ҚҰБЫРДАН ШАҚАЛАҚ МӘЙІТІ ТАБЫЛДЫ:АЛ ОСЫҒАН ҚЫЗДАР ҒАНА КІНӘЛІ МЕ?!.
2016 ж. 08 ақпан
3314
0
Қасиетті Құранда «он кінәнің тоғызы тілден» дейді, біз күнәні осы тілімізден тауып жүрген жоқпыз ба? Омырауындағы сәбиін жұбатқанда байырғы әжелеріміз:
«Бала, бала, баладан,
Тауып алдым даладан.
Далада бала жата ма,
Түсіп қапты шанадан – деп ыңылдаушы еді, періште әумин деп қойды ма, кім білсін, бұл күнде әжетханадан, құбырлардан тірідей, өлідей бала тауып алатын болдық. Жетімін жұбатып, жесірін қаңғытпаған, жеті атаға дейін қыз алыспаған, қаны таза ел едік қой. Енді кім болдық?!.
Маңғыстау облысында шақалақты картон қорапқа салып аязда далаға тастап кетсе, Ақмола облысында босанған қыз да сәбиді сондай қағаз жәшікке салып, көшеден тауып алдым деп ата-анасын алдаған. Ал, Талдықорған қаласында су жүретін құбырдан төрт-бес айлық шақалақтың мәйіті табылды. Күнде бір бала өлімі, күнде бір тастанды сәбидің шырылдаған даусын еститін болдық.
Жеті ата, жеті пұштым да, далаға бала тастамақ түгілі, төл екеш төлдің өзінің енесі өліп қалса, басқа малдың бауырына салып, оттыққанша аузына ақ құйып бақпап па едік. Ол аз десеңіз, сәйгүлік тұлпарына доңыз басқан шөпті жегізбеген жануарды тұрпатынан, адамның ісі мен сөзінен таныған, қарға тамырлы қазақ неге тасбауыр болып барады? Анадан мейірім, әкеден қайырым неге қашты? Қыз неге қылықсыз, ұл неге жетесіз? Еуропаға еліктейміз деп жүріп етегіміз түрілді, кіндігіміз ашылды, қыздарымыз шөпжелке, ұлдарымыз құлағын тесіп сырға салып, беліне түсіріп шаш өсіріп, ер мен әйелді ажырата алмай қалдық. Міне, енді сондай «үрдістің» жемісін көріп жатырмыз. Әдеп-ғұрып, салт-дәстүр деген әдірәм қалды. Жаһандануға жұтылып, қайырымды қазақ қатігезденіп, баласы әкесінің сақалынан, қызы шешесінің шашынан сүйреп, кербез келіндері енелерін төбесімен жүргізіп, бауыр еті балаларынан, одан қалса көзінің қарашығы болған немерелерінен бездіріп, қарттар үйіне қуып жүрген жоқ па? «Бақпасаң мал, қарамасаң бала кетеді» деген аталы сөз алдымыздан шығып, «қызым үйде, қылығы түзде» дегеннің кері болып жатыр. «Қызға қырық үйден тыйым салатын» ана бауыр еті баласының қайда, кіммен жүргенін білмейді. Есесіне болары болып, бояуы сіңгенде, қызына көрсеткен тәрбиесі – тасбүйректік. «Әй, дейтін ажасы, қой дейтін қожасы болмаған соң», бетімен кеткен ұл да, қыз да, өз білгендерін жасап жүр. Батыстың даңғазасымен, интернет, компьютерден тәлім алғандар, бейәдеп кино көргендер көргенсіз қылық жасауда. О заманда бұл заман туған баласын, әжетханаға, құбырға тастапты, көліктің есігінен далаға лақтырып тастапты деген сұмдықты естіген құлағымыз неге керең болып қалмайды. Бұл масқараны қазір қазақ елі былай тұрсын, бүкіл батыс әлемі талқыға салып, біздің мемлекеттегі жасөспірімдердің тәрбиесі жөнінде жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазуда. Қит етсе, мұғалімді кінәлайтын ата-ана мектеп қабырғасындағы қызының өзгеріске түскенін, көзсіз көбелектей қайда қонып, қайда ұшып жүргенін неге байқамаған. Анасы қызымен неге сырласпайды, бой түзеп қалған қызына ертең жатжұрттық боласың, арыңды кірлетпе, қызы бар үйді сынаушы көп, торуылдаушы одан көп, абыройымыз айрандай төгілмесін деген сынды ақыл-өсиет неге әдірәм қалды?!. Болары болып, бояуы сіңген соң, қылмыс жасауға итермелемей, «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп жазығы жоқ шақалақты бауырына неге баспайды? Қолын қанға малып, көлік ішінде босанған қызға берген тәлімі, шарананы қара жолға лақтырғанда бүйрегі бүлк етпей, жүрегі қатайған ананы ана деп айтуға бола ма?
Сауал көп, жауап жоқ. Бәзбіреулер бір шақалақтың иісіне зар болып күндіз-түні мойындарына бұршақ салып, Құдайдан бала сұрап жылап жүрсе, кәмелетке толғаны бар, толмағаны бар, құрсағына бала біткендердің істеп жүргені мынау. Кешкісін жаңалық көрейік деп көксандықтың түймесін басып қалсаңыз, жүрегіңіз шайлығып, көзіңіз шарасынан шығатын жаңалықтарды естисіз.
Алматы облысында өткен жылы кәмелеттік жасқа толмаған елу жасөспірім қыз жүкті болса, оның бесеуі Панфилов және бесеуі Ескелді ауданынан шыққан. Сондай-ақ, Іле ауданының жиырма екі жастағы тумасы жеті айлық баласын Қарасай ауданындағы Іргелі ауылындағы жалдамалы пәтерінде тастап кетіпті. Абырой болғанда қараусыз қалған баланы шырылдаған дауысын естіп, көрші-қолаңдары пәтердің иесін шақырып, есікті бұзып кіріп баланы аман алып қалған. Ал, қаңғып кеткен көкек ана жауапқа енді ғана тартылып жатыр. Бұл сұмдыққа жағамызды ұстап, «бала емес, бәле тәрбиелеп жатыр екенбіз ғой» деп шошынып отырғанда Талдықорған қаласындағы су құбырларының бірінен тағы да төрт-бес айлық сәбидің мәйіті табылды. Оны да құбырды тазалап жүрген сантехник көріп құзырлы органға хабарлаған. Енді «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, көлік ішінде босанған Тараздағы қыз денсаулығы жақсарған соң Алматы облысында тұратын өз ата-анасына қайтып келмекші деп жазады «NUR.KZ» порталы. Осы сауал турасында Алматы облыстық Білім басқармасы тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпіровадан осы ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрғанымызда мүлде бейхабар екенін айтты. Бұдан кейін облыстық прокуратураның баспасөз бөліміне қоңырау шалғанымызда ондай ақпаратты интернеттен көздері шалғанын, бірақ Жамбыл облыстық прокуратурадан толық мағлұмат түспегенін хабарлады. Жалпы, жасөспірімдер, оның ішінде, кәмелеттік жасқа толмағандардың мәселесі бүгінде ушығып тұр. Осыған орай, Білім Министрлігі «Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған ҚР Білім және Ғылым министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, ҚР Инвестиция және даму министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлескен негізгі іс-қимыл жоспары барлық оқу ошақтарына таратылып, тыңғылықты шаралар қолға алынуда деген білім басқармасының тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Айнагүл Мұханқызынан кейін, Алматы облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Дания Сәлімбайқызына қоңырау шалдық. Қоғамды шулатып жатқан осы жағдайларға байланысты ой бөлісуін өтіндік. Ол қазіргі таңда жасөспірім қыздар арасындағы басты мәселе адамгершілік-рухани тәрбиенің төмендегенін айтады. Қыздардың өзі психотропты заттарды қолдану, теріс діни ағымдарға ілесу, тәнін саудалау, жыныстық қарым-қатынасқа ерте бой алдыру мен ерте жүкті болу фактілерінің күннен күнге өршуі көңілге кірбің салуда дейді Ата-аналар комитетінің төрайымы. «Жүктілік, түсік жасатуға, тастанды балалардың санын арттыруға жыныстық жолдар арқылы туындайтын жұқпалы сырқаттарды жұқтыруға соқтырады; мұның арты өз-өзіне қол салу фактілеріне итермелейді. Ондай оқиғалардың себептері де көп, отбасындағы кикілжің, ата-аналарының, достарының, өзі ұнатқан адамдардың назарын өзіне аудару, сәтсіз махаббат пен жоспарсыз жүктілік, қиын жағдайға душар болған жасөспірімдердің ата-анадан қолдау көрмеуі, әсіресе, репродуктивті құқық пен репродуктивті денсаулық жайындағы сауатсыздықтар түрткі болады» дегенді айтты. Кейбір бойжеткендер, тіпті, қыздарға арналған арнайы гинекологиялық қызметтің болатынын білмейтін көрінеді. Себебі, бұл қызмет түрі ауыл, аудан тұрмақ облыс орталығында дұрыс жолға қойылмапты. Жариялылық жоқ. Өзекті өртейтін өкініш, отбасы тәрбиесі ойдағыдай емес, ата-аналардың педагогикалық-психологиялық сауаттылығы өте төмен, әкелер балаларға тәрбие бермек түгілі, қыздарын зорлап, алимент төлемей қашып жүргендері қаншама дейді маман. – Біз қит етсе қыздарды жазғыруға бейімбіз, ұлдар тәрбиесімен жүйелі түрде кім айналысады, түрлі патриоттық тәрбие беру бағытындағы құрылған ұйымдар көбіне әртүрлі шаралар өткізумен шектеледі. Ондай шараларға белсенділер ғана тартылады. 2008 жылдан бері біздің басшылығымызбен және ұсынған жоспарымыз бойынша іс-шаралар атқарылды. Олар: адамгершілік-рухани тәрбие, бос уақытты тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын ұстану, тағы басқа бағыттарда дөңгелек үстелдер мен кездесулер, байқаулар, пікір-таластар өткізіп жатыр...
Талдықорғандағы бірлестікте қала қыздарының тәрбиесін үйлестіру орталығы сонау 2008 жылдан бері қызмет атқарып келе жатыр екен. Барлық қала мектептерінде қыздар ұйымы құрылып, олардың ішінен бір төрайым сайланып, оның екі орынбасары басқарады. Осы уақыт аралығында көптеген қыздар арасындағы мәселелерді тікелей көріп, келеңсіздіктердің себептерін анықтап, олардың шешу жолдарын іздеп, сауалнама, тест жүргізу, тренинг, семинар, байқау, жиындар, кездесулер сияқты түрлі бағытта жұмыстар атқарған. Өткен жылы шілде айында он төрт-он жеті жастағы жасөспірімдер арасында сауалнамалар жүргізіп, екі жүз қызға жыныстық қатынас жөнінде тест жасалған. Осының қорытындысы бойынша көпшілік жастардың репродуктивті құқық пен денсаулық бағытындағы сауатсыздықтары анықталыпты. Дания Сәлімбайқызының айтуынша, жүргізген сауалнама көрсеткендей, қыздардың 67 пайызы ешқашан аналарымен жыныстық қарым-қатынас, түсік жөнінде сөйлесіп көрмегенін айтса, 50 пайыздан астамы гинекологтардың жасөспірімдерге арналған арнайы медициналық кеңес беретіні туралы білмейтін болып шыққан.
Әлгінде тоқталғанымыздай, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, бұл мәселеде кінәнің бәрін тек қыздарымыздан іздейтін болсақ, қателесетін шығармыз. Ендеше, азғындық себебінің бәрін қыздардан ғана көрмей, балғын бойжеткендерді алдап, арбап, дегеніне көндіретін немесе зорлайтын арсыз ұлдарымыздан да іздесек қалай болады?..
Жарық дүниеге шыр етіп келер-келместе далаға тасталып, өлтірілген бейкүнә сәбилерді тапқан жас аналарды қаралаудан алдымызға жан салмай, даурыға жөнелетініміз рас. Сол бойжеткендері әлгіндей халге жеткізген «тоқты қошқар» еркек-сымақтарды да ата-аналарымен қоса жазалау керек-ау.
Кешегі кеңестік кезеңде «Баласы әкесі үшін жауап бермейді, ал әкесі баласы үшін жауапты» деген идеология басты құрал еді. Бүгінде ол да ғайып болды. Қыз анаға, ұл әкеге бағынудан қалды.
Бұл жерде мектеп тәрбиесінің де босаңсығанын анық көруге болады. Әйтпесе, сабаққа келіп жүрген жүкті қыздың кескін-келбетіндегі өзгерісті сынып жетекшісі мен сабақ беріп жүрген мұғалім, мектептегі медицинаға жауапты мейірбикенің, қалаберді үйдегі әжесі мен анасының байқамай қалуын жауапсыздық демеске шарамыз қайсы...
«Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дейтін өсиетті ұмыттырмай, «ұлым саған айтам, ұлтым сен тыңда» дейтін ата-ана қайдан табылар?.. Қатыгез қоғамда қайыршы көбейіп, желкілдеген еркетотайлар етегін түріп, еркек тоқтысы есіріп жүрсе, қазақ қайтіп көгереді? «Тәрбие басы –тал бесік» деген қанатты сөздің де қолданыстан шығып қалғаны ма..?
А.ДІНИСЛАМ
"Қазақ үні" газеті