АҚШ Барлау Қызметі: «Біз Жапонияның жұмбағын әлі аша алмадық»
2015 ж. 24 желтоқсан
4065
0
Жапония жолжазбасы
Жапонияның таңғажайыптарын жазу үшін жүрек керек екен. Себебі бұл Жапония тақырыбы бір мақалаға ғана емес том-том кітаптарға жүк боларлық тақырып. Ал технологиялары туралы кітаптар емес жалпы оны жазуға өреміз жетпейтін шығар деп ойлаймын. Сондықтан өзіміздің түсіне алатын, сараптама жасай алатын тақырыбымызға қалам алсам ба деп шештім. Жапонияның тек технологиялары ғана емес қоғамы да таңғажайыптарға толы. Сол таңғажайыптарының ел аузында жүргені емес сәл өзгешелеу қырларына тоқталғанды жөн көрдім…
Токионың бас қақпасы Нарита әуежайынан қалаға қарай шыға берісте ең бірінші назарымды аударғаны әрі көзіме оғаш көрінгені жолдың екі жағасындағы тротуарларда әлемдегі барлық елдердің картасы мен туы болды. Кішкентай тастарды цементпен біріктіріп қойған сияқты көрінген, кафельдің көлемінен сәл үлкендеу тастардан құрастырылған тротуар. Шамамен әрбір он метр сайын бір кафельде бір елдің туы мен картасы түрлі түсті бояумен анық көрсетілген. Оғаш көрінді дегенім, адамдардың аяғының астында барлық елдердің карталары мен туларының аяқасты болуы. Кім қалай, қандай ақтайтын сөз тапса да, бүкіл әлем елдерінің туларын бұлай аяқасты етуін өз басым еш ақылға сидыра алмадым. Аяқ астындағы туларға қарап ойланып тұрғаным сол еді, бір жапон көк туымды аяғымен басып өтіп бара жатқанын көріп, қаным басыма шауып зорға сабыр сақтадым. Егер де бұны, туға құрмет көрсетуде әлемге үлгі болып жүрген Ердоған көрсе, кафельді жұлып алып, Жапония басшысына ескерту жасайтынына күмәнім жоқ. Тек Ердоған ғана емес-ау, барлық елдің басшылары мен азаматтары шатақ шығарары, мінез көрсетері анық. Кезінде Түркияда бір күрд баласының Түркия туын аяғымен таптағаны үшін, бүткіл түрік халқы жаппай наразылыққа шыққанына өз көзіммен куә болған едім. Бір қаланың не он қаланың емес бір мемлекеттің халқының барлығы көшеге шығып кетуі дегенді тек Түркияда ғана көрген шығармын. Қысқасы, барлық ел туына құрмет көрсетіп, биікте ұстағысы келіп жанталасып жатқанда Жапониядағы мына көрініс ерсі көрінді. Бәлкім, сол жерде Жапонияның туы аяқ астында жатқанда сабыр сақтауға да болар ма еді…
Жалпы өз басым қай елге барсам да сол елдің жақсы ғана жақтарын жазуға, үйренуге тырысып келемін. Бірақ жоғарыда көзбен көріп, суретке түсіріп алған оқиғаны жазбай кетуге дәтім бармады. Десек те Жапония туралы барлық үйренген-түйгендерімді жазарда тек Қазақстанға қажетті, пайдалы тұстарына ғана тоқталғанды жөн көрдім. Әйтпесе жаманды тез үйренуге бейім біздің табиғатымыз үшін Жапонияның кейбір теріс қырлары жөнінде жазу дұрыс емес деп ойлаймын. Оның үстіне жапондардың кейбір біз теріс деп ойлағандарымыз, бәлкім дұрыс болып шығуы да бек мүмкін. Себебі олардың әрбір іс-әрекеттері, қадамдары тұнған бір философия, түсініп болу мүмкін емес/қиын. Себебі мұнда әрбір іс әрекеттің мәдениеті, жөн жоралғылары, ол әрекетіңнің атауы бар. Сонда ойлап көріңізші күніне жасаған қаншама іс қимылыңыздың мәдениетін жазып, зерттеп, түсінемін дегенше өміріңіз жетпей қалуы мүмкін ғой. Бұл туралы АҚШ-тың барлау қызметі «Біз Жапонияның жұмбағын әлі толық аша алмадық» деген екен. Менің ойымша, қарсы алдыңыздағы үн-түнсіз отырған, ашылып ойын айтпайтын адамның ішінде не жатқанын білу/не ойлап отырғанын білу шынымен де қиын. Не жесең соған ұқсайсың демекші бұл арада жапондарға балықтың бойындағы қасиет көп көмектескенге ұқсайды. Осындай адам танып білуі қиын жақтарына қарамастан, бар қадір-қәлімше өз түсінгендерімді, шынайы сезімдерімді жазуға тырыстым. Әрине бір мақалада бәрін жазу мүмкін емес. Сондықтан жапон мәдениеті туралы тереңірек білгісі келгендер кітаптардан оқып алар. Ал мен Жапония туралы қалыптасқан пікірлер шеңберінде ғана емес Сіздерге оғаштау көрінсе де өзімнің көрген, шынайы сезімдерімді жазғым келді. Себебі Жапонияның сахнасын ғана емес сахна артын да көріп келген соң ба жапондар туралы көпшілік ойлап жүрген пікірлерден біраз алшақтау пікірлер қалыптасты.
Бұрынғы кездегідей ат шаптырып немесе поштамен хат жолдайтын заман емес, жол жөнекей әдетімше кетіп бара жатып-ақ Жапония деген әлемде жалғыз ғана танысым – Анкарада бірге оқыған Танака деген досымды әлеуметтік желі арқылы тауып алдым. Өзі басқа қалада тұрғанына қарамастан Токиоға іздеп келіп, қонақжайлығын көрсетіп әп-сәтте мәре-сәре болып қалдық. Достыққа, сыйластыққа қатты берік екені сезіліп тұрды. Іштей ойлап отырғанмын, 8 жыл бойы көрмеген соң уақыттың тапшылығын, басқа да сылтауларды айтып қашқақтай ма деп. Сөйтсем керісінше Жапонияны таныстыруға, көмектестуге дайын екенін жеткізді. Сонымен досым арқылы, Жапония деген жұмбақ әлемді тануға бір мүмкіндік табылды. Әр күні Жапонияның әртүрлі қырларын айтып әлек. Мақсаты, жапондарды теріс түсініп қалып, теріс көзқарас қалыптаспасын дейді. Велосипедпен Жапонияның қуыс-қуыстарына дейін аралайтынымды білген ол, әсіресе ауылды жерлердегі жапондардың шетелдіктерді жақтырмайтынын, себеп салдарларын айтып, біраз түсіндіруге әуре болды. Жол барысында досымның айтқандарының бәрі математикалық есептер сияқты айна қатесіз айтқанындай шешіліп жатты. Сәті түсіп бірде алыс жолға мінетін велосипедімді жөндеуге уақыт болмай балаларға арналған отырғышы бар велосипедіммен көздеген жеріме тезарада барып келермін деп жолға шыға салғанмын. Шамамен 30 шақырымдай жер болатын, бару-келумен қосқанда жалпы 60 шақырым. Көздеген жеріме жақындағанда алдыңғы дөңгелегі жарылды. Бала отырғызатын велосипедтің осал бір жері болса, сол алдыңғы дөңгелегі шығар. Себебі алдыңғы дөңгелектің үстінде бала отырады және көп соғылатын әрі бірдеңеге соғылса да бірінші алдыңғы дөңгелегі соғылады. Сондықтан болар ұзақ жолға жарамады. Амалым болмаған соң, велосипедті бір тұраққа қойып жұмыстарымды бітіріп келдім. Енді велосипедті жөндеп алып кетудің амалына кірістім. Осы бір кішкентай, болмашы нәрсеге бола ұзақ уақыт тер төгуге, әуре сарсаңға түсуіме тура келді. Нақтырақ айтқанда, жапондар әдейі сарсаңға түсуге мәжбүр етті. Соңында дөңгелекке тек бір кішкентай қосалқы бөлшек пен жел беретін жер іздеуім керек болды. Сұрастырсам, біреуі былай, біреуі басқа жаққа жол сілтеп жүріп, барған қалашығымды бір айналып шыққан шығармын. Қиын тиген жері, велосипедті қалдырып кетпей «әне жеттім міне жеттім» деп өзіммен бірге алып жүре беруім. Тастап кетейін десем тапқан жеріме қайта бару керек, жол екі есеге ұзарады. Оның үстіне кез-келген жерде велотұрақ тағы жоқ. Ауылға ұқсас қалашық. Кез келгеннің ауласына не көшеге қалдырып кетуге болмайды. Тек велотұраққа қоюың керек. Алып жүргім келмеген себебі, дөңгелектің желі жоқ. Желі жоқ дөңгелекпен жүрген сайын камерларының езіліп бара жатқаны сезіліп жатты. Сондай есек жүріспен қалашықты айналшақтап жүріп, ақыры әупірімдеп тауып, желін беріп, бөлшегін алып жолға шықтым. Осы кезде алдымен қатты назарымды аударғаны, барлық жергілікті тұрғындар сырттан келген адамды бірден танып әрі барлығы көзбен бақылауға алатындығы. Тіпті көзбен алайып қарайтындарын көп кездестірдім. Олардың қарастарына қарап, велосипед ұрлап бара жатқандай, өз-өзімді ұрлықшы сияқты сезіндім. Кейіннен білгенімдей, жапондарды бәлкім дұрыс түсінуге де бола деп қалдым. Себебі оларда ұрлық аз болғанымен, сол аз ұрлықтың біраз бөлігін велосипед ұрлығы құрайды екен. Ал сол велосипед ұрлығын жасайтындардың негізінен бәрі дерлік шетелдіктер екен. Сол үшін де велосипед ұрлаушылар – шетелдіктер деген пікір нық қалыптасыпты. Былайша айтқанда Жапониядағы аз қылмыстың өзін шетелдіктер жасайды екен. Сондықтан шетелдіктерге деген теріс көзқарас қалыптаспай қайтсін. Қысқасы сырттан келген адамдардың жанын қысымға алатын түрлі жолдар ойлап тапқан. Жақтырмай тұрған адамдардың арасында өз өзіңді біртүрлі сезініп немесе жаның қысылып кетеді екен. Әрқайсысының нанын жеп кететіндей қарағандары тіпті таңқалдырады. Бірнәрсе айтайын десең, саған қарсы сөйлеп тұрған ешкім жоқ. Одан кейін өз ойларын жасыру үшін, ойларын оқытып алмас үшін түрлі бетперделер киеді. Қысқасы, өз еркіңізбен кетіп қалуыңызды жақсы «қамтамасыз» етеді. Олар Ресей сияқты ұрып-соғып, қуып жатқан жоқ. Бірақ шетелдіктерді қоғамына кіргізбеу жағынан Жапония Ресейдің қасында үлкен нәтиже көрсетіп отыр. Ал бұған қалай қол жеткізіп отыр десеңіз, менің тілмен, сөзбен жеткізе алмай жатқан психологиялық әрекеттері арқылы. Оны түсіндіруге менің шамам жетпес, сіздің түсінуге басыңыз жетпей қатып кетері хақ. Бәлкім содан болар, қанша мыңдаған жылдар өтсе де араларына шетелдіктерді кіргізбей, сіңдірмей, өздерімен өздері ғана бөлек қоғам ретінде өмір сүріп келуі. Әлде кішкентайымыздан қонақтардың алды астына түсіп, бәйек болып күтіп үйренгендіктен бе және сондай құрмет күткендіктен болар, жапондардың қонақтарға деген көзқарасы алғашында теріс әсер қалдырды. Кейіннен іздестіріп, сұрастырып көрсем, шынымен де шетелдіктерге көзқарастары теріс екен. Мұндай теріс көзқарастарын Үкімет қабырғаларында ресми айтқандары да кездесіп жатады екен. Жалпы халқына салса, өз өздерімен жабық өмір сүргенді қалайтын көрінеді. Бірақ неге екенін білмеймін жапондардың осы әрекеттері маған ұнады. Себебі әрбір ұлт өзінің тамырларынан ажырамай, сыртқы күштердің ықпалынсыз өзгерістерге ұшырамай өмір сүру деген бақыт емес пе?!
Ерекше таң қалдырған жағдайдың бірі, біз айтып жүрген мұсылман қоғамын көргендей әсер алуым. Әрине діні бөлек. Бірақ бірде-бір мұсылман елі жете алмаған қоғам құрыпты. Ұрлық-қарлығы өте төмен, қауіпсіз, мәдениетті, таза мемлекет. Мұсылмандардың бойынан табыла бермейтін жақсы қасиеттерге бай. Қанша жерден «мұсылман елміз» деген елдерде дамыған коррупция, жезөкшелік, басқа түрлі адамгершілікке жат әдеттер Жапонияда дамымаған. Мұсылмандар «Тазалық иманның жартысы» десе де жапондар мұсылмандарға тазалықты үйрететін жағдайда ма деп қалдым. Мұсылмандарға түскен қасиетті кітаптың ең алғашқы аяты «оқы» деген деп қоямыз да, оқу жағынан бірде-бір мұсылман елі Жапонияның деңгейіне жетпек түгілі шаңында көрінбей қалады. Сонда қалай? Таза жүретін, көп оқитын, тынымсыз тер төгетін жапон мұсылман ба, әлде коррупциясы өркендеген, жезөкшелігі гүлдеген, оқымайтын, жалқау біз мұсылманбыз ба деген сұрақ мазалай бастады. Тіпті әлемдегі ең ірі мегаполис қала Токиодан ой-шұңқырын аралап емге деп зорға бомждар тауып алдым. Ия, кәдімгі жапондық бомждар. Бірақ сол бомждарының мәдениетінің жоғары екеніне таң қаласыз. Таңырқағанымнан ба көп тұрып қалыппын, бір уақытта бір сауатты киінген азамат арбасымен тамақ алып келді. Бомждар болса кезекке тұра бастады. Ешқандай дөрекі әрекеттерсіз, үн-түнсіз тамақтарын алып, қоршаған ортасын ластамай тамақтана бастады. Бомждарына дейін мәдениет сақтап жүргендеріне қарап жағаңызды еріксіз ұстайсыз. Киімдері ұсқынсыз дегені болмаса, іс әрекеттері мәдениетті адамның әрекеттері. Тәртіпке берік, қоршаған ортасын таза ұстайды. Өсімдік, жан-жануарларына дейін күтіммен қарайтыны көрініп тұр. Себебі арасында біреулері көшедегі мысық, иттерге тамағын бөліп беріп, басынан сипап жатқанын көрдім. Осы көріністердің бәрін видеоға түсіріп жатқан едім, тамақ таратып жатқан азамат мені байқатпай жақтырмағанын көріп қалдым. Әрине ол жақтырмағанын жасырып тұр. Түсінгенім, өзінің істеп жатқан жақсылығын еш жерге жария еткісі келмейтіндей, жақсылығын ешкім көрмесе деген түр байқатып тұрды. Себебі өзі де астыртын, тығылып жақсылық жасап жүргендей көрінді.
Тағы бір таңқалдырғаны жүздерін көп өзгерткенімен бір сөзді болатындықтары. Бұл арада жүздері деп әр адамға әртүрлі көзқарастармен жүздерін өзгертіп қарым-қатынаста болуын айтып отырмын. Яғни басшыға бөлек, әйеліне/күйеуіне бөлек, шетелдікке бөлек, шәкіртіне бөлек, т.б. Әрине бірбеткейіміз көп, өркөкірек халықтың өкілі болғанымызбен сөзін ұстау/орындау жағынан жапондардың шаңында қалып кетеріміз сөзсіз. Ал жапондар жүздерін құбылту/өздері жөнінде шынайы бетжүзін көрсетпеу жағынан алдарына жан салмайтындай көрінді. Жапондарға симпатиясы барлармен осы мәселеде еш келісе алған емеспін. Себебі жапондардың сиқырының күштілігі болар мен оларға жапондардың бетперде киетіндігін дәлелдей алмай келемін. Бірақ бәрібір өз көзіммен көріп, түйгендерімді жазғанды жөн көрдім. Қанша жерден жапондарды мақтаса да, жапондардың өз ішкі есебі бар екеніне, адамдардың санасын білдірмей жаулайтындығына көз жеткіздім. Әрине мұның барлығы тек өз отандарын сырттан келген адамдардың барлық ықпалынан қорғау үшін ғана жасаған әрекеттері. Ал жалпы өмірде өз араларында жапондардан асқан мәдениетті адам таба алмайсыз ба деп қалдым. Есімде ерекше қалғаны, жапондардың шын бет бейнесін көру арқылы бұрынғы қазақтарды көргендей әсер алуым. Әрбір істе «ұят болады», немесе өздері теріс көрген іс әрекеттерді намыс көріп мүлде істемейтіні. Яғни өте қатты намысшыл екен. Нақ бұрынғы қазақтар сияқты, түсініктері. Отыру мәдениеті де қазақтардікінен аумайды. Өзге ұлттар сияқты түрлі отырғыштарға отырғаннан гөрі жерге малдас құрып отырғанды жөн көргеніміз сияқты жапондарда біз сияқты малдас құрып отырғанды ұнатады екен. Біз текеметке отырсақ, олар татамиге дізесін бүгіп отырады.
Бәрінен бұрын мені қатты таң қалдырғаны, әрбір жапонның патриоттығы. Яғни қоғам, мемлекет ретінде патриот. Өзімнің жүрген-тұрғандағы, көрген барлық жапондардың бәрі-бәрі патриот болғандығы таңдандырды. Әрі сүйсіндірді. Біз ұсақ-түйек деп санайтын, елемейтін істерге дейін қатты мән беріп жатады. Саусағының ұшына дейін патриот па деп қалдым. Досыммен әңгіме барысында, мемлекеттік мүдде мәселе болса, ол менің қонақ, дос екеніме де қарамастан алдымен Жапония мүддесін қорғайтынын байқатты. Әрине бәрекелді дейсің, осылайша ол өз-өзін сыйлата білді.
Көшеде кетіп бара жатып, өз еркімен көшедегі қоқыстарды жинап, қоқыс жәшігіне салып жүрген балаларды, зейнетке шықса да еліне тегін қызмет етіп жүрген зейнеткерлерді көп кездестірдім. Бәлкім жетістікке жетулеріне осы патриоттық сезімдерінің жоғарылығы көп себеп болды ма деп ойлаймын. Мысалыға, патриот адам қоғамына зиянын тигізбей керісінше пайдалы болуды ойлайды. Әрине барлық адам елдің мүддесін бірдей ойлап тұрса, мемлекет қарқынды дамитыны сөзсіз. Патриоттығымен қоғамға пайдалы болуымен қатар, салт-дәстүрлері мен тілдерін, бір сөзбен айтқанда ұлттық құндылықтарына қатты бекем екен. Бәрінен бұрын қоғамында қатты сезіліп тұрғаны, жапон тілін білмейтіндерге қысымшылық жасайтыны. Жапон тілінсіз күн көруді қолдан қиындатып қойған. Әрине бұл әрекеттерін теріс дей алмайсыз. Ал тілін біліп, салт-дәстүрлерін ұстанып жатсаңыз, онда кедергілердің қалай азайғанын өзіңіз білмей қаласыз.
Бос уақыт қалдырмау үшін әрі жапондардың ішкі өмірінен көптеген мәліметтер алу үшін ара-арасында жұмыс та істеп отырдым. Себебі адам жұмыста сыналады деген рас қой. Бірде, бір танысым келіп, 4 күнге жұмыс істеуге шақырды. Сөйтсем, олардың тобында бір адам ауырып қалыпты. Егер ол топтың бір адамы кем болса, онда сол топқа жұмыс берілмейді екен. Сосын келіскен бойынша 4 күн көмектестім. Былайша айтқанда, өзімді асарға көмектескен сияқты сезіндім де ақша талап ету ойымда болмай өз шаруаммен кетіп қалғанмын. Бір күні пошта жәшігімдегі хатты ашып қалсам, 4 күн ішінде қанша сағат, минут істегенім жазылған ұзын чек сияқты қағаз және оның еңбекақысы. Арамызда ешқандай келісім шартта жоқ. Қалғанына өздеріңіз баға бере беріңіздер.
Қай саласында да істемейін, барлығының ойында бірінші кезекте жұмыстың сапасы тұрады. Біздегідей, қай жерден нені жеп қалсам демейді. Жұмысқа адалдық, сапалы жұмыс істеуді саналарына кішкентайынан сіңіргені және еңбекқорлыққа баулығандары көрініп тұрды. Кейде жұмыс барысында қарт кісілеріне зорға дегенде ілесіп отырған кездерім болды. Бұл жапондардың еңбексүйгіштігіне, қажыр қайратына таң қалудан басқа амалм қалмады. Басыңыз жетпей кетеді. Біздің еңбекқор деп жүрген өзбектеріміз жапондардың қасында жалқау сияқты көрініп қалса таң қалмаңыз. Бірақ кейбір әрекеттеріне қарап, «оқу өтіп кетіпті», «күн өтіп кетіпті» дегендей бұларға қарап еңбекқорлық өтіп кеткен бе деп қаламын. Себебі қажеті жоқ, пайдасыз жұмыстармен де айналыса береді. Бірде Ибараки әуежайыннан шығып кетіп бара жатсам, жүргіншілер жолында екі қызметкер жолаушыларды өткізіп, көліктерді тоқтатып тұр. Бізде жүргіншілер жолында көліктер өздері тоқтап, жүргіншілерді өткізіп жібереді ғой. Осы тектес оқиғаларды бірнеше жерден де кездестірдім. Осындай түсініксіз жағдайлар «Жапонияны ақылмен түсіне алмайсың» деген қанатты сөзді еріксіз жиі еске түсіргізіп отырады.
Көп жұмыс орындарында жұмыс істеу арқылы Жапон менеджменті шын мәнінде ең жоғары жетістікке жеткендігіне көз жеткіздім. Бір сөзбен айтқанда, отбасылық қарым қатынас формасын алып, жапон менеджементін жасағандай көрінді. Яғни қарапайым тілмен айтқанда отбасылық қарым-қатынас формасын ұжымды басқару формасына айналдыра салғаны сияқты. Ұжымда барлығы бір отбасының мүшесіндей сезінеді. Мысалыға, Құдай сақтасын балаңыз түрлі қиындықтарға ұшырап, мүгедек болып жатса «енді сенің керегің жоқ» деп тастап кете алмайсыз ғой. Сол сияқты ұжымда да өз баласындай көріп, барлық қиыншылықтарды бірге өткеріп, оқытып, тәжірибеден өткізіп, барлық жағдайды жасап, отбасылық сезім қалыптастырады. Содан кейін жұмысқа қалай жаныңызды беріп істегеніңізді білмей қаласыз. Сондықтан ұжымдық сана өте жоғары. Яғни бір компания бір адамдай жұмыс істейді. «Егер мен өзіме жүктелген жұмысымды дұрыс атқара алмасам, барлық ұжымның жұмысын ақсатып, барлығының нанынан айыруым мүмкін» деген де түсінік басым.
Қысқасы, өзі өліп кетсе өлер, бірақ сапалы жұмыс, яғни сапалы тауар өндіруді алдына мақсат етіп қойған. Жапонияның әрбір азаматы сапалы жұмыс істеуді өмірлік мәні деп қарайтындай. Кішкентай кезінен тынбай тер төгіп, әбден шымырланып кеткен сияқты. Менің ойымша бұның барлығы рухының мықтылығынан деп түйдім. Қанша жерден сапалы маман дайындау үшін әр компанияның өзіндік әдістемесі бар десек те, олардың көпшілігі маманның рухымен жұмыс істеуге бағытталған. Көп мәселені адамның рухы шешеді деп ойлайды. Рухын көтеруге қатты мән береді. Мысалыға, таңертең жұмыста ерте жиналып сапта тұрып түрлі рух көтеретін әндер айтады; жиналыс залдарында түрлі видео өнімдер көрсетіп, лекциялар оқиды.
Менің ойымша, ұзақ өмір сүрулеріне еңбекқорлықтың көмегі көп тиген. Себебі қозғалыста жиі болған адам, бір орында отырған адамнан ұзақ жасайтыны белгілі. Сондықтан болар жапондардың көп қозғалыста болатыны байқалады. Кабинеттен шықпай жұмыс істейді дегенінің өзінде, күн тәртібінде жүгіру тұрады. Жалпы алғанда жүгіру, велосипедпен жүру, өмірлерінің бір бөлшегіне айналған. Әрине бұл жерде тамақтанудың да рөлі өте үлкен. Тамақтану мәселесінде де жапондардан үйренеріміз көп. Мысалыға, ұйқыға жатардың алдында тамақтанбайды, біз сияқты. Тамақтарының негізгі бөлігін күріш пен балық, яғни теңіз өнімдері құрайды. Жалпы ауыр тағамдар жемейді.
…Бірде баламды бақшадан алып келе жатқан едім. Өзім де бірнәрсені сезгендей, қауіптеніп бір бұрылыстан өте жай жылдамдықпен бұрыла беріп едім, қарсы жақтан біреу қатты жылдамдықпен келіп, алдында отырған балам жақты бір-ақ соқты. Ойладым балам кетті деп. Қатты соққыдан балам кәдімгідей аспанға ұшып кетті. Мен болсам жанталасып ұшып бара жатқан жатқан баламды ұстауға ұмтылдым, ұстадым да. Бірақ жерге бірге құладық. Құлаған себебім, қақпашылар секілді ұстау үшін секірген едім. Қақпашылар бұлай секірмейтін шығар. Айналасы 1-2 секундтағы оқиға. Жерде баламды құшақтап жатып ух деп терең тыныс алғаным сол еді, қарасам, баламның басынан қан кетіп жатыр. Жалма-жан, жедел жәрдем шақырдым. «Баламды жерге түсірмеген сияқты едім ғой» деп, жаным шығып барады. Басын тексеріп көрсем, басын асфальтқа сәл сәл ғана болмашыдай терісін жырыпты. Ал сырттай қараған адамға қорқынышты көрінеді екен. Одан кейін жалма-жан аяғын тексердім. Себебі қарсы жақтағы велосипедтің дөңгелегі баламның аяқ тұсынан соққан еді. Шүкір, періштемнің дене мүшесі толық сау болып шықты. Соққының қандай болғанын, велосипедімнің айдауға жарамай қалғанынан түсінуге болады. Бұл сәтті айтып жеткізу мүмкін емес. Осыдан кейін «сәбидің періштесі болады» дегенге қалай сенбейсің. Өмірде адам түсіне бермейтін, ақылы жете бермейтін құбылыстарға таң қаламын. Біз қалай осы жағдайларды түсіне алмаймыз? Әншейін де алаң болмайтын, іздемейтін анасы – жұбайымды айтамын, біздің бір оқыс оқиғаға ұшырағанымызды білгендей жанұшырып келіпті. Осылайша соқтығысқан жер әп-сәтте абыр-сабыр адамдарға толып кетті. Жедел жәрдем, полиция, бақша қызметкерлері, анасы. Бәрі бірдей уақытта келді. Осы оқиға жапондардың шетелдіктерді иттің етінен жек көретінін тағы да дәлелдеп берді. Айтайын, жедел жәрдем басынан қан кетіп жатқан балама көмектесудің орнына, менен, анасынан «қай жылы туылғансыңдар, бала неше жаста, қайда тұрасыңдар» осы тектес мыңдаған сұрақ қойып шыққан шығар. Арадан бес-он минут өтті балаға әлі көмектесер емес. Бізді сұрақ-жауаптың астына алып әлек. Негізі біз оларға берген құжаттардың ішінде барлық ақпараттар бар. Бірақ қасақана істеп отырғандары айқын көрініп тұр. Бөтен елде мүсәпірсің деген рас екен. Айтқанын істей беруден басқа амал жоқ. Кейіннен барып жедел жәрдем көзбояушылық жасап, сиренасын қосып оқиға орнынан алып кетті. Көзбояушылық дейтінім, жұбайым артынша келіп тұр, тістеніп. Жай көмек көрсетілді деген белгі үшін апарып, ешқандай көмек көрсетпестен, ешқандай тексерусіз, диагнозсыз, дәрі дәрмек тағайындамай қайтарып жібере салған. Мен полициялармен қалдым. Бұлардың аяқ астынан аңқау не мақау кейіп танытып қалатынын әбден үйреніп алған мен, бірден жапонша жақсы білетін танысыма телефон соғып, телефон арқылы аударма жасап беруін сұрадым. Абыр-сабыр кезінде полициялардың бірдеңе бүлдіріп жатқанын ішім сезіп отырған. Қарасам, мені кінәлі етіп шығармақшы екен. Қартасын сызып қойған. «Сен қатты келе жатқансың, қарсы жақтағы баланың алдына шығып кеткенсің. Мұндай бұрылыста жай жүру керек» деп мені барынша кінәлі етіп санап тұр. Оларды әбден тыңдап болған соң, мен оларға жол ережесінің қандай екенін түсіндіріп, бәрін сызып бердім. «Біріншіден, мен баламмен келе жатырмын. Яғни мен баламен мынадай бұрылыста қалай қаттай айдаймын? Тепе-теңдік сақтай алмаймын ғой. Егер қатты айдасам және осы жерлерді түсіріп тұрған видеокамералардың жазбасын қараңыздар. Егер керек болса мұндай қауіпті бұрылыста жапон заңдарына сәйкес жол белгілері және қарсы беттегілер бірін-бірі көруі үшін арнайы айна міндетті түрде болуы керек» деп едім, жиналып тұрған барлық жапондар өшті. Кәдімгідей өшті. Себебі дәл сол бұрышта ешқандай жол белгілері жоқ еді. Тіпті айна да жоқ. Қайта-қайта көздерін шұқып тұрып айттым, жол белгілері қайда деп. Көрсетіңдерші жол белгілерін деп әбден тұқыртып тастадым. Менің ойымша әділеттікке тоқтайтын әдеттері әсер еткен болуы керек, біраз сасқалақтады. Бағанағыдай көзбен жеп қоярдай түрлері жоқ. Сол сәтте жан-жақтан «бұл қай елдің азаматы екен» деп бір бірлерінен аңтарылып сұрап жатты. Оларда полиция деген жарты Құдай сияқты адамдар ғой. Полицияларға қарсы сөйлеу, қарсы шығу деген кездесе бермейтін оқиға. Сәл абдырап қалған полициялар бірден естерін жинап, кінәні әкімшілікке жауып құтылды. «Әкімшілікке хат жазыңыз, мына жерге жол белгілерін, айна қойсын» деп қарап тұр. Мазақ етіп айтып тұрғандай әсер алдым. «Егер сіздерге керек болмаса, мен қайтемін бұл жол белгілерін. Мен ертең кететін адаммын. Әкімшілікке барып, хат жазып жүретін уақытым жоқ» деп шорт кестім. «Онда өзің білесің» дегендей иықтарын қиқаң етті де тұра берді. Жол белгілері жол полициясының тікелей жұмысы екенін, басқа да кінәларын мойындарына іліп, дәлелдеп болған соң, қолдарындағы мені кінәлі санап дайындап қойған қағаздарының үстінен сызып-сызып тастадым. Қатты ашуланған себебім, барлығы жабылып жүріп мені кінәлі еткісі келгендері. Барлығы деп, төрт полиция қызметкері, бізді соққан бала кәмелетке толмаған екен, оның ата-анасы және оқиғаға куәгер сияқты болып жүргендерді айтып отырмын. Мұндай шектен шыққан қырсық халықты сөзбен жеңу сирек болатын оқиға. Бірақ олар сол жерде ұяттан өлердей болғанымен, ақыры шетелдіктерге деген жеккөрініштері жеңіп, мені кінәлі санапты. Мені кінәлі ету үшін қасарысқандары қайта қозып, қырсық мінездеріне салып белден басып жіберіпті. Бірақ қатты кетуге ар-намыстары жібермеген болулары керек, қарсы жаққа материалдық өтем сұрамады. Логика бойынша да кінәлі тарап зардап шегушінің зияндарын толықтырып беруі тиіс емес пе? Бірақ олар ештеңе істей алмады. Керісінше менің шеккен зияндарымды өтеп бере ме деп жүргенмін. Осы оқиға жапондарға деген көзқарасымды күрт өзгертіп жіберді. Бұл оқиға Қазақстанда болғанда қарсы велосипедтегі адамды өлтіріп қоюым мүмкін еді. Қанымыз қызу емес пе. Бірақ сол кезде таң қалғаным, өз-өзімді ұстадым. Қанша дегенмен бөтен елде, бөтен ортада жалғыз екеніңді сезесің. Сездіреді және ұқтырады. Мысыңды құртып отырады. Сонымен қатар, бұл жапондардың ықпалы, яғни тәртіпке кез-келген адамды көндіре алатындығы тағы бар. Жапонияға келген қандай адам болмасын, барлығын өз дегендеріне көндіріп, өз заң, дәстүр, тәртіптерімен жүргізеді. Ал бізде ше… Ех, Қазақстанға келсең иесі жоқ елге келгендей боласың. Әсіресе Жапониядан келген кезде тіпті қатты білінеді.
Әр адамның арманы қауіпсіз елде өмір сүру болса, нағыз қауіпсіз ел Жапония дер едім. Негізі шетелдіктерді жек көретіндері де орынды көрінді. Себебі сол төмен саналған қылмыстардың өзін жасаушы шетелдіктер екен. Егер тек қана жапондар ғана өздерімен өздері өмір сүрсе әрине қылмыс болмас па еді деген ой келді. Қандай затыңыз жоғалса да тауып әкеліп береді немесе жоғалтқан жеріңізде тұрады. Өз басым ақшадан басқа қаншама заттарымды жоғаттым, барлығын қайта тауып алдым. Тек күндіз ғана емес түнде де яғни 24 сағат бойы Жапонияның кез келген жерінде жүріп тұру қауіпсіз. Әрине мұның барлығы жапондардың қоғамдық санасының өте жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Жапонияда жүрген уақыт ішінде қоғамдық жерде төбелесіп, ұрсып, айқайласып, тіпті дауыстарын көтеріп сөйлегенді естімеппін. Тіпті Сіз ерсі қылық жасап айыпты болып тұрсаңыз да керісінше ол Сізден кешірім сұрап әлек болады. Әрине мұның бәрін шынайы көңілден болған әрекеттермен шатастырмау керек. Олар тек әдеп қана сақтайды. Болды. Кешірім сұрай беруді мәдениеттілік деп ұғады. Сондықтан қандай жағдай болмасын бәрі бірінші кешірім сұрауға ұмтылып тұрады. Жоқ жерден кешірім сұрай қалса да таң қалмаңыз.
Дегенмен «бірі кем дүние» деген осы болар, қанша жерден қауіпсіз қоғам құрғанымен табиғи апаттар адам өміріне әжептеуір қауіп төндіруде. Кез келген уақытта табиғат апатынан келер қауіпке деген үрей басым. Адамнан келер қауіп болмағанымен табиғаттан келер қауіп өте жоғары. Кез-келген жапоннның табиғи апат кезінде әрекет ететін инструкциясы мен апат сөмкесі бар. Аз уақыттың ішінде саны жетпес жер сілкіністерін, тіпті жеті балға дейінгі жер сілкіністерін көрдім. Бірақ, «үш күннен кейін тозаққа да үйренесің» деген рас-ау деймін, кейіннен үйренісіп кеттім. Бір уақыттары жер сілкінісінің пайдасын да көрдім. Шырт ұйқыда жатқанмын. Баламның жылаған даусынан ояндым. Бірақ, тәтті ұйқыны қияр емеспін. Сол арада шамамен үш-төрт балдық жер біраз тоқтамай сілкініп, баламды тербетіп ұйықтатып қойды…
Ғылым-білімі керемет дамыса да біздегідей кім көрінген адамдарында ғылыми дәрежесі жоқ екен. Оның себебі, жұмыс берушілердің ғылыми дәрежесі бар адамдарды жұмысқа алмауға тырысуында. Себебі оларды жұмыстың тәртібіне қайта тәрбиелеу қиын дейді. Шынында да өзін доктормын деп сезініп тұрған адамға не үйреткендейсің. Ғылыми дәрежесі барлар тек университет не ғылыми жұмыс орындарында ғана жұмыс істейді. Сондықтан министрінің де әкімінің де ғылыми дәреже алуға ұмтылушылығы біздегідей емес…
Жапонияны жақыннан тануға, жергілікті болып кеткен қазақтармен танысуым да көп көмегін тигізді. Ия, кәдімгі жергілікті қазақтар. Яғни азаматтығын алмаса да кемінде 20 жылдан бері тұрып жатқандар. Бірақ сандары өте аз. Өз басым үшеуін ғана жолықтырдым. Байқауымша солардың жартысын Қытай қазақтары құрайтын көрінеді. Әрине өздеріңізде біліп отырғаныңыздай, қандастарымыз қазаққа қарағанда жапон мәдениетін көбірек сіңіріп алғандығы байқалды. Бірақ бір ерекшелігі сыртқы көріністері мен әрекеттерін жапонға ұқсатқаныңызбен жандары, яғни рухтары қазақ, бүйректері Қазақстанға қарай бұрып тұрады. Бәлкім бұл жапондардың өз ұлтына деген махаббаты, сүйіспеншілігі жергілікті қазақтарға әсер еткендей ме. Ал Қазақстаннан кеше ғана Жапонияға оқуға барған қазақтармен танысуым көңілді біраз жабырқатып тастады. Бірде сәті түсіп Цукуба университетінде Қазақстан Жапония студенттерінің форумына қатыстым. Форумды ұйымдастырушылар, жүргізушілер ұлты қазақ студенттер болғанына қарамастан, форум тек орыс, жапон тілдерінде ғана өтті. Шетелде жүргенде ұлтына, отанына деген сағыныш сезімі оянып қазақша сөйлейді ме деп отырғанмын. Мейлі ана тілінде демей-ақ, отанының Мемлекеттік тіліне сәл де бір құрмет сезімін байқай алмадым. Жапонияда қаншама шетелдік студенттерді көрсем де барлығы өз араларында ана тілдерінде сөйлеседі де, ал біздің студенттердің басы қосыла қалса орыс тілінде сөйлеседі. Тым құрығанда өз араларында да ана тіліне титтей де құрмет көрсетпейді. Сөйтсем олардың дені, барлығы дерлік орыстанған қазақтар екен. Өз араларында орысша, ал қоғамда жапонша сөйлейді. Олар өздерінің қазақ екенін айтып, паспорттарын көрсетпесе орысша сөйлейтін якут па, бурят па немесе чукча ма деп қалуыңыз бек мүмкін. Олардың жапон мәдениетін тез игеруі де заңды. Себебі олар мәңгүрттенген, ұлтын сақтап қаларлық ұлттық иммунитеті жоқ. Ал Қытайдан барған қазақтар уызында ұлттық нәрден сусындап өскені үшін, Жапонияға барғанда ұлттық иммунитеті күшейген деп топшыладым. Сондықтан рухтарын сақтап қалған. Дегенмен жапон мәдениетінің күштілігі болар, білмедім, бірақ жан тәнімен орыстанған, былайша айтқанда мәңгүрттенген қазақтың санасының отарсызданып, ұлттық болмысына бет тұрған, Жапонияда докторлығын қорғап жатқан бір қазақты көрдім. Көрдім де іштей таң қалдым, риза болдым. Жан тәні Қазақстандағы мен дейтін кез келген ұлтшылдарыңнан жоғары тұрады. Бәлкім мәңгүрттенген қазақтардың бәрін, ұлтын қалай сүйе білуде әлемге үлгі көрсетіп жатқан Жапония қоғамына апарып емдетіп келеміз бе деген ой туды.
Ендігі әңгіменің арқауы ретінде, екі елдің қарым-қатынасының дамуын сөз етпекпін. Себебі мақаланы жазудағы мақсатым, екі елдің байланысын дамыту жақтарына тоқталу; ақпарат алмасу; түсінісу. Жалпы, екі елдің қатынасын негізінен рухани-мәденимен қатар бизнесмендер арқылы экономикалық бағытта дамытқан тиімді секілді. Бірақ өкінішке орай осы күнге дейін екі елдің байланысы әлі нақты жолға, жүйеге салынбай келеді. Менің ойымша, алдымен қазақ бизнесмендерін Жапонияға іс-тәжірибеге, курстар оқытуға жіберуді реттеу керек. Яғни үкіметтік деңгейде келісім шарттар арқылы жылына баратын бизнесмендер лимитін белгілеп, оқытса. Себебі, қазақ-жапон бизнесмендері бір-бірлерінің түсінік, менталитеттерін, бизнес мәдениеттерін білмей жатып, түсінбеушіліктердің салдарынан байланыс жолға қойылмай жатыр. Сондықтан ең алдымен екі елдің бизнесмендері арасындағы санадағы кедергілерін алу. Санада ой бірлігі болмай жатып байланысты дамытамыз деген сәл қисынға келмейді. Егер де бір бірлерінің түсінісуіне жол ашатын болсақ, екі елдің экономикалық байланысы өте жылдам қарқынмен дамитыны сөзсіз.
Әлемдегі бір-біріне өте қажетті елдер болса ол Қазақстан мен Жапония дер едім. Егерде осы екі ел байланысын жолға қояр болса екі елге ғана емес, әлемге пайдасы мол боларына сенемін. Шикізатқа асқан бай – Қазақстан, шикізаты жоқ – Жапонияны толықтырса, үздік технологиясы жоқ – Қазақстанды, үздік технологиясы бар – Жапония толықтырары сөзсіз. Тек мемлекеттердің саясаты түзу болса екі халықтың бір бірлерін тез түсінісіп, туыс болып кететініне күмәнім жоқ. Оның үстіне қазақтардың отарсыздану саясатын жүргізуіне, бұрынғы болмысына оралуына жапондар көп көмектеседі деп ойлаймын. Себебі жапондарға қарап бұрынғы қазақтарды көргендей сезіндім. Ал адамға бір ұлттың туысқан екендігін айта бергеннен гөрі адамның өзі туысқан екенін сезіну, оны тілмен жеткізу өте қиын. Ал мен жапондардың қазаққа туысқан екенін шынайы сезіндім. Жапонияға барғанға дейін білмеппін, жапондар жергілікті халық емес екенін. Жапонияның жергілікті халқының аты Айны деп аталады екен. Жапондардың өзі сырттан келген халық екеніне қарағанда бізбен туыстығы рас па деп қалдым. Себебі Жапония аралдары Америка, Австралия құрлықтарымен жалғасуы мүмкін емес, яғни Азия құрлығынан барған халық болып шығады. Ал ол кездері әрине біздің ата бабамыздың Азияға үстемдік құрып тұрған кезімен сәйкес келеді. Жапондардың түркі тектес халықтармен 98 пайыз ұқсастығын ғылыми тұрғыдан дәлелдегені сөзімді толық қуаттай түссе керек…
Жапондардың шынайы жүзін көруге, жақыннан тануға әсіресе баламды жапон бақшасына беруім көп көмектесті. Бұл бөлек бір үлкен тақырып. Қызығы мен шыжығы толған хикаялар. Сондықтан оны келесі бір мақаламда бөлек қозғамақпын. Сол арқылы жапондардың біраз бетпердесін, жұмбағын шешемін…
Сонымен отбасыммен бірге Қазақстанға қайтатын да кез келді. Ұшақ уақыты бір ыңғайсыз кезде еді. Жол алыс. Қысқасы, кешкі соңғы автобуспен әуежайға жетіп алып, түнімен қонып, таңертең ерте ұшып кетуді жоспарладық. Түн ортасына келгенде әуежайдың қауіпсіздік қызметкерлері мен полициялары, әуежайдағы барлық жолаушыларды бір бұрышқа жинап, отырғызып қойды да, құжаттарын тексере бастады. Өз өзімді қораға қамалған қойдай сезіндім. Шетелдіктерге деген жеккөрушіліктерін жасыра алмай тұр. Әрекеттері енді Жапонияға келмейтіндей қылып жіберейік дегендей. Біз баламен, отырғызып қойған скамейкаларында қиналып отырғанымызды, әуежайдағы емізулі балаларға арналған бөлмеге барайық дегенімізге көнбеді. Сосын, біраздан кейін арамыздағылардың әжетханаға баратындарын полиция қызметкерлері бақылаумен апарып әкеліп жатқанын көріп, тіпті таң қалдым. Тұтқындағыларды әжетханаға апарып әкелетіні сияқты. Қатаң тексерулерінен кейін өз-өзіңізді қылмыскердей сезініп қалады екенсің. Әуежайға келгенге дейін АҚШ, Англия азаматтарын да «тәрбилеп» қойғанға ұқсайды, олар да «тәртіпке» бағынып жүр. Бірнеше сағаттан кейін кететін қонақ екеніңізді біліп тұрса да «құрметі» сол болып тұр. Шетелдіктерге әбден проблемалар шығара бергендіктен бе, ұшаққа отырып Жапония территориясынан ұшып кеткенше мазам болмады, себебі әлі алда паспорт, кеден тексерулері бар еді. Бірақ, Құдайға шүкір проблемалар шықпай ұшаққа отырғаныма өз-өзіме сенбей терең тыныс алдым. Міне, шетелдіктердің аяғын бір етікке тығып, тәртіппен жүргізетін Жапонияны ел деп, мемлекет деп айтуға болады. Үлкен, кең үйден тар үйге барғанда ауа жетпей жүрегіңіз қысылатыны секілді, аузы мұрнына симай отырғандай көрінген елден жүрегім қысылып, Қазақтың кең байтақ жеріне қарай жеткенше алып ұшып отырдым. Қазақ үшін Қазақстаннан басқа жәннат жоқ екеніне тағы бір көз жеткізіп қайттым.
Бір сөзбен Жапонияны түйіндесем, Жапония жұмбағының шешуі: әлем тамсанып, сүйсініп жүрген жапондардың қол жеткізген әрбір жетістігінің астарында қазақтардың өсиеттері мен мақал-мәтелдері жатқандай көрінді. Сондықтан өз мәдениетімізді қайта жаңғыртсақ, мұндай жетістіктерге жету бізге арман болмас еді. Жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Қазақтан асқан дана, көреген халық жоқ екен әлемде. Әлемде ең үлкен, ең қымбат қазына-байлық жер десек, дамыған деген елдердің өзі қол жеткізе алмай жүрген Жапония, Германия, Англия Франция, Италия, т.б. әлі де топыраққа зар болып отырған елдерге қарап, ұлан-байтақ территорияға қол жеткізген Қазақтардың тегін халық еместігіне көз жеткізесіз.
Фазылбек Әбсаттарұлы
2012 жыл, тамыз
P.S. Бұл түйгендерім барлық жапон халқы туралы көзқарасты білдірмейді. Жеке көзқарасым ретінде қабылдаңыздар.
qazaquni.kz