ӨЗІМІЗДІ ӨЗІМІЗ ТОНАП ЖАТЫРМЫЗ
2015 ж. 07 желтоқсан
3189
4
«Қазақ үні» газетінің соңғы номеріндегі «Тойымсыз тәбетімізді қашан тыямыз?» атты шағын ғана мақала маған үлкен ой салды. Газеттің тұрақты оқырманы ретінде өз пікірімді білдіргім келеді.
Жалпы редакция бұл жемқорлықтың нысанына айналған құрылыс саласы жайында аз жазған жоқ. Басы даудан арылмаған құрылыстардағы атымен жоқ сапа, заң бұзушылық, бюджет ақшасын негізсіз жұмсап жемқорлыққа жаппай жол беру жайын жиі көтеріп келеді. Соңғы мақаладағы ең соңғы сөйлемдер қазақ атаулының намысын оятып, өзге ұлттардың алдында ұятқа қалғанымызды ашық білдірді. Расында, осы туралы телеарналардың бірінен көргенде жағамды ұстап едім. Бір нысанды салуға ұсынған жобалардың құнындағы айырмашылық аспан мен жердей. Өзім ұзақ жылдар құрылыста істесем де қазіргі құрылыстағы құйтырқыларға түсінбей-ақ қойдым. Қай құрылысты алсақ та бағалары аспандап тұрғанмен біреуінде сапа жоқ. Қашан көрсең де телеарналарда тұрғындардың зар илеп жатқанын байқаймыз. Үйлердің қабырғасы сөгіліп, жаңа ғана жасалған жолдар мен көпірлер жарты жыл өтпей бұзылып жатады. Осының бәрі жемқорлықтың кесірінен болып жатқанын бәріміз білеміз. Біле тұра көзімізді жұмамыз. Құрылыста тиісті ережелердің сақталуын, сапасын қадағалайтын құзырлы орындар қайда қарап отыр? Нысанды қабылдап алатын тапсырыс берушілер кемшілігі көп құрылысты неге пайдалануға рұқсат береді?
Бүгінгі құрылысты салу үшін үміткерлер тендер деген мердігерді таңдау сараптауынан өтеді. Былай қарасақ, кім арзан бағаға салам десе сол жеңіп шығады екен. Бірақ құрылысқа арналған қаржы көлемі бәрібір жоғары деңгейде қалады. Оған қоса тендерді тамыр-таныстықпен ұтатын кездер жиі кездеседі. Әрине тегін емес, қомақты қаржыны қолына қыстыру керек. Білетіндердің айтуынша ол құрылыс бағасының 20-30 пайызын құрайды екен. Бұдан кейін сапа туралы қандай сөз болуы мүмкін?
Менің білуімше, құрылыстың заңдылығы бойынша оның жобалық-сметалық құжаты болуы міндет. Онда құрылысқа қанша материал қажеттілігі, оны салуға қанша күш жұмсалатыны, соған орай қанша еңбекақы төленетіні, қысқасы жобалаудан бастап нысанның кілтін тұрғындарға тапсырғанша барлық шығын тиынына дейін көрсетілуі керек. Олай болса мердігердің төмен бағаға саламын деуі бекер, бос сөз. Әрине, өз қалтасынан қосымша ақша шығармаса. Бірақ, ондай мырзалыққа ешкім бармасы белгілі. Осы тендер дегенді кім ойлап тапты? Бұл жемқорлыққа апаратын тура жол. Құрылыстың бағасы онсыз да тайға таңба басқандай айқын болып тұрса конкурс өткізіп керегі қанша? Нақты бағаны айтып, жөні түзу құрылыс компаниясын тауып алу қиын болып па? Мақалада көрсетілгендей таңдауды қолына бергендер ойына келген қаржы көлемін сұрай береді емес пе? Оларға көбірек ақша жымқыру керек, басқа ештеңе емес. Енді тағы да сол мақаладағы құрылысты жоспарлаушылар мен тапсырыс берушілер кімнің үстінен пайда көрмек деген негізгі сұраққа тоқталайық. Жауап біреу-ақ - біз өзімізді өзіміз тонап жатырмыз. Халық қазынасынан бөлінген қаржыға қол сұғудамыз. Халық болғанда да өз ұлтымыздың қалтасына түсудеміз. Көзімізді ашып берген, Алматы әуежайын нақты өз бағасына салып бергісі келген Әуе тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Владимир Куропатенкоға рақымет айтуымыз керек алдымен. Мемлекет қаржысын үнемдегісі келгені үшін кейбір құзырлы орындардан қысым көріп жатқанын да өтірік дей алмаймыз. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың жолын кесу қашанда қауіпті екені белгілі. Өйткені бәсте тым үлкен сома тұр, 8 млрд. пен 138 млн. айырмасы айтпаса да айқайлап тұр ғой. Осыдан кейін біз кімге өкпе артуымыз керек? Тек өзімізге ғана. Өкінішке орай, дәп осындай жағдай өзге де салаларды жайлап алған. Мысалы мемлекеттік сатып алу жағында жиі кездеседі. Арзан, сапасыз тауарларды алып, құнын құжатта қымбат етіп көрсетіп, арасындағы айтарлықтай айырмасын қалтасына басатындар бізде жетіп артылады. Тобымен түрмеге қамалып жатса да тоқтау жоқ. Араны ашылғандар өзгенің алдында ұятқа қалдық қой деп, намысқа басып тәбетін тияр деп үміт ету ғана қалғандай енді бізге. Бірақ, тойымсыздардың ар-намысы оянады дегенге де сенім аз-ау.
Барлық БАЛТАЕВ, еңбек ардагері. Алматы қаласы
"Қазақ үні" газеті