«Оңайым" - қиындады, жақыным - алыстады
2016 ж. 02 ақпан
4347
15
АЛМАТЫДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТІ ТІРЕЛГЕН ТҰЙЫҚТАН ШЫҒА АЛМАЙ ЖАТЫР
Көшедегі кептеліс, трамвайлардың жолдан шығып кетуі, автобус жүргізушілерінің қаланың қақ ортасында бәйге ұйымдастырып ережені өрескел бұзуы... Оңтүстік астанадағы қоғамдық көліктің жай-күйі көпшілікке аян. Жаңа, жас әкім оны жөнге келтіремін деп жатқанда енді, міне, «ТрансСервис» серіктестігіне тиесілі автопарк құрылтайшыларының текетіресінен бірден 6 бағыттағы қоғамдық көліктің жұмысы жарты күнге тоқтады. Жүргізушілер жолаушы тасудың орнына басшылардың таласын тамашалады. Себебі, осыған дейін серіктес болып келген қос азамат бір-бірін айыптап, ағаш атқа теріс қаратып отырғызуға дейін барды.
Кезінде араларынан қыл өтпес әріптестер бизнесті бірге ашып, жолаушылар тасымалымен айналысқан. Қара мысықтың қашан жолдарын кесіп өткенін кім білсін, бүгін енші бөлісіп жатқанға ұқсайды. Оның салқыны онсыз да қоғамдық көлік атаулыға көңілі қалған қатардағы қарапайым қала тұрғындарына тиіп отыр. Садық Қамзанов, «ТрансСервис» ЖШС бұрынғы директорының орынбасары: – Автобустар жұмысқа шықпай қалды, ертең де шықпай қалуы мүмкін. Өйткені автобустың жүруі үшін жанармай, басқа да қосымша шығындар керек. Оның барлығы бүгінге тоқтап тұр. Құрылтайшылардың бірі – Қайрат Оспанов. Естіген құлақта жазық жоқ, жұрттың айтуынша ол Алматы әкімінің бірінші орынбасары Болат Сауранбаевтың інісі дейді. Болса болып қалар, біздегі бұзылмайтын қазақи қағида бойынша пайдалы деген істің бәрі атқамінерлердің туыстарына тиесілі емес пе?! Мәселе тамыр-таныс, туыстықта да емес шығар, ең бастысы, халыққа өз ақшасына лайықты қызмет көрсетсе болғаны ғой. Жоқ, ол да қолдарынан келмейді шіркіндердің. Бір қызығы, жіліктің майлы басын ұстағандар оны жанындағыларға анда-санда бір турап беруден гөрі жеке жұтқанды жақсы көреді. Қайрат Оспанов кезінде аудан прокуроры қызметін де атқарған деседі. Заңды бүге-шігесіне дейін білетін ол серіктесінің 117 миллион теңгені жымқырғанын анықтапты. Қайрат Оспанов, «ТрансСервис» құрылтайшысы: – Заңда көрсетілген тәртіпке сәйкес 2005 жылдан бері бірде-бір жиналыс өткізілмеді. Яғни, қаржының қайда кетіп жатқаны жайлы есеп жоқ. Сот бойынша аудит жүргізіп, миллиондаған теңгенің қолды болғанын дәлелдедім. Сенімнен айырылған адамның басшы болғаны дұрыс емес. Бұл жәйтке басынан дау арылмаған «Оңай» атты төлем жүйесінің де қатысы бар екен. Жаңа директор Александр Баженов енді «Оңай» орнын тапса, мекеменің табысы нақты көрсетіліп, «бүкпелі бухгалтерия» дегенді ұмытатын кез келеді дейді. Осыдан біраз жыл бұрын басталып, енді ушыға түскен бұл мәселе шешімін тапқанша ұзақ уақыт өтетін түрі бар. Сот шешімі күшіне енгенше кеңседегі құжаттарды да, дүние-мүлікті де өткізбеймін деген басшылардың бірі қысым көрсетілген жағдайда жүзден астам автобус рейске шықпайтынын айтады. Бұл онсыз да қала тұрғындарының көңілінен шықпайтын, қашанда сынға ұшырап келе жатқан қоғамдық көлік қызметін одан әрі әлсіретері анық. Ақиқаттың ашылғаны дұрыс-ақ. Жемқорларды желкелеп түрмеге тығып, халыққа адал қызмет ететіндерді істің басына қою қажет. Бірақ «Екі сиыр сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, бұл текетіреске ешқандай қатысы жоқ, жолда жаяу қалған жолаушылардың қандай кінәсі бар? Әлде, екі мықты қашан өзара есептесіп, кімнің күштірек екенін анықтап болғанын күтуге тура келе ме?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz, "Қазақ үні" газеті