ГРИНБЕРГТЕРДІҢ ҮЗІЛГЕН ҮМІТІН «АҚ ЖОЛ» ПАРТИЯСЫ ЖАЛҒАДЫ
2016 ж. 12 қаңтар
2273
0
«Ақ жол» партиясының араласуынан кейін «БанкЦентКредит» қазіргі кезде қиын жағдайға тап болған Гринберг отбасының несиесін өтеу шарттарын қайта қарады.
Естеріңізге сала кетейік, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің атына Татьяна Гринбергтен банктен алған несиені жеңілдік арқылы төлеуге көмек көрсетуін сұраған арызы келіп түскен-ді. 2011 жылы Гринбергтер банктен доллармен несие алып, алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Өзге түгіл әкесін де аямайтын алаяқтар олардың несиеге алған барлық ақшасын алдап алып кетіп, ізін суытқан. 2012 жылы отбасында ауру нәресте дүниеге келіп, осы жағдайға байланысты Гринбергтер несиелерін өтеуге біржарым жылдай мүмкіндіктері мүлдем болмай қалады. Осы уақыт аралығындағы банктегі айыппұлдың өзі 28 мың АҚШ долларына жетеді. Талай қол ұшын береді деген мекемелердің табалдырығын тоздырған Гринбергтерге ешкім де көмектесе алмаған екен. Үміті үзіліп, көмектен күдер үзгендер ақыры ең соңғы сеніммен «Ақ жол» партиясына ат басын тірепті. Онысы да дұрыс болған. Осы арызға байланысты «Ақ жол» партиясының төрағасы ҚР Ұлттық банкіне мәселені шешуін өтініп, шұғыл хат жолдаған еді. Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық банктен қуанышты хат келді. Банк төрағасының орынбасары Д.Ғалиева ханым Гринбергтердің мәселесі оң шешілетінін хабарлады. Гринбергтердің айыппұлы түгелдей алынып тасталып, жылдық мөлшерлеме 18-ден 3 пайызға дейін төмендетілетін жеңілдіктер берілетін болды. Нәтижесінде олар енді ай сайын 1351 доллар емес, 91500 теңге төлейді.
Оған қоса, бұл жауап хатта арыз беруші отбасының әлеуметтік және тап болған қиын жағдайын ескере отырып, Ұлттық банк «БанкЦентрКредит» басшыларына осы несиенің жылдық мөлшерлемесін 3 пайыздан 1 пайызға түсіру шешімін қарастыруды тапсырылғаны да айтылған.
Бұл хабарға қатты қуанған Гринбергтер жанұясы үзілген үміттерін жалғаған «Ақ жол» партиясына, отбасының қиын жағдайына түсіністікпен қараған банк өкілдеріне алғыстарын айтып тауыса алар емес.
«Ақ жол» ҚДП және оның депутаттық фракциясы қарапайым қазақстандықтардың мүддесін қорғауға бағытталған өзінің сайлауалды тұғырнамасын іске асыруды одан әрі жалғастыра бермекші.
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі