ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУ - АШЫҚТЫҚТЫҢ АЛҒЫ ШАРТЫ
2016 ж. 06 қаңтар
3634
1

"ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ" ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕ ДЕ ТАБЫСЫН ЕСЕЛЕЙ ТҮСПЕКШІ
Қазір елімізде көптеген шетелдік және отандық кәсіпорындармен бірілескен компаниялар экономикамыздың түрлі салаларында жұмыс істеуде. Ең ірі және қуатты дегендерінің басым бөлігі жер қойнауымыздағы байлықты игеруде, яғни шикізат өндіруде. Солардың бірі әлемге аты әйгілі "Шеврон" корпорациясының Қазақстандағы бірлескен "Теңізшевройл" (ТШО) ЖШС Атырау облысындағы Теңіз және Королев кенішінен 1993 жылдан бері мұнай, газ, күкірт өндірумен айналысады. Сонымен бірге мұнай өнімінен құбырлар сияқты пластикадан жасалған түрлі халық тұтынатын тауарлар шығару да жыл өткен сайын артып келеді. Алдымен мына бір мәселеге көңіл аударайық...АШЫҚТЫҚ АДАСТЫРМАЙДЫ

МҰНАЙЛЫ ӨҢІР - ШЫРАЙЛЫ ӨҢІР
Кеңестік кезеңді көзімен көрген бүгінгі аға буын өкілдері біздің Батыс аймақтың экономикалық жағынан алда болмағанын жақсы біледі. Өйткені, Одақ басшылары ол жылдарда мұнай өндіру саласында Әзірбайжан республикасына және Сібір, Түмен кен орындарына басымдық беріп, Атырау аймағын келешекке сары майдай сақтап келген сыңайлы. Барлау жұмыстары да айтарлықтай жүргізілмеді. Ақтөбе, Орал, Ақтау қалалаларында орналасқан бірқатар зауыт-фабрикалар болмаса, батыстықтар негізінен мал, балық шаруашылығымен баса айналысқан-ды. Осыған орай, өзге өндірісті өңірлерге қарағанда Батыс аймағымыз кешеуілдеп дамып, көш соңында қалған-ды. Бүгін мүлдем басқаша, жердің қазба байлықтарын игеріп, аймақ алдыңғы қатардан көрініп келеді. Соған байланысты жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайы артып, соңғы жылдарда көптеген инфроқұрылымдар бой көтерді. Қосымша кәсіпорындар ашылып, жаңа жолдар салынып, басқа да тұрмыстық-әлеуметтік нысандардың пайда болуы осыған нақты дәлел. Бір сөзбен айтқанда Батыс еліміздегі басты табыс көзіне айналды. Қазынамызға қомақты қаржы әкеліп жатқан «ТШО» секілді алып кәсіпорындар десек қателеспейміз. Сөзіміз жалаң болмас үшін дәйектер келтіре кетейік.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Өндірісі өркендеген компанияның осындай ел игілігі үшін түрлі бағыттағы бағдарламаларға қомақты қаржы аударуы қуантарлық та құптарлық жағдай. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс-шара. Дегенмен дайын ақшаны алақанына салып бергеннен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту анағұрлым қажет және ұтымды дер едік. Өйткені әрбір адам өз еңбегі арқылы өмір сүруі керек. Сырттан келер көмекке ғана сүйену - уақытша құбылыс. Ондай мүмкіндіктер үнемі бола бермесі де белгілі. Ал жұмыспен қамтылса кезкелген адам еліміздің дамуына өз үлесін қосып, қоғамдық еңбектің қарқынды дамуына жол ашылады. Қазақстандық қамту не арқылы көрініс табады? Бұл өте маңызды сұрақ. Негізгі мұнай, газ немесе күкірт өндіру үшін сан түрлі құрал жабдықтар қажет екені белгілі. Міне сол жабдықтарды өзіміз жасап ұсынсақ қаншама жұмыс орындары ашылып, өнімнің өзіндік құны да төмен болмақ. Бұл бағытта компания белсенді жұмыс атқарып келеді. Айта кетерлігі, ТШО сол қосалқы кәсіпорындарды ашу үшін пайызсыз ақша бөліп, өздері өнімдеріне тікелей тапсырыс береді. Яғни, жаңадан ашылған кәсіпорынның өнімі далада қалмайды деген сөз, оны қайда өткіземіз деп бас қатырмайды. Мұндай жеңілдіктер тіпті біздің Үкімет тарапынан да көрсетілген емес. Мемлекет қазынасынан берілген жеңілдетілген несиенің өзінің қайтарымы әлдеқайда қиынға түсері белгілі. Одан кейін тауарларының өту-өтпеуіне ешкім кепілдік бермейді, жүгіріп жүріп өзің сатуың керек. Осы жағынан алғанда компания үлкен жұмыс атқарып отыр деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. Бір ғана қарапайым мысал, 1993 жылы ТШО қызметкерлерінің қазақстандық жұмысшы-қызметкерлер көрсеткіші 50 пайызға жетер-жетпес болса, бүгінгі күні ол 86 пайызға көтерілген. Ал жергілікті ұлт өкілдерінің орта және басшылық лауазымдағы қызметкерлерінің саны 74 пайызды құрайды. Бұл бірлескен кәсіпорын орын үшін өте жақсы көрсеткіш. «ТШО-ның» қазақстандық қамтуды арттыру жөніндегі стратегиясы төрт бағыттан тұрады. Олар: қазақстандық кәсіпорындарды іске тарту мүмкіндіктерін пайлану, халықаралық стандарттарға сай бизнес жүргізу үшін керекті білім және тәжірибе беру, қажетті материалдық базаны және тауарлар мен қызметтер көлемін дамыту, жергілікті кадрлардың әлеуетін барынша толық пайдалану. Осы мақсатта, кадрларды дайындау мен қайта дайындауға «ТШО» соңғы бес жылда 41 млн. доллар жұмсапты. Әрине, он жерден оқытқанмен жұмысшы-қызметкерлерге әлеуметтік жағдай жасалмаса кадрлар да тұрақтамайды. Бұл мәселе 1996 жылдан бері рәсімделген және қайта толықтырылған ұжымдық шартта анық көрсетілген. Шарт бойынша қызметкерлерді оқыту және жетілдіру, қызметкерлерді отбасымен бірге медициналық сақтандыру, компания қызметкерлерінің балаларының жоғары білім алуы үшін қаржылай көмек көрсету, баспана, балабақша мәселелері, зейнеткерлерді қолдау, «ТШО» қызметкерлеріне банк мекемелері арқылы пайызсыз ипотекалық несие беру сияқты ондаған келісімдер бар. Былайша айтқанда еңбекшілерге барынша лайықты жағдай жасау қарастырылған.ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ
Өндіріс атаулының қандай түрі болмасын, оның ішінде жердің қазба байлығын игеру де қоршаған ортаға өзінің кері әсерін тигізбей қоймайды. Өндірістік қалдықтарды зиянсыздандыру немесе оны қайта өңдеп іске жарату сияқты шаралар бүгінгі күні әлем бойынша маңызды мәселеге айналып отыр. Экологиялық, технологиялық талаптар қатаң сақталмаса бүкіл аймақты апаттық жағдайға жеткізуі мүмкін. Сондықтан да еліміздегі бірқатар кәсіпорындар осы талаптарды бұзғаны үшін қомақты айыппұл төлеп жатады. Әрине, айыппұл төлегеннен оның алдын алған анағұрлым пайдалы. Біріншіден, кәсіпорынға қаржылық салмақ түспейді. Екіншіден, өндірістегі жұмысшылар мен өңірдегі тұрғындардың денсаулығын сақтайды. Бұл бағытқа «ТШО» бағдарламасында айтарлықтай орын берілген. Соңғы 20 жылда қалдықтарды қысқартуда және экологиялық жобаларды жүзеге асыруда жоспарлы түрде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. 2000-2013 жылдар аралығында мұнай өндірісінің 150 пайызға артқанына қарамастан қалдық мөлшерін 70 пайызға төмендетті. Ауа, су, топырақ құрамына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, сараптама жасалынып тұрады. Каспий өңірінің климаты құрғақ болғандықтан су ресурстарын қорғаудың маңызы зор. ТШО 2010 жылдан бері жаңадан қабылданған «2010-2018 жж. арналған «ТШО» ЖШС-нің адам әсерінен бүлінген және ластанған жерлерді қалпына келтіру бағдарламасына» сәйкес жұмыс істей бастады. Сөйтіп, 2005 жылдан бері 1131гектар жер табиғи жағдайға келтірілді. Атап айтқанда қалдықтарды жинау, шұңқырлар мен қоймаларды топырақпен толтырып жер бетін қалпына келтіру, көгалдандыру, жасыл желек отырғызу секілді шаралар жүзеге асырылды. Өндіріс және тұрмыстық қалдықтарды көму үшін қоршаған ортаға қауіпсіздік деңгейі әлемдік стандарттарға сай келетін қоқысқорымдар арнайы жабдықталды.ДАҒДАРЫС ДЕП ДАҒДАРУҒА БОЛМАЙДЫ
«ТШО» өз жұмысында мына бағыттағы стратегияны басшылыққа алады: қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау саласының көшбасшысы болу, көздеген мақсаттарды жүзеге асыру үшін кадрларды дайындауға қаржы салу, Қазақстандағы ең беделді компания болу, анағұрлым жоғары өндірістік көрсеткіштерге жету. Айта кету керек, өзіне сенімді кәсіпорын ғана өз мойнына осыншалық күрделі міндеттеме алады. Бұл межелердің біразын еңсеріп те келе жатқанын байқаймыз. Әлеуметтік жауапкершіліктерін толық орындап, өндіріс қауіпсіздігін қатаң сақтауда. Өзге кәсіпорындағыдай бұл компанияда бірде-бір айтарлықтай апат орын алмаған екен. Компания дағдарысқа қарамастан өндірісті ұлғайтпақшы. Ол үшін өндіріс көлемін ғана өсірмей, ең жаңа технологияларды іске қосып, табысты көбейтуді көздеп отыр. Несі бар, дүниежүзін дағдарыс қысып тұрғанмен алдағы күнге сеніммен қарағанның еш айыбы жоқ, керісінше құптарлық жағдай. Өңір үшін, еліміз үшін мол қаржы құйып жатқан кәсіпорынның бұл биік межені де бағындыруына бәріміз де тілектеспіз.ТҮЙІН
Сөз соңында алдымен аузымызға алған ашықтыққа қайта оралайық. Ел алдында есеп беру кәсіпорынның өзін-өзі жарнамалауы деп түсінбеу керек. Кейбіреулер оны көзбояушылық деп те кінә артып жатады. Отырыста ондай да сұрақ қойылмай қалған жоқ. Компания басшылары кәсіпорында сала бойынша тұрақты аудиторлық тексерулер болып тұратынын алға тартып, бұл жерде ешқандай жалаң сөздің жоқтығын ашық айтты. Оған сенуге болады. Құпиясы көп компания ғана ашық әңгімеден қашан да қашық болғанды қалайтыны белгілі. Біздің бір түйгеніміз, еліміздегі үлкенді-кішілі кәсіпорындар осы «ТШО-дан» үлгі алса екен. Оның үстіне Елбасымыздың өзі жақында ғана халыққа есеп беру туралы міндетті алға қойды. Бәлкім, бұдан былай бұл үрдіс бүкіл елімізде жаппай қалыптасатын болар. Біз соған сенгіміз келеді...Зейнолла АБАЖАН,
«ҚАЗАҚ ҮНІ» газеті.
тттт