АЛАСАПЫРАН ЗАМАНҒА САЙ АМАЛ
2015 ж. 29 желтоқсан
2899
1
Әр жылдың өзіне тән ерекшеліктері бар. Биылғы жыл әлем халықтары секілді бізге де оңай тимеді. Бюджет бүйірін томпайтып отырған экспорттық тауар – мұнай бағасы құлдырады. Қазақстан үшін мұнай арқылы құйылып жатқан қаржының көзі бітелді. Бұған қоса іргелес жатқан Ресей рублі құлап, қазақстандық өнімдердің қымбаттауына әкеп соқтырды. Доллардың «жүгенін» сыпырып, еркіне жіберуге мәжбүр болдық. Бұл шара өз кезегінде халықтың күнделікті тұтынатын тауар бағасының қымбаттауына әкеп соқтырды. Дүниежүзінде инвестициялық ахуал төмендеді. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» демекші, Еуразия экономикалық одағы елдерінде, әсіресе, Ресейге жарияланған санкция бізге де ықпал етпей қойған жоқ. Оның үстіне таяу шығыстағы соғыс салдарынан кәрі құрлыққа ағылған босқындар толқыны әлемдік деңгейде «жығылған үстіне жұдырық» болды.
Елбасының биылғы Жолдауы осындай қым-қиғаш қиыншылықтар жағдайында жарияланып отыр. Қазақстандық әр азамат осындай қиын-қыстау кезеңдерде өзін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде Жолдаудан жауап іздейтіні заңдылық. Ең алдымен еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жағдайда әр отбасына ауыртпалық түсетіні белгілі. Ертеңгі күніміз қандай болады деген сұрау бәрімізді мазалап жүргені рас. Оның үстіне осындай кезеңдерде қоғам өмірінде қордаланған мәселелердің көбейетіні тағы бар. Жолдау, ең алдымен, әлемдік нарықтың тұрақсыздығы, 2011 жылдан бері әлемнің барлық елдерінде ішкі өнім өндірісі үздіксіз құлдырау жағдайында қазақстандықтар өзін қалай ұстауы керек деген мәселеге жауап беріп, Елбасы аласапыранға толы заманға сай амал ұсынып отыр.
Дағдарыстың ауыртпалықтарымен қоса, мүмкіндіктері де болатыны белгілі. Жолдау осы мүмкіндіктерді пайдалануға негізделген. Еліміз тәуелсіздік жарияланған жылдары Қазақстан «қоржынының» түбі көрініп тұрған мезгіл болатын. Одан бері де дағдарыстың неше буынын бастан өткердік. Дегенмен, қазіргі дағдарыс жағдайына құрқол келген жоқпыз. Тәжірибеміз жеткілікті. Сонымен қатар, соңғы бес жыл үдемелі индустриялық өндірістік саясат ұстанған елміз. Жаңадан салынған 800 кәсіпорында өндірілетін тауар бағасы шикізатқа тәуелді емес, ол құлдырамайды. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» бағдарламасы бұрын болып көрмеген, дағдарыс жағдайына негізделген ауқымды жоба болып отыр. Сондай-ақ бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «жүз нақты қадамы» белгіленді.
Қалай дегенмен де осы Жолдауда дағдарыс жағдайында даму үдерісінің нақты үш қайнаркөзі таңдап алынды. Олар – экономикалық өсім. Оны жүзеге асырудың негізгі тетігі еліміздің ішкі даму көздерін жеке инициативаларды пайдалана отырып, дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Екінші, осы өсімді қамтамасыз ететін реформалар. Яғни, мемлекет пен жекеменшік сектор әріптестіктері арқылы жүзеге асыру. Үшінші, қоғам өмірінің барлық салаларын жан-жақты жетілдіру. Онда мемлекеттік құрылымдар мен жеке институттарды әлеуметтік жауапкершілікті арттыра отырып, ауқымды түрде жүзеге асыру. Осы мақсатта бес түрлі нақты шаралар қолға алынып отыр.
Қаржы секторын тұрақтандыруда өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, теңгені Ұлттық қор арқылы тұрақтандырудан бас тарту және тұрмысымызды долларсыздандыру қажеттігін Елбасы басты мәселе ретінде ұсынып отыр. Сондай-ақ Ұлттық банктегі өзін-өзі ақтамайтын институттарды қайта құру. Зейнетақы жүйесін жеке компаниялардың басқаруына беру. Бұдан қаржы секторын қайта құру мәселесі тұрғанын байқаймыз.
Бюджеттік саясатты оңтайландыру барысы да кезек күттірмейтін міндет екендігі осы Жолдауда нақтыланды. Мұнда Ұлттық қорды пайдаланудың жаңа механизмдерін іске қосу үкіметке тапсырылды. Кез келген жыртықты Ұлттық қор қаржысымен жамай беруді тоқтатуымыз қажет деп атап көрсетті Елбасы.
Келешек жаңа инвестициялық саясатты талап етеді. Осы бағытта көштен қалмауымыз керек. Ол үшін жыл сайынғы ішкі өнім 5 пайыздық көрсеткіштен кем болмауы тиіс. Техникалық кадрлар дайындау ісін Германия, Сингапур, Канада, Австралия секілді елдермен бірлесіп жүзеге асырамыз. Отандық ғылыми-инновациялық жүйе құру ғылыми-зерттеу университеттерін, смарт технологиялар, инновациялық кластер, Назарбаев университеті, «Алатау» технопаркін пайдаланамыз. Осы бағытта ЭКСПО – 2017 көрмесін өткізудің маңызы зор. Ең бастысы, жаңа әлеуметтік саясат қалыптастыра алсақ, қоғам өміріндегі түрлі кедергілер жойылады, ауыртпалықтар жеңілдейді. Халықтың тұрмысын жеңілдету алдағы күндердің басты міндеті болып табылуы қажет.
Мен қызмет атқарып отырған Халықаралық білім беру корпорациясы, Қазақ-Америка университетінің профессорлары мен оқытушылар құрамы осы бағыттағы келелі мәселелерді, тиімді тәсілдер мен ұғымдарды жас ұрпаққа, бүгінгі өз студенттерімізге жеткізуде көптеген іс-шаралар атқаруда. Екінші желтоқсаннан бастап арнайы күнтізбемен барлық мамандықтар бойынша сала ғалымдарын немесе сол саланың тәжірибелі мамандарын арнайы шақырып студенттермен кездесулер ұйымдастырдық. Атап айтқанда, өзім басқарып отырған «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының студенттерімен техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ қатынас жолдары университетінің проректоры Әсемхан Қайнарбеков осы тақырыпта ашық дәріс өткізді. «Ғарыштық техника және технологиялар институты» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЕЖШС) директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Ахмедов және осы институттың өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Нұрлан Сатеровпен өткен кездесулерден студенттер өз мамандықтарының маңызы, оның болашағы туралы көптеген маңызды деректерге толы ақпараттар алды. Олар ғарыш инфрақұрылымы мен ғарыш аппараттарының қосалқы жүйелері мен жабдықтары, ғарыш аппаратының ғылыми құралдарын жасау және ғылыми құралдардан эксперименттік деректерді өңдеу бойынша бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз етуін әзірлеу, Қазақстанның экономика саласындағы мәселелер мен міндеттерді шешу үшін серіктік навигациялық технологиялар мен төменгі орбиталық ғарыштық байланыс жүйесін енгізу, ғарыш саласында техникалық реттеу үдерісін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету сынды келелі мәселелер жөнінде дәріс берді. Студенттер көптеген сауалдар қойды. Техникалық мамандықтарды игерудің қажеттілігі жөнінде өрбіген дәйекті әңгіме студенттерге аса ұнады. Сонымен қатар, экономика және құқық факультетінің студенттері Тұрар Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Мұхтар Куватов және заң ғылымдарының кандидаты «Третей соты» мүшесі Ғабиден Жайлинмен кездессе, «Халықаралық қатынастар», «Аударма ісі» мамандығының студенттері тарих ғылымдарының докторы, Тұран университетінің профессоры Аблет Камалов және филология ғылымдарының докторы, Сүлеймен Демирель атындағы қазақ-түрік университетінің профессоры Лейла Мирзоевамен ұйымдастырылған аталмыш тақырыптағы кездесулер мен ашық дәрістерге қатысты. Халықаралық Білім беру корпорациясы, Қазақ-Америка университетінің ассоцирленген профессоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Эльмира Ақпаеваның жетекшілігімен университетіміздегі студенттердің «Интеллектуалды дебат клубы» да Елбасы Жолдауы тақырыбында түрлі қызықты іс-шаралар ұйымдастырды.
Дүрия ДАНИЯРОВА, техника ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Білім беру корпорациясы, Қазақ-Америка университетінің ассоцирленген профессоры
"Қазақ үні" газеті