Бізге қазір қоғамға жанашырлықпен қарайтын адамдар жетіспейді
2016 ж. 21 қаңтар
2761
2
Жаңа жыл алдындағы қалың қарбалас, науқан күндердің бірінде біз тұратын ықшамаудандағы бір пәтерге ұры түсіпті. Үй иелері – жұмыста, балалары – сабақта. Түс әлетінде үлкен ұлы мектептен келсе, есік ашық-шашық, бөлмелер астаң-кестең... Үстел үстінде тұрған ноутбук, шкафтағы жарамды киім, тартпадағы қымбат әшекейлер, анау-мынау ақша – түгел қолды болған. Полиция шақырғанымен, ұрылар сол күйі ұстатқан жоқ.
Қызықтың бәрі кешке көршілермен сөйлескенде анықталды. Үптелген үйге қарама-қарсы пәтерде тұратын әйел өзінің тымауратып жүргенін, күні бойы төсек тартып жатқанын айта келіп, сәске кезіндегі сілтідей тұнған тыныштықта есік сыртынан әлдебір күбір-сыбыр, жыбыр-жыбырды естігенін мәлімдейді. «Не болды екен?» деп, сыртқы есігіндегі оймақтай саңылаудан сығаласа, қарама-қарсы пәтер алдында екі жас жігіт қонаққа келгендей қоңырау басып (қоңыраудың істемей тұрғаны кейін анықталды) тұр екен. Мұның бәрі ұрылардың әсіресақтығы екенін қайдан білсін, әйел «көршінің үйіне келген біреулер шығар» деп, қоя салған.
Бірақ көршінің үйінде ешкім жоқ екені қалай оның есіне келмеген? Балалардың сабақта, ал олардың ата-анасының жұмыста екенін есікпе-есік қоңсы отырып білмеуі мүмкін бе? Тіпті білмеген күннің өзінде есікті ашып, «Жігіттер, кім боласыңдар? Жауап бермегеніне қарағанда, ол үйде қазір ешкім жоқ-ау. Мейман адам алдымен телефонмен хабарласып, келісіп алмай ма екен?» деп сұрауға, ескертуге болар еді ғой. «Кімсіңдер, неғып жүрсіңдер? Қазір полиция шақырамын!» деп қорқытып көрсе де артық болмас па еді. Сонда, бәлкім, «арты қуыс» алаяқтар амалсыздан тайып тұрар ма еді? Әлде «сенің не шатағың бар?» деп өзіме бас сала ма деп қорықты ма екен?..
Осындайда Леонид Гайдайдың «Иван Васильевич мамандығын өзгертеді» атты әйгілі комедиясы еске түседі. Шуриктің көршісі – Антон Семенович Шпактың үйіне түскен ұры Милославскийге көпқабатты сол үйдің қоғамдық белсендісі Бунша қоятын сұрақтар оқырман қауымның да есінде болар: «Что вы делаете в квартире Шпака?», «Как вы вошли в квартиру, если ваш друг на работе?», «А вы с магнитофоном пришли к Шпаку?», «У меня возникли подозрения, у вас точно такая же замшевая куртка, как у Шпака!» және т.б. Өзінің уақыт машинасынан басқа ештеңеге қызықпайтын, анау-мынауға мән бермейтін, қайта «что за пошлые вопросы?» деп бұған ескерту жасайтын Шурикпен салыстырғанда, әрине, режиссер Буншаны өзінің қатысы жоқ іске де араласа беретін берекесіз адам ретінде көрсетеді. Бірақ, ойланып қарасақ, аңқау инженерге қарағанда, ұқыпты белсендінің әрекеті ұғынықтырақ, алаңдауы дұрысырақ сезіледі.
Немесе сол Гайдайдың тағы бір комедиясындағы («Өміріңізге қауіпті») осындай кейіпкер – Молодцовты алайық. Желімі ажырап, жерге ұшып түскелі тұрған афишаны қайта жапсырып, ашық қалған канализациялық люкті жауып, сөндірілмей тасталған темекіден жана бастаған қағаз-қоқыстың түтінін сөндіріп, біреу-міреу тоққа түсіп қалмасын деген ниетпен үзілген жоғары кернеулі электр сымын күні бойы күзететін сол бір аңғал-саңғал, ақ-адал адамға елдің бәрі күледі. «Ештеңеге ұрынбай-ақ тыныш жүруге болмай ма?» деп келеке етеді.
Негізінде, бізге қазір қоғамға жанашырлықпен қарайтын осы сияқты адамдар жетіспей жатыр. Ештеңеге бей-жай қарамайтын, өзгелердің бұзақылығына, зиянкестігіне, көпе-көрнеу әділетсіздігіне қарсы шығатын, күмән тудырар әрекет сезсе, соның соңынан қалмай, ақыры анық-қанығына жететін, қоғамда тәртіптің сақталуын жан-тәнімен қалайтын адал жандар аз болып тұр. Бұ күнде бәріміз де «күл болмаса бүл болсын» деген ұстанымға көшкен сияқтымыз. Айналада не боп жатса да, бізге бәрібір. Әйтеуір тікелей жеке басымызға қатысы жоқ па, зияны тимей ме – бітті, басқасында шаруамыз жоқ. Бірі өліп, бірі қалсын.
Ал балаларымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз? Өзіміздің өзімшіл эгоист, пікірімізді ашық айтудан қорқатын жасқаншақ, «өз жөнімді ғана білем, өзгеде шаруам жоқ» дейтін бейтарап бей-жай боп біткен қалпымыз аздай, енді жас ұрпақты да сол жолға бағыттап жатқан жоқпыз ба? Көшеде біреудің әлдекімге әлімжеттік жасап жатқанын көріп, таяқ жеушіге жақтасып, зорлықшыға қарсы шыққан, сөйтіп, жағасы жыртылып, көзі көгеріп келген баламызға: «Дұрыс, ұлым! Жігіт адам осылай үнемі әлсізге болысып, әділдікті жақтауы керек!» – деудің орнына, «Ол саған бірдеңе деді ме? Саған тікелей тиісті ме? Тиіспесе нең бар араласып? Өзіңмен-өзің тыныш жүре алмайсың ба?» деп жер-жебіріне жететініміз өтірік пе? Немесе сыныптас досының үйі басқа пәтерге ауысып, соны көшірісіп келген ұлға: «Жарайсың, көмектескенің жөн болыпты», – деудің орнына: «Қаршадай балаға ауыр жүк көтергізіп, өлтіретін шығар мына жұрт! Немене, сенсіз көше алмай қала ма солар? «Бара алмаймын» демедің бе?» – деп ұрысқан ата-ананы да көрдік. Бұдан кейін ол баланың әлсізге болысу, әділетсіздікпен күресу, жолдасқа жәрдемдесу деген жақсы мінез, жөн әрекеттен қашқақтай бастамасына кім кепіл?
Мұндай «тәрбиенің» жемісі қазірдің өзінде аз аңғарылмайды. Көшедегі көктайғақта құлап қалған әжейді қолтығынан демеп, сүйемелдеп тұрғызудың орнына қарқылдай күлісіп, ұялы телефонымен видеоға түсіріп тұрған балалардың бейнеролигі ғаламторды шарлап кетті. Қазір қандай жағдайға да беті бүлк етпейтін, тұла бойы түршікпейтін, неше түрлі қатыгездіктерге баратын жастар көбейді. «Ана» дейтін аяулы аты бар жанның өзі жаңа туған шарананы көліктің терезесінен лақтыра салған соң, басқасынан не сұрауға болады? Көрші тұратын бір қария жақында: «Қазір алдымыздан қып-қызыл шақалақ шыға келе ме деп, қоқыс контейнеріне баруға қорқатын болдық», – дейді. Ащы да болса, ақиқат.
Ал телеэфир – толған негатив. «Таразда біреудің төрт жасар баласы құдыққа түсіп кетіпті». «Қарағандыда мектеп бітірер шамадағы жап-жас бала өзін-өзі өлтіріпті». «Ақтөбеде атыс болыпты». «Семейдегі боранда біреуді қасқыр жеп кетіпті». «Қызылжарда бір топ бұзақы таксисті қала сыртына шығарып, бауыздап кетіпті»... Жаңалық қарайын десеңіз, жаныңызды шүберекке түйіп отырыңыз. Қазір теледидарды қосу үшін де жүрек керек. Бүгінгі ақпарат бағдарламалары баяғы «Рейдер» криминалды хроникасын еске түсіреді. Дикторлар даусын барынша құбылтып, басқа бөлмеде жүрген сізді телеэкран алдына тез шақырып алу үшін барын салады. «Не боп қалды екен?» деп шауып келесіз. Диктордың міндеті орындалды, енді жұмысқа журналист кіріседі. Жау қуып келе жатқандай жаныға сөйлейтін оның әңгімесі жаныңызды одан бетер шошытады. Арналар көрермен тартудың амалымен, рейтинг жинаудың әлегімен енді осындай бәсекеге түскендей: кім көбірек қорқытады? Қане, қайсымыз жиірек жирендіреміз? Қоғам қандай – теледидар да сондай.
Кеше балалар ойнайтын алаңқайда шиша сынықтары жатқанын байқап қалдым. Сірә, түнде әлдебіреулер ішіндегісін тауысып, бөтелкесін лақтыра салса керек. Анадай жерде бір топ бала (мектеп оқушылары) әңгімелесіп тұр.
– Балалар, мына жерде кішкентайлар ойнайды ғой, анау сынықтарды алып, қоқыс контейнеріне тастай салсаңдаршы. Біреу-міреудің қолын, не басқа жерін тіліп кетіп жүрер, – дедім.
– Оны біз тастаған жоқпыз, – деді әлгі балалардың бірі.
– «Сендер тастады» деп тұрғам жоқ. Тастаған адамды бәрібір таба алмаймыз. Теріп алып, қоқысқа сала салыңдар. Мына жерде сендердің кішкентай іні-қарындастарың да ойнайды ғой.
– Ха! Делать нам нечего... – Балалар айылын да жиған жоқ.
Сосын өзім барып, еңкейіп, шиша сынықтарын теріп ала бастадым. Сонда барып, біреуінің ұяты оянды білем, жақындап келіп:
– Сіз жолыңыздан қалмаңыз, мен өзім-ақ... – деп, сынықтарды жинауға кірісті. Екеулеп, алаңқайды әп-сәтте-ақ тазарттық.
Бір досым айтады:
– Саябақта серуендеп жүргенмін. Анадай жердегі орындықта екі әйел әңгімені соғып отыр. Қолдарындағы құтыдан сусын ішіп, қағазға оралған әлдебір тәттіні сүйсіне жейді. Бір кезде ас-суын түгесті де, қағазды да, қолдары мен аузын сүрткен дымқыл салфетканы да, босаған құтыны да лақтыра салды. Құдай-ау, қоқыс шелегі болса, анадай жерде ғана тұр! «Бұларыңыз не? Сіздерді де ақыл тоқтатқан, мәдениетті адам дейді-ау!» деп біраз нотация оқығым келіп тұрды да, «оны түсінетін жандар болса, бұлай істемес еді ғой» деген қорытындыға тоқтап, жерде жатқан орам-қағазды да, салфетканы да, құтыны да ерінбей жинап алып, қоқыс шелегіне апарып салдым. Сонда барып әлгі әйелдер орындарын қипақтай көтеріліп, қызарақтай тұрып: «Айып етпеңіз, бізді қатты ұялттыңыз ғой... Ендігәрі өйтпейміз, есімізден кетпестей болды», – деп кешірім сұрады...
Бәлкім, қай-қайсымыз да осылай өзгелерге өз ісіміз арқылы, өз өнегеміз арқылы үлгі болуымыз керек шығар? Бәрібір қазір «неге өйтесіз, одан да былай істесеңізші» деген кеңесіңді ешкім де керек қылмайды. Өйткені, адамдардың бәрі ақылды.
Ақылды, бірақ тек өзіне келгенде ғана. Әрқайсысы өз үйін таза ұстайды. Шашылған затты жинайды, шаң басқан сөрелерді сүртеді, бұзылған топсаны жөндейді... Бір сөзбен айтқанда, барынша тазалық сақтайды. Ал сол үйінен аттап басып, көшеге шықса болды – әлгі ұқыптылықтан жұрнақ та қалмайтыны неліктен? Өзі тұрып жатқан ауланы, қаланы, ауылды дәл солай таза ұстауға не кедергі? Ол да – біздің ортақ үйіміз емес пе?..
Қазақтың Қадыры «Өз үйің» деген өлеңінде осыны айтпап па еді:
Өз үйіңде бір сәт тыным таппайсың;
Бірде жуып,
Бірде сырлап,
Ақтайсың.
Өз үйіңе, керек болса, киізсің,
Өз үйіңе, керек болса, тақтайсың.
Үй дегенде аямай тер төгесің,
Дем алмайсың,
Аулаңа гүл егесің.
Өз үйіңе, керек болса, балғасың,
Өз үйіңе, керек болса, шегесің.
Үйің үшін түнің адал,
Күн адал.
Өз үйіңде аулақсың сен күнәдан.
Өмір мына түзелмейді,
Оңбайды,
Өз үйіндей көрмей тұрып оны адам!
* * *
...Бір досымның 9-сыныпта оқитын ұлы айтыпты: «Әке, бізден бір сынып төмен оқитын бір бала мектепке әбден жұқарып тозған пальтомен келеді. Білуімше, әкесі жоқ екен, шешесі жұмыстан қысқарып қалыпты. Менің екі пальтом бар ғой. Соның біреуін сол балаға берсек қайтеді?».
Демек, әлі де пейілі кең, перзенттерін де ізгі жолға бағыттап жүрген адамдар арамызда бар. Бәріміз де осы мейірімі мол кішкентай жүректен үлгі алып, айналамыздан жақсылық көруге, жақсылық жасауға, қоғамға жанашыр болуға тырыссақ қайтеді, а?
Сәкен СЫБАНБАЙ
qazaquni.kz