Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін белсендірек қолдану қажет
2015 ж. 22 желтоқсан
2476
0
«Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетігін белсендірек қолдану қажет. Экономиканың басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор»,- деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 30 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.
Елбасының тапсырмасын назарға ала отырып, бірқатар өңірлерде МЖӘ тетігін іске асыру шаралары қарастырылуда. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық отырысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов хабарлады. Министрдің айтуынша, мектепке дейінгі білім және тәрбие беру саласында елімізде 18 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Оның 11-і – Шығыс Қазақстан, 3-уі – Маңғыстау, 3-уі – Солтүстік Қазақстан облыстарында. Атап айтарлығы, биыл Шығыс Қазақстан облысында МЖӘ тетігі шеңберінде бизнестің қаражаты есебінен 2142 орындық 29 жекеменшік балабақшалар ашылған. Бұл құрылысқа 1 млрд. теңге жұмсалыпты. Мұндай ақпарат Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингінде таратылды.
Аслан Сәрінжіповтың айтуына қарағанда, орта және кәсіптік-техникалық білім беру саласында МЖӘ тәжірибесін Қызылорда облысы белсенді қолдануда. Министр 2016 жылы аталған облыста 11 жалпы білім беретін мектептердің, Қызылорда қаласында бой көтеретін 200 орындық жатақханасы бар, 600 адамға арналған кәсіптік-техникалық колледждің құрылысының концессиялық құжаттамасы дайындалатынын хабарлады. МЖӘ бойынша жоғары білім беру саласында Алматы қаласында 2 жоба жүзеге асырылуда. Біріншісі – «Дәрігерлік-биологиялық кластерді ұйымдастыру. 504 орындық медициналық орталықты салу» деп аталады. Екіншісінің атауы – «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де инновациялық кластерді ұйымдастыру». Инновациялық кластердің құрамына: бизнес-инкубатор, технопарк, өндіріс орталығы, ғылыми-зерттеу институтының зертханалық корпустары, жас ғалымдар үйі, 1287 орындық жатақхана құрылысы кіреді.
Қазіргі кезде жатақханадағы орындар тапшылығы 13 288-ді құрайды. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына жекеменшік инвестор табуға қатысты тиісті ұсыныстар берген. «Қазір жұмыс берушілердің есебінен жоғары оқу орындары мен колледждерде 10 мыңнан астам студенттер оқиды. Еліміздегі 3259 мектепте, 462 колледжде, 65 жоғары оқу орнында қамқорлық кеңестері жұмыс істейді. Сондай-ақ, еліміздегі 9 жоғары орындарында бақылаушылар кеңесі бар. Олардың құрамына ірі компаниялар мен қоғамдық ұйымдар кіреді»,- деді А. Сәрінжіпов.
Атап айтарлығы, МЖӘ тетігін министрлік жоғары оқу орындарын тіркеу, білім беру бағдарламаларын дайындау, студенттердің практикасы мен оқытушылардың тәжірибеден өтуін ұйымдастыруға да белсенді пайдалануда. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі – МЖӘ-ті дамытудың айқын құралы. Жинақтау жүйесі табысына қарамастан халықтың барлық топтарына қолжетімді. Болашақта білім алғысы келетін әрбір жас алғашқы жарнаны (5946 теңге) төлеп, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне ақша салуға құқылы. Тиімділігі, бұл салымға тек банкінің сыйақысы ғана емес, жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысы да қоса аударылады. 10 млн. теңгеге дейін салымды сақтауға Қазақстанның салымдарға кепілдік беру қоры кепілдік береді. Жинақтау мерзімі 3-тен 20 жылға дейін. Әрине бұл жинақтау жүйесінің артықшылығы болып табылады. Ресми ақпарат бойынша, бүгінге дейін 13 мыңнан астам қазақстандықтар жинақтау жүйесіне салым енгізген.
Әмірлан Әлімжан.
qazaquni.kz