңгейіне қайта оралды...) «Қазақстаннан мұнай іздеп қайтесің, біз Татарстан, Тюмень мұнайын игереміз!» деген әпербақан Хрущевтің өзін тыңдамай, Гурьевте Губкин институтының филиалын ашқан, үздіксіз барлау жұмысын жүргізіп, ақыры 1961 жылы Маңғыстау мұнайын атқылатқан кім? Оңдасынов. Бүгінде әлемге әйгілі ұлутасты құрылыс материалы ретінде қолданысқа қосқан кім? Оңдасынов. Бәрінен де бұрын Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Зақаш Камалиденов, Сафи Өтебаев, Хайролла Өзбекқалиев, Ғарай Сағымбаев секілді тұтас бір мемлекет пен қоғам қайраткерлерін тәрбиелеп шығарған кім? Оңдасынов. Оның ішінде С.Құбашевті колхоз төрағасынан бірден облатком төрағасы еткен де Оңдасынов. Бұлардың бәрін, Х.Наурызбаев пен Қ.Сәтбаевты да менсінбей отырған адам болса сонау бір мүйісте, Риддерде кішкентай ғана комбинаттың директоры болып жүрген Дінмұхаммед Қонаевты 1939 жылы әкеліп бірден министр орынбасары емес, министр де емес, тікелей өзіне орынбасар етіп отырғызған кім? Оңдасынов. Тағы да Оңдасынов. Кейін Димекең бір көңілді отырыста зейнеттегі ағасына: «Нұреке, мені әкелген Скворцов деп жүрсем, білмеппін, сіз екенсіз ғой. Қасыңызда 9 жыл орынбасар болғанда да, кейін де айтпадыңыз, осы жақында ғана білдім» дегенінде: «Е, мен әкелсем, сен үшін әкелді дейсің бе, мен қазақ үшін әкелдім ғой!» деген жауап алады...
Біз «ешкімді ру-жүзге бөлмедім – жүзім таза; ешкімнің сыртынан арыз жазып, қол қоймадым – арым таза; ешқашан бір сом пара алмадым – қолым таза» деген сөзді айта алған Нұрекең сияқты асылдардың алдында орны толмас, мәңгі-бақи қарыздармыз. Қарызымызды толтыра алмай келе жатырмыз. Тіпті, 2004 жылы, оның жүз жылдық мерейтойында да жарытып жазып та, көрсетіп те қарық қылмадық. Басқаны былай қойғанда, ол кісінің қыз алыспайтын ағайын-туғандары, аузымен құс тістейтін, ресми де, бейресми де марапаттың бәрін алып болған небір ақын, жазушы інілерінің ішінен бір адам суырылып шығып, керемет туынды жазбады ғой. Қайтерсіз, жоқтаушысы жоқ деген осы екен ғой, балаларының бәрі орыс әйелдің тәрбиесімен орыс болып кеткен. Солардың бірі кәсіпкер болып «джип»-машина немесе Алматыдан пәтер тігіп бәйге жарияласа, үміткерлер жетіп, артылар еді-ау. Амал жоқ, сол кезде елу жасында журналистикаға жаңа келген, тәжірибесіз, ол кісіге үш қайнасы сорпасы қосылмайтын мен «Жалын» журналында көлемді мақала бердім. Шамам келсе, әлі де жаза берем. Тіпті, ол туралы бірнеше кітап жазған Г.Оразалиева әпкемізге «бірлесіп телесериалдың сценарийін жазайық, мұндай адамды насихаттамағанда, кімді насихаттаймыз?» деп едім, ол кісі соған демеуші болатын ешікімді таппайды-ау деймін. Мына бүгінгі адалдық алға шықпай тұрған керзаманда табылмай ма деп қорқамын...
Жақсыны қанша үлгі етсең де көптік етпейді, өйткені әлемдегі өлмейтін екі-ақ нәрсенің бірі – соның аты.
Өмірзақ АҚЖІГІТ