2016 жылғы жұмыссыздар қатарын кімдер толықтыруы мүмкін?
2016 ж. 27 қаңтар
2980
0
Жылдан жылға жұмыссыздар саны көбейіп келе жатқандай. Олай деуімізге мына статистикалық ақпарат куә. Статагенттің мәлметіне сенер болсақ 2015 жылы 13,5 мың қазақстандық қысқартуға ұшырапты. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 3,7 есеге артқан екен. Ал сарапшылар арасында сауалнама жасаған "Курсив" іскерлер газеті 2016 жылы еңбек нарығында қандай жағдайлар орын алатыннын болжапты.
Antal Kazakhstan рекрутинг компаниясының директоры Анна Ковинскаяның айтуынша, жұмыс берушілердің басым бөлігі қазіргі кезде әліптің артын бағуда. Жұмыс орындары жоқ емес, алайда олар штат көбейтіп отырған жоқ, қызметкерлерді ауыстырумен ғана шектелуде. Халықаралық көптеген компания әзірше қысқартуды жоспарлап отырған жоқ, бірақ жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды да тоқтатқан. Шетелдік жұмыс күштері отандарына қайтуда, себебі доллармен табыс тапқысы келетін экспаттарға енді Қазақстанда жұмыс істеу тиімсіз. Сол себепті де түрлі секторларда басқару жұмыс орындары босап жатыр, бұл өз кезегінде еліміздегі менеджерлерге жұмыс табуға қолайлы жағдай деуге болады.
Ковинская қазіргі уақытта Қазақстанда қысқартулардың IT-консалтингте, ритейлде және мұнайгаз секторында болып жатқанын атап өтті. Алайда жалпы айтқанда жұмыс орындарынан компанияларда support-функцияларды атқаратын, яғни әкімшілік бөлім персоналдары, HR бөлімдерінің өкілдері, бухгалтерия мен маркетинг қызметкерлері айырылып қалып жатыр. Оның айтуынша, сұранысқа ие мамандықтар бүгінде қаржыгерлер, кризис-менеджерлер, сату жөніндегі менеджерлер екен. Алайда егер тәжірибесі көп, өз ісінің мамандары қайда болса да жұмыс орындарынан айырылмайды.
"Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің қызметкерлерден қандай қасиетін талап ететінін атап өту керек, себебі нарықта вакансияның түрі көп. Қазірде жұмыс берушіге бейімделгіш, иілгіш қасиеті бар, нәтижеге тікелей бағытталған, сәтті тәжірибесі бар және кәсіби білімі бар адамдар қажет", - деді Antal Kazakhstan директоры.
Ал Optimum Recruitment & Executive Search компаниясының негізін қалаған Салтанат Әбілтаева қазіргі уақытта персоналдың қысқаруы жайлы ғана емес, сонымен қатар, жаңа персоналды қызметке алудың қажеттілігі жоқ деген мәселені де көтеру керек екенін айтты.
"Компаниялар өздерінде бар персоналмен-ақ қажетті функцияларды орындайды, ротациялар жасайды, жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге қосымша қысым түсіреді. Қазіргі таңда көпшілік компанияға өз қызметкерлерін сақтап қалудың өзі жетістік", - деп мәлімдеді сарапшы.
Әбілтаеваның айтуынша, компаниялар бірінші кезекте тиімсіз персоналдан құтылады, олардың көпшілігі жас мамандар немесе компанияға соңғы болып келгендер. Себебі компаниялар персоналдың тиімділігін бағалау техникасын меңгерді, жұмыстан шығарудың себебі KPI төмен болуы да мүмкін.
"Барлығымыз да мемлекеттік қызметкерлердің қысқарғанының куәгері болдық. Дағдарыс кезінде банк қызметкерлері, нақтырақ айтсақ, функционалы бойынша кредит беруге қатысы барларға деген сұраныс азайды. Мұндай сәттерде маркетологтар, PR саласындағы мамандарға қиын болады. Теңгенің екі есе девальвацияға ұшырауы туризм саласына да оңай тиіп жатқан жоқ, бұл салада тұтыну сұранысы екі есе азайды. Бізде автоиндустрия бар деп айтуға болмайтын шығар, бірақ әдетте дағдарыс кезінде автомобиль саласы да қиындыққа тап болады. Бәрінен де төменгі ритейлдің жағдайы жақсы болады, нақтырақ айтсақ, орташа чегі 7000 теңге болатын "масс маркет минус" классындағы желі дүкендері. Себебі адамдар өз уақытында киім сатып алады, ең болмағанда маусым сайын ауыстырып отырады, желі дүкендері сатып алушылардың көбейгенін де байқады. Түсінікті тілмен айтсақ, адамдар арзан киімді сатып ала бастады", - деді сарапшы.
Басылымға сұхбат берген сарапшылар Қазақстанда девальвация болғанына қарамастан жалақының сол деңгейде сақталып отырғанын айтты (доллардың бағамы 370 теңге кезінде қазақстандықтар 185 көрсеткішіндегідей жалақы алып отыр). Тек кей компаниялар жыл сайынғы индексация өткізіп, жалақыны деңгейіне көтереді.
Сонымен, 2016 жылы Анна Ковинскаяның пікірінше, штатты оптимизациялау тенденциясы күшейе түседі әрі қысқартулар жалғасады. Ал қысқарту жасамайтын компаниялар жаңа жұмыс орындарын ашпайды. Бұл Қазақстанда жұмыссыздық болады дегенді білдіреді, ал кейбір компаниялардың нарықтан кетуіне байланысты жұмыссыздық одан бетер күшеймек. Экономикалық күрделі жағдайда, сарапшының айтуынша, тек мықтылар табысқа жетеді, ал клиентке бағытталмаған, кішігірім компаниялар бәсекелестікке шыдай алмайды.
"Меніңше, алдағы жарты жылда айтарлықтай қысқаруды бақыламаймыз. Біріншіден, бірқатар қысқарту болып қойды. Екіншіден, компанияның иелері мен жетекшілері жылдар бойы қалыптасқан жүйенің жұмыс істегені маңызды екенін түсінеді. Ал осы мақсаттар үшін бастапқыда жазылған бизнес-процесстерді орындау керек. Жалданған персоналдың көмегімен. Жаңа жыл мерекесі аяқталды. Алда наурыз айындағы мейрам мен мерекелер бар, ал қалған маусымға дейінгі айлар - бизнес-маусым кезеңі. Сондықтан, меніңше, осы жағдайға бейімделе отырып, компаниялар жалдаған персоналдың еңбегімен мақсатқа жетуге тырысу керек. Жылдың екінші жартысы жайды айту қиындау, себебі еңбек нарығының көрсеткіштеріне көптеген фактор әсер етеді", - деді Салтанат Әбілтаева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ұзақмерзімді жоспарды құрудың қажеті жоқ, компаниялар екі сценарийді қарастырып отыр - оптимистік және пессимистік. Сөйтіп, олар тек аз уақытқа арналған жоспар құрып отыр. Осылай дей келе сарапшы жағымсыз болжамдардың орындалып жатқанын айтты.