ПОЛИЦИЯ КАПИТАНЫ СОТ ШЕШІМІНЕ ПЫСҚЫРМАЙДЫ
2016 ж. 20 қаңтар
2929
1
«Райком сен тұрмақ, милицияға да ат берген жоқпын!» - деген екен бір қазақ мініске ат сұрап келген аудан өкіліне. Өйткені сол кездерде жұрт пагонды пәлелерден сескеніп, айтқанын екі етпейтін заман болған екен. Сонау отызыншы жылдарда қазақтың мәтеліне айналып кеткен бұл ұғым бүгін де күшін жоймаған секілді...
2002 жылы Қызылордада «Казнефтегазмонтаж-Қызылорда» АҚ құрылады. Оның акционері – Пернебай Рузикулов, Валерий Гребенюк және Айбазар Жүсіпова. Бірақ, бұл қоғамға ешқандай пайда әкелмегеннен кейін 2005 жылы акционерлердің жиналысында қаралып, оны таратуға шешім қабылданады. Таратушы комиссияның төрағасы болып Әбдіназар Рузикулов, А.Өткелбаев және А.Қарақузиева (бухгалтер) сайланады. 2007 жылы денсаулығына байланысты Ә.Рузикулов қатардағы жай ғана комиссия мүшесі болып қалады да, төрағалық А.Өткелбаевқа жүктеледі. Содан А.Өткелбаевтың атына «Тарату мәселесі қалай жүріп жатыр, акционерлердің үлесі қашан беріледі?» деген мәселе ауызша да, жазбаша да бірнеше мәрте қойылғанымен, тек 2010 жылы 13-сәуірде ғана Ә.Разикуловқа «Бюджетке қарызымыз бар, соларды әлі төлегеніміз жоқ» деген жауап келеді. Ол кезде қоғам меншігінде 28 түрлі техника, әкімшілік ғимараты, тұрмыс корпусы, ангар, Қызылорда қаласының шет жағында 1,5 гектар шамалас жер телімі болған екен. «2009 жылы А.Жүсіпова 106 млн. теңге құйды» деген жалған акт жасалады. Сол акт арқылы АҚ-ның 40 млн. теңгелік мүлкі А.Жүсіпованың атына аударылады. 2011 жылы Ә.Рузикулов сотқа сауал жасап жүріп, АҚ-ның ешқандай мүлкі қалмағанын анықтайды.
Ә.Разикулов А.Өткелбаевтың үстінен арыз-шағым түсіріп, 2014 жылы 14-қазанда Қызылорда облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты шағымды қанағаттандырып, «А.Жүсіповамен жасалған келісімшартты да жарамсыз деп таныған. Құзырлы орын 04.09.2013 жылы сот шешімінің күшіне енгеніне 9 ай өтсе де А.Өткелбаев мүлікті кері қайтарып алу жайлы ешқандай әрекет жасамай, қоғам акционерлерінің құқығына нұқсан келтіріп отырған дәлелін тапты» дей келе, А.Өткелбаевты төрағалықтан шеттету және мөрді тіркеу, бухгалтерлік, қаржылық, банкілік, шаруашылық, т.б. құжаттарды Ә.Разикуловқа өткізу туралы шешім шығарады.
Бірақ А.Өткелбаев сот шешіміне бағынбайды. Аталған сот 2015 жылы 3-сәуірде ОҚО жеке сот орындаушысы К.Жамаловтың осыған қатысты арызын қарап, 2014 жылы 14-қазандағы шешімін қайталап міндеттеген ұйғарым шығарса да, 2015 ж. 17-маусымда Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі алқасы да 2015 жылы 3-сәуірдегі ұйғарымды өзгеріссіз қалдыру, А.Өткелбаевтың оны бұзу жайлы жеке шағымын қанағаттандырусыз қалдыру жайлы ұйғарым шығарса да бәрібір бағынбайды.
Соттың шешімінің орындалмауы – қылмыс. Ә.Рузикуловтың осы мәселеге байланысты 22.08.2015 жылы жазған арызы бойынша қозғалған №155110031003958 қылмыстық істі қараған Шымкент қаласы, Енбекші аудандық ІІБ анықтаушысы, полиция капитаны М.Смаилов онда қылмыстың құрамы болмауына байланысты қысқартып жібереді.
Заңгер Жаңабек Әбішев былай дейді: «Бұл жерде сыбайлас жемқорлық орын алып отыр. Олай дейтініміз, біріншіден, соттың шешімі бар кезде тергеу талап етілмейді, керісінше, шешімнің 1 айдың ішінде орындалуы талап етіледі. Тек қана прокурордың шешімімен оны 2 айға созуға болады. Бұлар 3 айға созады, ол аздай, қылмыс құрамы жоқ деп қаулы қабылдайды.Тергеушінің «ҚР сот билігі туралы» конституциялық заңын бұзуға, соттың қатесін іздеуге ешқандай хақысы жоқ.
Екіншіден, сот шешімін 6 ай ішінде орындамаған адам қылмыстық жауапқа тартылуы тиіс. Оны жауапқа тартудың орнына бүркемелеп отырған полиция қызметкері де қылмыскер деп саналып, ҚР ҚК 413-бабы бойынша жауап беруі қажет.
Үшіншіден, полицияның кез келген қаулысы заңдылық тұрғысынан прокуратура тарапынан зерделеніп, тексеріліп отырады. Егер прокуратура заңды белден басқан тергеушіні өзі қорғаштап отырмаса, оның заңсыз қаулысын қалай өткізіп жібереді?
Ә.Рузикулов бұл қысқартуға қарсы арыз жазып, біз ол бойынша тергеуші қаулысының заңсыз екенін Еңбекші ауданының прокуроры М.Сматовтың қабылдауына кіріп, түсіндіргеннен кейін, ол М.Смаиловтың қаулысын бұзып, Еңбекші АІІБ-не қайтарып жіберген. Сонымен қатар, прокурор «М.Смаиловқа тәртіптік тұрғыдан жазалансын» деген ұсыныс та берген. Неге прокурор анықтаушы капитанның үстінен қылмыстық іс қозғағысы келмейді? Демек, бұлардың екеуі де пара алып, сол себепті қылмыскерді қорғаштап отыр деп күдіктенемін».
Біз іс барысын өз қадағалауымызда ұстап, оқырмандарды хабардар етіп отыратын боламыз.
Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті