Қымбатшылық қылқындырып барады
2016 ж. 13 қаңтар
3086
0
"Доллар кетті ырғақтап, Құрыққа көнбей сырғақтап. Төл теңгенің құны жоқ, Азық-түлік қымбаттап", - деп өлеңдетіп жүрміз, әйтпесе қайбір жетіскеннен шыққан өлең дейсің. «Көңілдің кірі айтса кетеді» дегендей басына небір зобалаң күндер туғанда, қара көздерін қанды жасқа малған ата-бабаларымыз мұң-зарын, көкірегі толған шемен-шерін жырмен шайған ғой. Сол бабадан қалған үрдісті, бүгінгі ұрпақ жалғауда. Өмірі жайлы болмаған соң, өлеңдетпегенде қайтеді. Әсілі өлеңнің алуан түрі бар, тойлы өлең, аужар өлең, бесік өлең, қайым өлең, ары қарай кете береді.
Соның бірі мұңлы өлең, мұны тойынғаннан айтпайды, құсалықтан айтады. Әкімқаралар жорналшының мұнысы несі-ей, қазір аштан өліп, көштен қалып жатқан ешкім жоқ қой, дейтін шығар. Шынымен солай ма? Кім тойып, кім тоңып секіріп жүр айналаңа қараңызшы. Кебенекке оранған кедейлер түгілі, құстың сүтінен басқаның бәрін ішіп отырған, аузы тұрмақ мұрты да майға шыланған байлар дағдарыс басталғалы бері пәленбай миллиардтан айырылдың деп ақпарат құралдарына мұңдарын шағып, жылап жүр. Байлар да жылайды деген осы. Ал, олардың қасында, «Басқа тартса аяғына жетпейтін» келте көрпе жамылған ашқұрсақ халық: «Бұдан жаман күнімізде тойға барғамыз, күннің жаманы кетер, ел іргесі тыныш болса бір қайыры болар» деп, дағдарыста, танауын тасқа соққан балықтай есеңгіреп қалды. Есеңгіремегенде, «аспандағы айды жерге түсіремін» деген бұрынғы Халық банктің басшысы Қайрат Келімбетов дағдарыста теңгенің жағдайы не болғанын өзі білмей қалды. Қайта рахмет, өгей әкеміз өкімет өзегімізге теппей, зейнетақы мен әлеуметтік аз қамтылғандарға, жалақылары аз деген мұғалімдерге, дәрігерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, білімдері мен категорияларына байланысты жаңа жылдан бастап жалақыларын 40 пайызға дейін көтеруге пәрмен берді. Бірақ, алқымнан алған қымбатшылыққа қарасақ, бұл жасалып жатқан қамқорлықтар «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» болып тұр. Әу баста, қымбатшылыққа қарсы майдан ашып, базар мен сауда үйлеріндегі сатылымға шыққан азық-түлікке, «Саптаяқтың сабына қарауыл қойғандай» бақылауға алған жергілікті биліктің пәрменінен түкте шықпады. Бірлі-жарым әлеуметтік дүкендер болмаса, қалғандарын нарықтың заңы бойынша еркіндікке жіберуге мәжбүр болды. Облыс орталығы Талдықорғанның өзінде ғана орталық базардағы бағаларға көз сүзсеңіз осыдан 4-5 ай бұрын ғана қызанақтың, қиярдың, апельсиннің, жүзімнің бір келісі 500-550 теңге көлемінде болса, бүгінгі таңда оның бағасы үш есе шарықтап 10200-10300 теңге жеткен. Жылқы, сиыр, қой еттерінің бағалары осы деңгейде. Бұдан бөлек, сыр, шұжық, қаймақ, күнделікті дастарқанға қажетті өнімдердің бағалары күнара құбылып барады. Тіпті, жергілікті жерде жылы жайлардағы қысы-жазы өсірілетін көкөністердің бағалары, сырттан тасымалданатын көкіністің бағаларымен иық тірестіріп тұр. Бұқара халықтың хабырғасын қайыстырып тұрған да осы азық-түліктер.
«Ақыш таздың амалы-ай» демекші, жергілікті билік өкілдері сенбі күндері «Жетісу» коммуналдық шағын базарында жәрмеңке ұйымдастырған болады. Ол күнделікті базардан 15-20 теңге төмен бірақ та, дәл осы күні сол базарға орталық базардағы саудагерлер барып саудаларын қыздырып жүр. Ақырын іш тартып, мұнда төмен бағамен сатылады, ұтыласыңдар ғой десек, аты-жөнін айтпауды өтінген бір танысым «таразы аман болса, есеп түгел ғой»-деп, күлімдейді. Сонда кім ұтты, кім ұтылды. Желтоқсан айының басында көпқабатты тұрғын үйлерге коммуналдық төлемдер бағасы шарықтаған болатын. Онда да, жылу жүйесі бұрын 46,28 теңге болса, жаңа тарифпен 57 теңге 84 тиын, ыстық су 176, 09-дан 220, 11, суық су 88,75-ден 192 жертөледегі жылу счетчиктері қосқандағы бағамен 13 есеге өскен. Бұл енді, зейнетақымызға үстеме қосылды деген зйнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға «жығылған үстіне жұдырық тигенмен» бірдей болды. Жайма базарға барсаңыз да, сауда үйлеріне барсаңыз да, қолдарындағы бақырларын санап, «ақшам жетпейді айналайын, кішкене түсіріп берші» деп жәутеңдеген кәрі-құртаңдарды көргенде қабырғаң қайысады. Басқа-басқа астықты өлке атанған Қазақстанда нанның бағасы әртүрлі ғой, дейді зейнеткерлер. Талдықорғанда бұл баға 60- 85 теңге аралығында. Осындайда «Мың асқанға бір тосқан болады» - деген тәмсілдің жаны бар ма, деп қаласың. Бір кездері осы нанды ысырап қып, қоқыс тастайтын жәшікке пәкет-пәкетімен тастап, оның қызығын қаңғыған иттер мен мысықтар көріп, қара жерде шашылып жатқан ас атасын көргенде көкірегіңді аяныш сезім билейтін. Дағдарыстың дауылы ұйтқығалы тиын-тебен санаған қала халқының көбі қазір дүкендерден нанды жартылай кесілгенін алып жатқанда «әәә, халық тәубеге келейін деген екен ғой» - дестік. Бұл әрине, орта топтағы адамдарға сабақ болған шығар, ал ақ бөлкені өзі түгіл пәтердегі итіне беріп отырған ауқаттыларға бұл қымбатшылық шыбын шаққан құрлы болған жоқ шығар.
Бір ойды, бір ой қозғайды ғой. Кеңестік кезеңде сыра қымбаттап кетіпті. Шіліңгір шілде кенегезі кепкен бір топ қаламгер, сыраханада шөлдерін басып тұрса, таңдайы құрғаған бір ағамыз сыраханада тұрған әріптестеріне «сыра әперіңдерші» десе, «бір шумақ өлең шығармасаң сыра жоқ» - дегенде, әлгі пақыр: «Ымбап-пап, Ымбап-пап, пива кетті қымбаттап» деген екен. Сол, шайыр ағамыз айтпақшы, енді қымбатшылық балабақшаға да жетті. Мәселен, Жамбыл облысында мектепке дейінгі мекемеге баласын берген ата-аналар дүрлігіп жатыр. Бұған дейін тұрғындар 5 мың 700 теңге төлеп келсе, ендігі жерде бұл төлем екі есеге артпақ дейді. Ал, Маңғыстау облысында мемлекеттік балабақшадағы бір орынның төлемақсы 10 мың 50 теңгеге қымбаттаған. Сондай-ақ, оларда жаңа жылдан бастап жұмыс уақыты бір сағатқа ұазартылған. Ал, бұл облыстардың қасында ең қымбат баға Алматы облысы Талдықорған қаласындағы мемлекеттік балабақшаларда болып тұр. Қымбатшылық басталмай тұрып-ақ, мұндағы бір балаға төлемақы 11 мың теңгенің көлемінде болса, жекеменшік балабақшалар 15-19-22 мың теңге көлемінде. Бұл бағаның өсуін-өспеуінде жекеменшік балабақшалар өздері шешетін сияқты. Мәселен, «Арлен» жекеменшік балабақшасы «егер Балапан бағдарламасына қосылсақ, бағаны төмендетеміз» деп ата-аналарға уәде беріпті, кейіннен бағдарламаға қосылған соң «енді бағаны түсірмейміз, әрі өсірмейміз осы күйінде қалады» деген шешімге келген. Мейлі ғой, бұл заман «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегенге дөп келіп тұрған жоқ па? Қымбатшылықтың қылбұрауы дағдарысқа дейін банктерден несие алғандарды күйзеліске түсірді. Ол аз болғандай кейбір кәсіпорындар мен құрылыс фирмалары жұмысшылардың еңбекақыларын айлап-жылдап бере алмай, жұмысшы қауымды босағаларынан сығалатып қойды. «Алған несиелеріміз бар еді, бала-шағамыздың мектепке киіп баратын аяқ киімі жоқ» - деп көгілдір экраннан көздері жәутеңдеген қаратабан жұмыскерлерді күнде көруге болады. Отандық өнімге сұранысты арттыру мақсатында алты ай бұрын үкімет банктен ел-жұртты жарылқап, 3-4 пайызбен несие береміз отандық көлік алыңдар деген болатын, автокөліктерін жаңалаған қазақстандық азаматтардың көбі несиеге жүгінген. Араға дағдарыс киліккен де, солардың көбі мұрындарына су жетіп, алған несиелерін ай сайын қалай жабабыз деп, бастары қатуда.
Тағы бір танысым 14 пайызбен 4 милионға салоннан көлік алған-ды. Оны жеті жылда айына 100 мың теңгеден құйып тұруға тиіс, «ұтамын деп ұтылдым, мен банкке 4 миллионды 7 миллион ғып қайтарамын, алатын жалақым сексен мың, енді несиені жабу үшін күндіз жұмыста түнде таксилік қызмет жасап жүрмін. Ескі көлікті жамап-жасқап екі есе шығын шығарғанша жаңасын алайын деген едім, алған несиемді жабамын» деп, арқа етім арша, борбай етім борша болды. Дұрыс ұйықтаудан қалдым, банктен алған қарызым бас ауруға айналды» дейді. Қымбатшылық қараша қауымды қан құстырып жатыр. Айналаңа қарасаң, дүниенің бәрі қымбат халықтың жағдайына қарайық деген бір кәсіби мекемені көрмейсің мейрамханаларда жаз айларында адам басына 4-4 мың 500 теңгеден алушы еді, олар да енді банкеттермен тойлардың бағасын 7-10 мың теңгеге көтеріпті. Демек, ақшасы бар адам ғана той жасайды, болмаса баласы үшін ел-жұрттың банктен несие алатынын тойхана иелері де біліп алған. Азуы алты қарыс алпауыт елдердің экономикасын шайқап жіберген дағдарыс миығынан күліп жүрген миллионерлердің де дал-дұлын шығарып тиын санауға көшірді. Алпауыт кәсіпорын қожайындары іштерін тартып жарауаттай мамағашты айналып қалды. Себебі, өндірген өнімді өткізуге үлкен мәселеге айналып, жұмысшыларды бірі ақысыз еңбек демалысына шығарса, енді бірі қысқартып жатыр. Айналадағы саяси ахуал да көңіл көншітіп тұрған жоқ. Кедендік Одаққа кірген мемлекеттер Ресейдің қабағына жәутеңдеп қалды. Түркияға енгізген түрлі санкциялардан кейін Ресей арқылы бізге түркі тектес халықтан келетін тауарлардың жеткізілуі қиямет қайымға айналды. Бұған Украинаны қосыңыз. Кедергілерден зорығып әрең жеткен өнімдер бағасы шарықтады. Ортада жүрген делдалдың қосатыны тағы бар. Оның ішінде өзіміздің отандық өнімдердің, коммуналдық төлемдердің бағалары нарық талабына сай шарықтауда. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шықпа жаным шықпа» деген қара халықтың қалтасын қағуда.
А. Дінислам,
qazaquni.kz