Қазақстандық телесериалдың бір сериясы 20-25 мың доллар, үндінікі 350 доллар болады
2015 ж. 19 желтоқсан
2713
1
Бүгін “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтың төрағылығымен партия жанындағы БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Қазақстандағы телеарна мен басылымдардың бірінші басшылары ойларын айтқан кеңес барысында “Астана” телеарнасының бас директоры Лəззат Танысбай Қазақстанның телесериалдары үнді сериалдарынан қарағанда жақсы рейтинг жинағанын мəлім етті.
“Соңғы жылдары зорлық-зомбылық пен қылмысты тек жекеменшік телеарналар насихаттайды деген үрдіс қалыптасты. Мемлекеттік телеарналардың əйтеуір бағыт-бағдары, бөлінетін қаржысы бар. Ал, жекеменшік телеарналар жарнаманың есебінен күн көруге мəжбүр. Бізді “үнді сериалдарын неге көрсетесіңдер?” деп сынайтындар көп. Кешіріңіздер, телеарналардың топ менеджерлері осы үнді сериалдарын қатты жақсы көреді дейсіздер ме? Жоқ, үнді сериалдары бізге жоғары рейтинг береді. Рейтинг жарнамаға жол ашады, ал сол жарнамадан түскен қаражаттан мен қоластымдағы қызметкерлерге жалақы төлеймін. Телеарналардың топ менеджерлері осы рейтингтің құлы болып отырмыз, оны мойындаймын”, -дейді Ләззат Танысбай.
Дегенмен, Ләззат Танысбайдың айтуынша, егер қазақ телесериалын түсірсе, ол міндетті түрде рейтинг жинай алады.
“Биыл біз екі телесериал түсіру туралы мемлекеттік тапсырыс алдық. Екі сериал да арнамызда ең жоғарғы рейтингке ие болды. Байқағанымыз – көрермендер отандық сериалды көруге өте ынталы. Бірақ, мəселе мұнда – біз Қазақстанның телесериалын түсіру үшін бір сериясына 20-25 мың доллар жұмсаймыз. Ал, сол баяғы үнді сериалының бір сериясын біз 350 долларға сатып аламыз. Бағада айырмашылық бар ма?” – деді Танысбай.
Ал, жалпы, жиын барысында белгілі болғандай, Ақпарат жəне байланыс комитеті биыл отандық телеарналарға 15 телесериал түсіру үшін мемлекеттік тапсырыс берген екен.
“Екіншіден, заң бойынша біздің сала таңғы сағат 06.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін зорлық-зомбылықты насихаттайтын өнімдерді көрсетуге қақымыз жоқ. Біз сияқты телеарналар бұл заңды орындайды. Бірақ, орындамайтын да телеарналар бар. Қазақ тілінде шығарылатын өнімдер 50%-дан төмен болмауы керек. Бұл заңды да орындамай отырған арналар бар. Сондықтан, мемлекеттік орган заңды бұзған арналарды жазаламайынша, бұл құбылыс жалғаса береді”, – деп түйіндеді ойын танымал журналист.
Дереккөз: ИА "Казинформ"