Ергежей рухтан қашан арыламыз?!.

Шүкіршілік! Тәуелсіз елміз! Қан мен қасіретке оранып желтоқсанның ақ қарына ыстық қаннан алау жаққан айбарлы қазақтың наркескен намысты шағы – бүкіл қазақтың қайғысы мен қуанышына ортақ болды.

Кеңес елінің кертартпа саясаты өз үстемдігін тағы асырмақ болды. Тыңнан түрең салғандай Г. Колбинді де аңқау елге арамза молда да етпекші еді. 1960-1986 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарып келген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты16 желтоқсан күні лауазымынан ешбір себепсіз алып тастап, Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-хатшысы Г.В. Колбинді ҚКОК-нің 1-хатшысы етіп тағайындауы бүкіл қазақ елінің намысының оянуына себепші болды. Қазақты қазақ басқаруын ел талап етті. 1986 жылы 17 — 19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары да бостандықты аңсаған қазақ елінің ғасырлар бойғы шерінің тарқауына, кегін қайтаруына үлкен үлесін қосты.

Сол шақтарда қаншама боздақтарымыз қыршынынан қиылды. Ұлт намысын өз жанынан артық қоя білді. Әрине, 19 желтоқсан күнгі мұздай құрсанған арнайы әскери топпен қоса ішкі істер қызметкерлерінің тұтқынға алған адам саны 2401 болса, қала сыртына апарылып тастағандармен жалпы саны 8,5 мың адам деген дерек келтірілген. Ол дерек. Есепке алынбай қалғандары қанша?

Осындай арыстандай айбатты аға-әпкелердің бүгінгі ізбасарлары қалай ғана ұсақталып кеттік деген ой күнде мазалайды. Шын мәнісінде осы жандардың себепші болуымен ғана тәу етер киеміз Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізді баршамыз білеміз. Бірақ, неге біз 16 желтоқсанды қаралы күн деп есепке алып, марқұмдар рухына ас беріп, дұға бағыштамаймыз? Неге біз ел айбынын асырған бабалар рухын құрмет тұтып өзіміздің Ана, Баба тіліміз- қазақ тілін ардақтамаймыз? Неге біз көнеден келе жатқан дәстүрімізге немқұрайлық таныттық? Тіптен осы күнге дейін осынау ел егемендігіне атсалысып, жан берісуге әзір болған желтоқсан оқиғасының қатысушыларына алакөздік танытамыз ? Неге бағаламаймыз? Тіптен, неге біз өзімізге жат мерекелердің бірі - Жаңа жыл мерекесіне, 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күнін аттап өтіп, бір ай бұрын дайындаламыз? Арада 2 жұма шамасында уақыт бар емес пе? Ел тізгінін ұстап отырған азаматтар осы мәселеге немқұрайлы қарамаса игі болар еді. Қашан біз құлдық сана, ергежей рухтан арыламыз? Өкінішті!

Әрине, менің ойым ел арасын араңдату емес, елдігімізді мойындату. Өткенімізге салауат, бүгінгімізге қанағат, ертеңімізге аманат ете білгеніміз абзал.

Айбат Ыдырысов, Баянауыл.

qazaquni.kz