Содырлар идеологиясын қалай жеңуге болады?
2015 ж. 16 желтоқсан
2456
0
ИМ экстремистік ұйымынан қауіптенетін әлем тұрғындары көбіне оларды әскери жағынан жеңуді ойлайды. Бірақ содырлар идеология арқылы көбейеді. Олардың идеологиясын жеңу маңызды.
Дэниэл Колер - Сириядан оралған әсіредіншілдермен жұмыс істеп, оларды қалыпты өмірге қайтаруға тырысатын Батыстағы аз маманның бірі.
Германияда туған ол Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі осындай бұрынғы жауынгерлер және олардың отбасыларымен жұмыс істейді, сондықтан «жиһадшылар» идеологиясымен жақсы таныс.
«ГОЛЛИВУД ӘДІСІ»
«Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлары әлемдегі ең танымал әскери ұйымға айналды. Олар «Әл-Қаида» сияқты басқа содырлар тобы жасамаған әдіс-амалдарды қолданып, қатарын көбейтіп келеді.
Колердің айтуынша, өздерін «жиһадшылар» деп таныстыратын осындай топтардың барлығы «ислам дініне зұлым күштер қарсы шықты, діндарлар оларға қарсы күресуі керек», «күреске қосылған адам шынайы мұсылмандардың жаңа мемлекетін құруға көмектеседі» деп сендіреді.
Колер «Бірақ «Ислам мемлекеті» содырлары айтқан сөздерінде тұруға тырысады. Олар үлкен географиялық аумақты басып алды, өздерін мықты мемлекет ретінде көрсетуге талпынып отыр. Олар назар аударған адамдарға «Әл-Қаида» мен басқа «жиһадшы» топтар жүзеге асыра алмаған мақсаттарды орындайтын ұйым ретінде әсер қалдыруға барын салады» дейді.
Олардың бұл әрекеті әлеуметтік немесе экономикалық жағдайына қарамастан, кез келген адамға әсер етуі мүмкін. Себебі ИМ насихатшылары уағыздарына қызыға бастаған адамның көңіліне сенім ұялатып, оны белгілі бір мақсатқа бағыттауға тырысады. Ал өз елдерінде қалып, сол мемлекет ішінде терактілер жасауға бекінген әсіредіншілдер содырларға адал екендеріне ант беріп, ол әрекеттерін жариялауға мүмкіндік алады.
Әсіредіншілдік және одан арылу мәселелерін зерттейтін Германия институтының (GIRDS) төрағасы Колер Сирия мен Ирактан оралған ондаған содырмен сөйлескенде олардың жеке басына ықпал еткен жағдайлардың әртүрлі екенін байқаған.
Оларға әсер еткен факторларға елдегі келеңсіз оқиғаларға наразы болу, нәсілшілдікке байланысты оқшаулану және қоғамнан бөлектеніп қалу жағдайлары кіреді. Кейбіреулер шытырман оқиғаны бастан өткергісі келеді немесе қатерлі жағдайда қалғандарға көмектесуді қалайды.
ИМ мұндай адамдарға әсер етудің ұтымды тәсілін тапқан, олар Голливудтың бұқараға арналған әсерлі фильмдерді түсіру кезінде қолданатын әдісін қайталайды.
Колер «ИМ өзінің оқиғаларын Батыстың поп-мәдениеті мен голливудтық фильмдерге, видео-ойындарға ұқсатып баяндайды. Олар жасөспірімдер тез қабылдайтын аудио және видео материалдар ұсынады» дейді. Ұйым өзінің видео-ойын нұсқасын, толық метражды деректі фильмін, Twitter-ге арналған қысқа видеоларын шығарды, соғыс алаңынан түсірілген кадрлерді әлеуметтік желілер арқылы таратып отырады.
Кейбір бақылаушылар «ИМ ұйымы өзінің үгіттеушілері қалыптастырған бейнесіне сай болып, мәлімдеген «биік» мақсатына жетпесе, абыройдан жұрдай болады» дейді.
2013 жылы ИМ өкілі Әбу Мохаммад әл-Аднани ұйым мақсаты «ислам дінінің негізін қалаған жауынгерлер үлгісімен ешбір шекараны мойындамайтын ислам мемлекетін құру» деген болатын.
Бірақ осы жылдың басында The Atlantic журналына жариялаған мақаласында журналист Грэм Вуд «Әр айда ИМ аумағын кеңейтуге тырысады, бірақ онысынан көп ештеңе шықпай жатыр. Олардың әрекеті Мұхаммед пайғамбардың жеңімпаз мемлекетіне ұқсамайды, керісінше олар Таяу Шығыс халықтарының дамуына кедергі келтіріп жатыр» деп жазған болатын.
Дегенмен де ұйым соғыста жеңіліп жатқанын ақтап, «оның бәрі соңғы жеңіске жету жолында кездесетін кейбір сәтсіздіктер» деген насихат таратуы мүмкін.
Олар құрастырған «оқиға» желісінің бірі мынадай: ИМ жасағы Сирияның солтүстігіндегі белгісіз күшті ойсырата «жеңіп жатады», бірақ дәл сол ақпаратты таратқан кезде содырлар Дабик қаласы маңындағы соғыста жеңіліп жатқан еді. ИМ тіпті осы хикая басылған журналын алда болатын соғыстың құрметіне «Дабик» деп атаған.
«Оқиға» ары қарай былай жалғасады: ИМ әскері бұдан соң Хорасаннан келген (қазіргі Иран, Ауғанстан және Орталық Азия бөліктерін қамтитын тарихи аймақ) күштен жеңіледі. Аман қалған бірнеше жүз жауынгер бар күшін жиып, шабуылды тойтаруға соңғы рет Иерусалимде талпынады. Осы кезде Иса пайғамбар (ислам діні Иисус Христосты (Иса) да пайғамбар деп мойындайды) оларға көмекке келіп, бүкіл әлемде ислам діні салтанат құрады.
«ТҮҢІЛІП ҚАЙТҚАНДАРДЫҢ СӨЗІ ӨТІМДІ»
ИМ ұйымы өзіне ерген адамдарды жеңген және жеңілген жағдайларға қатар дайындайды, содырлар соғыста ойсырай жеңілген күннің өзінде олардың идеологиясына зиян келмейді. Бірақ кейбір бақылаушылар Батыс пен басқа қоғам өкілдеріне ИМ-нің өз қатарына оларды неліктен шақырып отырған себебін ашып көрсетсе, бұл идеологияны жеңуге болады деп сенеді.
Колер «Ирак пен Сириядан отанына оралған жауынгерлерді осы мақсатқа пайдаланған дұрыс» дейді. Оның айтуынша, «экстремистік райынан айнып, отанына оралған адамдардың көбі - ИМ-нен түңіліп, оның шектен тыс қаныпезерлігінен түршіккен жандар. Олардың көбі қатты өкінішпен келеді».
Колер «ИМ-ге қосылғыңыз келіп, Сирия мен Иракқа бардыңыз делік, ол жақ сізге ұнаса, іздегеніңізді тапсаңыз, елге қайтуға себеп те болмас еді ғой. Әрине олар сізді арнайы жіберуі де мүмкін, бірақ қазір ИМ соғысып жатқан жауынгерлерін арнайы миссиямен кері қайтаратын жағдайда емес, оған содырдың майдан шебінде болғаны керек» дейді.
Оның пікірінше, қайтып келген бұрынғы содырлардың басқаларды теріс жолдан қайтаруға қызмет еткені тиімді болмақ. Колер «олардың елдері қайтып келгендерге мүмкіндік беріп, әскери ұйымға қосылғаны үшін түрмеге қамамай, қоғамға араласуына жағдай жасағаны дұрыс» деген пікір айтады.
Еуропаның солтүстігіндегі кейбір елдер осындай әдісті қолданып көрді. Данияның Орхус қаласының билігі 2013 жылы әлем назарын өзіне аударып, қайтып келушілерді қайта қабылдады, енді олар «қаладағы ИМ қатарына қосылуға ниеттілер саны күрт азайғанын» айтып отыр.
Ұлыбританиялық Guardian газеті 2014 жылдың қарашасында «осы қаладан 31 жігіт 2012 жылдың соңы мен 2013 басында Сирияға аттанған» деп жазды. Ал 2014 жылы мұндай әрекетке осы қаланың бір ғана тұрғыны барған көрінеді.
«Орхус» бағдарламасын кейбір Даниядағы саяси партиялар сынады, соның ішінде иммиграцияға қарсы Дат халықтық партиясы да бар. Олар бұл тәжірибені «аңғалдық» деп санайды.
Партия өкілдері «қала шенеуніктері елге оралушылардың әсіредіншіл көзқараста қалғанын немесе одан айнығанын мұндай әдіспен біле алмайды» дейді. Бірақ бұл бағдарламаны қолдаушылар, оның ішінде полиция да бар, «қайтып келгендерді үнемі бақылау арқылы қауіпті азайтуға болады» дейді.
Чарльз Рекнагельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.
Азаттық радиосы