ЖЕТІСПЕЙТІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН ДҮКЕН
2016 ж. 03 ақпан
3810
1
- Қарағым маған құстың сүтінен бере қойшы, біздікі құрғыр суалып қалды
- Мінекиіңіз
- Біздің жақтыкі ме?
- Әрине
- Оу, онда мына негір қатынның суреті неғып тұр?
- Сол жақта сауылған, бірақ біздің жақта құйылған. «Бізден шығады» деп аталатын, бірақ сборкысы ғана бізде жасалатын машина сияқты ғой. Сау болыңыз
- Тәк, маған ақыл керек
- Ақыл көп қой. Мынау –« шайнап басқа жағатын ақыл», мынау – «кісінің ақылы»
- Өй, кісінің ақылын не қылайын, өзімдікі керек
- Ол да бар, бірақ бұрын шала-шарпы пайдаланылған, жүрлім-барды тыңдалған
- Жарар, бір екі жүз грамын берші
- Аздау емес пе?
- Қазіргі заманда көп ақылдың не қажеті бар?! Сосын ақыл беретін кісі жетеді. Ақыл ақша емес қой! Қой, кеттім
- Оу, жеңгей, баса көктеп не болды, сонша?! Ошеретке тұрсаңызшы
- Уақыт жоқ, қалқам, дым уақыт жоқ! Маған уақыт берші
- Қанша?
- Бала қарайтын уақыт. Балаға дым уақыт таба алмай жүрмін
- Бірнеше жерде жұмыс істейсіз-ау, шамасы?
- Жоқ, үйдемін
- Бала қарамай не қарайсыз сонда?
- Сериал қараймын
- Міне, сізге бір сағат уақыт
- 1 сағат балаға көптеу ғой...
- Жеңгей, мен өлшеп қойдым. Қайтадан кесіп-пішіп есіл уақытты қорлап қайтеміз, көп болып бара жатса, он бес минутын реклама қарауға жұмсаңыз. Барыңыз, енді
- Ал маған атақ керек
- Бұл – бізде ең мол тауар. Қандайы керек бәрі бар: «жер өртеген», «жер жамаған», «жер..
- Маған бір нормалны атақ керек
- Сен бір тәуір жігіт сияқтысың. Сондықтан мен саған бірден дұрысын ұсынайын – міне «Атақпен шатағы жоқ» деген атақ. Осыдан артығы жоқ
- Маған абырой, рух, ар, намыс деген категориялардан бір шөкімнен салып беріңізші
- Бұндай нәрсе бізде жоқ
- Қалай жоқ?! Бәрі бар, бұлар жоқ! Қазір мен тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамына арызданамын
- Арыздана алмайсыз
- Е, неге?!
- Себебі сіз жаңағы айтқан нәрселерді мүлде тұтынбайсыз, тұтынушысы емессіз
- Жәйлап келісуге болатын шығар. Орамалы болады дегендей...
- Әрі кеткенде заменительдерін жасап бере аламын
- Сәпсем болмаса,жоқтан жақсы ғой, әйтпесе мені жұрт «арсыз», «намыссыз», "рухсыз» деп әбден тілдеп бітті
- Жақсы онда. Маған сәл уақыт керек. Болды! Дүкен жабық! Әбет деймін! Әбет!!!
qazaquni.kz
Нұрлан Сәдірдің фейзбук парақшасынан