Қылқалам шеберін еске алды
2016 ж. 12 ақпан
3596
0
Габдулмади Габдуалиұлы Меркасимов 1949 жылғы 21 наурызда Өскемен қаласында дүниеге келген. Атақты суретші-педагог Ефим Наумович Годовскийдің бейнелеу өнері мектебінде оқыды. Алматы көркемсурет училищесін, Ленинград педагогика институтының көркемсуреттік графика бөлімін бітірді. Үш жыл Москвада жұмыс істеді. 1975 жылдан Алматыда тұрып, «Казахфильм» студиясы жанындағы мультцехта жұмыс істеді. Қазақ тіліндегі «Үш аю», Томпсонның «Жануарлар әлемі» балалар кітаптарына иллюстрациялар жасады. «Алтын сақа» мультфильмі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
1977 жылы Өскеменге қайта оралып, көркемсурет-өндірістік шеберханаларында еңбек етті. Қала мен облыс мекемелерінде монументальды суреттер салып, ауқымды дүниелермен жұмыс істеді. Алланың жазуына не шара, танымал қылқалам шебері 1993 жылы, 44 жасында қайғылы қазаға ұшырады. Суретшінің жұмыстары Алматыдағы Ә. Қастеев ат. мемлекеттік мұражайда, Өскемендегі Шығыс Қазақстан өнер мұражайында, Москва, Санкт-Петербург қалаларындағы жеке коллекцияларда сақтаулы.
Міне, жуықта айтулы қылқалам шеберінің жары Гүлназ Қапанқызы мен қарындастары – Жансәуле, Жанбота, Ботагөз Габдуалиқыздары Шығыс Қазақстан өнер мұражайына келіп, Г. Меркасимовтың «Жаз», «Менің жанұям», «Суретші портреті» атты жұмыстарын мұражайдың қорына өткізді. Бұл салтанатты шараға суретшінің жақын туыстары, достары мен қызметтес болған пікірлестері келіп, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Суретшілер Анатолий Бубель, Николай Аштема өздерінің достары туралы, ал қарындастары Ботагөз бен Жансәуле өз ағалары туралы сағынышты естеліктерін айтты.
ШҚ өнер мұражайының директоры Нұржази Қалиева суретшінің отбасы мүшелеріне мұндай бағалы сыйлықтары үшін ұжымның және өнер сүйер жұртшылықтың атынан алғыс айтып, оларға Алғыс хаттар тапсырды.
Өзінің қысқа ғана шығармашылық ғұмырында Габдулмади Меркасимов өзіне ерекше назар аудартқызып, бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосып үлгірді. Жаратылысты түсіну мен қабылдауды өзіндік, ұлттық тұрғыда сезіне отырып, суретші шығарманың бейнелеу стилистикасына нұқсан келтірмей-ақ, ұлттық тарихты, өмірлік салт пен құндылықтар жүйесін түсінуде өзінің дербестігін сақтай білді. Адамның адамгершілік және рухани әдемілігі, ұлттық рух, табиғат тіршілігінің бірегейлігі мен сан алуан әртүрлілігі суретші үшін әрдайым шабытының қайнар бұлағы болды. Бұдан былай айтулы қылқалам шеберінің мұражайға тапсырылған жұмыстары көрермен көзайымына айналып, өнер сүйер қауымның қуанышына айналатын болады.
Айтмұхамбет Қасымов, журналист. Өскемен
Суреттерде: мұражайға тапсырылған суреттер; тапсыру сәті. Суреттерді түсірген Светлана Перова
qazaquni.kz