АҚИҚАТТЫ БҰРМАЛАУ–АРҒА СЫН
2010 ж. 22 қараша
2005
0
Биылғы жылғы қыркүйектiң 21-22-жұлдызында Қазақстан Жазушылар одағының және одақ құрылтайшылығындағы әдеби басылымдар - «Қазақ әдебиетi» газетi мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарының 75 жылдық мерейтойы Алматы қаласында кеңiнен аталып өткенi баршаға мәлiм.
Бiрiншi күнi Абай атындағы академиялық Опера және балет театрында ел зиялыларының, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтардың, Алматыда, Астанада және аймақтарда тұратын қаламгерлердiң қатысуымен Салтанатты жиын (мерекелiк пленум) болды.
Екiншi күнi Жазушылар одағының Әдебиетшiлер үйiнде үш басылымның мерейтойларына арналған арнайы конференция өттi. Күн тәртiбiнде екi мәселе қаралды. Бiрiншi мәселе бойынша әдеби басылымдардың өткенi мен бүгiнi, келешегi және қазiргi таңдағы ақпараттық кеңiстiктегi орны, мiндеттерi жайлы басылым басшыларының баяндамалары тыңдалды. Екiншi, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының «Жаңа кезеңдегi жаңа әдебиет» атты тақырыпта 2007 жылы 6 сәуiрде өткен кезектi VI пленумының қаулысын орындау мақсатында әрi сол жылғы ҚЖО-ның кезектi XIII құрылтайында айтылған ұсыныс-тiлектердi ескере отырып, жүзеге асқан ұйым Жарғысының жаңа редакциясы (өзгертулер мен толықтырулар енгiзу мәселесi) делегаттар талқысына ұсынылды.
Жалпы, жарғыға ұзын саны 5 бөлiмнiң 16 тармағына өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлген болатын. Осы өзгертулер мен толықтырулар конференция делегаттарының талқысына түстi. Бiр жарым сағаттық талқылаудан соң жобадағы өзгертулер мен толықтырулар дауысқа салынып, бiрауыздан қолдау тапты. Тек 7-бөлiмдегi «Құрметтi төраға, Қамқорлық кеңесi - құрметтi төрағалар кеңесi» деп аталатын бапқа (7.5) байланысты Төлен Әбдiк тарапынан келiспеушiлiк пiкiр бiлдiрiлдi. Осыған орай, жаңа редакциядағы Қамқорлық кеңесi нормасын қолдап Тұрысбек Сәукетаев, Иранбек Оразбаев, Адам Мекебаев т.б қаламгерлер өз көзқарастарын ортаға салды.
«ҚЖО РҚБ-нiң (Қазақстан Жазушылар одағы Республикалық қоғамдық бiрлестiк - ред.) кезектi немесе кезектен тыс съезiнде көпшiлiк дауыспен ҚЖО РҚБ-нiң Құрметтi төрағасы сайланады. ҚЖО РҚБ-нiң Құрметтi төрағасы болып кем дегенде бiр толық мерзiмде басқарма төрағасы болған, ҚЖО РҚБ-нiң дамуына және нығаюына елеулi үлес қосқан, ҚЖО РҚБ мүшелерiнiң көпшiлiгi арасында құрметке ие, жоғары iскерлiк беделi және моральдық адамгершiлiк қасиеттерi бар ҚЖО РҚБ-нiң мүшесi сайлана алады (7.5)» деп басталатын 7-баптағы енгiзiлген толықтыруларға мықтап ден қойған адамның бұл нормалар ұйым мүддесiн көздеуден туған жанашырлық пен сақтандырудан, ұйымның iшкi бiрлiгi мен тұтастығын қорғаудан туындап отырғанын аңғармауы мүмкiн емес. Айналып келгенде, бұл өзгерiстер мен толықтырулар кешегi сот пен отқа түскен күндердiң ащы сабағынан қорытынды шығару, ұйымның өмiр сүру қабiлетiн қамтамасыз етуге қызмет етер дүние-мүлiктi сақтау иммунитетiн орнықтыру үшiн қарастырылған заңды шара. Сондықтан бұл бөлiмдегi нормалар төркiнiнен «шексiз билiк көрiп», қайсыбiр әрiптестерiмiз айтқандай, «авторитарлықтың салқынын iздеудiң» тiптi де қисыны жоқ. Ондай норма талқыланған толықтыруда атымен жоқ. Ендеше, жоқ нәрсенi iздеп, өзiн де, өзгелердi де адастыру, ақиқатты бұрмалау кiмге керек? Не үшiн керек? Бос байбаламның, елге жалған ақпарат таратудың арты абыройсыздыққа апаратынын ұмытпайық.
Жарғыға осы баптың енуi - одақ мүлкiнiң қолды болмауына, қаржылық бей-берекеттiктiң орын алмауына бiрден-бiр қажеттi алғышарт. Жарғы ұзақ жылдарға арналғандықтан, болашақта келетiн жаңа құрамға да «ойласып пiшкен тон келте болмайтынын» ұғынуға мүмкiндiк беретiнi күмәнсiз.
Осы жиын өткен соң, елiмiздегi кейбiр ақпарат құралдарында, интернет-сайттарында әртүрлi алып-қашпа әңгiмелер гу ете қалды. Және бiр қызығы, соны жазып жатқан әрiптестерiмiз (Төлен Әбдiковтен басқасы) - жарғыны талқылау конференциясына күнi бұрын арнайы делегат ретiнде шақырылса да келмеген, қатыспаған қаламгерлер. Атын атап, түсiн түстесек, Мұхтар Шаханов та, Дулат Исабеков те бұл жиында болған жоқ. Төлен Әбдiковтiң өзi де талқылаудың ақырын тоспастан, жиынды тастап, шығып кеткенi қалың қаламгердiң есiнде. Қалған 234 делегат талқылауда тапжылмастан соңына дейiн отырып, өз пiкiрлерiн бiлдiрiп, дауыстарын бердi. Соның нәтижесiнде жарғыға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар бiрауыздан қабылданды.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерi Мұхтар Шаханов пен Дулат Исабеков, өкiнiшке қарай, оқырман мен көрермендi адастыратын жалған ақпарат таратты. Өздерi қатыспаған жиынға сырттай тон пiшiп, өздерi байыбына жетпеген әңгiменiң көрiгiн үрледi. Байбалам салды. Жарғыда атымен жоқ «мәңгiлiк төраға» деген аңызды ойлап тауып, қауесеттiң өртiн қаулатты. Конференцияда ешқандай төраға да, құрметтi төраға да, «мәңгiлiк төраға» да сайланған жоқ. Дардай бастарымен жоқты бардай қып айтып, жалған ақпарат таратқан әрiптестерiмiз әуелi жарғыны қабылдауға бiрауыздан дауыс берген делегат-әрiптестерiнiң алдында не дейтiндерiн, сонан соң қалың оқырмандарының алдында қалай жауап беру керек екенiн ойланды ма екен?!
Ақиқатты бұрмалау - арға сын!
Кез келген ақпарат құралдарының артында мыңдаған, жүз мыңдаған көрермен мен оқырман тұрғанын ескере отырып, кез келген тұлғаның қалың жұртшылыққа бағыттайтын сөзiне үлкен жауапкершiлiкпен қарағаны ләзiм. Ал нақақ жала жабудың, жалған қауесет таратудың жауапкершiлiгi заңда нақтылы қарастырылған...
Жазушылар одағы - ешкiмнiң жеке меншiк ұйымы емес. Бұл - қазақ руханиятының қара шаңырағы, ұлттық тұтастығымыздың ұйытқысы.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы,
ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты