Тың жаңалық!!!
Тағы бір қаһарман есім - Алтыншаш Нұрғожинаны "Қазақстанның Халық қаһарманы" атағына ұсыну қажет
Белгілі ғалым, журналист Досан Баймолданың жақында шыққан "Польша күнделігі" атты кітабына көз жүгіртіп отырып, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшаны фашистерден азат ету жолындағы шайқастарда қазақ жерінен шыққан 30 мыңға тарта боздақтың қаза тапқанын оқыдым. Оның ішінде Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов та бар. Сонымен қатар Досан өз кітабында былай деп жазыпты:
"Қазақтың батыр қызы Алтыншаш Нұрғожина 1944 жылы қазанның 2-сі
күнгі Польшаның оңтүстік шығысындағы қиян-кескі шайқаста бір өзі жаудың екі танкісін қиратып, жаралы қызыл әскерлерді неміс қоршауынан алып шыққан ерлігі үшін "Қызыл жұлдыз" орденімен марапатталып, кейін "Кеңес Одағының Батыры" атағына ұсынылады. Бірақ батыр қыз соғыстан аман-есен оралмады. Польшадағы Қазақ Елшілігінің және туыс-туғандарының ұзақ жылдарғы іздестіруі нәтижесінде оның зираты Польша жерінде, Дукля (Duklya) қаласына жақын жерден табылды."
Міне, Әлия мен Мәншүктің, Хиуаз апаларымыздың қатарын толықтыратын тағы бір қаһарман есім - Алтыншаш Нұрғожина!
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жанқиярлық ерлік көрсеткен тұлғаларымыздың бәріне бірдей Кеңес Одағының Батыры атағы бұйырмағаны мәлім. Бауыржан атамызға сол атақ өмірден өткен соң берілсе, бертінде Қ.Қайсенов пен Р.Қошқарбаев, Х.Доспановалар Халық қаһарманы атанды. Ал біздің бүгінгі қазақ қауымы бұл батыр қызымыз туралы көп біле бермейтіні рас. Оның есімі баспасөзде де сирек ұшырасады. Бірақ ұлтымыз өзінің намысты қызын ұмытпауы тиіс деп ойлаймын. Соғыс кезінде ұсынылған атағын кеңестік империя қимаса, бермесе, егемен кезде әділет орнату міндетіміз емес пе?
Сондықтан, батыр қыз Алтыншаш Нұрғожина туралы тың деректер тауып, "Қазақстанның Халық қаһарманы" атағына ұсыну қажет деп білемін!
Сіздер қалай қарайсыздар?
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
qazaquni.kz