Сенатор-философ, Ғ. Есімге және «ғарифоллашыларға» жауап

5
2015

 

Қараша айының 4-ші жұлдызында «Айқын» газетінің «Парасат» айдарында «Оқулықтағы олқылық (немесе) сараптамашылар ай қарай ма?» тақырыбымен сын мақала жарияланды. Мақала авторлары ҚазҰУ-дің ғылым  философиясы және дінтану кафедрасының доценттері Ш.С. Рысбекова, Қ.А. Затов, Қ.М. Борбасова және бір мектеп мұғалімі Т.У. Бейсенбай. Мақалада Кенжетаев Д., Н.Асқаров, Ә.Сайлыбаев, Ө.Тұяқбаев (9 сынып оқушыларына арналған «Дінтану» оқулығы Астана «Арман ПВ 2010 ж.213 бет) авторлығымен жарық көрген «Дінтану» оқулығындағы «олқылықтарды» сынайды.

Сын негізінен міннің, олқылықтың түзетілуі үшін айтылатындығы мәлім. Дегенмен сынды «пайдалы сын» және «сауатсыз сын» деп екіге бөліп қарастыруға болады. Бұған негіз болатын «қарабайыр» қазақтың «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген тұжырымды сөзі бар. Демек міннің түзелуіне түзу сын ғана пайдалы. Бұл біріншіден. Екінші сын айтушы бір еңбекке баға беру үшін алдымен сол саланың маманы болуы тиіс, яки сол салада оқулық жазған тәжірибе иесі болуы керек.

Ал енді мына мақала авторларында, ҚазҰУ-нің доценттерінде осы екі ерекшеліктің екеуі де жоқ. Яғни,  олар маман да емес,  дінтану оқулығын да жазбаған. Бірақ осы сынға жауап жазу алдында (мақала авторларының бірі) Қ.Борбасовамен телефон арқылы байланысқанымда, Ғ.Есімовпен ақылдасқанын, ол кісінің көптеген ұсыныс айтқанын, сопылық туралы «ньюанстарды» көрсетіп бергенін жайып салды. Бұған қоса қолымда осы мақала мәтіні Ғ.Есім атынан министр Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбайға сенаторлық мінбеден жолданған хаттарының көшірмесі бар. Ғарифолла шәкірттері, ұстаздарының оқу құралының «тыйым» салынғанына наразылықтарын да қоса көрсетіпті. Шындығында шәкірттерімен жабылып жазған сынды Сенатор мырза өз атынан жарияласа да болатын еді? Мүмкін дауысты «әр жерден» шығарып қоғамдық пікір туғызғысы келген болуы керек.

Демек бұл сын, мін түзеу үшін емес, субъективті-психологиялық,  қазақша айтқанда «жаптым жала, жақтым күйе» дегендей біздің оқулықты қаралау үшін ұйымдастырылған акция. Әйтпесе, объективтілікті ұстанған, өзін ғалыммын дейтін қауым, бір құндылық туралы оның жетістіктері мен кемшіліктерін қатар салыстыра көрсетуі тиіс еді.

Енді, доцент-«дінтанушыларға» айтарым, Сіздердің ұстаздарыңызға деген махаббатқа құрметім бар, бірақ ұстаздарыңыздың жазған «оқулығы» қоғам қажеттілігін ескермеген, оқушының жас ерекшелігін негізге алмаған, сұранысқа  жауап бермейтін шығарма. Мен Ғ.Есім бастаған авторлардың «Дінтану негіздері» оқулығымен де сарапшылардың қорытындысымен де таныстым. Маман ретінде айтарым, бұл жерде сарапшылар объективті пікір білдірген.Осы жерде оқулық «сараптамашыларының ай қарап отырмағанын» айта кетуім керек. Себебі, Ғ.Есімнің сенаторлық әлеуетінен ықпай объективті сын айтып, позициясын өзгертуін талап етулері бүгінгі қоғамда нағыз ерлік. Оларды шынайы қоғам жанашырлары екендігін көрсеткен жауапкершілік иесі нағыз зиялы мамандар дегім келеді. Өз басым  маман ретінде Ғ.Есім «Оқулығына» пікір білдірген емеспін. Себебі,  менсіз де «Дінтану негіздері» бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жиі сынға ұшырап жатты. «Жығылғанға жұдырық» болу о бастан тәрбиемде жоқ.

Сонымен, мақаладағы көрсетілген «олқылықтарға» жауап беру, оқулық авторы әрі маман ретінде моральдық құқым. Дін бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің басында тұр. Қоғамда дінге деген сұраныс артқаны сонша, дін төңірегіндегі әлеуметтік, психологиялық, танымдық мәселелер қордаланып қалды. Қоғамдағы жастардың сырт келбетінде сақал, орамал сияқты өзгерістер пайда болып, діни таным өзінің құбылыстық келбетін көрсетіп отыр. Отбасында жіктер пайда бола бастады. Құндылықтық трансформациялар белең алуда. Бұл өзгерістердің қоғамға пайдалы болуы үшін болып жатқан процестерге мемлекет тарапынан танымдық компоненттер енгізілуі тиіс болатын. Сол себептен, білім беру саласында дінді пән ретінде оқыту қоғамдық қажеттілік.

Бірақ, алғашқы дінтану факультативінің бағдарламасын дайындау үшін жиналған авторлар бас қосқан жиында болмадым, хабарым да жоқ еді. Кейіннен, Ғ.Есім бастаған топ құрылып,  бағдарлама жасалыпты. Кезінде өз  атымнан да бағдарлама ұсынғанмын. Бірақ, министрлікте Ғ.Есім «бағдарламасы» бекітілгендіктен, сол бағдарлама негізінде альтернативті түрде оқулық жазуыма болатындығы айтылды. Биыл қазан айында сол бағдарлама, біздің ұсынысымыз негізінде өзгертіліп, толықтырылды. Қолыңыздағы «Дінтану» оқулығы сол алдыңғы бағдарлама негізінде жазылды. Ғ.Есім бастаған топтың бағдарламасы мен «Дінтану» оқулығының бағдарламасын салыстырып қарасаңыздар бір бағдарлама негізінде  жазылған екі оқулық екеніне көздеріңіз жетеді. Сондықтан бағдарламасыз оқулық жазылмайды. Яғни, «нақтылы бағдарламаға негізделмеген» деген сыныңыз орынсыз.

І-тараудың атауындағы «Дін туралы жалпы түсінік»  дегендегі «жалпы» сөзі ауызекі, жалпылама сөз депсіздер». Бұл «жалпы», жалқы категориялық деңгейдегі, қазақ сөздік қорында бар, ауызекі емес, ұғымдық салмағы бар анықтауыш сөз. Оның үстіне осы «сөз»  тараудың мазмұнын ашып тұр. Ғ.Есім хатында «Дінтану негіздері» 9 сынып оқушыларының «дүниетанымын» қалыптастыруға бағытталған – пән» депті. Меніңше бұл оқулықтың оқушылардың дүниетанымынан бұрын, діни танымын қалыптастыруға бағытталғанын естен шығармау керек. Діни танымда, қазақтың сөзін «қарабайыр», «ауызекі» деп бөлмей, түсініктілік деңгейіне көңіл бөлінеді.

ІІ-тараудағы «Әлемдік діндер мен мәдениеттер» мазмұнында ұлттық, тарихи діндер мен әлемдік діндер араласып кеткен депсіз. Сіздерге айтарым, діндердің классификациясын қайта қарап шығуларыңызды өтінемін, ұлттық, әлемдік діндер бар. Ал тарихи дін дегенді сенатор мен ҚазҰУ дінтану кафедрасы мұғалімдерінен бірінші рет естіп отырмын. Кез келген дін тарихи. Тарихи емес дін болмайды. Дін адамзат қоғамы бар болғаннан бері бірге өмір сүріп келеді.

ІІІ-ІV тарауларда «Қазақстандағы дәстүрлі діндер мен кейіннен пайда болған діндерді көрсеттік.V-тараудың тақырыбы «Қазақ топырағынан шыққан әйгілі дін ғұламалары». Екі тақырыпта тарау мазмұны мен сағат жүйесіне қарай мәлімет берілген. Бұл мәліметтер қайталау емес, тақырыпқа сай,  толықтырулар екендігін айта кетуім керек. Себебі, бұл шығарма, ғылыми зерттеу, монография емес, бұл оқулық. Оқулық сағаттық көлем, педагогикалық-методологиялық талаптар, оқушының жас ерекшеліктеріне сай қабылдау мүмкіндіктері ескеріліп, әр тақырып, бес беттік қалыптан аспауы шарт. Осы шарт негізінде сағаттық, тақырыптық қажетті мәліметтер тараулардағы тақырыптарға бөлінген. Бұл жүйесіздік емес, оқулықты жазудың ғылыми негізделген педагогикалық-психологиялық талабы екендігін баса айтқым келеді. Себебі, монографиялық зерттеу мен оқулық жазудың талабы екі басқа. Сіздер ғылыми-зерттеу жұмысына емес, оқулыққа сын жазып отырғаныңызды ұмытып кеткенсіздер. Оқулық – ғылыми негізделген мәліметтерді  оқушыға қалай, қандай әдістермен жеткізуге ден қояды.

VІ тарау «Қазақстан – дінаралық татулық орналасқан ел» деп аталады. Осындай татулықтың  түп негізі ата-бабаларымыздың діни түсінігі мен танымынан, менталитетінен туындайтындығын сауатты адам жоққа шығара алмайды. Осы тарауда қазақтың тарихи санасы тұтастықта көрсетіліп, өткені, бүгін және болашағы бірлікте ұсынылды. Тәңірлік пен ислам арасындағы синтез, үндесу, үйлесуден түркілік мұсылмандық түсінік қалыптасқандығы көрсетілді. Әрбір халықтың діни түсінігі мен танымы сол елдің дүниетанымдық, мәдени, психологиялық қабаттарына негізделетіндігі қажетті мәліметтер арқылы түсіндірілді. Сондықтан қазақтың ислам дінін қабылдауындағы негізгі платформа дәстүрлі түркілік дүниетаным екендігі, бұл түркі ислам мәдениетіне жол ашқан тұғырнама болғандығы айтылды. Шындығында түркілік монизм мен исламдық таухид арасындағы ортақ негіздер мазмұндық  трансформацияға жол ашты. Осының негізінде алғашқы түрік сопылық мектептер қалыптасты. «Сен мен деген халайықтан қаштым, Кәпір де болса берме азар» деген Иасауи сияқты дала даналары дүниеге келді. Барша түркі халықтары сияқты қазақтар да осы жол арқылы мұсылман болды.

Оқулықта Шыңғыс хан мен Елбасы саясаты  арасында ешқандай ұқсастық немесе салыстыру туралы ниет жоқ. Айтпақшы Сенатор мырза «Хәкім Абай» атты кітабында өзін «герменевтик» ретінде көрсетіп еді. Сондықтан мәтіндегі «ниет» мәселесін түсінбегендіктен емес, ниеті қаралауға негіз іздеу екендігі анық болып отыр. Жалпы бірінші сындарыңыз сын көтермейді. Онда ешқандай теориялық, әдістемелік, нұсқаулық, педагогикалық тосын ой, ұтымды ұсыныс та жоқ. Бұл сындарыңыздан бізге ешқандай пайда болмады.

Енді екінші сындарыңызға келейік. «Оқулықтың стилі қарабайыр» депсіз. Оқулықтың стилі қазақтың қарапайым тілі. Оқулық шарты түсінікті, оқушыға жеткілікті болу. Біз сіздер ойлағандай «неғұрлым түсініксіз болса, соғұрлым терең философия» жазуды мақсат етпедік. Тағы да қайталаймын, бұл оқулық дінтану үшін жазылып отыр, дүниетану үшін емес. Әр сөйлемді  жұлып, үзіп «Мұны қалай түсінуге болады?» – деп сұрайсыздар… Менің айтпағым «Сөйлемдерді өз орнына қойып, контекст ішінде тұтас оқыңыздар, сосын, «бір аударып» оқи салмай,  көңіл қойып мұқият оқыңыздар; Бұл оқулықта 9 сынып оқушылары үшін ғана емес, сіздер үшін де пайдалы мәліметтер бар. Дін туралы сыдыртып оқи салып, бір аударып пікір айтуға болмайды. Ол өте нәзік, терең білім, сабыр мен үлкен жауапкершілікті талап етеді.

«Үшіншіден, дін біліміне қатысты (теориялық) кемшіліктер» деп өз  кемшіліктеріңізді тізіп көрсетіпсіздер. Біріншіден «7 беттегі үзіп алған цитата, анықтама емес». Оны өз орнына қойып,  алдыңғы сөйлемдермен байланыстырып оқыңыздар. «Дін мен діни насихатты», «салт сана мен дінді», «таза дін мен таза емес дінді» шатастырды, «атеистік, теологиялық және дін білім» салаларының ара жігін аша білмеген» деп айтыпсыздар.

Хош, сіздер сонда дінді құрғақ мәдениетпен, салт-дәстүрмен, өмірмен байланыссыз қарағанда не ұтасыздар? Одан қоғамға қандай пайда? Егер жасаған ғылымыңыз, жазған кітабыңыз қоғамдық қажеттілікті негізге алмаса, одан не пайда? Сонда кітапты кім үшін жазасыздар?

Дін бүгін қоғамда реалды құбылыс. Діни тіршілік жанданды. Діни таным  плюралды формада тіршілігін сездіріп келеді. Сонда да ұстаздарыңыздың «Дінтану негіздері» «оқулығындағыдай» қоғамдағы діннің реалды болмысын көрместен яки көзге ілместен, жалпы «дінтанушылық» яғни, дінді құдайсыз институт ретінде ұсынуымыз керек пе?

Жоқ,  біз бүгін кешегі позитивистік тұрғыдан жіктелген дін туралы мәліметті, әйтеуір ғылым екен деп, өткеннің қателігін қайталай алмаймыз. Кешегі ғылымға да, дінге де бүгін сол қалпында қарау –  қоғамдық кеңістік үшін де уақыт тұрғысынан да сорақылықтың ең шыңы, қиянат. Біз зайырлылықтың да, ғылымның да мүмкіндіктерімен  пайдаланып қоғам жастарына оқулық жазып бердік. Осыны біле тұра көре алмасаңыздар, бұл күншілдік емей немене? Мен бұл жерде сіздердің қоғамға деген жанашырлықтарыңызды көре алмай отырмын. Сіздердікі жеке бастың қамы ғана ма деген ой келеді.

«… сопылықтың табиғатын түсінуде өрескел қателіктер жіберген. Бір ғана мысал, оқулықтың 93-бетінде «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда пір Бекет»-деп сірә атеистік, кеңестік заманда өріс алған, тұрмыста айтылып жүрген теңеуді 9-сынып оқушыларына не мақсатпен ұсынған» депсіздер. Сенатор-дінтанушы, бір кафедраның доценттерінің өресі осындай болса, онда олар студенттерге не оқытып жүр деген ой мазалайды.   Сіздер дінтану кафедрасы доценттері болсаңыздар, онда ислам дінінен, оның тарихынан, мәдениетіміздегі орнын білмейтін болып шықтыңыздар. Жоғарыда сіздер айтқандай, «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» тіркесі кеңестік, атеистік кезеңде өріс алған тіркес емес. Ол туралы ХІҮ ғ. Сұлтан Мазмуд Хазини өзінің «Жауахир-ул абрар мин амуажил бихар» еңбегінде «Мәдинеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деп жазып кеткен. Навои, Шамси, Физули, Мақтымқұлы Фирағи, қазақ жыраулары, зар заман ақындары айтып кеткен. Қайта дәл осы теңеудің кеңестік атеистік заманда халықтың діни санасының сақталып қалуына ықпал еткендігі мәлім. Сосын, дәл осы тіркес, сопылықтың табиғатын ашып тұрғанын айта кетейін. Сопылық ілімі – хикмет, яғни,  құт ілімі. Оның бастауы хз.Мұхаммед пайғамбардан бастау алады. Иасауи осы ілімді Арыстан баб арқылы «құрма символизмі» негізінде тікелей Мұхаммед пайғамбардан алады. Бұл символизм сопылық ілімнің Иасауиге дейінгі рухани, тарихи сабақтастығын көрсететін бейнелі сананың көрінісі. Сосын осы тіркес қазақ мұсылмандығының табиғаты мен ерекшелігін көрсететін тұжырымды, тарихи санамен үндесетін шындық. Осылардың бәрін жоққа шығару – революция, сырттан келіп діни танымын тықпалап жатқан уахабилердің тенденциясы. Бұл тарихи сабақтастық емес,  қоғамдағы дилемма, бұл диалектикалық қайшылық әкеледі.

Ғ. Есім шәкірттері «пайғамбарлар мен әулиелерді тең қарастыру ислам діні бойынша дұрыс қағида ма?» -деп сұраулы сөйлем жасаса, «сенатор-дінтанушы» хатында «Оқулық авторлары Құран Кәрімдегі исламның негізгі қағидасына қайшы пікір ұсынған. Олар әулие мен пайғамбарды тең қарастырған». Мысалы, «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңқыстауда Пір Бекет»-дейді (93б.)» деп батыл қадам жасапты. Дұрыс қой,  академик пен доценттер арасында айырмашылық болуы керек. Негізінен, оңды солды негізсіз сынай бергенше білмегенін сұраған доценттердікі дұрыс.

Сіз «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңқыстауда пір Бекет» деген тіркесте, пайғамбар мен әулие теңестірілген деп, герменевтикалық комментарий жасапсыз. Бұл тіркесте Иасауиге де Бекет атаға да «Расул» анықтамасы берілмеген. Бұл тіркес халықтың діни санасының көрінісі. Онда Мәдина, Түркістан, Маңқыстау деген кеңістік атаулары көрсетілген. Әрбір кеңістік өз уақытымен тұтас тұр.  Халық соңғы пайғамбар Мәдинада, оны үлгі алған, Түркістанда Иасауи, оны жалғастырушы Маңқыстауда Пір Бекет деп көрсетіп тұр. Бұл жердегі халықтың діни санасында да өзара теңдікті емес, хикмет ілімінің сабақтастығы көрсетілген. Бұл түсініктер ислам негіздеріне қайшы емес. Дәстүрлі діни таным арқылы түсіндірілген тарихи санаға сіңген осы түсініктер негізінен Пайғамбар төңірегінде қалыптасып дамыған, себебі, Құранда пайғамбар туралы «ең көркем үлгі» дейді. Барлық ғұлама, әулие, дана, хәкім барлығы пайғамбарға қарап сап түзеген. Ал ислам діни негіздері «сенім, ғибадат (құлшылық) және мораль (ахлақ)дан тұрады. Ислам діни негізінде сенімде, ғибадатта, ахлақта, таблиғда, тәрбиеде, муамалатта да негізгі үлгі – хз.Мұхаммед пайғамбар. Мұхаммедті «үлгі» ретінде оған махаббатпен берілген халық санасындағы тұжырымды, диалектикалық тұрғыдан жоққа шығару үрдісі кешегі кеңестік жүйенің соқпағымен келмеске кеткен деп жүрсек сізде әлі сақталған екен ғой. Сонда Ғарифолла аға осындай діни санасы бар, өткен тарихы, тағылымы бар қазақ халқы адасып жүр деп ойлайсыз ба! Бұл қазақтың дәстүрлі мұсылмандық түсінігі. Біртұтас қазақ халқы бұл жөнінде сіз айтқандай сауатсыз емес. Меніңше сіз бұл жерде көпке топырақ шашып отырсыз. Ешқашан қанша академик, сенатор болсаңыз да, өзіңізді халықтан жоғары қоймаңыз.

Тағы да бір ғылыми негізі жоқ сындарыңызға тоқталайын. Иасауи ілімі хал ілімі, оның ұстанымы ғашықтық, мұраты (идеясы) Дидар. Алла мен адам арасындағы үндестік,  оның арының қаншалықты тазалығына байланысты. Сондықтан бұл ілімді ар түзейтін ілім, хикмет дейді.  Адамның көңілі (жүрегі) танымның объектісі. Сондықтан Абай «адамның хикмет кеудесі» дейді. Иасауи салған жолмен өзін тапқан Абайдың махаббат, ғашықтық түсінігі арасында тұтастық бар, сабақтастық бар. Сіздер айтқандай аражігін ашатын «айырмашылық» жоқ.  Сопылық танымда мағшұқ пен ғашық, яғни, объекті мен субъекті біртұтас. Ал енді сіздердің «Иасауи адамның Жаратушыға ғашықтығын айтады, ал Абай болса Жаратушының адамзатты махаббатпен жаратқандығын айтады» төңірегіндегі сындарыңыз, әйтеуір «жаза салу» психологиясымен, қаралау акциясы ішіндегі долбар. Абайды қайта оқыңыздар!  Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де «Сүй» сол Алланы жаннан тәтті»-деген жолдарын тұтас қарастырсаңыз адаспайсыздар. Жалпы ислам философиясы тұтастыққа, бірлікке баулиды.

Сосын «хәл ілімінің 9-сынып оқушыларына қажеті қанша?»-деп сұрайсыздар. Хәл ілімінің мәні – адам. Дінтану оқулығының мақсаты да, діннің мәні де адам. Сонда 9-сынып оқушыларын сол мәннен мақұрым қылғыларыңыз келе ме? Дінтану мақсаты оқушыны жан-жақты моральдық игіліктермен, ар арқылы төзімділікке, өзгеге махаббатпен,  толеранттылықпен қарауды үйрету.бұл жердегі  Е санға, е сапаға қызмет етпейтін сіздердің «философиялық талдауларыңыздан» оқушыға ешқандай пайда жоқ.

«Сұрақтар мен тапсырмаларға» қатысты төртінші сыныңыз да сын көтермейді. Бұл жердегі сұрақтар, сіздердің мақаладағы сұрақтарыңыздан әлдеқайда мәнді. Себебі бұл сұрақтар өмірден алынған, дінтану пәніне,  пәнаралық қатынастарын, діннің әлеуметтік, психологиялық танымдық аспектісіне, дін мен мәдениет, әдебиет, тарих, өнер, география, экономика, философия арасындағы байланысты көрсететін сұрақтар. Оқушы дінді сонда дұрыс, нақты әрі өмірге қажетті құбылыс ретінде қабылдайтын болады.

«Оқулықта негізінен тәңіршілдік пен сопылыққа мөлшерден тыс көңіл бөлінген. «Әсіре насихатталған…» деген сындарыңыз да орынсыз. Оқулықта тәңіршілдікке «Ежелгі түріктердің  көне діні» тақырыбымен 3 бет (29-32 қараңыз); «Түркі сопылық дүниетанымының негізгі ұстанымдары» тақырыбымен 4 бет (2121-124 қараңыз); «Ясауидің хикмет ілімі» (193-196 қараңыз) 4 беттік көлем берілген. Бұл «әсіре насихаттау» дегенге негіз бола алмайды.

Тәңірлік – дәстүрлі түркілік дүниетаным негізі. Ал дәстүрлі түркілік дүниетаным исламды қабылдауымыздың негізгі тұғырнамасы. Бұлар тарихи сабақтастық ішінде қаралған. Өткенді жоққа шығару – бүгіні мен болашағын тағдыр тәлкегіне салумен тең. Бұл тәңіршілдікті жандандыру емес, тарихқа құрмет. Сосын тарихты еске алу, жадында ұстау архаизмге емес, историзмге тән нәрсе. Бұл историцизмге қарағанда, әлде қайда ұлттық мүддеге қызмет ету деген сөз. Ал, сындарыңызда ұлттық мүддеден өз мүдделеріңізді жоғары қойыпсыздар.

Сосын оқулықта сопылық туралы қысқаша мәлімет беру, бүгінгі қоғам оқушысының қазақ діни санасының тарихын білуі, оның моральдық құқы. Себебі, қазақ мұсылмандық түсінігінің негізінде – осы Иасауи ілімі жатыр. Біз бұл жерде қазіргі сопылық туралы айтып отырғанымыз жоқ.  Тарихтағы, діни санадағы, таза Иасауи жолы туралы айттық. Тағы бір айтарым сопылық конфессия емес. Ол исламның ішкі мәні. Моральдық негізі.

Ғарифолла аға, мен тәуелсіздік арқасында елімізде тұңғыш рет ашылған «теология және еркін ойлау» шифры бойынша «философ-дінтанушы және араб тілі пәнінің мұғалімі» мамандығын алдым. Сосын шетелде (Анкарада) «дін ғылымдары және философиясы» бөлімінде «ислам философиясы» бағыты бойынша магистратура, кейіннен докторантура (РһD) бағдарламасын бітірдім. Сондықтан ислам дінінің негізгі қағидаларын сізге және ҚазҰУ- «доценттеріне» үйретуге, білдіруге, дұрыс танытуға жараймын. Бұл әрине, амбициялық менмендік емес. Бұл осы сала бойынша әрбір танымдық, психологиялық, теологиялық, құқықтық және философиялық мәселелердің мәнін сіздермен салыстырғанда әлдеқайда терең меңгерген маман екендігімнің мендегі психологиялық көрсеткіші.

Ғарифолла аға, Сіз де мен де осы салада «оқулық» жаздық. Маман ретінде өз оқулығымның ішіндегі барлық мәліметке ар алдында Аллаға, сот алдында халыққа жауап беремін. Ал сіздің «оқулықтағы» сауатсыздықтар туралы сізбен кез келген платформада, сенатта, мәжілісте «бетпе-бет» болсын, қай жерде пікір таластырамын десеңіз мен дайынмын. Бірақ, қоғамның жазығы жоқ. Онсызда қай жолдың ақиқат екенін біле алмай дал болып отырғанда, қоғамда фитна шығармаңыз. Ал, шәкірттеріңізді «дінтану» саласы бойынша А.Ясауи атындағы  халықаралық қазақ түрік университеті жанындағы «Біліктілік арттыру институтына» (ИПК) бір айлық тегін курсқа жіберіңіз.

Құрметпен, КЕНЖЕТАЙ Досай Тұрсынбайұлы, философия және теология ғылымдарының докторы, А.Ясауи атындағы ХҚТУ Түркология ғылыми зерттеу институтының директоры

5 ПІКІРЛЕР

  1. ТамашаІ Қазақ тілінде сапалы оқулық жазу мәселесі туралы айтылған сауатты да салиқалы кәсіпқой пікірге ризамын.

  2. Ғарифолла Есімге: Ғареке, сіздің кім екендігіңіз қазір көпшілікке аян. Мен сізге бір-ақ сұрақ қоямын: сіз «оқулығыңызда» анықтамалық әдебиеттерден көшіріле салған тараушалар барын, тарауларды «жазған» «авторлардың» көзқарасы, ұстанымы әр түрлі, тіпті кейде қарама-қайшы болып жататынын, радикалды топтардың жастарды өз ыңғайына тәрбиелеуге қолайлы тұтас беттер орын алғанын, керек десеңіз, қарапайым орфографиялық, пунктуациялық қателердің өріп жүргенін, ең сорақысы, бір атаудың өзі әр жерінде әр түрлі жазылғанынан хабарыңыз бар ма? Әй, жоқ-ау. Өзіңіз оқысаңыз, «оқулығыңызды» бұлай жан сала насихаттауға ұялар едіңіз. Жауабыңызды асыға күтем.

  3. Мақалада көптеген шындық айтылыпты. Расында да ғарифоллашылар ел мүддесі үшін өз тәкәппарлықтарын жеңіп, Түркістанға барып Досай мырзадан біліктіліктерін арттырғаны абзал. Бұл тек өздері ғана үшін емес мемлекетіміздегі ғылымның дұрыс бағытта дамуына өз себебін тигізетіні ақиқат. Өйтпеген жағдайда ҚАЗҰУ-нің дінтанушы-философ оқытушылары өз қарақан бастарын ойлаған эгоист не болмаса білімсіз надан екендері ұдайы халыққа мәлім болып әрқашан ұятты болғандары беттеріне басылып тұратын болады.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз