ЖАҢА ЕҢБЕК КОДЕКСІ ЖҰМЫСШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕЙДІ
2015 ж. 07 желтоқсан
3801
1
Жаңа Еңбек Кодексі сарапшылардың айтуынша, әбден қысқарған құқықтық құжат жұмыс берушілердің шашбауын көтеріп, қызметкерлердің құқығын шектеп тастаған.
Мәселен, енді жұмысқа тұрғысы келген мүгедек дені сау адамдар секілді сынақ мерзімінен өтуі тиіс. Ол 6 айға дейін созылуы мүмкін. Тіпті еткен еңбегі көңілден шықпаса, жұмыс берушіге оны қуып шығуға дейін құқық берілген. Яғни, жарымжандар барлық жеңілдіктерден ажырап, сау адамға теңестірілген. Қосымша еңбек демалысы да қысқарыпты. Ал «сыйақы» деген бап мүлдем түсіп қалған. Яғни бұдан былай бастық қаласа ғана қол астындағыларды қаржылай марапаттайды. Сол секілді еңбек шарты да енді басыбайлы басшылардың жеке билігінде. Ұнаса, ұзартып, қажет деп тапса, бұзып жібере алады.
– Жаңа Еңбек кодексіне сай, мемлекеттік мекемелер секілді басқа жеке компаниялар да зейнет жасындағыларды жұмыстан шығарып жіберуге құқық алды. Бұрын олардың еңбек ету құқығы қорғалатын. Ол тұрмақ, жұмыс берушілер дағдарысты пайдаланып жаппай қысқартуға құқық алды, – дейді сарапшы Роман Панов.
Айта кетейік, алдағы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Еңбек кодексі сонау жоба ретінде ұсынылған кезде-ақ көпшілік тарапынан көптеген наразылықтар тудырғаны белгілі. Бірақ соған қарамастан депутаттар оны қабылдап жіберген. Енді жаңа заңның «қызығы мен шыжығын» қатардағы қарапайым жұмысшылар көретін болады.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті