Б. Сапарбаев: Ақтөбе Батыстағы озық облыс болуға тиіс
2016 ж. 03 қаңтар
2198
3
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаланың жақсы-жайсаңдары жиналған кездесуде кәсіпкерлерге ескерту жасады, - деп хабарлайды NUR.KZ.
[caption id="" align="aligncenter" width="800"] Бердібек Сапарбаев[/caption]«Пайдаланылмай, бос тұрған ғимараттар мәселесі қаралады. Кәсіпкерлердің әкелерінің ақшасына салған ғимарат емес. Ол кезінде мемлекет есебінен салынған. Кезінде иесі болсын деп мемлекет сіздерге арзан бағамен берді. Сіздер пайдаланбай тұрсыздар. Мен банк басшыларына тапсырма беремін. Балансы тиын тұратын, бос, жері кепілде тұрған ғимараттар қаралсын. Пайда табудың жеңіл жолын тауып алғансыңдар. Сондықтан ескертемін, бос тұрған ғимараттарды бізге қайтару керек» - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, облыс әкімі жаңадан салынатын ғимараттардың халыққа қажетті коммуналдық нысандармен қамтамасыз етілуін тапсырды.
«Біз есептеу білеміз, бір шаршы метрдің қанша тұратынын, сіздердің қанша жіберетіндеріңізді. Осы уақытқа дейін қанша үй салғандарыңыздан да хабардармыз. Сондықтан сіздерден өтінішіміз, салынып жатқан үйлердің бірінші қабаты мен жертөлесі коммуналдық меншікке берілу керек. Ол жерде аула клубтары, учаскелік полиция бекеттері, дәріхана секілді халыққа пайдасы тиетін орындар болу керек. Онсыз болмайды. Қарап отыратын уақытымыз жоқ, біз халыққа уәде бердік оны орындауымыз керек» - деді әкім.
Сонымен қатар, Сапарбаев қалада салық төлемей, есепке алынбай кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің бар екенін айтты. Алғашқы ескертумен жұмыс істей алмаса, ақтөбелік кәсіпкерлердің мәселесі май шаммен қаралатын болады.
«Қалада салық неге орындалмайды? Есеп нашар. Қаладағы бірінші қабаттың бәрі бос емес. Бірінде дүкен, мейрамхана, сурет салоны. Солардың бәрі салық төлеу керек. Есепте болу керек. Мен қаншасының есепте жоқ екенін, қаншасының салық төлемей отырғанынан хабардармын. Кәсіппен айналысушыларға еш қарсылығым жоқ, тек салығын төлеп отыру керек»-деді Сапарбаев.
Бердібек Машбекұлы Ақтөбені батыстағы таңдай қақтыратын қалаға айналдыратынын да айтып кетті.
«Ақтөбені Батыстың орталығына айналдыруымыз керек. Мәселен, Шымкент оңтүстіктің орталығы болса, Ақтөбе Батыстағы озық облыс болуға тиіс. Сол үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Ең негізгі мәселе берілген тапсырмалардың уақытында орындалуы. Есеп, талдау, бақылау. Осы үш нәрсені үнемі бақылауда ұстау керек»,-деді облыс әкімі.
qazaquni.kz