«АҚ ЖОЛДЫҢ» АНКАРА САПАРЫ ТАБЫСТЫ БОЛДЫ
2016 ж. 13 қаңтар
1553
0
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партия делегациясы Түркиядағы билеуші «Ak party» шақырумен Анкара қаласында өткен «Жастар қанатының» 4-Конгресіне қатысты.
«Ақ жол» делегациясын партия төрағасының кеңесшісі Мақсат Жақау және Орталық кеңесінің мүшесі Азиз Қожамбетов бастап барды. Олар шетелдік іс-сапар барысында, шақырушы жақтың іскерлік бағдарламасы негізінде Түркия Республикасының премьер-министрі, қазіргі «Ak party» төрағасы Ахмет Давутоғлумен, Анкара қаласының мэрі Ибрагим Мелих Гөкчекпен, партияның «Жастар қанатының» жетекшісі Абдурахим Бойнукалинмен кездесулер өткізіп, екі жаққа да тиімді пікірлерімен бөлісті.
Кездесу барысында әлемдегі өзекті мәселелермен қатар, геосаяси ахуалдардың бейбіт жолмен қарастырылатын шешімдердің ұтымдылығына мән беріп, партияаралық қарым-қатынастарды одан арықарай өркениетті дамыту бағытында тығыз саяси тәжірибелік-ақпараттық алмасулардың тұрақты жүргізілетіндігі туралы мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, «Ak party» басшылығының тарапынан Қазақстандағы саяси партиялардың даму үрдісіне, демократиялық-азаматтық қоғамдық ұйымдарының бастамалары мен халықтық жобаларына сәттілік тілеп, Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының заңшығарушылық жұмысына, әсіресе, кәсіпкерлікті қолдау, сауда-экономикалық тұрақталу жүйесіне, өнеркәсіптік саланың нарықтық бәсекелесу үрдісін жасақтау мен мемлекеттік салықтық саясатындағы құқықтық-қоғамдық нәтижелі табыстарын жоғары бағалап, ерекше атап өтті. Алдағы уақытта да «Ақ жол» партиясына достық-әріптестікте болу ниетін білдірді. Кездесу барысында екі тарап та партиялық қызметтің тәжірибелерінен тәлімді сабақ алып, өзара қарым-қатынасты тереңдете түсті.
Анкара сапары барысында «Ақ жол» партиясының өкілдері 30 мыңдық партия мүшелері мен қонақтар жиналған Гранд Анкара Аренада «Ak party» «Жастар қанатының» 4-Конгресінің сьезіне қатысты. 45 мемлекеттен келген саяси ұйымдардың 185 жуық делегаттардың қатысуымен салтанатты түрде ашылып, Конгресс жиынында күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, шетелден келген қонақтардың да пікір-тілектері тыңдалды.
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі