Өкпек жел өрлеуге кедергі емес

АйтахановЕлбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған «Қа­зақ­стан жаңа жаһандық нақты ахуал­да: өсім, реформалар, даму» атты Жол­дауы елді бір серпілтіп тастады. Халқымыз қатты қызығушылық танытып, асыға күтетін жылдың басты саяси оқиғасы болып табылатын Президент Жолдауы – мемлекетіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын, халықтың алдына жаңа міндеттер қоятын жылдың басты құжаты. Елба­сы­ның биылғы Жолдауы аса күр­делі кезеңде жарияланып отыр. Алпауыт елдердің текеті­ресі мен санкциялар алмасуы, ха­лықаралық терроризмнің өрши түсуі, босқындар ағыны, шикі­зат бағасының төмендеуі мен же­текші елдер экономикасы өсуінің баяулауы әлемдік экономика­ны дағдарысқа әкелді. Еліміз әлемдік экономиканың құрамдас бөлігі болғандықтан, біз де басқа елдер сияқты әлемдегі орын алып отырған осы үдерістердің қармағына ілініп отырмыз. Бұл – біз үшін жаңалық емес, саяси экономиканың заңдылығы. Даму мен дағдарыс капиталистік экономикада кезекпе-кезек алмасып отыратын заңдылық екені бұрыннан белгілі. Қазіргі дағдарысқа біз тәжірибе жинақтап, алдын ала дайындықпен келіп отырмыз. Елбасының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасының аясында біз шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе­ге, химия өнеркәсібі мен құры­лыс материалдары өндірісі 1,7 есеге өсті. Жаңадан машина жасау өнеркәсібі пайда болды, экспорт 3 есе артты. «Нұрлы Жол» мем­лекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы іске асырылуда. Бізде қажетті Ұлттық қор мен алтын-валюта резерві бар. Ұлттық валютамыз – теңге еркін бағамға көшті. Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырыла бастады. Тағы бір ерекше айта кететін жайт, еліміздің тұрғындарының экономикаға деген көзқарасының түбегейлі өзгеруі. Нарықтық қарым-қатынастарды, еңбек өнім­ділігін, табыстарын, өздері­нің даму жолдарын толық мең­ге­р­ген меншік иелері пайда бол­ды. Нәтижесінде елімізде еңбек өнімділігі 60 пайыздан астам­ға артты. Халқымыздың әл-ауқа­ты көтерілді. Білім беру мен ден­сау­лық сақтауға жұмсалған шығын­дар соңғы 10 жылда 10 есе өсті. Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңадан 1700-ден астам білім беру, 1300-ден астам денсаулық сақ­тау, жүздеген таза ауызсумен қам­тамасыз ететін, тағы басқа көп­теген әлеуметтік нысандар іске қосылды. Медициналық қызмет көрсету сапасы жақсара түсті. Халқымыздың саны өсті. Жұмыссыздық азайды. Тари­хы­мыз, мәдени мұраларымыз түген­де­ліп, халық игілігіне жұмыс іс­теу­де. Халқымыздың әлеу­мет­тік-эко­номикалық жағдайы­ның түзелуінің арқасында отан­дас­тарымыздың орташа өмір сүруі 72 жасқа жуықтады. Бір шолып қарағанда, адамды бә­лендей әсерге бөлей қоймай­тын осынау құрғақ цифрлар­дың астарында көп мән жатыр. Егер егемендіктің алғашқы жыл­дар­ындағы өндіріс біткен тұралап, жаппай жұмыссыздық белең алып, ішкі жалпы өнімнің жылдық көлемінің құлдырау көрсеткіші 25,4 пайыз болып, инфляция шарықтап (1992 жылы – 3061 пайыз, 1993 жылы – 2265 пайыз), адамдардың жаппай күйзеліске түскен кезеңін еске алсақ және сол кездегі жағдайды халықтың қазіргі тұрмысымен салыстырсақ, екеуінің арасы жер мен көктей екені бірден көзге түседі. Осы салыс­тыру арқылы-ақ еліміздің өсіп-өр­кендеу жолдарын айқын аңғаруға болады. Әлемдегі сын-қатерлерді талдап, алысты болжап, келешекте ат­қа­рылар істерді бүгінгі нақты жағ­дай­лармен шебер ұштастыра біле­тін Елбасымыз биылғы Жолдау­ында кез келген дағдарысқа қарсы 3 стратагема бар олар: «өсім, рефор­малар, даму» деп атап көрсе­тіп, оны орындауға байланыс­ты міндеттерге тоқталды. Осы бағыт­та 5 институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жос­парын жүзеге асыру үшін қысқа мер­зім ішінде көптеген заңдар қабыл­данды. Олар 2016 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап жұмыс істей бастайды. Елбасы өз Жолдауында дағ­дар­ысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың 5 бағыты бойынша: қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономи­калық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық сая­сат және жаңа әлеуметтік саясат­ты іске асыру бағыттарын айқын­дап, оларды орындау біздің негіз­гі міндетіміз екенін, біздің мақса­тымыз – елі бақытты, жері гүлден­ген қасиетті Отанымыз – Қазақ­станды «Мәңгілік Ел» ету екеніне ерекше тоқталды. Қаржы секторын тұрақ­тан­дырудағы негізгі міндеттері: теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендету, біртұтас зейнетақы қорын, проблемалық несие қорын Ұлттық банктің бақылауынан шығарып, оларды 2016 жылы жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына беріп, зейнетақы қорының табыстылығын арттыру. Қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк несиелері бойынша терең талдау жасап, үмітсіз қарыздарды есептен шығаруы керек. 2015 жылдың басында еліміздің банк секторында жұмыс істемейтін қарыздар көлемі 4 трлн. теңгеге жуық болды. Және бұл банктер портфелінің 29 пайызын құрады. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мерзімі өткен қарыздар көлемі Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде – 9%, Англияда – 8%, Германияда – 7%, Ресейде – 5%, Оңтүстік Корея мен Сингапурде – 1%. Егер еліміздің экономикасын, шағын және орта бизнесті несиелендіруді жаңғыртамыз десек, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің банк секторында жұ­мыс істемейтін қарыздарды 2015 жылы 15%-ға дейін, 2016 жылы 10%-ға дейін төмендету жөнін­де қойған міндеттерін орындауы­мыз керек. Сонымен бірге, дол­лар­сыздандыруға бағыттал­ған іс-шаралардың барлығын да тиянақты атқарып, ел тұрғын­дарының ұлттық валютамыз – теңгеге деген сенімін нығайтуға қол жеткізудің маңызы ерекше. Ел­басы Жолдауындағы Ұлт­тық банктің қоғам мен қаржы ме­кемелеріне өз қызметінің мәсе­лелері бойынша үнемі тиянақты ақпарат беріп отыруы тиіс деген тапсырмасы өте орынды деп есептеймін. Еліміздегі барлық жеке және заңды тұлғалар бар жиған-тергенін банкке депозитке салады, банк арқылы жұмыс істейді, несие алады және тағы басқа да қызметтер жасайды. Салық төлеушілерден жиналған бюджет қаражатынан, Ұлттық қордан екінші деңгейлі банктердің жұмысын жандандыруға қаржы бөлінеді. Ол қаржылар қалай жұмыс істеуде, қайтарымы қандай, алдағы кезде қандай күрделі мәселелер туындауы мүмкін, несиелердің жағдайы қалай, осы сияқты салымшыларды ойландыратын басқа да сұрақтарға Ұлттық банк тарапынан тиісті дәрежеде ақпарат берілмейді. Керек десеңіз, Ұлттық банктің төрағасын тағайындауға келісімді Парламент Сенаты береді, алайда, Сенат келісімін беріп, тағайындалған Ұлттық банктің бұрынғы басшыларының бірі ұдайы жыл сайынғы Сенат­қа беретін есебіне өзінің орынбасарларын жіберіп отырғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарысып жазғанын да білеміз. Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген мәтел бар. Бұл тура қазіргі дағдарыс жағдайында басшылыққа алынатын қағида болуы тиіс. Себебі, бүгінде елімізде шикізат бағаларының түсуіне байланыс­ты салық түсімдері 20 пайызға азайды. Оның ішінде қосымша құн салығы – 25 пайызға, ал корпоративтік табыс салығы 13 пайызға төмендеді. Елбасы біздің алдымызға мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қайта қарау, жаңғырту, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл – өте орынды мәселе. Пар­ламентте талқыланатын Үкімет пен Есеп комитеттерінің рес­пуб­ликалық бюджеттің орындалуы туралы есебінде осы мәселе жыл сайын көтеріледі. Мәселен, Есеп комитетінің мәліметі бо­йынша, салықтық әкімшілік ету сапасының төмендігіне байланыс­ты 2014 жылы салықтық түсімдер бо­йынша бересі (недоимка) 2013 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге ұлғайып 78 млрд. теңге болды. Ал салықтық түсімдер бо­йынша артық төлемдер 1,7 трлн. теңгені немесе 2014 жылғы барлық салықтық түсімдердің 46%-ын құрады. Әрине, бұл кейінгі қаржы жылының, яғни 2015 жылдың кірістер бойынша жоспарының орындалмауына сөзсіз әсер етті. Елбасы бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында Үкіметке барлық бюджеттік бағ­дар­ламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырды. Тиімсіз, артық шығындар немесе жеке­меншік сектор арқылы шеші­летін шығындар бюджеттен қыс­қар­тылуы керек. Бұл бағытта шешімін табуды қажет ететін мәселелер жеткілікті. Мәселен, 2014 жылғы «Республикалық бюджет туралы» заң жобасы Парламентте 2 рет нақтыланып, оны іске асыру туралы Үкімет қаулысына 24 рет өзгеріс пен толықтыру енгізілген. Яғни, орта есеппен айына 2 реттен өзгерістер енгізілген, ең соң­ғысы 30 желтоқсан күні енгізіл­ген. Соған қарамастан, жыл қоры­тындысы бойынша 26,4 млрд. теңге игерілмей қалды. Өңір­лерге нысаналы трансферттер ретінде берілген 13,1 млрд. теңге игерілмей, республикалық бюджетке қайтарылды. Ал 2015 жылы қарашада болған Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Е.А.Досаев 2015 жылы бюджет қаражатының 68 пайызы ғана игерілгенін айтты. Дағдарыс кезінде, қаржы жетпей жатқанда бөлінген қаржылардың игерілмеуі тіптен түсініксіз. Оның себептері толық зерттеліп, келешекте ондай жағдайларды болдырмау жолдары қарастырылуы керек. Соңғы кездері еліміздің мемлекеттік және мемлекет кепіл берген борыштың көлемі ұлғайып келеді. Шетелдерден еліміздің дамуына тікелей әсер етпейтін қарыздар алу да жиілеп кетті. Мысалы, жуырда Парламентте «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Келісімге сәйкес несиеге алынып жатқан 40 млн. АҚШ доллары негізінен кәсіпкерлерді оқыту, әртүрлі консультациялар мен жаттықтырушы шеберлерді даяр­лау үшін өткізілетін тренингтер, семинарлар мен оқуларға, солардың әртүрлі жолсапар шығындары мен тамақтануларына жұмсалады екен. Әрине, бұл да керек шығар. Алайда, қазіргі қиын жағдайда мұндай несиелердің қажеті бар ма?! Біз қазіргі дағдарыс жағдай­ында да, алдағы кезде де, экономикада да, басқа секторларда да шикізат бағаларының өсуін күтіп отырмай, жаңаша ойлау, жаңаша іс-қимыл жүйесін қалыптастыруымыз керек. Ол үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бұрыннан талап етіп келе жатқан, ал қазіргі қалыптасқан жағдайда бірінші кезекке көтеріліп отыр­ған жаппай үнемдеу, ысырап­кер­шілікке жол бермеу мәселесін басшылыққа алып, жұмыс істеуі­міз керек. Үнемдеу тек бюджет­тік бағдарламаларды қысқар­ту емес. Ресурстарды, қаржы­лар­ды, уақытты үнемдеуді науқан­шылдыққа айналдырмай, оны барлық салада ендіріп, табыс әкелмейтін артық шығындарды қысқартып, өнімнің, қызметтің, жұмыстың өзіндік құнын азайтуға, сапасы мен еңбек өнімділігін арттыруға, бір сөзбен айтқанда, бәсекеге қабілетті етуге жетуіміз керек. Мәселен, кәсіпкерлерге рұқсат беру мерзімін барынша азайту, әкімшілік кедергілерді жою, артық функцияларды бәсе­ке­лестік ортаға беру және тағы бас­қалар. Мысалы, бүгінде электр қуа­тын үнемдеу мен энергия тиімді­лігін арттыру еліміздегі өте өт­кір мәселелердің бірі болып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің 1 долларын өнді­руге 2,8 кВт/сағ. шығындалса, Жапонияда – 0,22, Ұлыбританияда – 0,23, Германияда – 0,27, АҚШ-та – 0,30, Түркияда – 0,56, Қытайда 1,22 кВт/сағ. жұмсалады екен. Яғни, бұл – Қазақстанда электр энергиясы тиімді пайдаланылмайды, ысырапшылыққа жол беріледі деген сөз. Ал дамыған елдердің көрсеткіші бізден бірнеше есе төмен. Сол себепті бүгінде электр қуатын үнемдеу күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі болуы тиіс. Ауыл шаруашылығына келсек, елімізде 1 га ағын су нормадан артық жұмсалады, су пайдалану коэффициенті төмен. Республика бойынша су пайдалану коэффициенті 0,72 болса, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қы­зылорда облыстарында ол 0,6 ғана болып отыр. Егер елі­міз бойынша су пайдалану коэф­фи­циентін 0,82-ге көтерсек, 127 000 гектар жерді суландыратын 1 млрд. 272 млн. текше метр су үнем­деледі екен. Дамыған елдерде 1 м3 суға 2,5-6,0 кг ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 кг ғана немесе 5-6 есе аз өндіріледі. Су үнемдеу технологиясының ең озық түрі – егістікті тамшылатып суару әдісі. Бұл тәсіл суды 3-4 есе үнемдейді, гектар өнімділігі 3-4 есеге артады, тыңайтқыштарды пайдалану коэффициенті 2-2,5 есе артады. Нәтижесінде өнімнің өзіндік құны төмендейді, әр гектардан түсетін таза пайда мен еңбек өнімділігі 3,5-4 есе өседі. Міне, бұл – озық инновациялық технологияны ендірудің жемісі. Осындай мысалдарды экономиканың барлық саласынан келтіруге болады. Алдағы кезде барлық бағытта ресурстарды үнемдейтін осындай озық технологияларды ендіруге күш салуымыз керек. Яғни, бұл біздің күнделікті жұмысымыздың нормасына айналуы тиіс. Кез келген мәселені шешуде, атқаруда, өндіруде әрбір кәсіпкердің, мем­лекеттік қызметкерден бастап, әкімдердің, орталық атқару­шы орган басшыларының, Үкімет­тің жұмыстарының басты бағыт­тарының бірі болуы тиіс. Тағы бір айта кететін мәселе, қазіргі қиын кезеңнің өзінде жаңа инновациялық технологиялар мен идеяларды іздестіру, оларды өндіріске ендіру арқылы түпкі өнімдер өндіруді, қосымша құн алуды көбейту арқылы жаңа табыс көздерін қарастыру өте маңызды. Елбасы Жолдауында мемле­кет­тік шығындар мен субсидия­лар жүйесін қайта қараған жөн екенін атап көрсетіп «ҚазАгро» Ұлт­тық холдингі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау ауыл ша­руа­шылығы тауар өндірушілердің тең жартысы үшін қолжетімді емес екенін өте дұрыс айтты. «Қаз­Агро» ҰХ арқылы соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенін индус­трияландыру, қаржыландыру бағытында көптеген жұмыстар атқар­ылды. Алайда, Елбасы айтқан­дай, «ҚазАгро» ҰХ қаржы­лық инс­титуттары тарапынан бері­летін қаржылар барлық өңірлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін толық қамты­майды. Мысалы, 2013-2015 жыл­дары «ҚазАгро» арқылы ауыл­шаруа­шылық тауар өндірушілерге егін егу мен жинауға жыл сайын республикалық бюджеттен 60 млрд. теңге көлемінде арзандатылған несиелер берілді. Бұл несиелер бүкіл республика өңірлеріне берілуге тиіс болса да, оны негізінен астық егетін солтүстік облыстар ғана алып келді. Мысалы, 2013-2015 жылдары көктемгі дала жұмыстары мен егін жинауға берілген жыл сайынғы 60 млрд. теңге несиенің 95%-ын Ақмола, Солтүстік Қазақ­стан және Қостанай облыстары­ның ауылшаруашылық тауар өн­дірушілері алып келген. Респуб­ликаның қалған өңірлері небәрі 5% несие алса, Атырау, Маңғыс­тау, Батыс Қазақстан, Қызыл­орда, Оңтүстік Қазақстан облыс­тары­ның шаруалары ешқандай несие алмаған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жыл­дары елімізде белсенді әлеу­меттік саясат жүргізіліп келе­ді. Әрқашанда, өткен қиыншы­лықтарға қарамастан, әлеуметтік саланы дамыту ең бірінші кезекте болып келді. Тек, соңғы 10 жылда әлеуметтік салаға жұмсалған мемлекеттік шығын 3 есеге өсті. Мемлекеттік жәрдемақылармен және төлемдермен 1,5 миллион адам қамтылған. Әлемдегі дағ­дарысқа қарамастан, Елбасы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ден­саулық сақтау саласы қызметкер­лерінің еңбекақысы – 28 пайыз­ға, білім беру саласы қызмет­кер­лерінікі – 29 пайызға, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінікі – 40 пайыз­ға, әлеуметтік жәрдемақылар – 25 пай­ызға, «Б» корпусындағы мемле­кеттік қызметшілердің еңбек­ақысының 30 пайызға артатынын жариялады. Үкіметке 2016 жыл­дың 1 тоқсанына дейін еңбек­пен қамтудың жаңа «Жол карта­сын» жасауды тапсырды. Ол елді ме­кендерді абаттандыруға, инфра­құ­рылымдарды дамыту жобалары арқылы жұмыссыздыққа жол бермеу­ге, кадрларды қысқа мер­зімде қайта даярлау, біліктілігін арт­тыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті дамытуға микронесиелер беруге жағдай жасайды. Елбасы Жолдауы біздерге – Парламент депутаттарына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, біздер өзіміздің заң шығару кәсіби міндеттерімізді атқарып, қабылданатын заңдардың сапасын көтеріп, еліміздің алға дамуына мұрындық болуымыз қажет. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты. "Егемен Қазақстан" газеті