БЕРДІБЕК БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БАР

   SAPARBAEV   Ақтөбе облысына әкім болып барған аз уақытта Бердібек Сапарбаев жайлы аймақтағы ел арасында көп әңгіме-аңыз таралып үлгерген сыңайлы. Солай болуы заңды да. Және оның басты себебі – бұл азаматтың 22 жыл ішінде әкімдер туралы қалыптасқан ұғымға сыймайтындығында. Бірінші ерекшелік – Бекеңнің болмыс-бітімінің о бастан өте қарапайым болып жаратылуы. «Мен білдей бір облыстың әкімімін» деп көкірек қағу, жұртқа мұрнын шүйіріп, жоғарыдан қарау, сыртқа, дұшпанға істер «кісілікті», мықтылықты жолдастарына, қарамағындағы қызметкерлерге істеу тәрізді көп қазаққа тән жаман қасиет бұл азаматтың табиғатына жат. Екінші ерекшелік – Бекең нағыз «ел» деген адам. Біздің осы сөзімізді оқыған өзге әкім-қаралар «біз, немене, «ел» демей жүр ме екенбіз?!» деп гүр ете түсуі мүмкін. Бірақ, сөз жүзінде айту бар да, сол айтылған сөзіңді дәлелдеу үшін күндіз-түні, қысы-жазы, бір сәтке де босаңсымай жұмыс істеу бар. «Балпаң-балпаң кім баспас, басарға балтыр шыдамас!» деген Махамбет. Дәл солай жұмыс істегісі келетін азаматтар аз болмаса керек, бірақ, соның үдесінен шыға алатындардың қарасы кішкентай. Неге? Мәселе,жоғарыда айтылғандай, адамның туабітті жаратылысында. Мысалы, менің өз басым алдымен «елге болсын, сосын барып өзіме болсын» дейтін, Бауыржан атамыз айтқандай шын мәнінде «елім дегенде емініп, жұртым дегенде жүгініп» жұмыс істейтін санаулы әкімді ғана көрдім. Оларды атай кетсек, бірінші Иманғали Тасмағамбетов және Ислам Әбішев пен Қуаныш Айтаханов. Солардың біреуі және бірегейі де – осы Бекең. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір ғана дәлел келтіре кетейік. 1999 жылы жазда Президент Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімін елдің алдында «Сені энергетик деп әкеліп едім, сен болсаң жағдайды жақсартудың орнына ушықтырып жібердің» деп ұрсып алды да,  Қызылорда облысын абыроймен басқарып отырған Бердібек Сапарбаевты облысқа басшы етіп тағайындап кетті. Бекеңе қалған «мұра» - түгелге жуық жекешелендіріп кеткен және жұмыс істегенінен тоқтап тұрғаны көп стратегиялық нысандар-тұғын. Ол кезде күнгей өлкеде «Шаншар» театрының әртістері «қараңғыда байқамай басып кетпеңіздер, алдарыңызда Шымкент шаһары!» деп, шымшитын жағдайдың нағыз өзі қалыптасқан еді. Облыс орталығы сондай болғанда, аудан орталықтарының тұсынан түнде өту тіпті қорқынышты болатын – қап-қара түнде түнерген үйлердің сұлбасы кімнің болсын зәресін ұшырғандай. Бейне бір соғыстан кейінгі қирап қалған өлі қалалар  секілді. Шымкент қаласында жарық, жылу, көгілдір газ - бұның бәрі жоқ! Көп қабатты үйлердің халқы жаппай жерге түсіп, аулаға ошақ құрып, тамағын соған істеп жеп жүрген кез. Алтайдағы, Арқадағы, Атыраудағы достарымызбен хабарласқанда «жағдайымыз – осындай» десек, бір де біреуі сенбейтін. Сенсе де, сенбесе де сол еді... Шыдамы даласындай шексіз-шетсіз шымкенттіктер соның бәріне төзіп келе жатқан болатын. Бірақ, «төзімділік деген жақсы қасиет, бірақ, шексіз төзе беруге ғұмыр қысқа» деп ұлы Мұхаң Әуезов айтқандай, халықты бұлайша қинай беруге болмайтынын Бекең сезді де, стратегиялық нысандарды мемлекет меншігіне қайтаруға тырысты. Қайтарды да! Бірақ, бұл айтуға ғана оңай еді. ...Әкім Оңтүстік Қазақстан облыстық телеарнасының директоры Байдулла Қонысбековтің «Бетпе-бет» тікелей хабарында істің қалай жүріп жатқаны жайлы қойған сұрағына жауап беріп отыр: -Біз бұл жерде облыстық соттың шешімімен әлгі аталған нысандарды мемлекет меншігіне қайтарып аламыз, ал, «біздің ауылдың жігіттері» Астанаға барады да, не апаратындарын қайдам, Жоғарғы Соттан бұздырып келеді. Содан кейін бәрін қайтадан бастаймыз... Бұлай сөйлеу үшін қандай деңгейдегі тазалық пен адалдық керек болды десеңізші! Бекеңнің үшінші ерекшелігі – «ел сынаса – құлақ сал, ал, мақтаса – керең бол»! деп Қадыр ағамыз қалдырып кеткен қағидамен жүруге тырысатындығы.  Өзіне қарсы пікірі бар адамды жау көрмейтіні, орынды сынды түсіністікпен қабылдауы (тіпті, орынсыз сынға да мойымайтын, оған мысал төменде айтылады). Үш жыл бойы жемқорлармен арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысқан Бекең қалың халықтың сүйіспеншілігіне әбден бөленді. Қызметінен кетіп бара жатқанда журналистерге арнап шай берді. Шай үстінде сол үш жыл бойы тек қана Бекеңнің тырнағының астынан кір іздеумен айналысқан – жұмыс істейтін адам әрқашан өзіне жау көбейтіп алады ғой -  Шымкенттен шығатын «Ар-Дақ» апталығының редакторы Дәрменбай Шәріпке: -Шырағым Дәрменбай, бәрінен бұрын саған «қиын» болды-ау, енді сен әр апта сайын кімді жамандап жазар екенсің?!  Мен үшін жабылып жүріп ашылған газеттерің енді жабылатын шығар...– дегенде, жиналған жұрт ду күлген еді... SAPARBAEV 2      Бекеңнің үшінші ерекшелігі – бұл кісі біртуар Махамбет Өтемісұлы: «Толарсақтан саз кешсе, Тоқтамай тартып шығатын, Кәтепті қара нар керек, Біздің бүйткен бұл іске! Қабырғасын қақыратып, Біртіндеп тұрып сөксе де, Қабағын шытпас ер керек, Біздің бүйткен бұл іске!»- деп жырлап кеткен, нағыз еңбекке жаралған кәтепті қара нардың, қабағын шытпас ердің өзі! Нар екеніне дәлеліміз - «айдың мына туысы өзіне жайсыз, халыққа жайлы» дегендей, Бекеңнің қай жерге болсын, барғаны жеке өзі үшін ерекше қиындықтарға толы болғанымен, халық үшін үлкен олжа. Шымкенттегі алпауыттармен үш жылдық арпалысты айттық. Одан кейін Елбасының тапсырмасымен «бетімен жайылып кеткен, білгенін істеп жатқан» Кеден комитетіне барып, тәртіп орнатты. Одан кейін Алтайға барғанында екі-үш жыл қатарынан алапат қысқа, тасқын суға тап болды. Ер екеніне дәлеліміз – 2002 жылы азамат болып қалған ұлы жол апатынан қаза тапты. Бұрынғы заман болса, аға сұлтан Ерден Сандыбайұлы секілді қайғыдан қан жұтып, жер бауырлап жатып-ақ қалатын жағдай. Дана қазақ: «Қас арыстан белгісі, Айналып кетсең артына, Ақырмайды деуші еді. Қас жақсының белгісі, Қандай қайғы көрсе де, «АҺ!» ұрмайды деуші еді» - демейтін бе еді, Бекең де Президентке: «Ертерек серпілсін, ұмытсын» десеңіз, мені басқа бір жаққа, жұмысы ең ауыр деген жерге жіберіңіз» деп өтініш жазды. Кеденге ол кісі солай барды... Бекең оңтүстікке келген соң қазіргі сенатор Қуаныш Айтахановты Созақ ауданынан Сайрам ауданына әкім етіп ауыстырғанда аудандық газеттің редакторы, белгілі ақын, керемет тарихшы Жарылқасын Боранбай сайрамдық әріптесіне: «Бақ құсы менің басымнан ұшып, саған барды, пайдаланып қал!» деп, арнайы хат жазған екен. Сол айтқандай, ақтөбелік «елім! жерім!» дейтін азаматтар, Бекеңнің өздеріңізге барғанын барынша тиімді пайдаланып қалуға асығыңыздар!.. «Дәрменбайшылыққа» салынбаңыздар, аяғынан шалып қалуға, балтырынан қауып қалуға тырыспаңыздар! Танк тәрізді алдарыңызға ұстап, өздеріңіз оның соңында дағдарысқа, қиыншылыққа қарсы жаяу әскердей жабылыңыздар!.. Арманға берілген кейбір кезде, «Бердібек Сапарбаев секілді 20 азамат 20 облыс-қалаға әкім болып тұрса ғой («оңтайландырылған» облыстар ертелі-кеш қайтадан бір тірілер деген оймен қоса есептедік), тағы бір адал сүт емген 20 азамат 20 министрліктің құлағын ұстап отырса ғой... Әне, сол кезде біздің қазақты, Исатай батырдың тілімен айтсақ, «жерде құмай, көкте Құдай алар ма еді?» Әне, сол кезде қазіргідей күллі әлемге Дубайдың емес, Қазақстанның аты дүбірлеп тұрмас па еді?!» деп ойлайсың ғой. Кім біледі, «арман орындалады» деген сөз бар емес пе, осы?.. Өмірзақ АҚЖІГІТ qazaquni.kz