ШҚО әкімінің орынбасары: Оқушылар мектеп бітірген соң «Сау бол, Қазақстан!» деп, шетелге тайып тұрады
2016 ж. 17 қаңтар
3270
1
Бүгінде еліміздегі мектеп директорлары оқушыларды өзге мемлекетке қызмет етіп, жат елдің экономикасын көтеруге дайындап жатыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыс әкімнің орынбасары Жақсылық Омар мәлім етті деп хабарлайды Қамшы порталы.
Оның айтуынша бұл мәселеге облыс әкімі Даниал Ахметов қатты көңіл бөліп отыр. Бір қарағанда Жақсылық Мұқашұлының көтеріп отырған мәселесі өзекті болуы мүмкін.
“Сіздер оқушыларды өзге мемлекетке қызмет ету үшін, жат елдің экономикасын көтеру дайындайсыздар ма? Әлде, сіздер біздің оқушылардың Қазақстаннан тыс жерде білім алуына мүдделісіздер ме? Бұл саяси мәселе, олардың білім алуына мемлекеттің қаражатын жұмсаймыз. Ал, олар білім алуды бөтен елде жалғастырады және сонда қалып қояды. Яғни, мектеп директорлары, мұғалімдер дұрыс жұмыс жүргізбейді деген сөз. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Біз балаларға бастапқы білім беріп, кітаптармен және жылы мектеппен қамтамасыз етеміз. Ал олар мектеп бітірген соң «Сау бол, Қазақстан!» деп, шетелге тайып тұрады, білім алуды сонда жалғастырады. Олардың басым бөлігі оқу озаттары, үздік оқушылар. Бұған алдымен сіздер, мектеп басшылары жауаптысыздар. Мына жерде тұрып ұялған түр көрсетудің қажеті жоқ! Жұмыс істеу керек! Оқушылармен, ата-аналармен белсенді жұмыс жүргізу қажет. Ата-аналарды шақырып, баланың білімі, болашағы туралы нақты талқылау, әңгімелер жүргізу шарт. Біздің Өскемендегі жоғары оқу орындары Новосібір мен Томск универсиеттерінен 10 есе артық білім береді. Ал, сіздер мемлекет болашағын ойламайды екенсіздер, онда орындарыңызды босатыңыздар”, – деді Жақсылық Омар.
Шет елге кетіп жатқан жастардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері екенін ескерген жөн. Мәселен, ресми статистикаға жүгінсек, 2014 жылы 31 мыңнан астам азамат шет елге көшіп кеткен. Олардың 26 600 – Ресейге, 2300 – Германияға, 1300 – Беларуське қоныс аударған.
qazaquni.kz