АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІКТЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КҮРЕСІ Үкіметтің үн қосуымен күшеюде
2010 ж. 29 қараша
2106
0
Ақпараттық кеңістікте бәсекелесе алған тіл ғана өлмейтінін ескерсек, қазақ тілін қорғап қалу үшін мемлекет тарапынан кеш болса да игі бастамалар басталды. 24 қараша күні Астана қаласында ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында мемлекеттік тілдің қолданылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Көтеріліп отырған мәселеге тиісті мекемелерден, атап айтқанда Самсунг, Нокиа, Майкрасофт секілді бірқатар компанияның жауапты қызметкерлері қатысып, мәселені шын мәнінде шешуге ұмтылыстарына тәнті болдық. Бір қуантарлығы – тіл мәселесінде ақсап тұрған осы салаға мемлекеттік деңгейде көңіл қоя бастауы.
Республикалық және аймақтық БАҚ редакторлары қатысқан жиын барысында www.baq.kz порталы таныстырылды. «Baq.kz порталын әзірлеудегі басты мақсат - интернет желісінде қазақ тілді БАҚ сайттарын көбейту және барлық қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарын бір порталға топтастыру», – деп атап өтті Асқар Жұмағалиев. Осындай орталықтандырылған каталог – қазақ тіліндегі ақпараттардың желі ішінде тез тарауына ықпал етеді. Сондай-ақ баспасөз ақпарат құралдарының өкілдеріне Baq.kz порталымен жұмыс істеу бойынша арнайы семинар өткізді.
Кездесуде қазақ тілін компьютерлік, ақпараттық бағдарламалар интерфейстерінде қолдану мәселесі де сөз болды. ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық өнімдердің интерфейстерін қазақ тіліне аударуды талап ету мәселесін қарастырып жатқаны белгілі болды.
Министрдің пікірінше, вендерлер бағдарламаларды әзірлеуде және ақпараттық жүйелерді қалыптастыруда олардың интерфейстерін қазақ тіліне аударулары керек. Компанияның технологиялар саласындағы бірден бір жетістігі осыған да байланысты болмақ.
Дөңгелек үстел барысында мобильді телефондарда қазақ тілі қаріптерінің қолданылуына баса назар аударылды. Бүгінгі күні Самсунг, LG және Нокиа компаниялары өз телефондарына қазақ тілі қаріптерін енгізген. «Қалған өндірушілер осылардан үлгі алулары керек» деген пікірде болды дөңгелек үстелге қатысушылар. Қазақ тілін меңгеріп, сол тілде сөйлеушілер саны күн сайын артып келеді. Сондықтан да, қазақ тілді қаріптер енгізілген телефондарға сұраныс та арта түсері анық.
Байланыс және ақпарат министрлігі бұл мәселені шешіп те қойды. Қазіргі күні мемлекеттік стандарттар жобалары әзірленіп, мобильді телефондарға қазақ тілін енгізу функциялары орнатылуда.
ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің Байланыс және ақпараттандыру Комитетінің басқарма басшысы Гүлнәр Бөкеева баяндама барысында шеттен келетін барлық технологиялардың тілін тексеретін стандарттың дайындалғандығын айтып, бәрімізді қуантып тастады. Енді бұдан бастап қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ технологиялар елімізге кіргізілмейді.
Жақын күндері Қазақстанда қазақ әріптері қамтылған алғашқы планшеттік компьютер шығарыла бастайды. Жаңа қондырғыда қазақ тіліндегі құжаттарды қабылдау, хаттар жіберу секілді қызметтер қарастырылған.
Тартысты өткен жиын соңында барлық қатысушылар өзара ойларын бөлісіп, кемшіліктерін, ұсыныстарын айтып қорытындысында шешім қабылдады. Шешім қабылдау барысында тың ұсыныстарымен танылып жүрген «Жас қазақ үні» газеті «Технология қарпі – латын. Латын қарпін оқи алмайтын адам жоқ. Сондықтан барлық технологияның қарпін қинап ауыстырғаннан, технологияда қолданатын қазақ латын алфавитін құрастыра салғанымыз әлдеқайда тиімді. Бұл еш шығынды қажет етпейді. Тіпті халықтың бір бөлігі технология кириллицаны танымағандықтан латын қарпін қолдануға көшті. Осы мәселеде Қазақпарттың латын нұсқасынан үлгі алуға болады. Болашақта латынға көшетініміз сөзсіз. Ал тіл дегеніміз эволюциялық дамуды қажет етеді. Сондықтан осы бастамамыз арқылы латынға кезең кезеңімен жүйелі түрде көшуге бет бұрар едік» деген пікірі арқылы ұсыныс енгізді. Ақпарат кеңістігінің бір ерекшелігі барлығы тек үкіметке ғана қарап қалған жоқ, бұны дамытуға халық болып жұмылуды қажет етеді. Сондықтан біздің тілегіміз осындай игі бастамалардың орта жолда қалып қоймасы үшін бәріміз бірдей атсалыссақ деген ізгі ой.
Астана бюросы