Жасөспірімдер арасындағы қылмыс неге жиілеп кетті?

қылмыс Бүгінде кәмелет жасына жетпей жатып қылмысқа баратындардың саны артқаны байқалады. Мұндай оқиғалардың көпшілігінің бастауында әлімжеттік тұратыны да анықталған. Көбіне бір-біріне күш көрсету оқу-білімсіз жүрген, айналысатын ісі жоқ жасөспірімдердің арасында орын алады деп жатамыз. Бірақ қазіргі таңда түрлі деңгейдегі білім ошақтарының өзінде мұндай оқиғалардың жиілеп кеткендігі алаңдатып отырған жайы бар. Мәселен, таяуда Шымкент қаласын­дағы Сабыр Рахымов атындағы Әскери мектепте жаппай төбелес орын алды. Осы оқиғаның салдарынан 6 адам ауруханаға түскен. Сондай-ақ, он бес жасқа толмаған тағы төрт адам жедел жәрдем көлігімен облыстық балалар ауруханасына жөнелтіліпті. Міне, бір ғана кикілжіңнің өзінен онға жуық адамның денсаулығына залал келгенін көріп отырмыз. Бұған қоса, бұрындары тек қана еліміздегі дарынды оқушыларды тәрбиелеумен танылған қазақ-түрік лицейінде де әлімжеттік көрінісі тіркелген. Зардап шеккен оқушылардың ата-аналары орын алған оқиғаны бейнежазбаға түсіріп, ғаламторға жариялап жіберіпті. Бұл жағдайда аталған оқу орнының 7-сынып оқушыларына жоғары сыныптағылар күш көрсетіп, «салық» салғаны анықталған. Ал, оны дер кезінде төлемегендерді соққыға жығуға дейін барған. Осынау бір ғана лицейдің өзінде он бес оқушыға әлімжеттік жасалған. Шу шыққан екі оқу орнында да оқушылар білім ұясының жатақханасынан қатынап, дәріс алатындығы белгілі. Сондықтан да негізгі жауапкершілік оқу орнының қызметкерлеріне жүктеледі. Мұндайда білім беру мекемелеріндегі оқушылардың тәртібіне жауапты мамандар не қараған дейтін орынды сауал туындайды. Бұл тұрғыда тек ұстаздарды қаралау да қисынсыз. Бала тәрбиесі ата-ана мен мұғалімге ортақ іс екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, ата-анасынан жырақта жүрген балалардың тәртібімен қатар, мінез-құлқына да зер салу қажет-ақ шығар. Өйткені осы бағытта ақыл-кеңес беретін психолог мамандар кез келген білім беру ұйымдарында қызмет атқарады емес пе? Бір-бірінің денсаулығына залал келтіру бергі жағы екен. Алматы облысына қарасты №2 мектептің оқушылары осы мектептің оқушысы Шахзат Махаметовті жоғары сыныптың он екі оқушысы жабылып, ұрып өлтірген. Жеткіншектеріміздің бесіктен белі шықпай жатып, қылмыскер атануы болашағымыздың бұлыңғыр тартып бара жатқанын көрсетпей ме? Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жиілеуінің себебін психолог мамандар былайша түсіндіреді: «Жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі – олардың нақты бір мақсат-мүддесінің жоқтығы. Сонымен қатар, бұл тұрғыда ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндіктерінің болмауы. Тағы бір себебі – балалардың жүрген ортасына қарай бейімделуі». Нарық қыспағына алған бүгінгі заманда ата-аналардың дені жұмысбастылықты желеу етеді. Осыған байланысты мұғалімдермен ортақтаса отырып, жұмыла жұмыс істеуге құлшынбайды. Мұның барлығы айналып келгенде оқу орындарындағы келеңсіздіктердің көбеюіне ықпал етеді. Көрсеқызарлық бойжеткен қыздарды да ұрлық-қарлыққа итермелеуде Жеткіншек жастардың бұзақылыққа көп баруына ұялы телефонның бүгінгі қоғамда кең қолданысқа ие болуы да түрткі екендігін айтуға тиіспіз. Өзгенің қолындағыдай жылтыраған бұйымды иеленуге деген құштарлықтың арты қылмысқа апарып соқтыруда. Ер балалардың күш қолдану арқылы бір-бірінің затын тартып алатыны жиі кездесетін құбылысқа айналды. Ал, мұндайды қылықты қыз балалардың бойынан көргенде ұлтымыздың ұяты қалай қарай беталды деп ой тұжырымдаймыз. Мәселен, жуырда Орал қаласында №21 орта мектеп жанында кәмелет жасына толмаған екі қыз такси шақырамыз деп, өзге біреудің ұялы телефонын сұрап алады. Жәбірленушінің назары басқа жаққа ауғанын пайдаланып, ұялы телефонды алып қашып, оқиға орнынан бой тасалап үлгереді. Алаяқтыққа барған екі қыздың әрекеті көп ұзамай-ақ әшкереленіп, екеуі де үш жылға бас бостандығынан айырылған. Осыдан біршама уақыт бұрын Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде өзінің курстасын компьютер үшін пышақтап өлтірген студенттің әрекеті де жантүршіктіреді. «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіретіні» рас. Қылмысқа барған жастардың біразы қажеттілікті алға тартса, Тойота хайландер, джип сияқты қымбат көліктердің бірін алып, бірін салып, мініп жүрген бұл жас жігіт ойындағысы орындала қоймағасын, қарсыласқан адамына пышақ сұғуға дейін барған. *** Тізе берсек, жас өскіндердің қатысуымен болған қылмыстар шаш-етектен. Тіпті, бұғанасы бекімеген жас буынның арасында есірткіге елітетіндер де жоқ емес. Бір ғана Астана қаласы бойынша кәмелеттік жасқа толмаған 71 бала тіркеуде тұрғанын ескерсек, еліміз бойынша бұл цифрдың қаншаға жететінін ойлаудың өзі қиын. Иә, балалық шағында-ақ, қылмыстың «дәмін татқан» жас өскіндерімізді дұрыс жолға бейімдеудің жолы қайсы? Мұндай жасөспірімдерді дұрыс жолға бағыттау үшін баланың қандай іспен шұғылдануға бейім екендігін анықтап, сол іс бойынша еңбектенуге баулыған жөн. Бұл тұрғыда әрбір жастың жеке тұлға екендігін ескере отырып, бұл тұрғыда олардың пікірімен санасу да аса маңызды. Әлбетте, перзенттерінің өмірдегі өз орнын табуына алдымен ата-анасы барынша көмек қолын созуы керек. Бұл жолда ешбір ата-ана аянып қалмасы анық. Өйткені ұл-қызын жамандыққа кім қияды? Әйтсе де, қылмысқа барған жастарды түзеу оңай іс емес. Мұндай қадамға барғандардың арасында дұрыс жөн сілтеген жанның сөзіне құлақ аса қоятындары некен-саяқ. Олардың арасында бірен-сараны ғана дұрыс бағытта өмір сүруге саналы түрде қадам басуы мүмкін. Әйтпесе, қалғандары бір жасаған ісін қайталауға құмбыл. Жастар арасындағы қылмыстың негізгі себебі – оларды кішкентай күнінен тәрбиелеу кезінде жіберіп алған қателіктер болуы мүмкін. Сол себептен де әрбір отбасы бала тәрбиесін әу бастан-ақ басты назарда ұстағаны абзал. Қазақта баланы тәрбиелеуге қатысты ұлы Абайдан артық ешкім асырып айтпаған шығар, сірә. Мәселен, Абай өзінің 10-қарасөзінде: «Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп біреуді боқтатып, «кәпір, қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп оны мазаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?» дейді. Қарап отырсақ, ойланатын жәйт. Өйткені, бұл көпшілігіміздің отбасымызда кезігетін жағдай. Шындығында, әсіресе, «ананы әперші», «мынаны әперші» десе, баланың көңілін қалдырғымыз келмей, оларды өкпелетіп алудан қорқып бар уәдені үйіп-төгіп бере саламыз. Кейіннен сол айтқанымызды орындайтын мүмкіндігіміз болмай қалатыны да жасырын емес. Сол себепті де, «бала ғой» деп көңілін жықпағаннан гөрі, ересектерше ашық сөйлесіп, бәрін түсіндіруге тырысқанымыз әлдеқайда дұрысырақ екен. Біз тілге тиек етіп отырған дүниенің барлығы бір қарағанда қарапайым жайт сияқты көрінетіні де рас. Бірақ балаға жөнді тәрбие беру – болашаққа жарқын жол салу. Бала тәрбиесі – ең өзекті мәселе. Данышпан Абайдың бұл тақырыпқа қайта-қайта оралатыны да сондықтан. Ол өзінің жетінші қарасөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі –білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, даусына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» дейді. Кейде біз балаларымыздың білсем екен деген тұрғыда бірінен соң, бірін жаудырған сауалдарын жауапсыз қалдырып, «ойнай қойшы» дейтін сәттеріміз де кезігеді. Мұның барлығы өз кезегінде бала тәрбиесінде ата-ананың тарапынан байқалмай кетіп жатқан кемшіліктердің қатарын толықтырады екен. Сол себепті де балаларымыздың әрбір сұрағына, бұйымтайына бей-жай қарамай, жібі түзу жауап бергеніміз аса маңызды екенін қаперімізден шығармағанымыз абзал. «Бала тәрбиесі – ананың құрсағынан басталады». Бұл ұстаным ертеңгі күні «Қолымды мезгілінен кеш сермедім...» демес үшін, бала тәрбиесін өсе келе емес, ананың бойына біткеннен бастауға үндейді. Өйткені, бала тәрбиесінде жіберген кішкентай қателігіміз, ертеңгі күні орны толмас өкінішке апарып соқтыруы ғажап емес... Пікір

Қымбат Әбілдәқызы, ақын, «Айгөлек» журналының автор-редакторы:

КӨРГЕНІ ЖАМАН БОЛҒАСЫН

Жасөспірімдер арасында жантүршігер оқиғалар жиілеп барады. Оған бұрынғы адамдар айтып отыратын «көргені жаман ғой көргенсіздің» деген сөзі келетіндей... Иә, бала көргенін қайталайды. Ал, олардың сыртқа шықпай-ақ, үйде отырып та теледидар мен интернеттен оңған дүние көрмейтініне кімнің дауы бар?.. «Тас түскен жеріне ауыр» болатынын ата-аналар дер кезінде ойлай бермейді. Көбі «жұмыс, жұмыс, күнкөрістің қамы» деп шаршаулы. Мектептердің тәрбие жұмыстары жүйесіз. Ұлттық сипаты жүйке жұқартарлық. Сондықтан қараусыз, тыйымсыз, имансыз, еліктегіш жастағы ұл мен қыз бойындағы бұла күшті қайда, қалай жұмсарын білмей, отқа түскен көбелектей жанбай жатып сөнуге бой ұруда. Бізге, қазаққа жетпейтіні, елдік деген ұғымды естен шығарғандық. Жастарымыздың досқа күлкі, дұшпанға таба болуы, қор болуы – бір отбасының, бір рудың, бір жердің ғана емес, тұтас елдің, ұлттың бетіне жағылған күйе. Оны ойлап жатқан кім бар? Елдік деген үлкен ұғым. Оны ел болып қорғау намысы оянбай, көрешегімізді көрмей өлмейміз. Сөзім – өзімдікі. Елдік еңсесін көтеруі үшін ер азаматтар тез есін жиюы керек. Өзін-өзі сыйлататын бедел алуға қаракет етуді қолға алғаны жөн. Сонда олардың қас-қабағына қарауды үйренген отбасы қоғамдағы ер тұлғаның естілік деңгейі қайтсе заманды алға сүйрер еді. Қазір сақалды басымен, ағарған шашымен жастар жасаған жаншошырлық оқиғаларды жай бір жаңалықтай әңгіме қылатын кәрілер көбейіп кетті. Әр аудан, әр ауыл, әр көшеде басы сыйлы бір үлкен жоқ дегенге кім сенеді? Тек солардың бағасын біліп, елдікке қызмет етуге ұйымдастыратын әкім-қараларда жетелі сана, рухты өре аздау емес пе?!. Мұхтар Әуезовтің: «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» деген сөзі ешқашан ескірмесі анық. Әдебиетпен арын тазартпайтындарға, кітап оқымайтындарға, адал еңбекке араласпайтындарға түрлі қылмысқа бару түкке де тұрмайды. Жастар тәрбиесін есейгенде емес, сәби кезінен қалыптастыруға жаңаша, жанашар жүйеге көшпей, қатыгездік, қанішерлік, қаныпезерлік жойылады деу – жай сөз.

Гүлмира САДЫҚ

"Қазақ үні" газеті