ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫН «ХАЛЫҚ КӨТЕРІЛІСІ» ДЕП ТАНУ КЕРЕК

 АШЫҚ ҮНДЕУ

 Қазақстан Республикасының Президенті –

Елбасы Н.Ә. НАЗАРБАЕВҚА

 Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

К.Қ. МӘСІМОВКЕ

 Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары

Д.Н. НАЗАРБАЕВАҒА

 Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы

Қ.К. ТОҚАЕВҚА,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы

Қ.Қ. ЖАҚЫПОВҚА

 Басқа да басшылық қызметтегі лауазымды тұлғаларға,

Саяси партиялар мен Қазақстандағы ірі бизнестің лидерлеріне

 (жеке тізім бойынша)

 Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Құрметті Қазақстан Үкіметінің басшылары, Парламент Палаталарының Төрағалары мен депутаттары, саяси партиялардың басшылары, ірі бизнес «капитандары»! Келесі, 2016 жылы еліміз Қазақстандағы желтоқсан (1986 ж.) көтерілісінің (бұдан әрі – 86-шы жылғы Желтоқсан) 30 жылдығын атап өтеді. Осы күнге дейін бұл құбылыстың, негізінен алғанда, трагедиялық жағы: көтерілісті басып-жаншу жөніндегі жазалау акциялары, қатысушыларға, сондай-ақ бүкіл қазақ халқына қатысты кең ауқымда жүргізілген қуғын-сүргін шаралары, ұсталып, қамауға алынған, соққыға жығылып, мертіккен, сотталған, жұмыстан босатылған ондаған мың адам туралы айтылып, жазылып келді. Енді осы көтерілістің шынайы мәні – отаншылдық пен батырлық жөнінде айтатын сәт туды. Көп адамдар сол кездің өзінде де көтерілістің әділ және демократиялық түрде болғанын түсінді. Ол ұлтшыл сипатта болған емес, орысқа немесе басқа халыққа қарсы бағытталған жоқ. Желтоқсаншылар ұлттық республиканың өз басшысын сайлау құқығын алу үшін әрекет етті, ал, бұл әрекет табиғи халықаралық және жалпы адамзаттық стандарт болып табылады. Тек арнайы қызметтің арандатуы ғана көтеріліске қылмыстық сипат берді, өктемшіл әрі біржақты коммунистік насихат Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының саяси қателіктерін жасыру, көтерілісті күшпен басып-жаншу және қолға алынған қуғын-сүргін шараларын ақтау үшін желтоқсаншыларға қалған адамдарды қарсы қойып, оларға «нашақорлар, маскүнемдер мен бұзақылар» деген жала жапты. Отыз жыл өткеннен кейін қоғамда 86-шы жылғы Желтоқсан – біздің халқымыздың жоғары мемлекеттік патриотизмі мен жалпы батырлығының көрінісі болды деген пікір толықтай қалыптасты. Қоғамның прогрессивті және демократияшыл бағыттағы бөлігі дәл сол адамдар қазақ халқының           ар-намысы мен қадір-қасиетін сақтап қалды деп сенеді. Қаза тапқан және сотталған «желтоқсаншылардың» барлығы халық алдында Қаһармандар – халық батырлары болып табылады. Қазақстанның бүкіл дерлік өңірлерінде әртүрлі ауқымда және нысандарда орын алған дәл осы халықтық қозғалыс – кеңестік жүйе жағдайында біздің халқымыздың бостандық пен тәуелсіздікке деген біртұтас талпынысын білдірді. 86-шы жылғы Желтоқсанның Қаһармандары ғана халықтың аштық пен саяси қуғын-сүргіннен езіліп-жаншылған санасын оятып, біздің халқымыздың тоталитарлық коммунистік идеология тұншықтырған рухын серпілтті, оны бұрынғы кеңес империясындағы аласапыран оқиғалар алдында біріктіре алды. 86-шы жылғы Желтоқсан ұйымдық жағынан ғана емес, саяси және рухани жағынан алғанда да 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаудың бастауы, дауылпазы болды. Олардың туған күндерінің бір болуы да бекер емес, біз өз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын онымен бір жылда, бір күнде атап өтетін боламыз. Осы оқиғалар халықтың, әсіресе жастардың жадында халықтың жаппай ерлігі мен батырлығының актісі, егемендік пен тәуелсіздікті қорғау ісінде мақсаттар мен рухтың бірлігі ретінде орнығып келеді. Өкінішке қарай, көп адамдардың айтуынша, 86-шы жылғы Желтоқсан атынан әрекет ететін кейбір қоғамдық ұйымдар осы жарқын да батыр бейнеге біршама кір келтіріп жүр. Бүгінгі күні, әлемнің көптеген өңірлерінде патриотизм толқыны өршіп тұрған кезде, қоғамның түрлі топтарында 86-шы жылғы Желтоқсанның мемлекеттік тәуелсіздікті алудағы, сондай-ақ өскелең ұрпақты шынайы патриоттыққа тәрбиелеудегі маңызы, тарихи орны мен рөлі жөніндегі мәселе қайтадан кеңінен талқыланып жатыр. Жұртшылықтың көкейін: - Тәуелсіз Қазақстан неліктен осы көтерілісті тиісті деңгейіне көтермей отыр? Ондаған мың қазақстандықтың жаппай патриотизмі мен батырлығы неліктен мойындалмай жатыр? - Неліктен біздің мемлекеттік идеология, ресми насихат, БАҚ,  жоғары оқу орындарындағы және мектептердегі оқытушылар осы оқиғалардың қатысушыларын Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер ретінде көрсетпейді? – деген сұрақтар көбірек толғандырып отыр. Мұндай сұрақ көп және олардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Әділеттілік тұрғысынан айту керек, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның жаңа билігі бұл бағытта белгілі бір жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, заңсыз сотталған адамдар жұртшылықтың талап етуі бойынша, Мемлекет басшысының Жарлығымен ақталды, сотталған желтоқсаншылар саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға қуғын-сүргіннің құрбандары ретінде енгізілді, көтеріліске қатысушылардың бір бөлігі жұмысына, оқуына қайта орналастырылды, тұрғылықты жеріне қайта оралды, оларға әлеуметтік көмек көрсетілді. Көтеріліске қатысушылардың және оның құрбандарының бірі Қ. Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Алматыда қуғын-сүргін құрбандарына жылына бір рет материалдық көмек беріледі. Алайда бұл көмек кезекті айтулы күннің алдында және ел Президентінің тапсырмасы бойынша беріліп жүр. 2006 жылы 86-шы жылғы Желтоқсанның 20 жылдық мерейтойында жұртшылық көкейінде осы оқиғалардың орны мен маңызына жаңа объективті әрі лайықты баға беріледі деген үміт пайда болып, Парламент депутаттарының 80 пайызы және біздің көпұлтты халқымыздың көрнекті өкілдері Президентке осы мәселелермен өтініш жасады. Қоғамдағы алдыңғы қатарлы әрі тиісті құрметке бөленіп жүрген орыс, украин, кәріс, неміс, әзербайжан және басқа да халықтардың өкілдері өмірден туындаған нақты дәлелдер келтірді. Алайда, жұртшылық берген барлық ұсыныстар Мемлекет басшысының тиісті шаралар қабылдау туралы тапсырма бергеніне қарамастан, орындаушылар деңгейінде одан әрі жүзеге асырылмай, тоқтап қалды. Алматының бұрынғы әкімі И. Тасмағамбетовтың ескерткіш орнатқаны болмаса, қалған мәселенің барлығы ниет пен уәде күйінде қалды. Сондықтан да, мерейтойлы жылдың қарсаңында, біз елдің саяси басшылығына, билік элитасына қалың жұртшылық атынан қайтадан өтініш жасап, 86-шы жылғы Желтоқсанды қазақстандық біртұтас патриотизм мен жаппай батырлық көрініс тапқан халық көтерілісі деп ресми түрде тануды, ал оған қатысушыларды Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер деп ресми түрде жариялауды сұраймыз. Осы оқиғаға мемлекеттік ауқым беріп, көтеріліске шыққан халықтың патриотизмі мен батырлығына лайықты баға беретін кез келді. Бұрынғы Кеңес Одағында жаппай саяси қуғын-сүргіндер жүйелі түрде жүзеге асырылып келгені бүкіл әлемге белгілі. 20 – 30-шы жылдары басталған КОКП Орталық Комитетінің саясаты мен басқаруына қарсы қозғалыстар, әсіресе, ұлттық проблемалар бойынша, шынайы ұлттық құқықтарды қорғау жолындағы қозғалыстар саяси және мемлекеттік қылмыстар болып есептелді, ал, осындай оқиғаларға қатысқан адамдар «халық жаулары» болып жарияланды. Осы қылмыстар үшін сотталған адамдардың туған-туыстары мен жақын-жуықтары да қылмыстық жаза мен басқа да қудалауға ұшырады. Осы «қылмыс» құрамдары бойынша, тіпті, тұтас халықтар да өз туған жерінен басқа аймақтарға күштеп көшірілді. Билік кеңес заманындағы адамдардың санасына терең үрей мен қорқыныш ұялатты. Желтоқсан қаһармандары қатаң жазаға ұшырайтынын біле тұра, өздерін 20 градустық аязда соққыға жығып, мұздай суға малшындырғанына, арнайы қызметтердің арандатқанына, өздеріне қарсы иттердің, БТР-лардың, сапер күрегімен және сойылдармен қаруланған ерекше милиция отрядтарының, курсанттар мен арнайы жасақтардың қолданылғанына, 8,5 мыңнан астам «жасақшылар» деп аталатындардың зауыттарда арнайы дайындалған темір шыбықтармен және арматуралармен ұрып-соққанына, бірнеше күн бойы жаппай ұстау мен қамау жүргізілгеніне қарамастан, ерлік пен табандылық танытып, өз күрестерін жалғастыра берді. Халық арасында олардың рухының күштілігі мен батырлығы талай аңыздың арқауына айналды.   jeltoqsan 7 Алматыдағы оқиғаларға әлем жұртшылығының, бұрынғы Одақ республикаларындағы белгілі ұлттық зиялы қауым өкілдерінің белсене қолдау көрсетуі, қазақ шығармашылық элитасының үздік өкілдерінің (Ж. Молдағалиев, С. Шәймерденов, С. Зиманов және т.б.) ашық наразылық білдіріп, сөз сөйлеуі, сондай-ақ М. Горбачев пен оның командасы жоспарлаған «қайта құру», бүкіл әлемге жария етілген, КСРО-ның ішкі саяси өмірін ырықтандыру бағыты ғана 37-ші жылдың қайталануын болдырмай, белгіленген қуғын-сүргін шараларының іске асырылу дәрежесін жұмсартты. Дегенмен, бұл Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігін қорғау жолында желтоқсаншылар көрсеткен жаппай патриотизмнің бағасын кемітпейді және оның маңызын төмендете алмайды. Сондықтан да халықаралық тәжірибені, басқа елдердің практикасын негізге ала отырып, барлық мәселелерді орын-орнына қойып, осы оқиғаға байланысты барлық проблемаларды өркениетті құндылықтар мен халықаралық құқық шеңберінде шешетін сәт жетті деп санаймыз және осыған орай нақты ұсыныстар береміз. Біздің мемлекеттілігімізді қалпына келтіру мен дамытудың жаңа тарихи кезеңі 86-шы жылғы Желтоқсан батырларының өнегесінде қазақстандық патриотизмнің жаңа үлгісін тәрбиелеуді талап етеді. Олар өздерінің азаматтық борышын орындай отырып, өз халқының мүддесі жолында бар күш-қайратын, денсаулығын, мал-мүлкін беруге, тіпті өмірін қиюға дайын болған біздің батыр бабаларымыздың, даңқты «алашордашылар» тобының, Екінші дүниежүзілік соғыс батырларының дәстүрін жалғастырады. Ресей мен басқа да елдердің үлгісінде 17 желтоқсанды тек қана Демократиялық жаңару емес, Отан батырларының күні деп те жариялауды өтінеміз. Біздің халқымыздың тарихында Отаны үшін өз өмірін қиған немесе өмірін қиюға дайын тұрған ұлдары мен қыздары жеткілікті.  Jeltoqsan 30 жылдық мерейтой жылында Алматы қаласында демеушілік көмектің есебінен «86-шы жылғы Желтоқсан» тарихи-мемориалдық орталығының іргетасын қалап, құрылысын бастау қажет деп есептейміз. Ол архивтік,   фото-құжаттық, ұлттық-рухани, имандылық-патриоттық және басқа да залдар мен қоймалардың кешенін қамти алар еді. Біздің оңтүстік астанамызда мінажат етіп, табынатын орындардың бірі болатын Орталықтың тәрбиелік және насихаттық маңызы зор болмақ. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Астана – Сіздің перзентіңіз. Біздің елорданың басты сәулетшісі де – Сіз! Бүгінгі күні Астана елдің саяси және мемлекеттік орталығы ғана емес, ол Қазақстанның барлық өңірлері үшін Патриотизмнің орталығы және әрдайым өзіне тартып тұратын үлгісі болуға тиіс. Сондықтан да біз Сізден тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасында  «86-шы жылғы Желтоқсанның қаһармандарына» арналған монументтік ескерткіш тұрғызуды өтінеміз. Бұл ескерткішті салуға да демеушілер табыларына сенімдіміз. Бұл осы көтерілістің маңызы биік екенінің, Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында желтоқсаншылар көрсеткен жаппай батырлық пен патриотизмді Қазақстанның мойындап, құрмет тұтатынының жарқын айғағы болып, еліміздің басқа өңірлеріне өнеге боларына сенеміз. Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы Сізге риза болары сөзсіз. Қазақстан Республикасының Үкіметінен Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында 86-шы жылғы Желтоқсанның 30 жылдық мерейтойын лайықты түрде қарсы алу бойынша бүкіл 2016 жылға арналған іс-шаралардың жеке кешенді жоспарын әзірлеп, қабылдауды, онда министрліктер мен ведомстволарда жұмысты ұйымдастырудан бастап осы оқиғаларға қатысушы – желтоқсаншыларды мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынуға дейінгі шаралардың кең ауқымын көздеуді өтінеміз. Құрметті Дариға Нұрсұлтанқызы! 86-шы жылғы Желтоқсанның қазіргі заманғы Қазақстан тарихындағы саяси және құқықтық мәртебесін лайықты деңгейге көтеру, қазақстандықтардың ерлігі мен Отанға деген патриотизмін мәңгі есте қалдыру және жалпы алғанда, жастардың бүгінгі және болашақ ұрпағының өз Отанымыздың мүддесін, Қазақстанның тәуелсіздігін қорғау жолында жаппай батырлық көрсетуге дайын болуы көп ретте Үкіметтегі әлеуметтік-мәдени блоктың жетекшісі ретінде Сізге байланысты. Біз Сізді 86-шы жылғы Желтоқсанның қазіргі заманғы Қазақстан тарихындағы жоғары маңызын өзіңізге тән жоғары саяси, ғылыми-теориялық дүниетаным мен принципшілдік деңгейіңізбен лайықты түрде бағалап, оларға байланысты барлық мәселелерді өз бақылауыңызда ұстап, шенеуніктердің осы проблемаға деген мемлекеттік және патриоттық көзқарасын орталықта да, жергілікті жерде де үйлестіріп, қамтамасыз етеді, қоғамдық ұйымдармен және ұсынылып отырған жобалардың демеушілерімен дұрыс әрі тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді деп үміттенеміз. Сенат пен Мәжілістің басшылығы мен депутаттарынан Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Парламент Палаталарында 2016 жылға арналған іс-шаралар жоспарын жеке қабылдауды,сондай-ақ депутаттардың өз өңірлеріндегі іс-шараларды ұйымдастыруы мен оларға қатысуын, БАҚ-тағы сұхбат-мақалаларын қамтамасыз етуді өтінеміз. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің (Төралқасының) КОКП ОК, Қазақстан Компартиясы ОК шешімдері мен нұсқауларын іске асыруға бағытталған және 86-шы жылғы Желтоқсанға байланысты барлық нормативтік және нормативтік емес (біржолғы) актілерін қабылданған кезінен бастап заңсыз және жарамсыз деп тану қажет. Парламент депутаттарынан «Желтоқсан (1986 ж.) көтерілісіне қатысушылардың мәртебесі және биліктің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен құрбандардың барлығын ақтау туралы» заң жобасына бастама жасап, 2016 жылы осы заңды қабылдауға барынша атсалысуын өтінеміз. Осы арнаулы заңда Желтоқсанға қатысушылар Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер ретінде танылуға тиіс, онда олардың құқықтық мәртебесі нақты көрсетіліп, биліктің қуғын-сүргінінен құрбан болғандар мен жапа шеккендердің барлық санаттары аталуға, осы оқиғаларға байланысты заңдық фактілерді сот арқылы анықтаудың құқықтық тетіктері мен тәртібі айқындалуға тиіс, өйткені арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары жауаптылықтан қорқып көп құжаттарды құртып жіберген. «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер» деп аталатын жаңа құқықтық институттың айналымға енгізілетініне байланысты заңда қалаларда, елді мекендерде Желтоқсанды мәңгі есте қалдыру, желтоқсаншылардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу бойынша құқықтық режим және жоғары, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдардың жауапкершілігі жазылуға тиіс. Біз көптеген депутаттардың өзіміз айтқан ұсыныстарды қолдайтынын білеміз. Олардың арасында түрлі өңірлерден келген ауқатты адамдар, бизнесмендер баршылық, олар өз өңірлерінде ескерткіштер орнатуға, көшелер мен алаңдарға «Желтоқсан» атауын немесе Желтоқсан оқиғасының нақты қаһармандарының есімін беру жұмыстарын ұйымдастырып және басқа да мәселелерді шешуге бастама жасап, оларға ішінара болса да, демеуші бола алады. Министрліктер мен ведомстволарға орталық аппараттарда да, облыстарда да 86-шы жылғы Желтоқсанға қатысушыларды, әсіресе ойдан шығарылған саяси себептер бойынша түрлі жазалау және қудалау әрекеттеріне ұшыраған адамдарды Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер ретінде ұлықтай отырып, осы оқиғалардың 30 жылдық мерейтойы жөніндегі іс-шаралардың арнаулы жоспарын қабылдауды ұсынамыз. Білім және ғылым (А.Б. Сәрінжіпов), Мәдениет (А. Мұхамедиұлы), Сыртқы істер министрлерінен (Е.Ә. Ыдырысов), Ұлттық ғылым академиясының президентінен (М. Жұрынов), ЖОО-лардың, арнаулы және орта оқу орындарының ректорларынан жеке іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қабылдауды, онда 86-шы жылғы Желтоқсанға шынайы ғылыми негізделген баға беру қағидаттары мен әдістері жөніндегі шаралар жүйесін көздеуді, бүкіл қазақ халқына қарсы ұлтшылдық айыптау жөніндегі, «қазақ буржуазиялық ұлтшылдығын» қайта тудыру («алашордашыларға» тағылған негізгі айып) туралы кең ауқымды қуғын-сүргінді насихаттық жағынан бүркемелеу және қылмыстық істерді қозғау, рухани, ғылыми, жоғары білім беру және мәдени салалардағы қазақ зиялыларының озат өкілдерін қудалау, бүкіл Қазақстанда «ұлтшылдық ошақтары» мен «ұлтшылдарды» іздестіру ахуалын жасау, ұлттық белгісі бойынша қудалау үшін қызмет еткен түрлі конференциялардың «ғылыми ізденістеріне», жекелеген «ғылым корифейлерінің» (академиктердің, профессорлардың, ғылым докторларының) «жаңалықтарына», басқа да жалған ғылыми тұжырымдарға халықаралық-ғылыми стандарттар бойынша объективті заңдық бағасын беруді өтінеміз. Атап айтқанда, 1987 жылдың көктемінде Қазақ КСР Ғылым Академиясында интернационалдық және ұлтаралық тәрбие тақырыбында өткен конференция оны ұйымдастырушылар үшін де, онда сөз сөйлеген кейбір адамдар үшін де масқара көрініс болды. Ешбір академик, ешбір ғылым докторы өзінің қасақана түрде, биліктің ығына жығылып, мансабын ойлап, ғылыми ақиқатты бұрмалағаны, Отанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлердің естелігін және олардың алдындағы өз парызын сатқаны, өз халқы мен өз ұлдарына қарсы шыққаны, биліктің жазалау акциялары мен қуғын-сүргін шараларын идеологиялық жағынан қамтамасыз етуге саналы түрде қатысқаны үшін өкініш білдіріп, кешірім сұраған жоқ. Ғылыми орталықтардың, жоғары оқу орындарының 2016 жылға арналған іс-шаралар жоспарында, біздің ойымызша, осы көпқырлы әлеуметтік-саяси құбылыс – 86-шы жылғы Желтоқсанды озық әлемдік стандарттар бойынша жаңа ғылыми зерттеу тақырыптарын белгілеп, талқыланатын тақырып бойынша белгілі де беделді ғалымдар шақырылатын халықаралық конференциялар өткізуді көздеу, осы оқиғалар бойынша арнайы дайындалған арнаулы курстар, дәрістер, конференциялар циклін практикаға енгізу, кітапшалар, кітаптар шығару қажет. Біздің азаматтық борышымыз бен әділеттілік 86-шы жылғы Желтоқсанға қатысқан немесе оны қолдаған және түрлі қудалауға ұшыраған, оқудан шығарылған, қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылған жоғары, орта және арнайы оқу орындарының барлық студенттерін анықтауды талап етеді.  Олардың Қазақстан мүддесін қалтқысыз және батыл қорғауы қазіргі және болашақ студенттер үшін үлгі болуға тиіс. Оқу орындарының және жастар ісі жөніндегі комитеттердің жетекшілері жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда олардың да патриоттығын басшылыққа алу керек. Министрліктердің, ғылыми-білім беру мекемелерінің жоспарларында Қазақстандағы антиимпериялық көтерілістің халықаралық маңызы мен рөлін сипаттайтын іс-шаралар кешені міндетті түрде болуға тиіс, өйткені, ол бұрынғы кеңестік-коммунистік империяға қарсы ұлт-азаттық күреске және «социалистік лагерь» деп аталатын өктемшіл блоктың ыдырауына жол ашты. 2001 жылы жазушы Н.С. Кенжеғұлованың журналистика мамандығы бойынша «1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің Қазақстан баспасөзінде жазылып-көрсетілуі» деген тақырыпта филология бойынша бір ғана кандидаттық диссертациясы қорғалғаны болмаса, бұл тақырыпқа түрен түспегені өкінішті. Өткен отыз жылда тарих бойынша да, құқықтану бойынша да, әлеуметтану бойынша да бірде-бір диссертация қорғалмады. Бұл біздің қоғамдық ғылымның, біздің қоғамтанушы ғалымдар мен олардың ғылыми жетекшілерінің бұрынғы кеңестік және коммунистік ғылыми доктриналар мен таптаурын тәртіптен арылмағанын көрсетеді. Осы оқиғаларды энтузиаст-зерттеушілердің қыруар фактілік және талдамалық материал жинағанына қарамастан, олар әлі күнге дейін заманы өткен кешегі идеологияның тұтқынында қалып отыр. Әсия Байғожина «Жарияланбаған шеру хроникасы» фильмін және Қалдыбай Әбенов «Аллажар» фильмін мемлекеттік қолдаусыз, негізінен өздерінің патриоттығы мен жеке ерлігінің арқасында түсірді. Мемлекеттік органдар, оқу орындары осы тақырыпта жазылған және авторлардың өздері басып шығарған көркем және деректі кітаптарға көңіл бөлмейді, оларды насихаттамайды, оқу-тәрбие мақсатында пайдаланбайды. Бұл кітаптарды көп жұрт біле бермейді. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, қалалар мен аудандардың әкімдері мен мәслихаттарынан өз шешімдері негізінде Қазақстандағы желтоқсан (1986 ж.) оқиғаларына байланысты тиісті аумақтардың билігі қабылдаған барлық актілерді қабылданған кезінен бастап заңсыз және жарамсыз деп тануды, оларды іске асыру салдарларын жою жөнінде шаралар қолдануды өтінеміз. Біз, сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде 2016 жылдың – Қазақстандағы Желтоқсан (1986 ж.) көтерілісінің 30 жылдығы атап өтілетін жыл екеніне мән беруді және оны ұмытпауды өтінеміз. Халық қозғалыстары, түрлі нысандар мен ауқымдағы наразылықтар Қазақстанның барлық дерлік өңірлерінде орын алды. Әрбір облыста, қалада, ауданда осы оқиғалар мен оған қатысушыларға арналған өздерінің іс-шаралар жоспарын жасауды, онда 86-шы жылғы Желтоқсанды және оның қаһармандарын мәңгі есте сақтау бойынша шешім қабылдауды және тиісті шаралар ұйымдастырып атап өтулерін өтінеміз. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығы мен судьяларынан, біріншіден, осы оқиғалардың барлық қатысушыларын, екіншіден, осы оқиғаларға байланысты бүкіл Қазақстан аумағында КОКП, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігі органдарының ақпараты бойынша «қазақ ұлтшылдарын» іздестіру және табу жөніндегі науқан барысында басқа да баптар бойынша сотталған адамдарды соттау практикасын жинақтап-қорытуды өтінер едік. Осы оқиғаларға байланысты жапа шеккен құрбандарға келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеу жөніндегі азаматтық істерді қарау практикасы да мұқият зерттеуді талап етеді, өйткені, олар бойынша сотта бірыңғай объективті бағалау өлшемшарттары жоқ, саяси және мемлекеттік қудалаудан келтірілген залалдың бүкіл көлемі ескерілмейді. Бұрынғы судьялар, заңгерлер Қазақстандағы желтоқсан (1986 ж.) оқиғаларына байланысты әртүрлі іс санаттары бойынша сот практикасы қорытылып, басшылыққа алынатын түсіндірмелер мен нұсқаулар берілген Қаз КСР Жоғарғы Соты Пленумының, Төралқасының қаулылары қайта қаралуға және олардың күші жойылуға тиіс деп есептейді. Сонымен қатар, біз заңсыз бұйрықтарды орындап, осы оқиғаларға қатысушыларды көшелерде, әсіресе ұстау орындарында қорлап, тіл тигізген, ұрып-соққан, сөйтіп заңдылық пен азаматтардың конституциялық құқықтарын өздері бұзған милиция қызметкерлеріне, сондай-ақ «жасақшылар» деп аталатындарға қатысты оларды құқыққа сыйымсыз әрекеттер жасады деп айыптайтын практиканы қорытып, қылмыстық және әкімшілік істерді қайта қарауды да өтінеміз. Бірақ «құқық қорғау органдары» мен «жасақшылар» деп аталатындардың заңсыз әрекеттеріне біржақты қарау салдарынан оларға ешқандай объективті баға берілмеді. Керісінше, олар көтерілісшілердің бұзақылық әрекеттерінен зардап шеккендер болып танылып, тіпті мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің басшылығынан Қазақстандағы желтоқсан (1986 ж.) оқиғаларына байланысты өз ведомстволары қабылдаған барлық шешімдер мен бұйрықтардың күшін өз Алқаларының шешімдерімен, өз бұйрықтарымен жоюды және оларды қабылданған кезінен бастап заңсыз және жарамсыз деп тануды, оларды орындаудың салдарын жою жөнінде тиісті шаралар қолдануды өтінеміз. Атап айтқанда, аталған оқиғалардың қатысушыларына қатысты қуғын-сүргін қолдануға қарсы шыққан қызметкерлерді қызметтен босатуды, төмендетуді, түрлі жазалау шараларына тартуды заңсыз деп тану, олардан немесе балаларынан кешірім сұрау қажет. Біз, сондай-ақ, Сіздерден мыңдаған адамдардың негізсіз ұстап алынуы мен прокурордың санкциясынсыз іс жүзінде қамауда ұсталуы, ұстау орындарында соққыға жығу мен қорлап-ғайбаттау, қылмыстық жауаптылыққа негізсіз тарту фактілері, материалдар мен фактілерді бұрмалау бойынша, сондай-ақ осы оқиғаларға қатысушыларға қатысты милиция қызметкерлері мен арнайы қызмет солдаттары тарапынан жасалған нақтылы қылмыс фактілері бойынша қылмыстық істерді қозғап, жан-жақты, объективті түрде тергеп-тексеруді өтінеміз. Атап айтқанда, милиционердің осы оқиғаларға қатысушылардың бірі Әділ Молдыбаевты ішінен ату фактісі бойынша. Оқ Әділдің өмірлік маңызды ағзаларына тиіп, денесін тесіп өткен, ол ғайыптан тірі қалды. «Құқық қорғау органдары» деп аталатындар Молдыбаевты оқиғаға қатысушы ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартып, соттады, ал, милиционерді наградаға ұсынды. Қатысушыларды ғана емес, сот төрелігі мен орнықты ойды қорлау мен ғайбаттаудың мұндай фактілері жетіп артылады. Республиканың Бас прокуроры, құрметті Дауылбаев Асхат Қайзоллаұлынан осы оқиғаларға қатысушылар қайта өздері заңсыз бұйрықтар мен нұсқауларды орындап, көшелерде, әсіресе ұстау орындарында адамдарды қорлап, ұрып-соққан, сөйтіп заңдылықты және азаматтардың конституциялық құқықтарын өздері бұзған милиция қызметкерлеріне, сондай-ақ «жасақшылар» деп аталатындарға қатысты қылмыс жасады деп айыпталатын қылмыстық және әкімшілік істерді жан-жақты және объективті түрде қарауды өтінеміз. Құрметті Асқар Исабекұлы (Мырзахметов), Азат Тұрлыбекұлы (Перуашев), Әли Әбдікәрімұлы (Бектаев) және саяси партиялардың басқа да басшылары! Өкінішке қарай, 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасында бас көтерген жаппай патриоттық пен қаһармандық идеологиялық, партиялық-саяси жұмыста әлі күнге дейін өзінің лайықты орнын алған жоқ. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау қарсаңында 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасының 30 жылдық мерейтойы көлеңкеде қалмау үшін біз осы көтеріліске қатысушылардың ерлігін мәңгі есте сақтау бойынша, орын алған халықтың жаппай наразылығының себептері мен саяси мақсатын дұрыс түсіндіру бойынша Іс-шаралар жоспарын қабылдауды ұсынамыз. Сіздердің партияларыңыздың белсенділері мен мүшелерінің арасында өңірлерде партия басшылығы мен орталық органдарының тиісті нұсқауымен және шешім қабылдауы арқылы жергілікті әкімдіктерде, мәслихаттарда               86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасын мәңгі есте сақтау жөніндегі мәселелерге бастамашы болатын, жерлестерінің қоғамдық пікірін жинау үшін жиналыстар мен жиындарды ұйымдастыратын, осы оқиғаға тікелей қатысушыларды ортаға алып, оларды насихаттау және тәрбиелік мақсаттарда пайдаланатын патриоттар мен бизнесмендер аз емес. Құрметті Тимур Асқарұлы (Құлыбаев), Өмірзақ Естайұлы (Шүкеев), Болат Жәмитұлы (Өтемұратов), Серік Рыскелдіұлы (Жақсыбеков), Кеңес Хамитұлы (Рақышев), Нұрлан Еркебұланұлы (Смағұлов), Ромин Ризаұлы (Мәдинов), Сапар Ысқақұлы (Ысқақов), Нұржан Сәлкенұлы (Субханбердин), Қайрат Сатыбалдыұлы (Сатыбалды), Александр Антонович (Машкевич), Владимир Сергеевич (Ким), Иван Адамович (Сауэр) және есімдері орталықта да, жергілікті жерлерде де белгілі бизнестің басқа да ірі «капитандары»! Сіздер – қазіргі күні көш басында жүрген тұлғаларсыздар. Сіздерді Қазақстанның патриоты емес деген ой тіптен мүмкін емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, біздің мемлекетіміз сіздерді  ауқатты, атақты әрі бақытты етіп отыр,  енді,  экономикалық дағдарыс пен энергия ресурстарына бағаның құлдырауы салдарынан бюджет қысылтаяң күнді бастан кешкен уақытта  мемлекетке Сіздердің де көмектесетін кездеріңіз келді. Әрине, Сіздердің жұмысбасты адам екендеріңіз түсінікті. Дегенмен де,  егер де Сіздер 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасының Қазақстан тәуелсіздігінің  рухани діңгегі екенін және осы оқиғаны тиісті деңгейінде  насихаттау – патриоттықтың  қайнар бұлағы әрі Отанымыздың мүддесін қалтқысыз қорғау үлгісі екенін түсініп, ойланар болсаңыздар, онда Сіздердің әрқайсыларыңыз «86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһармандарына» ескерткіш орнату, облыс орталықтарында, Семей, Арқалық, Қапшағай, Сарыағаш қалаларында және басқа да қалалар мен елді мекендерде  көшелер мен алаңдарға ерлік пен батылдықтың символына айналған есімдердің  атын беру мәселелерін шешуде демеуші болып қана қоймай, елдік, мемлекеттік мазмұны терең істі ұйымдастырады, өңірлердегі басқа да мәселелерді шешуге атсалысады деп үміттенеміз. Осы істе де биіктен көрініп, бекзаттық пен меценаттық көрсетіп, үлгі болатындарыңызға шын жүректен сеніп, үміт артамыз. Адамның адамгершілігі, болмысының бекзаттығы, интернационалистігі игі істер жасаудан, тарихи-мемориалдық кешендер тұрғызудан, Сіздерді мультимиллионер, миллиардер еткен ел тәуелсіздігі мен азаттығы үшін жанкешкен күрескерлерге ескерткіштер салудан көрінеді. Біз Сіздерді, отандастарымызды өз Отанымызда игі іс істеуге шақырамыз!  Сіздерге барша жұрт қарап, баға беруде! Сөз соңында Желтоқсандықтардың  жаппай бас көтерген патриоттығын мәңгі есте сақтау жөніндегі ұсынысты тиісінше заңды түрде ресімдеу бастамасы төменнен, еңбек ұжымдарынан, оқу орындарынан, ауылдық округтерден, аудандардың, қалалардың әкімдіктерінен, қалалық және аудандық мәслихаттардан бастау алғаны жөн болар еді. Міне, осы тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары үлкен рөл атқара алады. БАҚ-тың осы оқиғаға қатысушылардың алдында қарыздар екенін айтқан жөн. Қазақстандықтардың аға буыны мен орта буыны олардың  қоғамды қалай дүрліктіргенін, теріс пікір айтқанын жақсы біледі. Олар сотқа дейін, тергеу жүргізу басталмай тұрып, алғашқы күндерден бастап-ақ мән-жай мен фактілерді бұрмалап, көтерілісшілерге ауыр мемлекеттік қылмыс жасады, халықтар бауырластығы мен достығына іріткі түсірді деп жала жапты, ұрлық-қарлық жасады және  арақ ішіп, наша шекті деп негізсіз айыптап, олардың туыс-туғандарын жерге қаратты. Әсіресе, «Казахстанская правда» және «Социалистік Қазақстан» газеттері, Республикалық телевидение көзге түсті. Тиісінше қоғамдық пікір қалыптастыру және жүргізіліп жатқан қуғын-сүргінді насихаттауды қамтамасыз ету мақсатында журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары оқиғаға қатысушыларды айыптап, Республиканың бұрынғы билігін жамандап жарыса жазды. Кейбір газеттер мен журналистердің аты аталғанда, халық олардың істеген істерін еске сақтап, олардың кеш болса да өкінгенін қалайды. Енді Қазақстанның жаңа бұқаралық ақпарат құралдарының, журналистердің жаңа буынының 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасын жариялауда  аға буын жол берген қателерді түзейтін кезі келді. Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасының Қазақстан тарихында өзіне лайықты орын алатынына біз кәміл сенеміз. Дегенмен де, келер ұрпақтың бізді ұлтын сүймеген, тарихын, батырларын сыйламаған деп айыптамауы үшін осы шаралардың барлығы Сіздің басшылығыңыз кезінде іске асқанын қалаймыз. Еліміз Желтоқсан көтерілісінің (1986 ж.) 30 жылдығын Сіздің ізгі ниетіңіз бен қолдауыңызға сүйене отырып, лайықты түрде, нақтылы игі істерімен қарсы алады, халқымыздың ар-намысы мен қадір-қасиетін, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігін қорғаған жастарымыздың жаппай ерлігін атап өтеді. Құрметпен, Тоқтар ӘУБӘКІРОВ – Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Ғаділбек ШАЛАХМЕТОВ – қоғам және мемлекет қайраткері, академик, Мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясының президенті (1992-2002 гг.), үшінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты Ғани ҚАЛИЕВ –  ҚР ҰҒА Академигі, Саяси, қоғам қайраткері, екінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты Жандарбек МӘЛІБЕКОВ –  ҚР Мемлекеттік Елтаңба авторы,  Еңбек сіңірген архитектор, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ – жазушы, тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амангелді АЙТАЛЫ – философия ғылымдарының докторы, саяси, қоғам қайраткері, Білім беру және тәрбиелеу мәселелері ғылыми орталықтың жетекшісі, екінші және үшінші шақырылымдағы Парламент депутаты Құрманғазы АЙТМЫРЗА – көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі, Астана қаласы суретшілер одағының Бас директоры qazaquni.kz Jeltoqsan 2 jeltoqsan 3
jeltoqsan 9 jeltoqsan 5 lazzat

Бұл Ләззат Асанованың фотосы болуы керек дейді ел...

jeltoqsan 8 nurtai

Студент Нұртай Сабилиянов 1986 жылғы 17 желтоқсанда

jeltoqsan 4

  jeltoqsan 6