«АрселорМиттал Теміртау» екі мың адамды жұмыстан қысқартпақ
2016 ж. 06 ақпан
2499
15
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жаппай қысқартуды биыл да жалғастырады. Бұл жолы үндістандық темір магнаты 2 мың адамды жұмыстан қысқартпақ.
Компания мұның себебін жаһандық дағдарыс салдары деп қысқа қайырды деп хабарлайды КТК арнасы.
Оған төтеп беру үшін жасы келгендерді зейнетке жіберу, кейбір қызмет түрлерін аутсорсингке шығару керек екен. Қағаз бен қалам ұстап кеңседе отыратындардың да қатарын кемітеміз дейді олар. Ал өндіріс көлемін керсінше арттыру керек деп шешіпті. Осылай жасағанда ғана компанияның тірлігін тұралаудан аман алып қалатындарына сенімді. Бұлар былтыр да 2000 адамды осылай қысқартқан. Өнімін доллармен сататын олар, теңге құлдырағанда бөрігін аспанға атқан еді. Ұлттық валютаға шаққанда пайдасы еселенгенмен, қара жұмыскерлері жалақыға әлі жарымай жүр.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Виджай Махадеван: "Ұжымдық келісімге байланысты жалақының индексациясын жасаймыз. Жағдай қаншалықта ауыр болса да сол құжатта көрсетілген міндеттемелерді ғана орындаймыз", - дегенді айтты.
Еске сала кетсек, былтыр тамыз айында корпорация иесі Лакшми Миттал президент Нұрсұлтан Назарбаевқа уақытылы жасалған девальвация үшін алғысын айтып, бұл шара мыңдаған жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік беретінін алға тартқан еді.
Дерек көзі: КТК арнасы