Талжан Райымбердиев: Еліміздің болашағы таза адамдардың қолында
2015 ж. 22 желтоқсан
3735
0
ТАЗА АДАМДАР ТАПШЫЛЫҚҚА АЙНАЛҒАНЫ МА?
– Астанада өткен елеулі бір жиында Елбасымыз Н.Назарбаев «Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін түрік халықтарының ортақ оқу орнына айналдыру керек» деді. Өзіңіз 14 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан білім ошағын кеңірек таныстыра кетсеңіз. – Келесі жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылғанына 25 жыл толады. Оқу ордасы 1991 жылы ашылған кезде «Казахстанская правда» газеті «Аудан орталығындағы университеттің болашағы бар ма?» дегендей мақала жазған еді. Керісінше, бұл білім ордасы Елбасының жаһандану саясатына орай, түрік әлемінде Түркістан қаласының орны ерекше деп бағалаған шешімінен туған болатын. Кейінгі жылдары кейбір әріптестеріміздің өздері Түркістанға келсе, «ой, мына дүниелер Астанада да, Алматыда да жоқ қой» деп, таңқалыстарын жасыра алмай жатады. Уәлихан Сейділдәұлы ректор болып келгелі университетті елге, сырт жұртқа таныту жолында көп істі қолға алып, жүзеге асыруда. Елбасының жоғарыдағы сөзіне келетін болсақ, бүгінгі күнге дейін қаржыны Қазақстан мен Түркия бөліп отыр. Әр жыл сайын дәл солай болмаса да, шамамен 50 де 50. Түрік халықтары ұландарының бас қосып, білім алып жатқан жалғыз оқу орнына Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, тағы басқалары да гранттық орындар бөлсе жарасар еді. 400 грант еді, түрік жағы Елбасымыздың аталмыш сөзінен кейін тағы да 200 гранттық қосымша орын бөліп отыр. Мысалы, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түркімен бауырларымызға 40 орынға дейін көбейді. – Енді өзіңіз жайлы, еңбек жолыңыз жайында да айта кетсеңіз. – Алты жасымда Ұлы отан соғысының ардагері әкеміз өмірден өтті. Әкенің орнын ертерек басуға тырыстық. Балалық шақта шаршағаннан қырманда қонып қалған кезіміз де аз емес...Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтының механика факультетін бітірдім. Деканымыз, дипломдық жетекшім болған профессор Вячеслав Порошиннің ұсынысымен студент біткеннің зәресі ұшатын «сопромат» кафедрасында оқытушылық қызметке қалдым. Ленинградта 1988 жылы 27 желтоқсанда кандидаттық диссертациямды, 1998 жылы 30 маусымда атақты академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің жетекшілігімен докторлық диссертациямды ойдағыдай қорғап шықтым. Мен ол кісінің докторлық қорғаған соңғы 25-ші шәкірті болдым. Өмекеңнің өмірі, ісінің бәрі өнеге еді ғой. Мен кейде ғылыми мақаламның астына ол кісінің фамилиясын жазып барсам, Өмекең сызып тастайтын: «Менің бұл мақалаға еңбегім сіңген жоқ». Ал, қазір мақалаға фамилиясын өзі қосып қоятын арсыз ғалымдарды да көріп жүрміз емес пе?! Өмекең Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде Қазығұрт кентіндегі аудандық аурухананың кеңес кезінен бітпей қалған құрылысын «аяқтатамын» деп, сайлаушыларының алдында берген уәдесін орындау мақсатында сол кездегі премьер-министр Ә.Қажыгелдинге кіреді. Ә.Қажыгелдин дайындап әкелген қағазға қол қойып береді де, Өмекеңе қарап: «Аға, жекешелендірудің келесі кезеңі бастау алды, сіз де Алматыдан өзіңіз отырған институттың ғимаратын (Фурманов-Абай көшелері қиылысында болатын) жекешелендіріп алмайсыз ба» дегенінде: «Айналайын, Әкежан, ниетіңе рахмет! Менің байлығым – бала-шағам, шәкірттерім, ғылыми мұрам, ал еңбексіз келген дүниенің ертең сұрауы болады» депті. Әкежан кішкене кібіртіктеп барып, Өмекеңнен өзі қол қойып берген хатты қайта алыпты да, бұрынғы жазған «А.Павлову, О.Шукееву! (біріншісі, Қаржы министрі, екіншісі, Экономика министрі ғой). Для рассмотрения!» деген сөзді сызып, «А.Павлову, О.Шукееву! Исполнить и доложить!» деп түзетіп жазыпты... Сөйтсе, кеңес кезінен қалған құрылыстарға қаржы бөлмеу жайлы үкіметтің қаулысы бар екен, Өмекеңнің адалдығына, тазалығына ырза болған премьер-министр өзі қол қойған қаулыны өзі бұзуға барған екен. Өтініштің алғашқы күйінде кетсе орындалмайтынын, қолын қойғаны жай сыпайылық екенін Қажыгелдин өзі біліп отыр ғой. Үлкен адамның әруағын тербеп жатырмыз, осы жерде Өмекеңдей қазақтың арысының аузынан шыққан бір өнегелі сөзді еске алмай кетуімізге болмас. 1996 жылғы сайлауда Қазығұрттың Алтынтөбе, Шақпақ деген елдімекендерінде сайлаушылармен кездесуден қайтып келеміз. Ауыл арасынан өтіп бара жатсақ, бір үйдің ауласында жарамсыз комбайн тұр, оның торынан тауықхана жасап қойыпты. Бұл көрініс маған қатты әсер етті. Колхоз-совхоз тарап, жұрт мемлекет мүлкін пышақ үстінен бөліп алып жатқан кез ғой. Мынау үйдегі шаруаға тигені ескі комбайн болған-дағы. Мен Өмекеңе қарап: «Қараңызшы, комбайнның доңғалақтары жоқ. Артқы торынан тауықхана жасапты. Бұл елдің тозуы емес пе? Сонда ауылдың болашағы қандай болмақ?» – дедім. Ағамыз ойланып қалды. Сосын терең бір күрсініп алды да: – Е-е, Талжан, мен бір ғана нәрсені анық білемін, енді 10 жылдан соң елді басқару қиынға соғады. Себебі ол кезде елде таза адамдар тапшылыққа айналады. Сендер сол замандарда керек боласыңдар, – дегені. Шынын айтсам, мен бұл жауапқа онша қанағаттана қоймадым. Оның көріпкелдік сөз екенін кейінірек барып ұғындым ғой. Және оның өміршеңдігі, өткірлігі бүгінгі таңда күн санап күшейе түспесе, кеміген жоқ. – Мен 2002 жылы ХҚТК-дың сол кездегі ректоры О.Сәбденовтің шақыруымен университеттің Шымкенттегі филиалына механика кафедрасының меңгерушісі болып ауыстым. Кейінірек филиал директорының ғылым жөніндегі, сосын оқу-әдістеме жұмысы, ең соңында тәрбие жұмысы бойынша орынбасары болып қызметтер атқардым, арасында үш ай директордың да міндетін атқардым. 2003 жылы университетке С.Пірәлиев басшылыққа келді. Бір жылдан кейін мен Түркістанға университеттің оқу-әдістеме және тәрбие жұмысы жөніндегі вице-президенті болып ауыстым. Содан бері, міне, 12-ші жыл Түркістанда қызмет етіп келемін. 2008-жылы ректорлыққа Лесбек Ташимовтың келуінен бастап университетте ғылыми жұмыстар жөніндегі вице-президент қызметін атқарып келемін. Бізде 2010 жылдың аяғына дейін педагогика, медицина және экономикадан докторлық кеңестер жұмыс істеді. Мен осы орынға келгенде университеттің ғылыми бағыттары жайлы бір де бір нақты құжаттық ережелер мен нормативтердің жоқ екенін көріп таңғалдым. Жүйе жасалмаған екен. Кейін 41 бағыт бойынша, оның ішінде мемлекеттік бюджеттік бағыттарды нақтыладық, оларды талапқа сай мемлекеттік реестрде тіркеттік, шифрларын белгіледік. Біздің ғалымдар өз еркінен тыс шетел ғылымын дамытуға мәжбүр... – Университетте ғылыми-зерттеу институттары да бар емес пе? – Иә, Археология, Экология және Түркология ғылыми-зерттеу институттары бар. Олар ертеректе ашылған. Сондай-ақ Ғылым орталығы деген болған. Жақында Еуразия, Медицина және Жаратылыстану ҒЗИ-ры ашылды. Олардан бөлек университеттің өзінде жұмыс істеп жүрген 500-ден астам ғылым кандидаты мен ғылым докторлары бар емес пе, міне, осы жұмыс жүйеленбеген. Әр кафедраның өзінің бірнеше ғылыми бағыты болуымен бірге, әр ғалымның өзінің тұрақты түрдегі зерттеу бағыты болуы тиіс қой. Ғылыми кеңестер Қазақстанда 2010 жылы жабылды. Бакалавриат, магистратура және РҺ докторы деген еуропалық жаңа жүйе енгізілді. Мұның өзінің де артық және кем жақтары да бар. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін көне жүйенің жағымсыз жағы күшейіп кетті, жалған ғалымдар саны еселеп өсті, ол жалпылама сипат алды. Бұрын ғылым инемен құдық қазатындардың ісі болса, кейін ол көзбояушылыққа айналды. Ресейде қорғалған диссертацияны алады да қазақшаға аударып, қорғай салатын болды. Әсіресе, гуманитарлық бағытта. Мен медицина саласы тазалау шығар деп ойлаушы едім, сөйтсем оларда да көзбояушылық жеткілікті екен. Мысалы, медицинаның «Гигиена» саласы бойынша. Мақтаға пестицид сеуіп кетті дейік. Ал енді сол мақтаны жинауға шыққан жүкті әйел сағат 11-де 40 минут, сағат 17-де 40 минут демалуы керек екен. Жаңалығы сол! Баяндамашыдан «неге нақ осы сағаттарда демалу керек екенін қалай таптыңыз?» деп сұрасам, «ойдан қоя салдым» дейді. Қарға қарғаның көзін шұқымайды ғой, сондай жұмыстар қорғалып та, бекітіліп те жатты... Сондай-ақ, магистрант түскен мамандығы бойынша тақырып алады. Жаңалық табуға тырысады. Оны қорғайды. Бірақ, «ғылыми процеске кіру» деген мәселе ақсап тұр. Кафедра өзі тақырып береді, өзінде қорғатады. Сарапшы да өздері, бағалаушы да өздері. – Бұрынғы жүйеде 3 жыл аспирантурада оқыған адам қалай болғанда да ғылымға, жаңағы сіз айтқандай, бойлай енетін еді. Бүгінгі магистратура – 2 жыл. Қалай қорғалатынын айттыңыз... – Бүгінгі РҺD докторы дегеніміз бұрынғы ғылым кандидатының деңгейі. 3 жыл докторантурада оқиды. Бұл жердегі ең үлкен қисынсыз мәселе - болашақ ғалымның магистратурадағы және докторантурадағы ғылыми тақырыбы арасындағы міндетті түрдегі сабақтастық деген жоқ! Демек, докторантураға түскен адам оған мүлде дайындықсыз келеді деген сөз. Ол тақырыпқа бойлап кіремін деп жүргенде үш жылдың жартысы өтіп кетеді. Мұндай жағдайда сапа туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ешқандай ережеде бұл мәселе анықталып көрсетілмеген. Докторантура көп жоғары оқу орнында жоқ. Студенттің, магистранттың бітірген мамандығы заңгерлік болса, докторантураға экономика мамандығына түсіп кетуі мүмкін. Немесе керісінше. – Бұл кемшілікті түзетудің жолы қандай? – Ол үшін тек сәйкес мамандық бойынша докторантураға түсетін болса ғана пән айырмасына рұқсат берілсе және бір жыл бұрын барар мамандығы пәндерін ақылы түрде оқып, емтихан тапсырып, академиялық анықтама алуы тиіс деп ойлаймын. Сондай-ақ оның зерттеу тақырыбына сәйкес ғылыми мақалалары жарық көрген болса. – Кеңес кезінде кандидаттық қорғау үшін аспирантураны күндіз бітіргеннің өзінде 5-6 жыл уақыт кететін. Ал, «ғылым докторы» атану арыстанның аузынан, түрікпеннің төрінен олжа алып қайтқанмен пара-пар еді. Бүгін қалай? – Докторантурада 3 жыл оқу деген мерзім – өте аз уақыт. Және ол адам докторантурада оқып жүріп, өзіне жетекші таңдайды. Жетекшінің бағыты мен докторанттың таңдаған бағыты сәйкес келмесе ше? Кеңес кезінде жетекшісі қайтыс болып кеткен адам қайтадан басқа тақырып алуға мәжбүр болатын немесе мүлде қорғай алмай кететін. Қазіргі уақытта тақырыпты да, жетекшіні де бірнеше рет ауыстыруды көріп те жүрміз. Содан соң салалық министрліктермен байланысып, олардың мұң-мұқтаждығын ескере отырып, ғылыми кеңестерде бекітілген өміршең, маңызды ғылыми бағыттарды, оның ішінде, тақырыптарды орталықтандырып электрондық базаға жинап қойса. Ол тақырыптардың жетекшілерінің аты-жөні, ғылыми еңбегі жазылып тұрса. Ізденушілер, соның ішінен, алдын-ала таңдап алып, ғылымға үлкен дайындықпен баратын болса. – Диссертантқа бұрын кандидат автореферат жазу, докторант монография жазу секілді талаптар қойылатын еді. Бүгінгі талаптардың сипаты қандай? – Қазір әлемдік деңгейдегі ғылыми журналдарда «импакт-факторлы» деп аталатын мақалаңыз басылуы тиіс. Сол мақалаң шыққан кезде ғана қорғауға жіберілесің. Біздің қазекеңдер ондай журналдарға шығарудың да жолын тауып алған. Соның салдарынан SCOPUS базасындағы біраз журналдар жабылып та жатыр... Түркияның докторантуралық жүйесі жақсы жолға қойылған. Ондағы зерттеудің негіздемесі әлемдік деңгейдегі зерттеулерге сүйене отырып айқындалады, яғни мақала жазсаңыз «халықаралық рейтингті журналдар тіркелген «Элсивердің» базасындағы ғалымдардың еңбегіне сілтеме жасап жазасыз» деген талап қойылады. Сол арқылы шәкірттер әлемдік деңгейдегі ғылыми мәселе көтеріп жатқан мақалалармен, әдістемелермен танысады. Ал, бізде, біріншіден, жетекшілеріміздің біразы тіл білмейді, екіншіден, өздері ол деңгейге жете алмай отыр. Бізде докторанттарға екі жетекшінің бірі шетелдік ғалым болуы тиіс деген шарт қойылған. Бірақ, бұл шарттың өзі шартты түрде, қағаз жүзінде ғана. Екі елден бір бағыттағы зерттеулерді істейтін екі ғалымның басын қосу қиын. Бұл енді докторанттардың кінәсі емес. – Жаңа жүйенің кіргеніне 5 жыл болды. Ол енді қанша жылда жолға қойылып болады? – Жаңа жүйе жолға қойылу үшін Білім және ғылым министрлігі, оның комитеттері мен департаменттері талап түрлеріне реформа жасауы қажет. Сонымен қатар, көптеген министрліктерде де ғылым саласы бар. Оларда да ғылымға деп қаражат бөлінеді. Бірақ, оларда ғылыми орта жоқ. Премьер-министр жанында ғылым бойынша Ұлттық ғылыми кеңес бар. Оның мүшесі, әрі ғылыми тақырып жетекшісі, әрі осы бағыттың сарапшысы. Өзін-өзі тексереді, бұл қалай? Ғылымға бөлінетін қаржы корифей ақсақалдарымыздың айналасындағылардан, Алматы мен Астанадан шықпай отыр. Әйтпесе, ғылымы дамыған университеттер өзге өңірлерде де бар. Мысалы, Қарағанды, Өскемен, Шымкент және т.б. өңірлердегі оқу орындарына да тиісті дәрежеде қолдау беру қажет. – 2000-2014 жылдар арасындағы бір де бір жылда біздің ғылымға бөлген қаржымыз ЖІӨ-нің ең болмаса 0,3 пайызына жеткен емес. Ал, ол көрсеткіш 3 пайыздан асса ғана мемлекет дами алады деп саналады. – Бізде қаржыны Америкадағыдай етіп бөлсе де, біз ғылымды дамытуға нақты дайын емеспіз. Себебі, бар нәрсенің өзін дұрыс жұмсауды үйренген жоқпыз. Біздің университет былтыр үшжылдық грантқа 155 жоба ұсынды. Әр жоба шетелдік 3 сарапшыға жіберілді. Олар баға қойды. Ең жоғары балл Қазақстан бойынша 35 балл болды. 155 жобамыздың 127-сі шетелдіктерден оң баға алса да, соның 12-сі ғана грант иеленді. 9,4 пайызы! Жалпы 12 жобаға қаржы бар-жоғы 67 млн.теңге. – Шетелдіктер де біз секілді өз жобаларын өзге елдердің сараптауына ұсына ма? – Біз ішкі сарапшыларымызға деген сеніміміз төмен болғандықтан шетелдерге жібереміз. Ал, оларда өздерінің тазалығына, әділдігіне деген сенім жоғары болғандықтан, олар өз арасындағы сараптамаға жіберумен шектелуі мүмкін. – Бұл үрдістің екінші жағы бар – олар сенің жылт еткен жақсы идеяңды өздеріне алып алады ғой. Өйткені, кез келген ғылыми жобада ең бастысы, оның идеясы емес пе? – Бұл жайлы ғалымдар талай рет өз пікірлерін білдірген. Оларға «идеяңды ашып көрсетпе» деген жауап айтылуда. – Кешіріңіз, бұл – нағыз нонсенс! Ғалым өз идеясын ашуға мәжбүр, себебі біз олардан идеяның жаңалық деңгейіне баға беруін талап етіп отырмыз, сол үшін ақша төлеп отырмыз. – Сарапшыларымыздың жақсы идеяны өзінің айналасындағыларға таратып беріп қоюынан сақтанған түріміз ғой бұл біздің. – Яғни, «шетелдіктер ұрласа ұрлай берсін, ең бастысы, өз аулымыздағыларға бұйырмаса болды» деген сөз ғой бұл. Олар бір-бірінен идеяны «өнеркәсіптік шпионаж» арқылы ұрласа, біз оларға өзіміз тегін апарып беріп жатырмыз десеңізші. Тіпті, тегін де емес, идеямызды ұрлап алып қалғаны үшін ақша да төлеп отыр екенбіз ғой. Масқара-ай! – Және ол аз ақша емес, мыңдаған доллар қомақты қаржы ғой. Ұрлатумен де шектеліп жатқанымыз жоқ, олар оң баға бергендерінің өзін жолын бәрібір кесудеміз. Біздің 127 жоба – соның айғағы. Түптеп келгенде Ұлттық ғылыми кеңес не шешті – сол болады. Профессор А.Ақбасова деген ғалымымыздың Яссауи кесенесіне орай берген 31 балл алған жобасын ҰҒК өткізбей тастады. – Нағыз профанация деп осыны айтса керек! Бәрін өзіміз шешсек, онда шетелге жобалар жіберіп, қыруар қаржы төлеп неге әуре боламыз? – Міне, міне, осы сұрақты Білім және ғылым министрлігіне, оның Ғылым комитетінің басшыларына қою керек. Ұлттық кеңестен сұрау керек. Кеңес – қоғамдық ұйым, ұйымдастырушы мемлекеттік мекеме - ҚР БҒМ-нің Ғылым комитеті. Менің өзім ұсынған, санкт-петербургтық ғалымдармен тізе қосып жасап, біріккен зерттеу ретінде ұсынған жобам – «Энергетика және құбырлар объектілеріндегі қуаттылығы жоғары жекелеген тораптардың беріктігі мен жарамдылық мерзімдеріне эксперименттер мен есептеу әдістемелері негізінде сараптама жасау» – 25 балл алды. Атом стансаларына да қатысы бар жоба. Себебі, бізде 2 АЭС салыну жоспарланып жатыр емес пе. ҰҒК-тің қаржыландырмауға негіздеме ретінде берген жауабы: «Бұл жобада коммерциализация жоқ». Мен оны сатуға шығарып, пайда табуым керек екен. Және: «Әлеуметтік маңызы жоқ» дейді. Бұл дегеніміз – барып тұрған топастық. Осылай деп хат та жазғым келді, бірақ, қазақы әдеп жібермей қалды. Мұны жазған адам өмірінде Чернобыль апатын естімеген біреу шығар, сірә. Мен оларды «түсінемін», ана жерде ақша бөлісу қызу жүріп жатыр... Атом стансасының қауіпсіздігінен маңызды қандай әлеуметтік мәселе болуы мүмкін?! Мұндай жобада коммерциализация туралы айтудың өзі күпірлік, қорлаушылық қой. Мен диссертацияларды бақылау комитетінде механика саласы бойынша сараптамалық кеңестің мүшесі, біраз уақыт төрағасы болдым. Кейін оны қойдым, себебі айына екі рет Астанаға бару, онда 2-3 күн болып диссерацияларды кеңестен өткізу, оны президиумда қорғау, тек ұшақпен жүру бюджетке ауыр, теміржолмен тәуліктен көп жүру көп уақытты талап етті. – Мемлекетті қанша айтқанмен дамытатын, әсіресе, қазіргі кезеңде, гуманитарлық ғылым емес, техника мен технология ғой. Осы тұрғыдағы ойыңыз? – Дұрыс айтасыз. Менің ойымша, бірінші кезекте қай саланы қаржыландырамыз, екінші кезекте, үшінші кезекте қайсысын деп, мемлекет басымдылықты айқындап алуы тиіс. Бізде қазір ең күйіп тұрған мәселе – технология мен техника саласын 1-кезекке қою керек. Бізде Құдайға шүкір, мықты математиктер бар. Дегенмен, олар шешкен математика есебін қолдану мерзімі 50 немесе 100 жылдан кейін келуі мүмкін, технология болса, күте алмайды. Сондықтан, барлық ғылым мен ғалымдардың басын біріктіретін Ғылым агенттігін құру керек деп есептеймін. – Мұнымыз кешегі әріптес республикалардың 14-інде сол күйінше сақталған, тек біз өзіміз ғана «Сыраны сүйетіндер клубы» қоғамының деңгейіне түсірген Ғылым академиясын қайта тірілтіп, мемлекеттік деңгейге көтеру болмай ма? – Ғылым академиясын бұрынғы күйінде қайта тірілтуден кетіп қалдық қой деймін... Ғылыми мектептер арасындағы байланыстар үзіліп қалды, ғылымның мүлде жаңа бағыттары қолға алынып жатыр. Ал, Ұлттық ғылым академиясы сараптамалық орталық қызметін атқарсын. Жаңа технологиялық идеяларға ақшаны аямау керек. Тәуекелшілдікке қорықпай барған дұрыс. – Сөзіңізді тірілтейін. Шетелде венчурлық, яғни тәуекелшіл фирмалар өте жақсы дамыған. Олар он жаңа идеяны батыл түрде зерттейді, эксперимент жүргізеді, жаңа машина мен қондырғыны жасап, сынақтан өткізеді. Сосын барып жаппай өндіріске енгізу үшін өнеркәсіп ошақтарына сатады. Дайын өнімді аналар қуана-қуана, байқау арқылы сатып алады. Он идеяның әдетте тоғызы жарамсыз болып шығады. Бірақ, өндіріске енген бір жоба қалған тоғызына кеткен шығынды он есе жабады. Бізде осы жағы да ақсап жатыр. – Менің тәуекелге қорықпай бару керек деп отырғаным да сол. Ел ішінде фанатик ғалымдар жеткілікті. Біз солардың идеяларын іске асыру тетігін жасауымыз қажет. Біздің университетте 100 гектар жерге орналасқан, өсімдіктің 130 түрін тұзды, сортаңды топыраққа бейімдеумен айналысатын жап-жақсы ботаникалық бақ барын білесіз. Соның ғылыми мәселесіне мемлекеттен бір теңге қаржы ала алмай отырмыз, түрік бауырларымыздың қаржысымен ұстап келеміз. Бұл жоба экологиялық апатты Арал-Сырдария өңіріне «Жасыл ел» жасыл ел бағдарламасын іске асырудағы бірден бір жоба. Бұл жерде тағы да бір айтар ой, ол біз көрші Ресей, әсіресе, жағдайлары күрт төмендеп кеткен украин ғалымдарын ортақ ғылыми жобаларға тартуды жедел қолға алуымыз қажет-ақ. – 2008 жылдан бергі тәжірибеңіз не айтады, біздің ғылымды алға апару ісінің тағы қай тұстары ақсап жатыр? – Университеттің бірінші миссиясы – түркология ғылымын дамыту. Бірақ, түркология институты бар ғой деген оймен тоқмейілсу пайда болды ма, бұл сала сәл кенжелеп қалды. Қазір ол институт басшылығына жазушы-ғалым, жағымды ғылыми фанатиктігі бар Құлбек Ергөбек ағамыз келді. Ол кісі Башқұртстан, Татарстан, Түркіменстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан белгілі ғалымдарды зерттеу жұмыстарына тартуда. Олар зерттеуді өз елдерінде атқаруда. Қашықтықтан жұмыс істеуге бүгінгі таңда мүмкіндік өте мол ғой, неге соны пайдаланбасқа. Жалпы, университетте ғылымды дамыту ісі кадрлар, мамандар мәселесіне тіреліп тұрған жағдайы бар. Ғылым докторлары мен кандидаттары сан жағынан жеткілікті болмағанымен, сапа жағы ойландырады. Докторлар саны 50-ден асты, бірақ, олардың ішінде ғылыми мектеп қалыптастыра алмағандары көптеп кездеседі. Ақиқатын айтсақ, нағыз ғалымға деген сұранысымыз әлі де болса жеткілікті. Түркия тарапынан келетін ғалымдардың басым бөлігі – түрік тілі мен тарихы мамандары. Мен жаратылыстану саласының ғалымдары, деңгейі биік ғалымдар көбірек келсе деген тілегімді үнемі айтып келемін. Бірақ, ол әлі шешімін таба алмай тұр. Клиникамызға жақсы дәрігер-ғалымдарды тартайық десек, олардың Түркиядағы жалақысы 10-15 мың доллар шамасында. Оны университеттің қалтасы көтермейді. Университетке түрік ағайындардың қаржысы есебінен мектепке мұғалім дайындайтын мамандықтардан арылатын кез жетті. Бұл мәселе елімізде шешілген. Шешілмегені – күн мен жел сияқты жаңғыртылатын, әрі экологиялық таза энергия көздерінің, сол сияқты неше түрлі жаңа сала мамандарының ауадай қажеттігі. Жаңа мамандықтар арқылы Түркиядан жаңа технология да келер еді. Ал, біз болсақ сондай қажетті инновациялық мамандықтарға жұмсар қаржыны мектеп мұғалімдерін дайындауға жұмсап отырмыз. Оның үстіне мұғалімдікке гранттар тек педагогика институттарына ғана берілетіні тағы бар. – Ол мамандықтарды жауып тастасаңыздар, университеттің талай оқытушысы жұмыссыз қалады ғой? – Қасымыздағы Кентаудағы, Түркістанның өзіндегі университет ғимараттарын пайдаланып Мемлекеттік педагогикалық институт ашуды үкіметке ұсынуымыз керек. Біздің облыс – еліміздегі мектеп саны ең көп облыс. Әрі бұл қадам Кентау секілді моноқаланың дамуына үлкен септігін тигізер еді, әрі балласттан құтылған университет те жаңа, ғылыми сыйымдықтары жоғары мамандықтар ашу арқылы жаңа сатыға көтерілер еді, әрі педагогикалық бағыттағы оқытушы-профессор құрамының әлеуметтік мәселелері өз шешімін табар еді. Бұл жерде мемлекеттен көп шығын кетпес те еді. Себебі, ғимарат та оқытушы-профессор құрамы да, тиісті студенттер де бар. Мен осы ойымды екі жылдан бері айтып келемін, бірақ, әлі нәтиже жоқ... Академик Мұхтарбай Өтелбаев ағамыздың арманы... – Университетті дамыту туралы тағы қандай нақты тың ой, идеяларыңыз бар? – Түркістан, Отырар, Созақ, Бәйдібек аудандары, көрші Қызылорда облысының көп жері мал шаруашылығы үшін өте қолайлы. Жалпы Қазақстан жайлы айтпағанның өзінде Түркістан, Отырар аудандарында жерасты ыстық су көздері көп. Сол су көздері жанынан жылыжай салуға сұранып тұрған аймақ. Біз де, Отырар, Созақ, Бәйдібек, Түлкібас аудандары да желдің өтіндеміз... – 1970-жылдарға дейін Түркістандағы әрбір үйде желдиірмен тұрушы еді ғой?.. – Иә. Жылына 330 күн ашық аспан аясындамыз. Осы сала мамандарын біз дайындамасақ кім дайындайды? Біз болсақ алға ұмтылудың орнына бір орнымызда тұрып қалдық. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Н.Назарбаев оқу ордамызға келгенінде: «Сендер әлемдік аренаға шыға ма десем, облыстық деңгейде қалып қойыпсыңдар ғой» деп ренжіген де болатын. Бүгінгі таңда ғылымға бөлінген қаржы көлемін 390 млн. теңгеге жеткіздік. Биылғы оқу жылында оны 450 млн. теңгеге көтеруді көздеп отырмыз. Мұндағы қаржының басым бөлігі түрік бауырларымыздың есебінен болып отырғандығын айтуымыз керек. Біз оқу ғимараттарын саламыз, ал олардың ішінде зертханалары жоқ. Екінші жағынан, зертханаға керекті озық құрал-жабдық алдық дейік. Бірақ, ертең ол құрал-жабдықтың жұмыс істеуінен істемеу ықтималдығы жоғары. Неге? Әлі де ғылыми әлеуеті төмен ғалымдар көп. Олар озық қондырғымен қалай жұмыс істей алады? Бұл жалпылама проблема. Себебі бізде соңғы 10-15 жыл бойында орта буын ғалымдар легі келді және олардың бірқатары жасанды ғалымдар болып отыр емес пе, ал талапты жастарға біз жағдай жасамадық, олар бизнеске кетті. Осы орайда біздің оқу ордамызға келсек, мүмкіндік жеткілікті. Бірінші кезекте жоғарыда айтып өткендей мектеп мұғалімдерін дайындауға жұмсап жатқан қыруар қаржыны инновациялық технологияларға бағыттап, қаржы жұмсауды оңтайландырсақ, 5 мың, 10 мың доллар жалақы сұрайтын, жоғары деңгейдегі ғалымдарды да тартуға болар еді. Мысалы, академик Мұхтарбай Өтелбаев атты әлем мойындаған, қазақ математиктерінің көшбасшысы ағамыз бар. Сол кісі сыйақысы 1 млн. долларлық «мыңжылдықтың 7 есебінің» біреуін шешіп, қазір ол шешім математиктер арасында талқыланып жатқаны белгілі. Сол кісі: «1 млн. доллар сыйақыңызды алсаңыз неге жұмсар едіңіз?» деген сұраққа: «Мен Түркістанда түркі дүниесі математиктерінің мұражайын салар едім» деп жауап берген болатын. Міне, рухы биік адам! Мұхаң былтыр Жаңақорғанға өтіп бара жатып, бізге соқты. Мен ол кісіні түркиялық ректор өкілі, профессор М.Куталмышқа алып кірдім. Ректор өкілі «Сіз Евразия университетінде қанша жалақы аласыз?» деп сұрады. «Грантты қоссам, 600 000 теңге». «Біз одан көп берсек жұмысқа келесіз бе?» «Көп бермей-ақ қойыңыздар, сол жалақыны берсеңіздер де келемін!»... Ол кісі бізбен әңгімеде тек келу ғана емес, «осы жерде қалсам, сүйегім Түркістанда жерленсе, мен тұрған үй түркі математиктерінің мұражайы болса» деген тілегін де білдірген еді. Мұхаң математиканың барлық саласынан мықты ғалым ғой. Еуразия университетінің рейтінгін көтеріп отырған бірден-бір ғалым. – 2000-жылдардың басындағы жұмысқа шақыру жайлы хабарландыруларда «ХҚТУ-ды бітіргендер керек емес» деген арнайы ескертпелер жасалатын. Мен соны алғаш рет көргенімде, кейін көзім үйренді ғой, қатты намыстандым. Қазақ болғандықтан. Университетте істемесем де...ХҚТУ бүгін беделді университетке айналып үлгерді ме? – «ХҚТУ дипломымен қабылдамау» кезеңі артта қалды деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі таңда Яссауи университетінің материалдық базасы көп артып отыр, замануи оқу ғимараттары, клиника-диагностикалық орталық, еуропалық үлгідегі арнайы салынған кітапхана ғимараты, жатақханалар, облыс орталықтарында жоқ Мәдениет үйі де бар. Осы орайда оқу ордамызға білімді мектеп түлектері тартыла бастады. Оның үстіне сапалы білімге деген бетбұрыс жылдан жылға артуда. Сонымен қатар білім бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру арқылы тек биылдың өзінде 400 студент Түркияға барып, «Маулана» бағдарламасы бойынша бір семестр оқып қайтады. – Талжан мырза, осы 11 жылда «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атану секілді еңбектің еленуімен бірге кедергі, аяқтан шалу да кездескен болар? – Әрине, онсыз бола ма? Дәл осы заманда тазалықпен жүру және әділдік үшін күресу – азапты жол. Әрине, мен өзімді періштемін деп айта алмаймын, бірақ сонда да шындық пен туралық жолында жүйкем тозады. Қалай тозбайды, құрамында 6 факультет бар институтты басқаруға берген кез (2007 ж.) болатын. 2005 жылдан кредиттік оқу жүйесіне өту туралы министрдің бұйрығы болған, ал бірақ мен қабылдаған институт құрылымында әлі бір түйір жұмыс жасалмаған, келесі 2008-де аттестация күтіп тұр. Амал жоқ, коллективті күні-түні жұмысқа жұмылдырып, тиісті деңгейге жетіп, кредиттік оқу жүйесін енгіздім. Ол жүйенің бір ерекшелігі – емтиханнан екілік алған студенттің қайта оқып барып, ақылы түрде емтихан тапсыруы. Міне, сол жағдайды өз ыңғайына үйлестіріп арызданушылар: «Президентіміз Н.Ә.Назарбаев кредитті ақысыз грантқа ауыстырып еді, Т.Райымбердиев ақша алуда» деген сияқты хатты ҰҚК-не, олар прокуратураға, олар қаржы полициясына жібереді... Бұл жағдай ертеректе орын алса, қазір атқарып жатқан қызметімді тартып алғысы келетіндер де шығып жүр. Аяқтан шалуды ойластыратындар қай жерде жоқ дейсіз. Біз бәрінен бұрын кеңес кезіндегідей «инемен құдық қазған» нағыз ғалымдарға жағдай жасағанымыз дұрыс қой. Ал, бұл - биліктің құзіретінде екендігі белгілі. – Тәке, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!Сұхбаттасқан: Өмірзақ АҚЖІГІТ
"Қазақ үні" газеті