МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ШЫМБҰЛАҚ ҚЫЗМЕТІН СЫНАДЫ
2016 ж. 13 қаңтар
2202
0
Шымбұлақтағы әжетхана мәселесі Мәжіліс депутатын таңғалдырып, жағасын ұстатты. Тау-шаңғы кешеніндегі қызмет сапасын сынға алған Нұрлан Жазылбековтің жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көптеген пайдаланушылар осы сынға қатысты өз пікірлерін білдірді. Олардың басым бөлігі депутаттың ойымен ұштасып жатыр.
Шын мәніндегі еліміздің мақтанышы болып есептелетін Шымбұлақтың аты шартарапқа жақсы танымал. Шебер табиғаттың өзі сыйға тартқан мұндай спорт кешені үшін лайықты орынды табудың өзі қиын-ау. Шетелден келген туристер алдымен Медеу мен Шымбұлаққа аттанатыны сондықтан болар. Олардың тамсанып, табиғат көркіне қызыға қарағандарына да талай рет куә болғанбыз. Бірақ, қолда бардың қадірін біліп, кешенді күтіп-баптап, халыққа лайықты қызмет көрсету жағы жұмсартып айтқанда жетіспейді, жиі сынға ұшырап, көпшіліктің көңілінен шықпай жатады. Біздегі «іскерлер» аз жұмыс істеп, күректеп ақша табуды ғана ойлайды. Ал сол ақша сапалы да лайықты қызмет көрсету арқылы келетінін мүлдем еске алмайтын сияқты. Оның үстіне алдында айтқанымыздай бүкіл Қазақстанның мақтанышы болып отырған соң еліміздің беті мен беделін де көрсетпей ме? Өкінішке орай, ол жағы Шымбұлақ басшыларын толғандырмайтын көрінеді. Бұл жерде Нұрлан Жазылбеков мәселені тегін, еріккеннен көтеріп отырған жоқ, депутат үшін айналысатын басқа да проблемалар жетерлік. Сондықтан да Шымбұлақта шаңғы тепкен шетелдіктердің талапқа сай әжетхана таппай, түзге дәрет сындырғанын көріп, шетелдіктер үшін емес, ел намысын ойлап күйіп-піскен. Ағаштан салынған сұрықсыз нысанға кіруге дағдыланбаған шетелдіктер біз туралы ертең не дейді деген ой мазалағандықтан өз пікірін ашына айтты. Алайда депутаттың сынына ұшыраған Шымбұлақ әкімшілігі де «ұялған тек тұрмас» дегендей қарап қалмады. Олар ағаштан салынған әжетхана құтқарушыларға арналған дейді. Ал дәрет қысқан демалушылар төменгі сырғанау алаңдарына барып қажеттілігін өтей алады екен. Әлемдік деңгейдегі тау-спорт кешені басшыларының аса ұялып, қысыла қоймағаны осыдан-ақ көрініп тұр емес пе? Әрине, бұл жауапқа қанағаттанбаған депутат Нұрлан Жазылбеков әйгілі демалыс кешеніндегі әжетхана ғана емес, жалпы қызмет көрсету сапасына байланысты мәселеге үкіметтегілердің де назар аударуын, қажет болса тікелей араласуын сұрады.
"Қазақ үні" газеті