КІМГЕ ДАУЫС БЕРЕМІЗ?
2016 ж. 26 қаңтар
4069
16
Орталық сайлау комиссиясының отырысында Елбасы Жарлығына сәйкес ҚР Парламент Мәжілісінің кезекті сайлауы 20-наурызда өтетіні атап көрсетіліп, тиісті қаулы қабылданды. Аталмыш мерзім Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкес белгіленіп отыр.
Қазір аяқ жүрмей, ауыз жүретін заман. Ел ішіне гу-гу әңгіме тарап, «ой, Парламент пен Сенат тарайды екен, алдағы уақытта бір палаталы парламент болады» десті біреулер. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамас», осы әңгіменің «жібін» сетінеткен де Ақүйге жақын жүрген ағайындардың өзі болуы мүмкін.
Әйтпесе, қара басымен, тіршілік қамымен қара жұмыста жүргендер өсек айтпақ түгілі өзек жалғайтын нан мен коммуналдық бағалардың қымбаттағанына алаңдап, құны түскен төл теңгені әлсіреткен долларға жәутеңдеп қалғаны рас. «Тарайды» деген сөздің шеті шыққанда-ақ саққұлақ жорналшылар «Сағынайдың» асына сауын айтқандай бірінен-бірі іліп әкетіп, құлақтарына жын сыбырлаған құмалақшыдай «тарайтыны рас» деп сәуегейлік жасаған-ды. Міне, араға көп уақыт салмай-ақ, солардың жорамалы дөп келді. Өз лауазымдарынан өздері бас тартқан халық қалаулылары ұтылмайды, қомақты қаражатпен қалта томпайтады. Өйткені, «Қазақстан Парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда: «Парламент депутатына оның қызмет мерзімі біткенде, қызметтен өз еркімен кеткенде және Парламенттің немесе Парламент Мәжілісінің таратылуы кезінде жұмысқа орналасқанға дейін орташа айлық жалақы көлемінде үш ай бойы жәрдемақы төленіп тұрады» делінген. Демек, депутаттардың өтінішін Елбасы қанағаттандырып тарату туралы шешімге қол қойылатын болса, жаңа Парламент сайлауына дейін экс-депутаттардың мұртын балта шаппайды. Шамамен 500 мың теңге көлемінде айлық алып келген халық қалаулылары әрқайсысы бір миллионнан өтемақы алады. Бұлардың арасында халықтың арасында ұялмай жүзі жарқырап шығатындар да, қараңғыда жүгірген қарсақ құсап көптен бойын тасалап, мақау баланың күйін кешіп, сүтке тойған қозыдай бүйірі томпиып жүргендерін де білеміз. Буынып-түйініп, төркініне кеткен келіншектей, бір-бірімен қоштасқан мәжілісшілердің қырық пайызы зейнет жасынан асып кеткендеріне қарамастан жаңа сайлау өтсе жылы орнынан дәмелі екенін де емеурінмен білдіріп, көгілдір экранда көсіліп қалды. Тіпті, коммунистердің көсемі Косарев мырза сексенге таяп қалса да, алдағы додаға түсіп, Парламенттегі санымызды көбейтсек деп қос алақанын ысқылап отыр.
Енді, «Ат қостым, ат айдаушы айда деймін» дегендей, тағы бір қызу науқан басталмақ. Бірақ, жаңа Парламент құрамында қандай партиялар болады? Бүгінгі күні «Нұр Отан», «Ақ жол», Коммунистер бастаған барлығы жеті партия бар. Сынға түсе қалғанның өзінде бұлардың қаншасы парламенттен орынтақ алуы мүмкін? Міне, көпшілікті де осы сауалдардың мазалайтыны анық.
«Партия қайда болса, жеңіс сонда» деп, кеңестік кезеңде ұрандатқандай, алда сайлау бола қалса билік партиясынан басқа қай партия мол дауыс жинап, Парламенттегі орынды бөліседі. Қараша қауымды ақпарат құралдарында қызықтыратын да осы мәселе.
Қазақтың марқасқасы Бейімбет Майлин айтқандай: «Ой қайдан келесің оттан келем, оттан емес-ау соттан келем» дегендей, «Қайда барасың десе сайлауға барам, бір партияның белбеуін бекемдеп байлауға барам» дейтін күн де жақындап қалды.
Сіз қай партияны жақтайсыз, өзіңіз білерсіз, ал менің көңілге түйіп қойған өз партиям бар....
А.ДІНИСЛАМ
"Қазақ үні" газеті